Болашақ қылмыскер тәрбиесі
«Менің неге адамдарды өлтіргім келмейді?» Психолог мамандығын таңдап, балалар колониясына жұмысқа жаңа келген Дороти Льюис өзіне осы сұрақты қойған екен.
Ол осы сұрақтың жауабын іздеу жолында көптеген ғылыми жаңалық ашып, адамдарды салқынқандылықпен өлтіруші маньяктартың психологиясына тереңдейді. Жалпы психиканың анатомияға қатысы жоқтай көрінеді. Өйткені бірі тән, екіншісі жан туралы ғылым. Сонда да болса кәмілетке толмаған балалар колониясындағы жұмысы барысында адам айтқысыз ауыр қылмыстарға барған балалардың миын МРТ аппаратына түсіріп, бір қызық заңдылықты байқайды. Қылмысқа қабілетті балалардың миындағы майда тамырлар көп зақымданған екен. Яғни тамырлар үзіліп, үзілген тұсына қан қатып қалып отырған. Ал мидағы майда тамырлардың үзілуіне психикалық қысым әсер ететіні ғылымға белгілі болатын.
Сонымен қатар ғалым қылмысты қадамға саналы түрде барған балалардың бәрінің тәнін де зерттеп көреді. Олардың барлығында дерлік жарақат белгілері болған. Дороти Льюис осы жағдайларға назар аудара отырып, прихолог ретінде алғашқы және бәлкім, ең негізгі жаңалығын ұсынды. «Үйде зорлық-зомбылық көрген балалардың көбі – қылмыс жасауға қабілетті».
Ол өмірін қылмыскерлерді зерттеуге арнап, Америкадағы «өлім жазасын» тоқтатуды сұраған қоғам белсендісі де болды. Өйткені психикалық ауруға шалдығудың өзі – қылмыскерлер үшін үлкен жаза. Психолог оларды жете зерттеп, себептерін толықтай анықтап, салдармен емес, себептерімен күресуді ұсынған болатын. Жалпы, маньяктардың бәріне дерлік ортақ тағдыр бар-тын. Ол – отбасындағы анасынан, әкесінен тіпті бауырларынан көрген адам айтса сенгісіз зорлық. Яғни мұндай жағдайлар бала миын зақымдап, сәт сайын өліммен бітпе-бет келтіреді. Яки бұл балаларды немесе есейген маньяктардың өзін өліммен қорқыту немесе өлім арқылы өзге маньяктарды тоқтату мүмкін емес. Тіпті оларды емдеудің өзі нәтижесі бұлыңғыр шаруа.
Психолог өзіне дейін айтылса да, толық дәлелденбеген тұлғаның екіге жарылуы немесе бір тәнде өмір сүретін бірнеше адам туралы теорияны дәлелдеді. Бірақ бұған әлі де күмән келтіруші ғалымдар жетерлік. Дегенмен Доротидің видеохроникаларын қарап отырып, бір адам ішінде бірнеше адам боларына көзіңіз жететін сияқты. Өйткені бір тәнді бөліскендердің ауысуын байқайсыз. Қарапайым, ұяң сөйлеп отырған адам, белгілі бір сөзді немесе оған назарды сезінгенде өзгеріп сала береді. Дауысы, көзқарасы, отыруы, өзін ұстауы мүлде басқа адамға айналып кететін.
Бұл теория турасында бірнеше еңбек жазылып, көркем шығармаларға да арқау болды. Қазақ әдебиетінде Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесі осы мәселені көтереді. Жазушы бір нәрсені анық байқаған. Ол тәннің негізгі иесінің өзге иелер жайлы білмеуі. Бірақ Т.Әбдік адам бойындағы бұл құбылыстың себептеріне үңілмейді. Ал үңілер болсаңыз, оның бойынан бақытсыз деп айту аз, адам төзгісіз балалық шақты көруге болар еді.
Дороти Льюис зерттеулерінде қылмыскерлердің мектептеріне барып, олардың психологиялық портретін жан-жақты құрастырады. Осы тұста мектептерде психологтардың салдыратын суреттері, психологиялық тесттері үлкен рөл ойнайтынын оның архивтерде сақталу маңызын түсінгендей болдым. Өйткені баланың суреттері оның өмірі мен психикасы туралы өте терең мағлұмат бере алады. Сонымен қатар бала психикасындағы бұзылыс ерте кезден көріне бастайтынын да ғалым тілге тиек етеді.
Сонымен, психолог Дороти Льюис еңбектерінен нені ұғамыз?
Біріншіден, қылмыскердің қалыптасуына ата-анасы және онымен бірге болған барлық адам кінәлі. Өйткені бала жасынан ата-анасынан құқай көрген баланың мектепте де жағдайы тәуір бола қоймайды. Мұндай балалардың көбі шеттеп, тісін қайрап өседі. Ал күн сайынғы жеген таяғы оның ми тамырларының зақымдануына алып келіп, тықыл-таяң ситуацияларда ми жұмысының дисфункциясын тудырады. Яки майда тамырларына көп зақым келген ми сигналдарды дұрыс өңдей алмай, мүлде өзге пәрмен беруі ықтимал.
Екіншіден, айналасынан тек құқай көрген баланың психикасында қорғаныш функциясы белсенді жұмыс істей бастамақ. Ол тұлғаның екіге жарылуына алып келеді. Яғни адам миы өзін қорғай алмайтынына көзі жеткенде, өзге альтер его жасап шығарады. Ол көбіне физикалық тұрғыда мықты, төбелеске икемді адам болмақ. Тықыл-таяң ситуацияларда негізі тән иесін алмастырып, зорлық көрсетуші қарсы шығады.
Үшіншіден, ми функциясы бұзылып, бір бойында бірнеше тұлға қалыптастырған адамдар ауыр қылмыстарға барады. Маньяк деп аталатын қорқынышты адамдардың артында олардан да қорқынышты, тиран ата-ана немесе бауырлар, бәлкім, жалпы оның қоршаған ортасы тұрғандай.
Қорытындылай келсек, үйдегі айқай-шу, ашумен баланы сабау, жазалау ретінде оның тәніне жара салу – міндетті түрде бала психикасынан көрініс табады. Балаңызға әрбір айқайлаған сайын, оны ұрып, жазалаған сайын оны болашақ қылмыстарға итермелеп жатқаныңызды ойлаңыз. Тіпті баланың көзінше ерлі-зайыптының ұрысуы да сәби санасына жағымды әсер етпейді. Есіңізде болсын, балаңыз сізден өзін дүниеге әкелуді өтінген жоқ. Сіз ұрпақ қалдырсам дедіңіз. Қызығын, қылығын көрсем дедіңіз.