Болат Назарбаевтан қалған тағы бір ірі базар мемлекетке қайтарыла ма?

Мемлекет Болат Назарбаевтан қалған ірі активті қайтаруға кірісті.
Бұл жолы — Алматы облысындағы әйгілі «Барыс» базары. Қарасай ауданында орналасқан, ұзақ жылдар бойы Назарбаевтар әулетінің иелігінде болған бұл нысан бүгінде соттың талқысына түсіп отыр. Базар аумағы — 36 гектар, және ол өндірістік мақсатқа пайдаланылмақ.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев базардың жер телімдері түрлі жеке тұлғаларға рәсімделіп кеткенін айтқан. Қазір жер телімдерін мемлекетке қайтару үшін бірнеше тараппен даулы сот процестері жүріп жатыр.
Автокөлік базары ыңғайлы жерде орналасқан, бірақ базардың ішінде бірнеше иелері бар. Біз қазір олармен сот ісін жүргізіп жатырмыз. Егер біз сотты жеңіп, 36 гектардан астам аумақты иеленетін болсақ, онда өнеркәсіптік индустриялық аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Яғни, автокөлік нарығының орнында өндірістерді орналастыруға арналған аймақ пайда болады. Әр түрлі идеялар болды, бірақ біз өндірісті дамытуға тоқталдық, өйткені бұл халық тығыз орналасқан өңір және жаңа жұмыс орындары қажет», - деді әкім.
Әкімнің айтуынша, базардың орнына өнеркәсіптік кластер салу — болашақтағы экономикалық мақсаттарға сай келеді. Ал базардың өз жұмысы әлі де тоқтаған жоқ. Бұған дейін оның бір бөлігі ғана мемлекетке қайтарылған еді.
Айта кетейік, «Барыс» базары Алматы — Бішкек тас жолының бойында орналасқан және Қазақстандағы ірі көлік базарларының бірі саналады. Егер жоспар жүзеге асса, бұл аумақ облыстағы жаңа индустрияның өзегіне айналмақ.