Болат Мажағұловқа 1 миллиард теңгеден астам ақша ұрлады деген айып тағылды

Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловқа 1 миллиард теңгеден астам ақшаны ұрлады деген айып тағылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. 2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субырқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған. Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр. Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр, делінген хабарламада.
Қазір күдікті Мажағұлов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер.
Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды.