Болашағымыз баянды болу үшін ел ертеңіне бейжай қарамағанымыз жөн

Күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекеновтың «кітапханалар жабылсын» деген мәлімдемесі алдымен, әлеуметтік желілерде, соңынан БАҚ көздерінде үлкен резонанс тудырды.
«Қай кезде де ғылым-білімнің қайнар бұлағы болып табылатын кітапханалар жабылатын болса, ел руханияты қандай күй кешпек» деп ел ертеңіне бейжай қарамайтын ел зиялылары мен қоғам қайраткерлері өз наразылығын білдірген. Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Байбота-Қошым Ноғай:
«Президентіміз «шенеуніктерді қысқарту керек» деп еді, аптаға жуық уақыт өтті, әлеуметтік желіден шенеуіктер кітапханаларды қысқартпақшы болып мәселе көтергенін оқып отырмыз. Осыған ұқсас жағдай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір көтеріліп, ауылдық жерлердегі барлық кітапхананың жабылғаны есімізде. Қаншама қазынадан айрылдық. Қазақ ақын-жазушыларының қалың оқырманының селдіреуіне себепші болған жайттың бірі де сол еді. Кітапханалар қай елде болсын, бәрібір сол ұлттың рухани қазынасы. Өркениетті елге айналамыз десек, мұндай бассыздыққа мүлдем жол беруге болмайды» деп жазды. Депутаттың бұл мәлімдемесіне Ұлықбек Есдәулет, Думан Рамазан, Дәулеткерей Кәпұлы сынды танымал ақын-жазушылар мен Құлбек Ергөбек, Оразалы Сәбден сияқты ғалымдар өздерінің қарсылық пікірлерін білдірсе, оған тілшілер, блогерлер, кітапханашылар мен қарапайым оқырмандарының барлығы да өз үндерін қоспай қалмады. Бұл күні көпфункционалды мәдени әлеуметтік институтқа айналып, елдің рухани дамуына белсенді үлесін қосып келе жатқан еңселі елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханасы депутат пікірін өз аузынан естімек болып, Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық «Рухани қазына – 2020» онлайн-байқауының ашылуына шақырған еді. Кітапханашылармен кездесіп, ашық әңгімелескен мәслихат депутаты Мирас Ерғалиұлы шын мәнінде, «кітапханаларды мүлдем жабу керек» деген теріс ойдың өзінде болмағанын, тек жаңа технологиялардың дамуына байланысты цифрландырылып, электронды кітапханаларды көбейту керек дегенді ғана айтқысы келгенін жеткізіп, ағынан жарылды. Сенсация іздеген сайт тілшілері қоғамдық пікір тудыру үшін депутаттың сөйлеген сөзін бұрмалап берген болса керек. Дегенмен, біз бұдан кітапханаға деген қоғамның оң көзқарасын, елдің руханиятқа деген қызығушылығының ортаймағанын білдік. Әрине, бұл бізді қуантты.
Дәуір дөңгелеп, жыл жаңарған сайын жаңа технологиялар өмірімізге дендеп еніп, еркімізден тыс жаңа өзгерістерге бейімдеп жатқаны рас. Әлемдік пандемияға байланысты шектеулер қойылса да, еңселі елордамыздағы руханият қарашаңырағы саналатын Ұлттық академиялық кітапхана әр күн сайын маңызды іс-шараларын онлайн түрде үзбей өткізіп келеді. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты жоспарланған іс-шаралар карантин жағдайы салдарынан тоқтап қалса да, ұлттық кітапхана қазақтың бас ақынын ұлықтауын бір сәт тоқтатқан емес. Тығырықтан шығудың жолын ойлана келе, іс-шараларды онлайн өткізуге шешім қабылдадық. Себебі,«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі – кемел ұлттың негізгі құраушысы бола алатынын меңзеп кеткен Абайдай темірқазығымыздың мерейтойын атаусыз қалдыру – қазақтығымызға сын екені айтпаса да түсінікті еді. Жалпы, ұлт ұстазының 175 жылдық мерейтойын тойлауды Ұлттық академиялық кітапхана қаңтар айынан бастап кеткен болатын. Осыған орай, біздің мекеменің мұрындық болуымен Чехияның Прага қаласында «Абай» ақпараттық-мәдени орталығы ашылып, чех елін Абай тағылымымен сусындатып қайтқан едік. Киізүйлер тігілді, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен Абай әндері шырқалды, Абай өлеңдері оқылды. Нәтижесінде, қазір Абай сөзі чех тіліне аударылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында ұлы ақын тойын лайықты атап өтуді тапсырғаннан кейін, Абай мерейтойы іс-шарасын ақын өлеңдерінің челленджінен бастап кеттік. Фейсбук әлеуметтік желісінде Абай жырларын оқуды кәрі мен жас, зиялы қауым, тіпті мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдің танымал тұлғаларына шейін іліп әкетіп, эстафетаны келесілеріне ұсынып жатты. Кітапхананың бастамасымен Словакия, Венгрия, Германия елдерінде «Абай оқулары» өткізілді. Карантин жағдайы жеңілдетіліп, шекара ашылса, алдағы уақытта БАӘ астанасынан да «Абай» орталығын барып ашуды жоспарлап отырмыз. Онлайн іс-шараларға келсек, алғаш карантин жарияланған кезде, бұл – тығырықтан шығуымыздың төтежолы болды. Ел зиялыларымен қоса, Түркия, Венгрия, Қытай, Ресей, т.б. елдердің танымал ғалымдары мен қаламгерлері Абай мұрасының зерттелуі тақырыбында ойларын ортаға салған халықаралық ғылыми-конференциясын алғаш рет Zoom торабында онлайн өткізгенімізде, интернет желісінен бір дегенде, бес мың көрермен тамашалады. Онлайн іс-шаралардың мүмкіндігі мен тиімділігіне бірінші рет сонда көз жеткіздік. Қазір игі іс жалғасын тауып, онлайн-кездесулер, кітап тұсаукесерлері, дөңгелек үстелдер мен «Үлгілі отбасы» сынды онлайн- конкурстар қазір де үзілмей келеді. Руханиятқа қызмет етуге келгенде, ұлттық кітапхана бір сәтке де қалғыған емес, үнемі қозғалыс пен жаңашылдық арнасында. Жалпы, Абайдың тағылымды мұрасын ғана емес, ұлттық рухани-мәдени құндылықтарымызды да насихаттайтын орталықтар Прагадан басқа әлемнің 33 мемлекетінде бар. Қазақ халқының бай әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен салт-дәстүрін өзге жұртқа паш ету үшін Ұлттық академиялық кітапхана 2016 жылдан бері шет мемлекеттердің ірі кітапханаларынан «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын» ашқан болатын. Атап айтқанда, Корея, Финляндия, Венгрия, Малайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Италия, АҚШ, т.б., ұзын саны 33 мемлекетте бұл халықаралық жоба жүзеге асырылып, ұлттық кітапхана қорларына Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Дәурен Қуат және басқа да ақын-жазушыларымыздың шығармалары бүгінде шетелдік оқырмандар үшін қолжетімді болып отыр. Қазір әлемдік өркениетте электронды кітапхананың алатын орны ерекше екенін бәріміз де білеміз. Оның үстіне, кітапханамызға келушілер арасында үнемі жүргізіп тұратын сауалнамада кітапхананың 24 сағат бойы жұмыс істеп тұруын сұрайтын оқырмандар да бар. Қазір интернет қолжетімді заман, сондықтан оқырмандар көбінесе электронды кітапхана қызметіне жүгінетіні рас. БіздіңҰлттық академиялық кітапханамыз карантиннен бұрын да қашықтық режимінде оқырмандарға онлайн-қызмет көрсетіп келген болатын. Карантин басталғалы электронды кітапханаға сұраныс бірнеше есе артты. Тіпті шетелдерден де кірушілер саны күн сайын көбейіп келеді, атап айтқанда, электронды порталымызды 60-тан астам елдерден оқырмандар қолданып отыр. Олар көркем әдебиеттен басқа сирек кітаптар мен қолжазбаларға, газет-журналдарға шыққан мақалаларға, сонымен қатар авторефераттар мен диссертацияларға, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми басылымдарына, сондай-ақ кітапханаға жазылған IPR Books және Euromonitor Passport толық мәтінді деректер қорына қол жеткізу мүмкіндігіне ие.
Биылғы жыл ұлы Абайдың ғана емес, күллі түркі жұртының мақтанышы, «екінші ұстаз» атанған ғалым-философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойымен де есте қалайын деп тұр. Мемлекеттік деңгейде аталып өтіліп жатқан әл-Фараби бабамыздың тойы әлемдік індетке байланысты атаусыз қалмасын деп, көптеген іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Жалпы, әл-Фараби ғұламаның шыққан тегі туралы үлкен тартыстар болғаны белгілі. Бұл жөнінде кеңес идеологиясына бұра тартқан орыс ғалымдарының тұжырымы бір бөлек болса, араб елдері ғалымдары өздерінен шыққанын дәлелдеуге тырысып келді. Осындай үлкен тартыста Ақжан әл-Машанидей ғалымның табандылығы мен ғылыми ізденісінің арқасында әл-Фарабидің қазақ елінен, Отырар жерінен шыққандығын бұлтартпас айғақтармен дәлелденіп, елу жыл бұрын 1100 жылдық мерейтойын атап өту Қазақстаннан басталған еді. Артында 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар қалдырған әл-Фарабидың биыл 1150 жылдығын Абай мерейтойымен қатар тойлап отырмыз. Бір сүйінетін жаңалық, Шымкенттегі Отырар кітапханасына біраз уақыт бұрын әл-Фараби аты берілген болатын. Ондағы мақсат – әл-Фараби бабамызды жүйелі зерттеуді қолға алып, болашақта Шымкент қаласын фарабитану орталығына айналдыру. Бір өкініштісі, қазір елімізде фарабитанушылар саусақпен санарлық, сондықтан әл-Фараби тағылымын насихаттау, басқа елдің ғалымдарымен байланыс орнату – алдағы күндердің мәселесі. Әл-Фараби атындағы кітапхана залдарын ойшыл ғұлама зерттеген ғылым салаларына арнап жабдықтау концепциясы жасалды: ақыл-ой, музыка, жаратылыстану, тіл, логика, құқықтану, құдайтану сынды жеті бағыт таңдалды. Кітапханаға кірген оқырман әл-Фараби әлеміне енгендей әсер алса, біз өз мақсатымызға жеткеніміз. Ал «Отырар» атауы Түркістан қаласында салынып жатқан кітапханаға беріледі деген жоспар бар. Ұлттық кітапхананың бүгінгі атқарып отырған жұмыстарын зерделеп қарасаңыз, тәуелсіз әдебиет пен мәдениеттің дамуына қосқан елеулі үлесін анық байқар едіңіз. Әл-Фарабиден бастап, ұлы Абай, Шәкәрім, Әуезов, одан бертіндегі қаламы қарымды жазушыларымыздың еңбектерін Ұлттық кітапхана талмай насихаттап келеді. «Әбіш Кекілбаев», «Тұрсынбек Кәкішев», «Дүкенбай Досжан», т.б. атаулы залдарды былай қойғанда, зиялы қауымды оқырмандарымен жиі жүздестіріп, кітап тұсаукесерлерін өткізіп келеміз. Жақында руханияттың осынау еңселі қарашаңырағы жанынан «Әдеби агенттік» құрылды. Бұл деген бүгінгі заманауи кітапхана баяғыдай оқырманға қызмет көрсетумен ғана шектелмей, әдебиет пен мәдениеттің, ғылым мен рухани жаңалықтардың ізгі жаршысына, қолдаушысы мен жанашырына айналып отыр дегенді айғақтайды. Тәуелсіздік алған отыз жылда нарықтық әдебиетке көшу жолға қойылмағандықтан, қазір қаламгер мен жазушы арасы қатты алыстап кеткені рас. Әдеби агенттік тәжірибесі алғаш Еуропада 1881 жылы қолға алынса, көрші Ресей КСРО-дан іргесін бөле сала, 1991 жылы алғашқы әдеби агенттігін құрған. Әдеби агенттік – баспа мен жазушының арасындағы дәнекер. Кітап пен авторды көпшілікке насихаттай отырып, кітапқа деген қоғамның сұранысын арттырады. Кітап неғұрлым бестселлерге айналса, бұрынғы замандағыдай сұраныс артқан кітаптың таралымы да көбеймек, оқырман мен жазушы арасы да жақындай түспек. Кітабы сатылған сайын қаламгерлердің де қаламақы мәселесі де өз-өзінен шешімін табатын болады. Әдеби агенттер баспа ісінің дамуына, олардың өзара бәсекелестігін арттыруға да ықпал етеді. Елімізде баспалармен тізе қосып, елдің руханият мүддесіне қызмет ететін әдеби агенттіктер көбейгенде, өркениет беталысының өзгеруіне байланысты кейбір мамандықтардың жойылып, орнын жаңалары басатыны сияқты, бұдан былай «әдеби агент» қызметі де өмірімізге дендеп ене бастайды.Енді осы жерде әдеби агент қызметін түсіндіре кетейін. Белгілі бір жағдайда өз құқығын қорғай алатынына күмән келтірген адам заңгер мен қорғаушының қызметіне қалай жүгінсе, ақын-жазушының авторлық құқығын қорғап, баспалар мен кітап сататын дүкендермен тиімді келісімшарт жасасу арқылы қаламақысын алып беретін әдеби агент те нарықтық әдебиет жүйесінің ажырамас бір бөлшегі іспетті. Автордың кітабын шет тілдерге аудартқызып, әлемдік әдебиет нарығына да шығара алады, халықаралық әдеби конкурстарға да ұсынады.Бір сөзбен айтқанда, әдеби агент – әдебиет нарығын дамытуда таптырмайтын маман. Жақында ғанакітапханамызда Мәдениет және спорт министрлігі өкілінің қатысуымен көркемдік кеңестің кезекті отырысы өткен еді. Сол кезде авторлық құқыққа байланысты жақсы жаңалық айтылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры К.Қ.Сейітова және қазақтың зиялы қауымы, белгілі ақын-жазушылары қатысқан көркемдік кеңестің онлайн отырысында авторлық құқықтың бұдан былай бес жыл мерзімге ғана берілетіні туралы мәселе қаралғаны сөз болды. Оған дейін мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың авторлық құқығы 30, 70 жылға дейін сатылып алынатын еді. Авторлық құқықты сатып алу мерзімінің бұлайша қысқаруы – біздің қаламгерлер үшін жағымды жаңалық екені айтпаса да түсінікті. Қазір елімізде балалар әдебиетінің жағдайы да мәз емес екені баршамызға мәлім. Балалар үшін арнайы жазатын қаламгерлерге жағдай жасалмай, кішкентай оқырмандарымызға арналған заманауи әдебиет қорының қалыптаспайтыны анық. Рас, барлық кездегідей, кітапхана бүгінгі күні де жас ұрпақты рухани тәрбиеге баулитын мәдени-ақпараттық орталық болып табылады. Біздің Ұлттық академиялық кітапханада арнайы «Балалар кітапханасы» орталығы ашылған. Бұл орталық баланы тек қана кітаппен қамтамасыз етіп қоймайды, мұнда ойын түрінде оқуға, демалуға, жалпы, бала жанына жайлы жағдайдың бәрі жасалған. Балаларға арнап жазатын қазіргі ақын-жазушылармен кездесу де жиі өткізіліп тұрады. Байбота Қошым-Ноғай, Баянғали Әлімжанов, Лиля Клаус, Мирас Асан, Серікбол Хасан және басқа да бүгінгінің танымал қаламгерлерімен мағыналы кездесу өткіздік. Жалпы, балалар ертегісі, көркем әдебиетке ғана емес, энциклопедиялар мен анықтамалықтарға, комикстар мен «Гравити Фолз» бағытындағы шым-шытырық оқиғаға құрылған анимациялық кітаптарға құмар болып келеді. Өкінішке орай, аталған жанрларға сұраныс көп болғанымен, қазақ тілінде бұндай кітаптар өте аз шығарылады. Елордамыздың сол жағалауынан жеке «Балалар кітапханасын» ашу – бүгінгі күн талабы болып отыр. Кітапханамыздың Абонемент бөлімінде балаларға арналған кітаптарға сұраныс өте көп. Сондықтан түрлі-түсті көркем суреттермен безендірілген мазмұнды балалар кітаптары да қолжетімді болса дейміз, сондай-ақ қазақстандық балалар әдебиетін кеңінен насихаттау үшін балалар әдебиеті авторларының туындыларынан түрлі-түсті басылымдарда шығару қажет.
Мен қазақтың барлық зиялы қауымы сияқты еліміздің мәдени-рухани дамуына, жалпы, еліміздің өркендеп қанат жаюына қолымнан келген өз үлесімді қоссам деймін. Сондықтан бұл күні бүкіл елдің аузында жүрген «праймериз» науқанына мен де қатысып, бағымды сынасам деп шештім.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жолдаған Жолдауынан ел болашағының жарқын болатынын сезініп және соған сеніп, праймеризге қатысып, бірінші айналымынан өткенде, мақсатыма біртабан жақындағандай болдым. Бүгінгі қоғамда түйіні шешіле қоймаған мәселелер көп. Оның ішінде әдебиет, мәдениет я кітапхана мәселелері де бар. Нарықтық әдебиетті жолға қою – тәуелсіз әдебиеттің дамуына үлкен демеу болып табылатынын жақсы түсінемін, сондықтан қазіргі күні Ұлттық кітапхананың онлайн платформасы арқылы біраз әдебиет өкілдері оқырмандармен қауышып жатыр және мұндай салмақты іс-шаралар алдағы кезде де жалғасын таба береді. Сондықтан газет оқырмандары, әдебиет өкілдері мен жанашырлары бұл сынақта маған қолдау білдіреді деп сенемін. Праймериз – үлкен мақсат жолы, ұлт болашағы үшін жауапкершілікті сезіну екені рас. Бағдарламамда, көбінесе руханиятты дамытуға көбірек басымдылық берілген.Егер еліміздің әрбір саналы азаматы ел ертеңіне бейжай қарамаса, кешікпей ел еңсесі тіктеліп, көшіміз баянды бола түседі деп ойлаймын.