Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:20

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім...

киік
Фото: из открытых источников

Өткен аптада Қытай басшысына берген ерекше сый әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Бір тарап сыйға тартылған мың жарым ақбөкенді лайық санап, құптаса, енді бірі бұл жаратылыстың тым киелі екенін алға тартып, обалсынып араша түсті. Кең даланың еркесіне, тұмса табиғаттың айнымас бір бөлшегіне айналып, мұз дәуірінен бері мекен етіп келе жатқан киікті түркі жұрты ежелден киелі санайды. Көздері мөлдіреп, танауы желпілдеген ақбөкендер ұлан-ғайыр даланың символына айналғалы қашан?! Ерекшелігі сол, бұл жануарға халық екі бірдей ат берген. Жазда киік десе, қыстыгүні сарғыш тартқан жүндері қалыңдаған шақта ақ түске боялатын болғасын ақбөкен деп атайды.

Ауаның жұпары мен судың мөлдірін қуалап өмір сүрген бейкүнә жануар мен қазақтың жолы ертеден түйіскен-ді. Ұлттық танымымызда киік не ақбөкен аталып кеткен бұл жаратылыс – антилопа тұқымдасына жататын, Қазақстанда кездесетін жалғыз жабайы күйіс қайыратын жануар. Ғалымдар оның тарихын шамамен екі миллион жыл бұрынғы плейстоцен дәуірінен бастайды. Яғни киік мамонтпен, жүнді мүйізтұмсықпен бір дәуірде өмір сүрген десе-ді. Жойылып кеткен осы «алыптардан» аман қалған санаулы түрдің бірі – ақбөкен. Сонау тас дәуірінен бері тұқымы жоғалмай келе жатқан бұл жаратылыс туралы аңыз көп. Жалпы, ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы киік саны шамамен бүгінде 5 миллионға дейін жеткен. Мамырдың соңында, небәрі 2-3 күннің ішінде төлдеп үлгеретін аналық ақбөкендердің кез келген құралайды бауырына алып, емізе беруінің өзі ерекше құбылыс. Осы кездің салқын ауасында желге қарсы жүгірген құралайлар тынысы ашылып, тез аяқтанады. Табиғаттың өзі мейірімін аямаған киіктердің төлдеуі кезінде, атап айтқанда, мамырдың соңғы аптасында ғана түйетабан шөбі қаулап өседі екен. Сөйтеді де аса үлкен жапырақтарымен сұқтанған сырт көздерден құралайды жасырып, қорғайды. Құдайдың құдіретін қарамайсыз ба, құралайлар аяқтанған соң келесі көктемге дейін түйетабан да көзден ғайып болады. Енді мұны – табиғаттың ақбөкендерге деген ерекше пейілінің көрінісі демей көріңіз.

Арқалық қаласының тумасы, өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің айтуынша, біздің халықтың басым бөлігі Қазақстанда тіршілік ететін, отаны ортақ киелі аңды толық біліп, болмысын танып түсінбеген.

«Жер бетіндегі сұлулықты, парасаттылықты, тазалықты, мәрттікті, мейірімділікті, аңғалдықты киіктің бойынан іздеу керек деп есептеймін. Сондықтан да оның ешбір аңға ұқсамайтын қасиеті көп-ақ. Кезінде Кеңес өкіметі киіктің белгілі бір мөлшерін атып, арзан етті халық игілігіне жаратқан. Сол тұста мен де киік аулаған адаммын. Киіктің етін өндіріс бригадасына, шөпшілерге апарып беретінбіз. Ол кезде Жыланшықтың бойында киіктер миллиондап жүретін. Киіктің аңшының алдын әдейілеп бір кесіп өтіп, ажалдың алдында тағдыр-тәлейін сынап, көзсіз ерлік жасайтынына, мәрттігіне таңданатынбыз. Қашқан кезде сүрініп құласа, қайтып тұрмай жата береді. Ондайда байлайтын жіптің де керегі жоқ. Бауыздағанда тұяқ серіппейтіні – киіктің киелілігінің бір дәлелі. Қазіргі күні осындай ерекше қасиетін білмейтін адамдар «киік шошынып, қозғала алмай жатыр» деп ойлайды екен. Ол дұрыс емес дер едім. Сонымен бірге киік – өте аңқау аң. Аңшылар оның шұбырып жүретін жалғызаяқ жолына қақпан, тұзақ құрып қойса, осқырып-осқырып үркіп алып, соған оп-оңай түсіп қалып жатады. Ал бір табын болып шұбырып бара жатқан киіктің артындағы текесін атсаң, үйір алдыға емес, артына бұрылып қашады. Содан алдын бастаған екінші текені де атып аласың», – дейді өлкетанушы.

Киіктер Қазақстанда, Өзбекстанда, жылдың кейбір мезгілінде Түркіменстанда, Ресейде, әсіресе Қалмақия мен Астрахан облысында және Моңғолияның батыс бөлігінде, яғни шөлейт, құмайт, құрғақ дала экожүйелерін миграциялау арқылы мекендейді. Ең қызығы, Қазақстанда аталмыш жануардың әлемдік популяциясының 98%-ын құрайды екен. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ақбөкендердің қаңқаларына қарағанда, бұлар ертеректе Ұлыбритания аралынан бастап Аляскаға дейінгі кеңістікте өмір сүрген. Қазақстан аумағында Павлодар облысындағы Ямышево мен Подпуск ауылдарында, Семей қаласының түбінен, Нұра өзенінің бойынан, Жамбыл облысындағы Қараүңгір мен Үшбас үңгірлерінен ежелгі және орта антропогеннен қалған киіктердің сүйектері табылған. Тамғалы жартасындағы киіктің суреттері біздің эрамызға дейінгі VІІ–V ғасырларда қашалып салынған екен. ХІV–XVІ ғасырлардан бері ауыздан-ауызға тарап келе жатқан халық эпостарында қазақ жеріндегі сансыз көп ақбөкендер туралы айтылады. Көптеген елді мекендердің «Киік» деп аталуы да тегіннен-тегін болмаса керек. Осындай фактілерге сүйенсек, ертеректе Еуропа мен Азия құрлығын тұтастай мекендеген киіктер қазір тек қазақ даласында ғана қалыпты. Қазақстанда киіктің жеке үш популяциясы, яғни Бетпақдала, Орал, Үстірт бар десек, оның басым бөлігі Батыс Қазақстан облысында шоғырланған. Сондықтан Еділ-Жайық аралығын ақбөкендердің тарихи отаны деуге болады, ал оның саны белгілі бір табиғи-климаттық, иә болмаса басқа да факторларға байланысты бірде көбейіп, кейде азайып та отыруы әбден мүмкін. Бетпақдала киігінің дене тұрқы биік, жазда Қарағанды, Жезқазған даласын жайласа, қыста Мойынқұмнан асып, тіпті Қаратау сілемдерінің күнгей бетіне де ауып жүреді. Ал Маңғыстаулық бөкеннің денесі шағын, көшіп-қонатын аймағы жыл мезгілдеріне сай Маңғыстау Үстіртінен Торғай, Ақтөбеден асып, Ресей аймағына дейін жетеді. Киікті қазақ әуелден киелі жануар деп есептейді. Ел арасында киікті атқан адам бақытсыз боп, сәтсіздікке ұшырайды деген сенім бар. Киіктің қаншалықты киелі екендігін кім білсін, бірақ өте ақылды және қандай табиғи ортада болмасын, тез бейімделіп кететін жануар екендігі анық. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алғанының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейім, өсімтал жануар екенін аңғартса керек.

Кеңес кезеңі тұсында киікті ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстары қарқын ала бастады. Дегенмен сонымен бірге жойылу қаупі де күшейе түскені рас. Себебі киік мүйізінің Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия медицинасында сұранысқа ие болуы бұл жануардың заңсыз атылып, кейін азаюына әкелді. Киік мүйізінен жасалған дәрі ер адамдардың күш-қуатын арттырады деген сенім де ел ішінде кең тараған. Осындай негізсіз, бірақ ғасырлар бойы қалыптасқан түсінік салдарынан мыңдаған киік атылып, бір кездері саны күрт азайып кетті. 1999 жылы Қазақстанда киіктердің жалпы саны 1 миллионнан асып жығылатын. Алайда арада небәрі бірнеше жыл өткенде бұл көрсеткіш 30 мыңға дейін түседі. Он жылға жетер-жетпес уақыт бұрын әлемдегі ақбөкендердің жартысы беймәлім аурудан қырылып қалған еді. 2015 жылы Қазақстанның әртүрлі аймақтарында белгісіз себеппен 200 мыңнан астам киік қырылады. Ғалымдар бұған пастереллез бактериясы мен ауа райының күрт өзгеруін себеп деді. Бірақ бұл жағдай да киік мәселесінің қаншалықты ушығып тұрғанын көрсетті. 20 жыл бұрын жойылып кетуге шақ қалған салпы танау киіктердің бүгінде саны артып келеді. Шөптібай Байділдин қазақ киікті ежелден қажетіне қарай шақтап аулап отырған дейді:

«Ерте кезде де киік аулау қазақтың қосалқы кәсібі, күнкөрісінің бір саласы болған ғой. Қазақ кең сахарада таза ауа жұтып, судың тұнығын ішіп, киікоты секілді нәрлі, дәрі шөптерді талғап-таңдап жейтін киіктің дәмді етін жеп, кәдесіне жаратқан. Біз де бұрын киіктің басына дейін үйтіп жейтінбіз. Тұмсығы толған май, тұмсығының еті сиырдың тілі сияқты болады. Семіз текелерін жақсылап тұздап, салқын жерге жел қақтырып жайып тастаса, бір айдан соң сүрленіп, дәмі, иісі жылқының еті секілді болып шыға келеді. Оның етінің қасиеті – сол жазда құрттамайды, тез сасып кетпейді. Қазақ көбінде киіктің етін өз майына қуырып, қуырдақ жасайды. Мәнті жасасаң да дәмді болады. Ал терісі – ең сапасы жоғары былғары. Мүйізін, тұяғын, қанын шипалық қасиеті зор дәрі-дәрмектер жасау үшін пайдаланған. Тұяқты жануар жайылмаса, өзінен-өзі азып кететін «Бетпақ» аталып кеткен ұлан-байтақ сайын даламызды келер ұрпаққа қалай жеткіземіз? Біздің ойымызша, оның әзірге бір ғана шешімі бар. Қазақ үшін киелі жануар атанған, аңыз-ертегілеріне, күй-жырларына арқау, даламызға көрік болған киік санын қалпына келтіріп, тұяғымен жерімізді түлету қажет. Бөкен шөпті таңдап-талғап жейді, қой сияқты түбінен үзбейді, тек жоғары жағынан кертіп алып қана жайылады. Көбіне әр жердегі шөпті теріп, жүре жайылады. Сондықтан өсімдіктердің өсуі тоқтамайды, керісінше, тұқымын шаштырып, оны үшкір, аша тұяқтарымен жерге енгізеді. Ақбөкендер елсіз жерлерде құрамында ылғалы мол шырынды өсімдіктермен қоректенетін болғандықтан, сулы жерлерден алыс аймақтарда да тіршілік ете береді. Су көзінен ұзамайтын үй жануарлары сияқты емес, жазғы, қысқы жайылым ауыстырғанда мыңдаған шақырымды ерсілі-қарсылы көктей өтеді», – дейді.

Жануар санының артуы – табиғатты қорғау саласында сирек кездесетін айрықша жетістік. Тіпті экология министрі биыл елдегі ақбөкен саны 6 миллионға жақындайтынын мәлімдеген еді. Шектен тыс көбейгені сонша, шаруалар егін мен жайылымға кесірі көп деп, жаппай тағы да қыруға кірісіп кетті. 1920 жылдары жойылып кету қаупі туған ақбөкендер туралы арада бір ғасыр өткенде «тым көбейіп кетті» деп дабыл қағылатынын ешкім ойламаса керек. Популяцияның артқаны сонша, Халықаралық табиғат қорғау одағы ақбөкендерді Қызыл тізімдегі «жойылу қаупі аса жоғары» санатынан «жойылып кету қаупіне жақын» түрлерге өзгерткен екен. Осыдан екі жыл бұрын киікті кораль әдісі немесе ту арқылы азайту да қолға алынған еді. Кейін бұл жоспар іске аспады. Табиғат­тың өзі қорған болып, өсімін реттеп, «қанатының астына алып» отырған сайын даланың сұлуын қазақ баласы қалай азайтпақ? Киіктің көбейгеніне күйініп отырғандардың мақсаты не? Қайткенде де, дала еркесіне қатысты мәселе оның санын азайту арқылы емес, басқа тетіктер арқылы дұрыс шешімін тапқаны абзал емес деген ой еріксіз оралады.

Ақбөкеннің естілігі сондай, төлдейтін шақта алдын ала шыбын-шіркей жоламайтын, үзіліссіз жел есіп тұратын беткейді таңдайды екен. Тіпті аналық киік төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, төлдеу қабілетін арт­тыратын көрінеді. Осындай ауа райына орай, ақбөкен дүниеге әкелген шаранасын жаламай, лағын бірден жаңбыр суының астына тосып, өзі де жаңбыр суына тазарып, шарананы желдің өзі кептіреді. Әрі дала киесі төлдейтін мезгілде етке құмар жыртқыш аңдардың да тәбеті қашады деседі білетіндер. Тағы бір қызығы, осы шақта дала төсінде түйетабан өсімдігі өсіп шығады. Оның жасылдау қызғылт реңді үлкен жапырақтары жаңа туған лақты қыран көзінен тасалайды. Көзін жаңа ашқан құралай жарты сағаттан соң аяқтанса, екі-үш күнде желдей ескен жүйрікке айналып шығады. Бұл уақытта дала жыртқышы қасқыр да әуелгі қалпына оралады. Қазақ халқы киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен, бұл кезді «құралайдың салқыны» деп атайды. Құралайдың салқынында күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге қарай бұлт үйіріледі. Мұндай қолайсыздық бір аптаға, кейде он күнге дейін созылады. Зоолог мамандардың айтуынша, киіктердің басқа жануарларға ұқсамайтын тағы да бір ерекше қасиеті бар екен. Ұрғашы киіктер дүниеге әкелетін лақтарының еркек немесе ұрғашы болып тууын өздері реттейтін көрінеді. Егер араларында текелері азайып, ұрықтандырып үлгермей жатса, сол жылы табында кілең еркек лақтар қоздайды. Киіктер осылайша өз өсімін өздері бақылап отырады екен. Ақбөкендердің табыны жыл сайын лақтармен толықтырылып отырады. Осы кезде туған шібіштер, яғни ұрғашы лақтары алты айдан кейін күйлеп, текеге шыға береді. Енді алты айдан кейін бұл шібіштер табынға қос-қостан лақ әкеледі. Ал еркек лақтардың жөні басқа, олар жетіліп, текелік жасау үшін 19 ай уақыт керек, өзімен бірге туған шібіштер бір рет лақтағаннан кейін, келесі жылдың күйегіне ғана араласады. Мыңдаған жылдар бойы дала жыртқыштарынан, адамдардан қашып жүріп, жансақтауға әбден бейімделген киіктердің тағы бір ерекшелігі – ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды екен.

«Ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Кез келген киік жолынан адасып қалған құралайды емізіп, өзімен бірге ертіп әкете береді. «Құралайдың салқынында» туған киіктің лағы екі сағатта тез ширап, аяқтанып, атты адамға жеткізбейтін болады. Киік – қасқыр секілді асырауға өте сирек көнетін аң. Лақтарының өзін ұстап үйге алып барсаң өліп қалады. Асырауға көндікпейді. Құралайды ешкілерге телісең желінін жеп қоятындай сорғылап, бақыртып жібереді. Енесі алғашқы сағаттарда лақтарын емізген соң, біршама қашықтыққа ұзап, алыстан бақылап жүреді. Егер жыртқыштар пайда болып, қауіп төне қалса, лақтарының маңынан аулаққа қашып, ол жерден алып кетуге тырысады. Табиғаттың барлық заңдылықтарын іште жатып үйренген құралайлар енесі қасында жоқ кезде ешқандай тіршілік нышанын сездірмей, жыбырламай жатады. Лақтардың қоңыр бұйра терісі топырақтың түсімен бірдей болып көрінеді, екі-үш метр жерден қарасаңыз, жатқан бір төмпешіктер екен деп қаласыз. Киіктің лағы екі-үш күннің ішінде отығып кетеді. Алғашында ол көзіне түскен шөпті қармайды, бір аптадан соң ғана шөптің дәмін алып, таңдап жеуге көшеді. Жас туған киіктер лақтарын он-он бес күндей суат басына апармайды, оларды алысқа тастап, тек өздері ғана келеді. Бұл уақытта құралай тек енесінің сүтін ішеді, бір-бір жарым аптадан соң табынмен суатқа келіп, алғаш судың дәмін татады. Көктем шыға, солтүстікке қарай жылжитын қалың табын жылдың бұл мезгілінде суаттарды көп іздей бермейді. Олар жаңа өнген шөптің нәрімен, таңғы түскен шықпен сусындайды. Жауынды күндері апталап су ішпей жүре береді. Киіктер Аралдың, Балқаштың тұзды суларын іше береді. Қыстың қарсыз күндері мұз жалап, шөлін қандырады. Әдетте табынды суат басына ұрғашы киік бастап келеді. Алдымен жан-жағына осқырына қарап, біраз уақыт айналаны бақылайды. Қалғандары «команда» болмай суға беттемейді, алдымен бастап келген киік су ішеді, содан кейін қалғандары азан-қазан маңырап келіп, суға бас қояды. Текелері суатқа ең соңынан келеді. Ақбөкен 1 минутта суды 12 рет жұтады екен және суды ұзақ сораптап ішпейді, бірер минуттың ішінде шөлін қандырады да, келген даласына қайта зымырайды», – дейді өлкетанушы.

Ақбөкендердің табындары жүздеген, мыңдаған бастан тұрады. Әдетте табынды текелері емес, ұрғашы киік бастап жүреді. Текелері күйек науқаны біткеннен кейін табынға көп қосыла бермейді, әсіресе киіктер бұзаулайтын кезде олар жеке жиналып, бөлек табынмен жүреді. Ақбөкендер күйекке түсер алдында, қазан, қараша айларына қарай қоң жинап, жұмырланады. Бұл кезде текелердің кеңсірігі дөңестеніп, әукесі салбырап, сақалы төмен түседі. Ұрықтандыруға көп уақыт жұмсалмайды, әрбір теке бір-екі күннің ішінде 40-50 киікке дейін шабады. Соңғы кездерде ақбөкенді мүйізін алу үшін браконьерлер көп қырып жіберді де, текелердің саны күрт азайды. Ұрғашы киіктердің саны текелерден бірнеше есе басым болғандықтан, күйек кезінде кейбір шамасына қарамайтын, тәжірибесіз жас текелер әлсіреп, зорығып өледі немесе түлкі, қарсақ сияқты кішігірім жыртқыштарға жем болады. Өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің айтуынша, күйек біткеннен кейін, ауа райы қатты суытып кетпей, жайылымға қолайлы болып тұрса, қаңтардың аяғы, ақпанның басына қарай қайта қоң жинап, әлденіп алады.

«Ұрғашы киіктер текелерге қарағанда майды көп жинай алмайды. Күйек кезінде орташа ғана семіреді де, төлдер алдында әрі кетсе бес келідей іш май жинайды. Бірақ лақтарын емізген кезде тез арықтайды. Киіктер мамыр айының 10–15 аралығында жаппай төлдей бастайды, осы кезде ауа райы бұзылып, міндетті түрде жауын-шашын болады. Қазақтар оны «құралайдың суығы» деп атаған. Киік әдетте төлді егізден әкеледі. Алдын ала шыбын-шіркей болмайтын, үнемі жел есіп тұратын беткейді таңдап алып, лақтарын түрегеп тұрып туады. Құралайдың енесі басқа жануарлар сияқты лағының шаранасын жалап аршымайды, шарана жауынның суымен шайылып кетеді немесе жел қағып, кеуіп барып түседі. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді, ал туғанына екі күн болған құралайды машинамен қуып жете алмайсыз», – дейді.

Ақбөкеннің киесі туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Солардың ішінде кең тарағаны – ең алғаш Адам атаны көруі туралы. Әу басында Адам ата жерге түскенде, оның жүзін бір көруге күллі жануар ынтық болған десе-ді. Солардың арасынан Адам атаны алғаш көрген ақбөкен екен. Адам атаны көру үшін Торғай даласынан Жида тауына тоқтамай шауып, жеті күнде жетіпті-мыс. Адам ата мен Хауа тау етегіне отау тігіп, тіршілігін бастап жатыр еді. Ақбөкеннің тұяғы тасқа қажалып, шаршап-шалдығып, ақ отауға жеткенде сүрініп құлайды. Адам оны көріп, үйіне әкеледі. Аузына інжір жапырағын береді. Мейірленіп тұмсығынан сипайды. Пайғамбардың аялы алақаны тиген соң, киіктің тұмсығына сымбат бітеді. Екі танауы желбіреп, көзі мөлдіреп шыға келеді. Жауырынын саусағымен тарағанда, денесінен жұпар аңқиды. Тұяғына мүбәрак қолы тигенде, қасиет дариды. Желден желгір болады. Мүйізіне мың бір дертке ем болатын қасиет қонады. Пайғамбардың алақаны беліне тиіп еді, ол да құдіретке толады-мыс. Буаз кезінде құралайының жынысын қалауына сай өзгерте алатын жануарға айналды. Киіктің арнайы келісіне риза болған Адам ата: «Жануарым, бұйымтайың болса айт! Тәңірден дұға тілеп, мұқтажыңды өтейін», – дейді. Сонда ақбөкен: «Төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі төліме ауырлық етіп, қоң жинай алмай қалады. Осыған бір шара болса», – дейді көзі мөлдіреп. Адам ата Жаппар Хаққа киіктің арызын жеткізеді. Тілегі заматта қабыл болады. Содан бастап Құдайдың құдіретімен киік төлдер кезде бетпақ далада шыбын-шіркей шыдамайтын суық тұрады екен. Бұл мезгіл бүгінде «Құралайдың салқыны» деп аталады. Сол мезгілде қасқырдың да жағы қарысып, киікке деген тәбеті тыйылады. Құралайлар көшке ілескенше оған жақындай алмайды екен. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шығады. Ол тек ақбөкендер төлдер кезде ғана көгеріп, көктеп, кішкене лақтарға азық болады десе-ді. Ақбөкен Адам атаны көріп, қолынан жем жеп, мұраты орындалған соң Сарыарқаға қайтпақшы болады. Сол кезде Адам ата оған:

Сахараға сән болып,

Құт пен кие, мән қонып.

Өсіп-өнсін нәсілің,

Бір Құдайға жар болсын.

Аллам өзі қолдасын,

Бар бәледен қорғасын.

Саған зауал келтірген,

Арамзалар оңбасын.

Сайын түзден тап мекен,

Басқа орнасын бақ бекем.

Қу медиен түздерге,

Ырыс дарыт, ақбөкен! –

деп батасын берген екен. Осыдан соң, киікке кие бітіп, қасиетті түз тағасы саналыпты. Оны нақақ өлтірген, атқан қаскөй Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар. «Киіктің де киесі бар, Пайғамбардай иесі бар» деп айтылатын сөз осыдан қалса керек.

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: