Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:04, 06 Тамыз 2024

Боқтампаз Баймурзин, менмен Мәжикенов және иесіз 100 сиыр

Арманбек Баймурзин
Фото: ПД Жамбыл облысы

Қарашөкеевтің облысын ұры-қары иен жайлап алыпты

Әулиеата топырағы «халық генералы» атанып, елдің ыстық ықыласына бөленген Жаманбаевтан кейін игі ісімен үлгі болған, жақсы атымен есте қалған бас полицейге жарымай-ақ келеді.

Күні кеше қарамағындағы қызметкерді боқтап-балағаттаған видеосы әлеуметтік желіге тараған Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин қызметінен босатылған болса, орнына уақытша міндетін атқарушы болып бекітілген Мәжикенов те алдыңғы басшының әрекетінен сабақ алудың орнына, «ұядағы көргенін» істеп, қызметке әкіреңдеп кіріскен. Бір күнде бас полицей болған қызметінің буы ұрды ма, әлде баяғыдан әдеті ме, жұмысты ол да ұрыспен бастап, қызметкерінің басына әңгіртаяқ ойнатқан видеосы жұртқа жария болды.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының қатысуымен түсірілген бейнероликтің негізінде қызметтік тергеу кезеңінде облыстық полиция департаменті бастығы А.Баймурзин қызметінен босатылғанын хабарлаған болатын. Бұл күндері Жамбылда ішкі істер министрлігінің кадр саясаты департаментінің бастығы мен ішкі қауіпсіздік қызметінің өкілдері жүр. Олар Жамбылдағы ішкі істер саласына қатысты басқа да қордаланған мәселелерді тауып, тиісті жазасын беріп жатса, назарда ұстайтын боламыз.

Бұл күндері Жамбылдың экс-бас полицейінің боғауыз видеосымен қатар Т.Рысқұлов ауданының таулы аймағында жайылып жүрген 100 қаралы сиыр чаттан-чатқа тез тарап кетті. Бұл сиырларды Мақпал тауы арқылы арғы беттегі айыр қалпақты Қырғыз еліне айдап өтпек болған ұрылардың арам ойлары іске аспай қалған. Бірақ полицейлер бірін-бірі боқтап жүргенде ұрылар бой тасалап, қашып кеткен.

Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің басшылық қызметіндегі шенділердің бір-бірімен араздасып, бірін-бірі мойындамай, беттерімен кеткендері жайлы аз естіп жүрген жоқпыз. Ал облыстық ішкі істер департаментінің басшылығына Арманбек Баймурзин келгелі жағдай, тіпті ушыға түскен сияқты.

Жалпы, өркениетті елдерде «полиция біздің қорғанымыз» деп шен таққандарға құрметпен қарайды, қошемет көрсетеді. Бізде ше? Өзге өңірлерді қайдам, Жамбылда полицияның төбесі көрінсе, «пәлесінен аулақ» деп қырық қадам алыс жүруді қалайтындар көп. Біздің полицейлер неге халықтың сеніміне ие емес? Әрине, бәрiне бiрдей топырақ шашудан аулақпыз. Бiрақ боқтампаз Баймурзин, менменсіген Мәжикенов сияқтылар әбден елдің зығырданын қайнатып біткені жасырын емес. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп, бұл жайтты сөз етпеуге де болар ма еді? Бірақ мәселе құмалақтың тым көптігінде болып тұр емес пе?!

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы