Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:18

Болат Мажағұловқа үкім шықты

Болат Мажағұлов
Фото: ашық дереккөз

Елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды деп айыпталған Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловқа үкім шығарды.

Сот үкімімен Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

«Сот Мажағұловты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды», - деп хабарлады ведомствоның судьясы. 

Екінші айыпталушы Қанапин 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сот залында қамауға алынды.Сондай-ақ сот Мажағұлов пен Қанапиннен 1 миллиард 86 миллион теңге көлеміндегі бірлескен және бірнеше шығынды өндіру туралы шешім шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін сотта Болат Мажағұлов өзіне тағылған айыптарды толығымен жоққа шығарып, өзін кінәлі сезінбейтінін айтты.

Еске салайық, мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловтың ұсталғаны туралы ақпарат қыркүйек айының басында шықты. Кейін оны Қаржы мониторингі агенттігі растады. ҚМА мәліметінше, бұрынғы басқарма басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлағаны үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ұзақ жылдар бойы Астананың мәдениет басқармасын басқарған Болат Мажағұлов 1 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілініп, қамауға алынған. Күдікті ел арасында «Күн» субұрқағы аталып кеткен нысанды салу кезінде аса ірі көлемде бюджет қаржысын қолды қылды деп айыпталып отыр. Себебі, субұрқақтың құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған.