Қазақ қаламгерлерінің жазу әдеттері
Жазу қай кезде де қиын. Санаңда ұзақ уақыт өрнектелген, ойыңда тоқылған дүниені қағаз бетіне түсірудің мехнаты мен азабын тартпаған қаламгер кемде-кем.
Бұл жөнінде жазушы Мұхтар Мағауин: «Сонымен, жазуға отырдыңыз. Яғни соқаға жегілдіңіз. Жалғанның бар салмағын көтеріп алдыңыз. Қара жерді қарыс айыра тілу керек. Қара тасты сығып, суын шығару керек, тірі жаннан көмек жоқ. Жер әлемде жалғыз өзіңіз, тілсіз тылсым – ақ қағазбен бетпе-бет қалдыңыз...» дейді. Бұл негізінен қаламгер атаулы басынан кешетін ортақ хал. Ал жазудың машығы, дағдысы, жазу ерекшелігі әртүрлі. Мысалы, Бальзак күні-түні тыным таппай еңбек еткен, қалжыраса ащы етіп кофе ішіп, жұмысын жалғастырған. Ал Хемингуэй көбінесе түрегеп тұрып жазған, жазуына, бой тұрқына ыңғайлап, үстел жасаттырған. Сосын таңертең ерте дәмханаларға барып жазуды ұнатқан. Ал Орхан Памук бір сұхбатында Америкада тұрған кезінде үйінде отырып жаза алмағанын айтады. Негізі үйі тып-тыныш, әйелі оқуға кетеді, сосын өзімен-өзі қалады. Бірақ жазу мандымайды. Ақыры келесі көшеден арнайы пәтер жалдап алып, таңертең әйелімен бірге үйінен шығып, әлгі пәтеріне барып, күні бойы жазатын болған. Хемингуэйдің Париждің дәмханаларын адақтап, немесе Орханның пәтер жалдап жазғаны – олардың өзгеше бір күй, бап іздегені болар.
Қазақ қаламгерлерінің де жазу дағдысы, әдеті, күнделікті жазу тәртібі әртүрлі болған. Біз бүгін соның бір парасын сіздерге ұсынып отырмыз.
Абай өлеңді қайта жазып, өңдемеген
Абай көкірегінде әбден піскен өлеңді бірден қағазға түсірген, қайта үстінен өңдемеген екен. Ақынның ұлы Турағұлдың естелігінде Абай өлең жазғанда: «Өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естіместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде, көп тоқталып, ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды» дейді.
Әуезов жазуда қатаң әскери тәртіп ұстанған
Жазушы Мұхтар Әуезов қай кезде де қатаң тәртіппен жұмыс істеген. Әсіресе «Абай жолы» роман-эпопеясын жазғанда темірдей тәртіпті ұстанған. Мұны «Абай жолы» романының бірінші кітабын стенографиялаған Данабике Байқадамованың «Мен білетін Әуезов» кітабындағы естеліктерден анық байқауға болады. Онда: «Сентябрь айларының соңғы күндерінде Мұхаң маған:
– Жұмыс уақытыңыз күндізгі оннан түскі екіге дейін. Кешкі мезгілде творчестволық жұмыспен айналыспаймын, оқитын толып жатқан материалдар бар: жастардың шығармалары, туысқан республика жазушыларының шығармаларымен танысуым керек. Ертеңгі жұмысты неден бастау керек дегендерді ойлану керек... Менің уақыт кестемде қатаң әскери тәртіп бар, соны ескеріңіз» дейді.
Ал белгілі әдебиет зерттеуші, ғалым Ысқақ Дүйсенбаев жазушы туралы естелігінде Әуезовтің таңғы сағат 8:00-де тұратынын, сосын гимнастика жасайтынын айтады. Шайдан соң жазу үстеліне отырып, түскі 13:00-ге дейін тапжылмай жазатынын сөз етеді. Түскі астан соң аз үзіліс жасап, қайтадан жазуға кірісіп, түнгі 12:00-де бел жазады екен. Мұнда Ы.Дүйсенбаев 1949 жылы бір топ ғалым қазақ әдебиеті тарихына қатысты оқулық жазғанын айта келіп, «бұл еңбектің ғылыми жетекшісі етіп Мұхаң тағайындалды» дейді. Осыған қарағанда, М.Әуезов прозалық шығармаларын негізінен түске дейін жазуды әдет етсе, ғылыми жұмыс кезінде түнге шейін тынымсыз еңбек еткен көрінеді.
Қарындашпен жазатын Мүсірепов
Жазушы Ғ.Мүсіреповтің қарындашпен жазатыны жиі айтылады. Сондай-ақ аспай-саспай, тым баяу, байыппен жазған делінеді. Академик С.Қирабаев жазушы туралы естелігінде «Қарағанды» романының қалай жазылғаны туралы айтады. Онда былай дейді: «Кітапханасы бай, соны қарап, қалағанымызды оқып отыруға рұқсат етті. Оқи отырып, оның жұмыс істеу әдетін бақылаймыз. Ғабең өзінің жұмыс үстелінде емес, соның алдына көлденең қойған шағын үстелде отырып жұмыс істейді екен. Үстелінің үстінде өзінің керек-жабдығынан басқа ештеңе болмайды. Ал жабдық дегенің кәдімгі беттік форматты екіге бөліп (одан сәл жіңішкелеу ме, қалай?) дайындап қойған ақ қағаз, қалам сауытына толтырып қойылған, ұшы өткір ғып ұшталған қарындаштар, өшіргіш қана. Сол қағазға қарындаштың ұшын баспай, жеңіл, анық етіп жазады. Бетте бірде-бір сызылған, үстінен өшірілген сөз болмайды, тап-таза. Егер белгілі бір сөзді өшіру қажет болса, ол жазуын тоқтатып, әлгі сөзді өшіргішпен өшіріп, дабын үріп ұшырып, орнын тазалап, әрі қарай жазады. Егер өшіретін сөз көбейіп кетсе немесе сөйлемді қайта құру қажет болса, беттің бәрін қайта көшіреді. Асықпайды, оның жазуының өнбейтіні де осыдан сияқты». Дәл осындай баппен, бір ырғақпен жазушы жұмысын түске дейін жалғастырады екен.
Сыр ашпайтын Соқпақбаев
Жазушы Б.Соқпақбаев «Сіз қалай жазасыз? Қалай жазушы болдыңыз?» деген сияқты жиі қойылатын, әбден жаттанды сұрақтардан қашқақтап, барынша әзілге сүйеп: «Қалай жазасыз дейсіз бе? Үстелге отырып жазам... Жаза, жаза жазушы болдым...» деп жауап беретін болған. Бұл жауаптың астарында жаттанды сұрақтан жалтарумен қоса, жазудың қыр-сырын тым ашып айта бермеу де жатқан секілді. Себебі қаламгер: «...тұтынушы дүкенге барды, көздің жауын алатындай әдемі жасалған кітап шкафын, жазу үстелін көрді, сатып алды немесе үстелді жасаушы шебер ағашты қайдан әкелді? Қалай кесіп өңдеді? Қандай бояу жақты? Ол бояулар қайда? Неден жасалып еді? Осының бәрін тұтынушыға біліп жату қажет пе? Міне, жазушылық еңбек те осы тәрізді. Оқырманға керегі – кітап. Жақсы кітап. Қолдан тастамай оқуға жарайтын қызықты шығарма. Ал оның қалай, қайтіп жазылғанын білмегеннен оқушы ештеңе жоғалтпайды...» дейді. Бұл көп ешкіммен кісінесіп, қасынысып араласып кетпейтін, томаға-тұйық өмір кешкен Соқпақбаевтың болмысымен бітеқайнасқан мінез болса керек.
Қадыр Мырза Әлі түнде жазған
Ақын Қадыр Мырза Әлі негізінен түнде жұмыс істеген. Ал өмірінің соңында төсегінде шалқайып жатып, тынымсыз жазатын болған. Бір сұхбатында: «Жас кездегі тұрғын үйлеріміз қуықтай-қуықтай бөлмелер болды ғой. Үй суық, батареяға аяғымды тіреп жатып жазатынмын. Тізем ауырады. Көз қалмады. Қазір қарындашпен жазамын, қаламсаптың сиясы жоғары қарап жатқан соң жазбай қалады» дейді.
Сарылып жазғанды емес, сағынып жазғанды ұнататын Кекілбайұлы
Жазушы Әбіш Кекілбайұлы арнайы жұмыс кестесін түзіп, үздіксіз, күндіз-түні жазуды мақсат етпеген. Бұл туралы өзі: «Мен сарылып жазғанды емес, сағынып жазғанды ұнатамын» дейді. Ә.Кекілбайұлы шығармаларын жазардан бұрын ұзақ толғанып, миында әбден пісіріп барып қолына қалам алатын болған. Сосын шығарманы діттеген жеріне жеткізгенше тынбай еңбектенген. Тарихи романдарын жұмыс ретіне қарай үнемі түнде жазған. Түнімен тоқтаусыз жазып, тарихи оқиғалар мен кейіпкерлер арасында жүріп, таңертең жұмысқа бара жатқанда көңілі құлазитын көрінеді. Бұл жөнінде жазушы бір сұхбатында былай дейді: «Түні бойы басқа бір заманда дәурен кешіп, таңертең көшеге шыққанда, қапелімде қайда келе жатқаныңды білмей, абдырап қалатын кездерің болады. Суреткердің ең үлкен бақыты да – бірнеше ғасырда қатарынан бірнеше кісі боп өмір сүре алатындығында ғой».
Баппен жазатын Мағауин
Жазушы М.Мағауин шығармаларын күн сайын, түске дейін жазады. Таңертеңгі жазудың артықшылығын: «Өйткені адам жаны жаңа ғана ұйықтап, тынығып тұрған бас таза, қуаты түгел. Оның үстіне Жер анасы Күннің қайта оралуы, биікке өрлеуі кісіге қосымша қуат берсе керек. Сондықтан неғұрлым ерте тұрып, жазуға ертерек отырған жөн» деп түсіндіреді.
Ал бір күнде көп болғанда бес сағат жұмыс істейді. Бес күнде бір күн, кейде қажетіне қарай, екі-үш күн тынығып тұрғанды жөн көреді. Жазудың көлемі әр күні әртүрлі. Бұл жөнінде қаламгер: «Күніне бір бет (мәшіңкеге шаққанда) жазылса, бұл өте жақсы нәтиже. Ойдағыдай он жол жазған күн – сәтті деп есептелуге тиіс... Бір күндік көлем – жазушының өзіндік мәнер, мінезіне, денсаулық немесе басқадай жағдайға байланысты.
Менің бес жол жазған күндерім де, бес-он бет жазған күндерім де болды» дейді.
Жазушы таңертең тым ерте тұрмайды. Бастапқы кезде таңғы сағат 8:30-да тұрып, сағат 10:00-де жазу үстеліне отырса, жас ұлғайған сайын бұл меже созылып, 10:30–11:00-ге таяп барып жазуға кірісетін болған. Сондай-ақ жазушы аса бір баппен жұмыс істейді. Өзі қырнап, жонып жасаған болат қаламмен аппақ қағазға жазады. Сосын мәшіңкеге тергізіп, оны үстінен қаралай қарап, түзетулерді қайта салдырып отырады.
Жақсылық Қазымұратұлы