Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:15

Болашақтың білім ордалары

мектеп
Фото: из открытых источников

Қазақстанда «Келешек мектептері» деп аталатын ұлттық жоба аясында қазір жаңа заманға сай мектептер салынып жатыр.

 Бұл ауқымды жоба барлық балаларға оқуына ыңғайлы, қауіпсіз және жаңа технология мүмкіндіктерімен жарақтанған орта қалыптастыруды мақсат етеді. 2022 жылы президент елде орта білім беру жүйесін толығымен жаңарту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру туралы бастама көтерген. Тәуелсіздік алғаннан бері ауқымды жаңғыртудан өтпеген мектеп инфрақұрылымы, үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесі және ең бастысы сапалы білім алу жағынан қала мен дала баласының арасындағы жер мен көктей теңсіздік осындай үлкен бетбұрысты талап етіп отыр. Ұлттық жоба жаңа форматтағы білім ошақтары қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюды көздейтін стратегиялық бастама. Үш жыл бұрын басталған бағдарлама биыл ақтық кезеңіне аяқ басты. Демек, ұлттық жобаның нәтижелерін алдын ала қорытындылауға да болады. «Жайлы мектеп» атауынан «Келешек мектептері» болып өзгерген жоба балаларға қазіргі заман талабына сай жағдайда тегін, сапалы білім беруді мақсат етеді. Бұл бастама мектептің материалды-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін ұштайтын кеңістік қалыптастыруды көздейді. Былтыр жаңа форматтағы 105 мектеп есігін ашты, оның 40%-ы ауылдарда салынды. Биыл тағы 112 жайлы мектептің құрылысы аяқталады деген жоспар бар. Сөйтіп, екі жылдың ішінде елімізде 460 мың оқушы осындай жаңа мектепте оқуға мүмкіндік алады. Бұл жоба Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан, Алматы облыстары секілді халық тығыз қоныстанған, сонымен қатар тұрғын саны тез өсіп келе жатқан Маңғыстау облысы сияқты өңірде мектептегі орын тапшылығы проблемасын шешуге себін тигізеді.

Биылғы оқу жылы Түркістан облысы үшін айрықша жаңалыққа толы болды. Дәл осы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде бір мезетте 8 жаңа мектеп пен 2 жалпы орта білім ошағы өз есігін айқара ашты. Мәселен, Төле би ауданының Достық ауылында 900 орындық, ал Сайрам ауданының Ақсу ауылында 600 орындық жаңа мектептер ашылды. Бұдан бөлек, Шардара, Сауран, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласында да жаңа оқу ошақтары іске қосылды. Бұл – халық саны қарқынды өсіп келе жатқан өңір үшін аса маңызды қадам. Жаңа мектептердің ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысының әкімі ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, мемлекет басшысының бастамасының маңыздылығына айрықша тоқталды. «Білім – ел болашағының алтын діңгегі. Соңғы жылдары мемлекетімізде білім беру саласын дамытуға айрықша назар аударылып келеді. Соның нақты айғағы – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бұл тек ғимараттар тұрғызу емес, ең алдымен сапалы білім берудің жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді реформа. Түркістан облысында бір мезетте 8 жаңа мектептің ашылуы – осы бастаманың нақты нәтижесі. Бұл – тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға», – деді ол.

Шын мәнінде, мұндай жобалар Қазақстанның адами капиталын нығайтуға, әрбір баланың келешегіне салынған инвестиция ретінде бағаланады. Жаңа мектептердің архитектурасы мен ішкі жабдықталуы қазіргі заман талабына толықтай сай. Жалпы аумағы шамамен 3 гектарды құрайтын үш қабатты ғимараттарда оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Онда 120 орындық акт залы, заманауи шеберханалар, кең көлемді кітапхана, асхана, спорт залы, медициналық кабинет, бейнебақылау жүйелері бар. Мұғалімдер үшін де қолайлы жағдай жасалған. Әдістемелік кабинеттер, демалыс аймақтары және заманауи цифрлық құралдармен жабдықталған жұмыс кеңістіктері ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы мектеп салумен шектелетін инфрақұрылымдық бағдарлама емес. Бұл ең алдымен құндылықтық тұрғыдан жаңа білім беру философиясын қалыптастыруды мақсат ететін кешенді бастама. Жоба аясында Түркістан облысында 46 мың оқушыға арналған жалпы саны 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 13-і өткен оқу жылында қолданысқа берілсе, биылғы жаңа оқу жылында тағы 16 мектеп есік ашпақ. Бұл – демографиялық өсім мен урбанизация үдерістерін ескере отырып, білім инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ұзақмерзімді саясаттың нақты нәтижесі. Сонымен қатар жоба педагог кадрларды даярлау мен қайта даярлауға, цифрлық білім ресурстарын енгізуге, қауіпсіз әрі инклюзивті білім беру ортасын құруға және ауыл мен қала балаларына тең мүмкіндік беруге басымдық береді. Бүгінде Түркістан облысы – халық саны ең жылдам өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда 1–11 сынып аралығында 600 мыңнан астам оқушы білім алуда. Бұл көрсеткіш жыл сайын шамамен 5–7 пайызға артып келеді. Жаңа мектептер салу – уақыт талабы. Ол мектеп тапшылығының алдын алуға, сыныптағы оқушылар санын азайтуға, ең бастысы, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан өңірінде ашылған жаңа мектептер – жай ғана ғимарат емес, әлеуметтік әділеттіліктің, тең мүмкіндік пен болашаққа деген сенімнің символы. «Келешек мектептері» – елдің ертеңін ойлаған стратегиялық бастама. Оның басты мақсаты – әрбір қазақстандық балаға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау. Түркістан облысында ашылған 8 жаңа мектеп – осы бастаманың өміршеңдігін дәлелдейтін нақты нәтижелердің бірі.

«Келешек мектептері» аты айтып тұрғандай, бірінші кезекте оқушыға да, мұғалімге де жаңа заманға сай жағдай ұсынады. Қазіргі тілмен айтқанда, қолдануға ыңғайлы, қауіпсіз, оқушы мен мұғалімнің әр нәрсеге алаңдап, көңілі бөлінбейтін, уақытын жоғалтпайтын эргономикалық кеңістігі бар мектеп. Яғни ол оқушы мен мұғалім баруға асығатын ыңғайлы әрі жайлы ортаға айналады. Өйткені эргономикалық кеңістіктер буллинг секілді мектептерде кең тараған теріс қылықпен күресуді де ескереді. Мәселен, мектепті жобалағанда кеңістіктердің мейлінше ашық болғаны, қалтарыс-бұлтарыс жерлердің болмағаны ескеріледі, ал қабырғалары айна тәрізді беткі қабаттармен жасақталады. Шудан, ми белсенділігінен шаршаған, көпшіліктен бір сәт дем алғысы келген оқушы мен мұғалім тынығып алатын жарығы көмескіленген «тыныш» демалыс бұрыштары жасақталады. Мұндай мектептерде бөлме температурасынан бастап, арақашықтық пен жарықтандыру деңгейі секілді санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар да реттеледі. Өрттен сақтану, жалпы адамның қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілген. Мектептер толық бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оқу барысына кедергі келмеуі және ең бастысы, әлімжеттіктің алдын алу үшін бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек оқиды. «Келешек мектептері» жобасы аясында тұңғыш рет Қазақстанда барлық оқушы мүмкіндігі мен денсаулығына қарамастан, бір мектепте оқуға мүмкіндік алды. Ресми дерек бойынша Қазақстанда білім беруде ерекше жағдайды қажет ететін 200 мың түрлі мүмкіндігі шектеулі мектеп жасындағы бала бар. Олар қатарластарымен бірге мектепке бара алмай, бөлек, көбіне үйде оқуға мәжбүр. «Келешек мектептерінде» осындай ерекше балалар үшін лифт, пандустар салынған, арнайы көрсеткіштер қойылып, психолог, дефектолог, логопед кабинеттері жұмыс істейді.

Елде салынып жатқан жайлы мектептердің аумағы кеңес кезінен қалған типтік мектептерден 15–20%-ға үлкен. Өйткені «Келешек мектептері» жаңа оқу техникаларына көшкендіктен, ескі стандарттағы мектеппен салыстырғанда ондағы техникалық жарақтану деңгейі 4 есе жоғары. Робототехника кабинеттері, STEM-зертханасы, хореография залы мен коворкинг алаңы, жаңа форматтағы кітапхана, 4 спорт залы, алғашқы әскери дайындыққа арналған алаң оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, әрқайсысына бойындағы таланты мен мүмкіндігін мектеп қабырғасынан танып, ашуға арналған. Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Осылайша оқушыларға ерте жастан кәсіптік бағдар беріледі.

С. Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: