Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:44, 19 Қаңтар 2023

«Болашақтың» болашағы не болады?

None
None

      Алаштың анасы атанған Сыр елінде жеке жоғары оқу орындарының ішінде «Болашақ» университетінің бәсі биік.

Университеттің негізін қалаушы экономика ғылымының докторы, ҚР Ғылым Академиясының академигі, университеттің ғылыми жетекшісі Досманбетов Бақберген қалың қазаққа мемлекет және қоғам қайраткері ретінде де танымал арда тұлға.

      Іргесі осыдан 30 жыл бұрын қаланған «Болашақ» осы жылдар ішінде үздіксіз даму үстінде болды.

      Бақберген Сәрсенұлының университетке арнап қаланың қақ ортасынан салған алғашқы ғимараты өңір жастарының сүйікті білім ордасына айналған еді. Дамудың жаңа сатысын мақсат еткен университет құрылтайшысы 2019 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауының бойынан 12 гектар жер алып, жаңа заманғы студенттер қалашығының құрылысын бастады. Қысқа мерзімде 14 қабатты бас ғимарат көтеріліп, оның қос қанатынан 5 қабатты оқу корпустары бой түзеді. Қалашық аумағынан барлық талаптарға сай спорт кешені, бассейн, 850 орындық 2 жатақхана, ғылыми-лабораториялық мақсаттағы 8 жылыжай, зертханалар салынып, пайдалануға берілді.

      Ғылыми симпозиумдар мен конференциялар, студенттік мәдени шараларға арналған 1200 орындық Студенттер сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Кез келген халықаралық дәрежедегі жиындар мен басқа да ауқымды іс-шараларды мақтанышпен өткізуге болатын облыс орталығындағы бірегей алып ғимарат. Типтік ашық стадион футбол мен талай жеңіл атлетика марафондарына жол ашары сөзсіз. Бұл студенттер кампусы – еліміз бойынша жеке жоғары оқу орындарының қандай болуының  жарқын үлгісі. Сондай-ақ қала сыртында жер телімі 134  гектарды құрайтын 2 оқу-тәжірибе полигоны жұмыс жасап тұр.  

      «Болашақ» университетінде  5491 студентке 176 оқытушы-профессорлар құрамы сабақ береді және 43 техникалық қызметшілер жұмыс істейді.

      Ал енді осыншама материалдық-техникалық базасы бар, еліміз бойынша КазГУ (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) қалашығынан кейінгі студенттер қалашығы саналатын «Болашақ» университетінің туын жыққысы келген кім? Бұл сұрақты журналистер де, университет ұжымы да қайта-қайта қоюға мәжбүр. Оған негіз жоқ емес.

      Әңгіменің әлқиссасына келсек, министрлік әу баста аймақтағы екі жоғары оқу орнын біріктіруді көздеп, материалдық-техникалық базасы мықты, өңірде рейтингісі жоғары «Болашақ» университеті мен Қызылорда гуманитарлық-техникалық институтының бірігуін талап етеді. Бұл бағытта министрлік талабын орындауға келіскен жоғары оқу орындарының құрылтайшылары сот арқылы өткен талап бойынша, медиациялық келісімге келіп, өзара меморандумға қол қоюға мәжбүр болады.  Бірақ  өзара жасалған меморандум жүзеге аспайды. Өйткені институт базасын «Болашақтың» мүмкіндігімен салыстыруға келмейді. Институттың 1000 шақты студенті мен «Болашақ» университететінің 5491 студентін салыстырғанда да факт көзге ұрып тұр.

       Естімеген елде көп. «Ақмешіт» институтына барлық жағынан ағалыққа жараған «Болашақ» университетіне институт 50%-де 50% үлеспен бірігуді ұсынады. Бұндай ұсынысты күтпеген «Болашақ» басшылығы бірігуді  тағы да шегереді. Алайда, өзара ортақ келісімге келе алмаған құрылтайшылар министрліктің «бірігу» туралы талабын орындамағандықтан, комитет «Болашақты» білім берудің Бас лицензиясынан айырады. Өте қызық. Университет түзетілген, жөнделген кемшіліктері үшін және өз мүддесін қорғап, бірігуді кешіктіргені үшін Бас лицензиясынан айырылады. Бас лицензиясы қолында қалған институттың  талабы  одан сайын зорайып, келесі келісім үстелінде университеттің 50%-де 50% үлеспен институтқа қосылып, яғни оның толық бағынуын ұсынады. Бұл не? «Болашақты» министрлікпен бірге тұншықтыру ма,  әлде жәй пендәуи тоғышарлық па? Әрине, «Болашақ» бұл ұсынысты қабыл алмаған.

       Әйтсе де, елдің іші деп, жылы, сыйластық қарым-қатынасқа сенген университет басшылығы тағы бір кездесуге үміт артады. Онда  екі жақты да өз мүмкіндіктерімен қалдырып, университет басқаруда жыл сайын екі жақтың кезектесіп басқару жолын алға тартады. Бұл ең оңтайлы нұсқа еді. Нәтижесіз нұсқа «Болашақты» бүгінгі сергелдеңге түсіріп жібереді. 

       Ал енді осы үдеден шыға алмаған министрлік жеке жоғары оқу орындарының ішінде білім беру ісін жетілдіруге, ғылымды дамытуға есепсіз қаржы құйып отырған «Болашақ» университетін сақтап қалудың орнына,    2021 жылдан бастап Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті тарапынан «Болашаққа» тексерулерді жиілете түседі. Тіпті комитет профилактикалық тексеру барысында анықтаған кемшіліктер бойынша жасаған ұйғарымының орындалуын бақылау мақсатымен жоспардан тыс тексерулер жүргізе бастайды. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сот шешімімен университетке 462-бап 3-бөлім бойынша қызметін тоқтатпай, 408 380 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлеу жазасын да қолданады.

      Тағы бір тексерісте комитет «Құқық» кадрларын даярлау бағыты  бойынша кемінде үш білім беру бағдарламасын талап етеді. Университет ол талапты да тездетіп орындайды. Комитетке бұл кемшіліктердің түзетілгені туралы бірнеше арнайы хат жіберілгеніне қарамастан, осы негізде сот университетті кіші лицензиядан айырады. Шынтуайтына келгенде, аймақтар үшін осы бағыттар бойынша 3 оқу  білім бағдарламасының (мамандықтың)  болуы керек деген квалификациялық талаптың қажеті шамалы. Сондықтан да болар, «Болашақтан» басқа жоғары оқу орындарында бір ғана білім беру бағдарламасы сақталып отыр. Бір қызығы, олардың лицензиялары дін аман қалталарында және университет емес институт деген статустағы оқу орындарына құқық бағыты бойынша бір мамандықпен лицензия берілген. Сонда олардың артықшылығы неде?

      Сол үздіксіз тексерістер барысында кезекті заң бұзушылық анықталады. Ол баспа басылымдары мен электрондық басылымдар форматында қазақ тіліндегі оқу және ғылыми әдебиеттермен 100 пайыз қамтамасыз етпеген деген айып еді. Заң тілімен айтқанда, бұл бұзушылық (кемшілік) бүкіл мемлекеттік және жеке жоғары оқу орындарының ортақ проблемасы екенін қаперге ілмеген.

      Қазақ тіліндегі оқу әдебиеттерінің тапшылығы мемлекеттік тұрғыдан қаржыландырудың жеткіліксіздігінің салдары екені дүйім жұртқа белгілі.  Қазақ тіліндегі оқулықтар тым аз. Өйткені соңғы он жылда қазақ тілінде жаңа әдебиеттер өте аз жазылған. Ал білім беруде тек соңғы 10 жылғы әдебиеттерді қолдану міндеттелген де, ескі басылымдарды қолдануға рұқсат жоқ деп бар әдебиеттерді есепке алмаған.  

      Негізі, ғылым мен білімде ескі басылым түсінігі болмауы тиіс. Иә, жаңа заманғы мамандықтар мен жаңа бағыттар үшін тың әдебиеттер міндетті. Жаңа зерттеулер мен ғылым жаңалықтары сөзсіз оқытылады. Жалпы ғылымды дамытуда, жоғары білім мен мамандыққа оқытуда пайдаланылатын әдебиеттердің жылдарын белгілеу, оны шектеу – абсурд. Қалай болғанда да ғылым эволюциясындағы үдерістің бастауы болған әдебиеттер қолданыстан түспеуі тиіс.

      «Болашақ» университеті жаңа әдебиеттер үшін өз қаржысын аяған емес. Қазақ тіліндегі кітап қоры 2021 жылы 8 700 300 теңгеге, 2022 жылы 18 047 350 теңгеге, яғни толық емес екі жылда 26 747 650 теңгеге толықтырылған.  Осыншама кітап қоры студенттерге сапалы білім беру мен сапалы маман даярлаудың негізгі тіректері екені анық. Дегенмен министрліктің университет кітап қорындағы пайдаланатын әдебиеттерді соңғы жылдары шыққан әдебиеттермен толықтыру туралы талаптарын университет толық орындаған.

      Сонымен, министрліктің Ғылым және жоғары  білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті университеттің осындай жыл сайын миллиондаған қаражатқа үздіксіз толықтырып отырған кітапхана қорының мүмкіндігін елемеген.

      Бір таңғаларлығы, комитет қаулысында лицензияның қай кіші түрі екені, қандай әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берілгені көрсетілмеген және дәлелдер келтірілмеген. Мүмкін, толассыз тексерістер барысында көрсетілген кемшіліктер мен бұзушылықтар уақытысында түзетіліп, жөнделгендіктен,    атын атап, түсін түстей алмаған шығар. Сонда, қайткенде де лицензияны тоқтату мақсат болғаны ма деген сұрақ алдыңызды орай береді.

      ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің негізгі мақсаты білім беру саласындағы кемшіліктерді профилактикалық тексеру барысында анықтап, оны түзетуге, жоюға мүмкіндік беру, сол арқылы еліміздің жоғары білім беру ісіндегі олқылықтарды жөндеп, білім сапасын арттыру емес пе? Ал «Болашақты» тексеру нәтижелеріне қарасақ, мүлдем түсініксіз жәйт.   

      Біздің елімізде тағы бір аса маңызды проблема бар. Мәселен, белгілі бір ведомство саланы басқарумен қатар,  рұқсат қағаз, лицензия беру, одан айыру, тоқтату, бақылау, тексеру функциясын қоса атқарады. Бұл жалғыз Ғылым және жоғары білім министрлігіне ғана қатысты емес, көптеген салаларға тән кемшілік. Қисынға салсақ, бір қолымен білім-ғылымды дамытпақ екен де, екінші қолымен білім-ғылымның жолын кесіп отырмақ. Дұрысы, сапаны қамтамасыз ету комитеті министрліктен бөлек болуы тиіс. Сонда осындай ситуацияларда білім мен ғылымның жанашыры, қолдаушысы, қорғаны кім болмақ? Шынын айтқанда, бұндай бассыздық біздің елімізде үйреншікті көрініс. Жаңа Қазақстанның ескілеу үкіметі бүкіл ведомстволар құрылымын қайта қарап, дамудың жаңа сатысына көшкені абзал.

      Олай болмаса, Қазақ елінің білімі мен ғылымын дамытуға қалтқысыз үлес қосып, саланы өркендетуге қаржы құйып отырған «Болашақ» сияқты жаңа бағытқа бет алған білім ордасын қолдан тұншықтырамыз.

      Көпшіліктің шуы мен әлеуметтік желінің екпіні шақырды ма,  Ғылым және жоғары білім министрлігінің сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов Қызылордаға арнайы іссапармен келді. Ұшағы кешігіп, университет ұжымымен ұзақ күттіріп барып, кездесіпті. Кешіккенімен қоймай, облыс әкімдігінде болатын жиналысқа асығып отырған. Министрлік өкілінің бұл әрекетін халық қалыптасқан жағдайға немқұрайлылығы деп бағалады. Бір жағынан, облыс басшысының осындай қиындықта университет ұжымын барынша қолдайтын ниетін жеткізуге келген әкімнің орынбасары, қайта-қайта асығыс екендіктерін еске салып, студенттер мен ата-аналардың, ұстаздардың сөйлеуіне, сұрақ қоюларына мұрша бермеген. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөз бар қазақта. Облыс әкімі өзінің орынбасарына сенгені де қызметтің реті шығар. Алайда, бұндай күрделі жағдайда облыс басшысы өзі келіп кездескенде, беделі де, атағы да жер жарар еді. Әкімнің аймақтың ортақ проблемасын бірлесіп шешуге ниетінің түзу екенін «Болашақтың» ұжымы да, басшылығы да түсінген сыңайлы, не дегенмен ел ағасының жанашырлық танытуы күйзелген жандарға бір серпін бергенге ұқсайды. 

      Әлқисса, енді облыс әкімдігінің ФБ парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, «… Акиматтағы жиын барысында облыс әкімі білім ордасы басшылығының уәжі мен ата-ана, студенттерінің өтініштеріне сай жұмысты үйлестіру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіспіз деді. Ең алдымен, университетте білім алатын 5491 студенттің әрі қарай білім алуын жалғастыруын және 176 оқытушы-профессор, 43 техникалық персоналдың жұмыссыз қалмауын заңдылықтар аясында қарап, тиісті әрі оңтайлы шешілуіне жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Бірлескен талқылау нәтижесінде білім алушылар үшін де, ата-аналар үшін де барынша оңтайлы шешім қабылданады. Қорқыт ата университеті тарапынан студенттер үшін оқу ақысы бұрынғы төлеп келген деңгейде осы оқу жылына сақталады. Ауысып келген білім алушылар үшін жаңа оқу топтары ашылып, барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етіледі...» деп қорытындылайды.

      Әйтсе де, 5491 студентті Қорқыт ата атындағы университет өзіне сыйғыза алмайтыны айдан-анық. Оның үстіне, «Болашақтың» 7 мамандығы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқытылмайтын болып шықты. Сондықтан «Болашақ» басшылығы Шымкент қаласындағы оқу орындарымен келіссөз жүргізуде. Бірақ Шымкентке барып, оқуларын жалғастыруға студенттердің отбасылық жағдайлары көтермейді. Демек, «Болашақ» университетінің жабылуы, 5491 студенттің тарауы, оқытушылардың жұмыссыз қалуы – бұл тағы да сол әлеуметтік күрделі проблемаға айналуы бек мүмкін.

      Ал университет құрылтайшысы Бақберген Досманбетов министрліктің бірігу туралы талабын орындайтын болса, табан ет, маңдай терімен нөлден бастап, өзі салып, миллиардтаған қаржы құйған студенттер қалашығы банктегі несиесін өтеуге кетеді екен. Бұл қысастық емес пе?

     Досманбетовтың 30 жылғы еңбегінің зая кететінін ешкім есепке де алып отырған жоқ. Әкімдік те, министрлік те. Әсіресе министрлік дәл осы жағдайда өз жетістігін өзі құзға лақтырғанмен бірдей екенін түсіне ме екен? Осы жәйт елді алаңдатады.

     Сонда Бақберген Досманбетовтың осынша жыл «Болашақ» үшін, білім, ғылым үшін, құйған адал қаржысы студенттер кампусымен қосып, банкте күйіп кетпек пе? Президент әкімшілігінің екі жоғары оқу орнын қосу туралы тапсырмасын министрлік осылайша екі деген бағаға орындады. Нәтижесінде, қаншама мыңдаған адам қыстың көзі қырауда зардап тартып отыр.

      Министрліктің бір үлкен қатесі – «Болашақ» университеті құрылтайшысының кәсіпкер ретінде осы білім саласының өркендеуіне банктен алған млрдтан астам несиесін біле тұра, білмеген болуы. Яғни бұл жағдай шаш ал десе, бас алатын жендеттің әрекетіне ұқсайды. Банк екі жоғары оқу орны қосылатын болса, жаңадан құрылған университет банкке кепілдік беруі керек дейді. Ал бас лицензиясы бар Ақмешіт басшылығы кепілдік беруден бас тартып отыр. Осы екі оқу орны біріккен жағдайда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «Болашақ» университетіне берген субсидиясын тоқтатады да, «Болашақ» үлкен шығынға ұшырайды. Сонда мемлекет кәсіпкерлікті осылайша қолдаса, Қазақ елі Жаңа Қазақстанға қалайша қадам баспақ?

      Еліміздің айтулы азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетовтың ақадал еңбегі мен ел игілігіне тындырған ісін кім қорғайды? Кәсіпкерлік палата неге үнсіз?  

      11 қаңтар күні болған кездесуде «Болашақ» басшылығы осы мәселенің  әділетті шешілуіне ықпал етуін сұрағанда, министрдің міндетін атқарушы құзырлы тұлға: «Өздерің шешіңдер, екеуіңіз де жеке жоғары оқу орнысыздар, сіздерді өзара келісімге келуге шақырып шаршадым» деп, енді жауапкершіліктен ат-тонын ала қашқаны түсініксіз.

Министрлік өздері бастап, жеме-жемге келгенде, басын құмға тыққан түйеқұс бола қалуын қай танымға сыйғызамыз деп шырылдайды қаңғалықтап қалған оқытушылар мен мыңдаған студенттер. Ұстаздар «Болашақ» өздерін әлеуметтік пакетпен, жоғары айлықпен қамтамасыз еткенін, сондықтан бұл оқу орнынан ешқайда кетпейтіндіктерін айтып, «Болашақтың» лицензиясын қайта қалпына келтіруін талап ететіндіктерін мәлімдегілері келеді. Әзірге, айтуларынша, құрылтайшының басуы ұстап тұрған көрінеді. Шынында да жүздеген отбасының несиесін кім төлейді деген сауал ешкімді алаңдатар емес,

     5000-нан астам адамның тағдырын ойыншыққа айналдыруға кім құлықты, бар жиған-тергенін білім саласының дамуына құйып отырған айтулы азаматтың бар еңбегін күл-талқан етіп, тығырыққа тіреп отырған кім, мақсат не? Міне, Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпаты әзірге, осы боп тұр.

       «Болашақтың» ендігі үміті Жоғарғы сотқа берілген кассациялық шағымның нәтижесінде. Алайда сот екі жақтың келісімі тұрғанда, қандай шешім шығаруы мүмкін, Ал келісім министрлік тарапынан мәжбүрлі екені анық. Онсыз да тәжірибеде кассациялық инстанцияның алдыңғы шешімді өзгертуі өте сирек құбылыс.

     Кім білген, 5491 студенттің, 300-дей қызметкердің, бүкіл мағыналы ғұмырын білімнің дамуына қалтқысыз арнаған құрылтайшының бағына әділеттілік орнап кетсе, қанекей! Осындай сергелдеңге жол берген, әділетсіздік салтанат құрып тұрған уақытта Жаңа Қазақстанды құруымыз екіталай-ау. 5491 студенттің қаңғырып қалуы, 300-ге жуық қызметкердің жұмыссыз қалуы оңай емес.

      Тағы да еске сала кетсек, бұл үлкен әлеуметтік проблема. Ел президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, тікелей өзінің бақылауына алса, оң шешімін табады деп ғалымдар қауымы сенгісі келеді.

– Жаңа Қазақстанның болашағы үшін, бар үмітіміз президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевта, – дейді сергелдеңге түскен студенттер мен оқытушылар.

Тегтер: