Бөкейханды бүркеп ұстау кімге тиімді?!
Бұл – Ақтоғай ауданы Қаратал ауылының мәдениет үйінің жанында тұрған Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың қамытқа оранған бейнесі.
Ақ матаға маталған қалпы томағасы сыпырылмай әлі тұр. Мүсін былтыр ашылуы керек болатын. Енді қашанға дейін тұрары беймәлім. Өнегелі ісімен танымал болған біртуар тұлғаның жансыз кескінін жалпақ жұртқа жария еткен қарағандылық блогер Айсұлтан Жақып ақ матамен тұмшаланған ескерткішін өз көзімен көріп қайтқан. Оқиға куәгері қор болған белгіні былай баяндайды:
– Бұл ескерткіш жайлы адасып жүріп әлдебір қыстақтан естідік. Естігенді көзбен көрмек боп жолсапарымыздың бағытын солай қарай бұрдық. Бюст өте сәтті шыққан. Қоғам қайраткерінің бет бейнесінде сұс та, мыс та, паңдық пен қайсарлық та, өрелі өрлік те бар.
Өр тұлғаның өрелі ісінен үлгі алуға үндейтін белгіні туған ауылдың төріне орнатуды шешкен осы елді мекендегі мектепті 1991 жылы бітірген ұл-қыздар көрінеді. Жеке қаражаттарына кәсіби мүсінші жалдап, Бөкейхановқа арнап бюст жасатып, абыз арыс жайлы 150 дана кітап басып шығаруға тапсырыс берген. Жерлес асыл тұлғаны ардақтауды көксеген түлектер игі шараны мектеп бітіргендеріне 30 жыл толу құрметіне арнап орайластырған. Алайда түркі жұртына қадірлі көрнекті көшбасшының ұлы ісін дәріптеуге бекінген түлектердің ойға алған ісі тиянақталмай тұр. Түлектердің тындырған түлен шаруасы жайлы істі естіген жергілікті әкімдік олармен тоқайласып, ортақ істі бірігіп жүргізуге шешім қабылдаған. Аядай ауылдағы ұлт көсемінің қоладан құйылған мүсіні ашылу күнін күтіп сарғайып тұр. Әлі де қаншаға дейін сыйырқұйымшаққа салынары беймәлім.
– Ұйымдастырушылар бюсті ашып қана қоймай, бірнеше ауқымды шараларды қатар өткізуді тоқайласқан. Сол жоспарға сәйкес, кітаптың тұсаукесерін жасап, ғылыми тәжірибелік конференция (офлайн) өткізіп, қайраткердің рухына арнап ас беру қарастырылған. Алайда тосыннан келген індеттің салдарынан мәдени бастаманы аяқтауға мүмкіндік болмай тұр. Бұл мәселені ешқандай саясиландырудың қажеті жоқ. Алаштың кіші Отаны атанған Ақтоғай елі Алаш арыстарын ұлықтауда ешқашан енжарлық танытқан емес. Індет саябырлаған сәтте шараның уақытын ұйымдастырушылармен келісе отырып, міндетті түрде сән-салтанатпен ашамыз, – деді бізге ресми жауап жолдаған Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжол.
Десек те, елдің мүддесін мүлт жібермейтін қарағандылық блогердің бұған айтар өз уәжі бар екен.
– Әлихан бабаның бюстін тамұқтан шығаруға пандемия кедергі келтірді деген сылтау ғана. Ауылда аста-төк той жасап, алыстан ат арытып, қонақ күтіп, елді шабылтпай-ақ, тұғырдың бетін баяғыда-ақ ашуға болар еді. Аудан басшылары сары жолақта тұрған кезде маскалық режимді сақтап, бірлі-жарым демеуші-түлектер мен ауыл белсенділерінің басын қосып, бюстің «беташарын» жасаса, қолдарынан кім қағар еді? Цифрлық технология қарыштап дамыған кезде кез келген дәрежедегі ғылыми конференцияны онлайн режимімен өткізуге болады емес пе? – дейді Айсұлтан Жақып.
Пандемия пәрменіне тоқтау жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: қазақ мақтаныш пен марапаттың жолын ұстап қалуда кез келген іске бас тігеді. Хакім Абай өз заманында айтып кеткен мінезден әлі арылмаппыз-ау.