Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:34, 14 Наурыз 2023

Болаттың болаттай қадамы

None
None

Желтоқсан қанды көтерілісінің батырлары болмаса еліміздің тәуелсіздігі болмас еді.

Осыны жас ұрпақ жадына сақтау керек. Сол қаhарман ұл-қыздардың 1986 жылғы көзсіз ерлігінің нәтижесінде Қазақ елі бүгінде өз тәуелсіздігін алған, өз тілі, ділі, діні бар дербес мемлекет ретінде әлемде беделі арта түсті. Аллаға шүкір, қазір еліміз берекелі, бейбіт өмір сүріп келеді. Сондықтан да ел тәуелсіздігі үшін жанкешті күрескен желтоқсан батырларының ерлігін тарих ешқашан ұмытпайды.

Алды жетпістің асқарына жетсе, арты алпыстың қырқасына көтерілген кешегі желтоқсан қанды көтерілісінің қаhармандары ел тәуелсіздігін жеңіп алып берген нағыз батырлар. Жылдар жылжып, айлар өтер бірақ тарих бетінде сол бір саршұнақ аязда ел тәуелсіздігі үшін жан беріп жан алысқан алапат түнде көзсіз ерлік жасаған батырларын қазақ елі ешқашан ұмытпасы анық.

Міне, сол ызғарлы желтоқсан түнінде алаңда табандылықпен жанкешті күрескен батырдың бірі, Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрымбаев Болат Тоқтабайұлы Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына кандидатурасын ұсынып отыр. Болат Тоқтабайұлының өмір жолынан аз-кем айта кетсек. Болат Тоқтабайұлы Құрымбаев 1963 жылдың 8 сәуірінде Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Абай ауылында дүниеге келіп, Дөнен ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Кейінірек отбасылық жағдаймен 1980 жылы Қордай ауданы Қаракемер ауылына көшіп келіп, осы ауылда онжылдық мектепті жақсымен аяқтап бітіреді.

Орта мектепті бітіргеннен кейін, өз замандастары секілді жоғары білім алуға арман қуып Алматыға келіп, 1980 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына, фармацевтика мамандығына оқуға түседі. 1985 жылы отбасын құрып, ұлды болады. Алматы мемлекеттік медициналық институтын Болат Тоқтабайұлы 1986 жылы бітіргеннен кейін, еңбек жолын Алматы қалалық орталық дәріханаға провизор-аналитик болып жұмысын бастайды. Сол жылдары пәтер қиыншылығын басынан кешіріп жүргенде жақын бір досы жатақханадан орын алып беруге көмектеседі. Осылайша, Болат отбасымен Алматы құрылыс техникумының жатақханасында бір бөлме алып тұра бастайды. Тура сол 1986 жылдың 16 желтоқсан күнінде қазақ жастарының ел тәуелсіздігі үшін көтерілісі басталып, жалынды жас замандастарымен бірге иық тіресі орталық алаңға шығып, қанды ереуілге қатысады.

Болат Тоқтабайұлының екінші жоғары білімі бар екенін айтсақ артық болмас. 2012 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ветеринарлық-санитария факультетін бітіріп, ветеринарлық-санитария дәрігерлік мамандығын алып шығады. Өмірдегі жүріп өткен еңбек жолының көпшілігінде ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасының басшылығына дейін көтеріліп қана қоймай, республикалық фармацептика саласында жоғары қызметтерді атқарып, табанды еңбек еткен алғыр азамат. Әркімнің ішкі нұр сәулесінің үш аты бар, ол: еңбекқорлық, жақсылық және кішіпейілдік. Осы адамға Алла сый еткен жақсы бір үш қасиеттің үшеуі де Болат Тоқтабайұлының бойынан табуға болады. Ал енді Болат Тоқтабайұлының Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып 2016 жылы сайланғалы бері желтоқсандықтардың жағдайын жақсартуға, оларды ақтап алуға жасаған өрелі жұмысы бір түйегі жүк артар десе жетіп жатыр. Сонымен қатар «тіземнен сүріндірсе де тілімнен сүріндірмесін» демекші, Болат Тоқтабайұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы Алатау аудандық филиалының төрағасы қызметіне тағайындалғалы бері ана тіліміздің мәртебесін көтеру жолында көптеген іргелі іске ұйытқы болып келеді. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, Болат Тоқтабайұлының елім деп соққан жүрегі арқылы өріс алған өрелі еңбектері ел назарынан тыс қалмай бағасын да ала білді. Айталық, Қазақстан Республикасы президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», Қазақстан Республикасы президентінің 2018 жылғы 20 маусымдағы Жарлығы бойынша «Астана 20 жыл», Қазақстан Республикасы президентінің 2020 жылғы 20 тамыздағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Конституциясына 25 жыл», Қазақстан Республикасы президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдерімен марапатталды. Сонымен қатар Алматы қалалық әкімдігінің «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалімен, «Кәсіби әскерилендірілген Авариялық – құтқару қызметі» ШЖҚ РМК жұмысшыларының жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ «Еңбек даңқы» мерекелік медалімен марапатталған. Болат Тоқтабайұлы алдағы сайлауға қатысып, өзінің және ұйымның азаматтық көзқарасын алға қойып отыр. Сайлауалды бағдарламасының ішінде: «Білім саласы, Әлеуметтік теңдік, Бақытты зейнет, Сапалы инфраструктура, Салауатты адамзат» секілді өзекжарды қоғамдық мәселелер көтерілген.Бұл тақырыптардың әрқайсысы өз алдына жұртшылықтың көкейінде шемен болып келген шерлі мәселелер болып табылады. Қоғамдағы қордаланған мәселелер шешімін күтіп отыр. Ендеше, «Елім деп соғады жүрегім» деген ұранды ту етіп көтерген, халықтың тұрмысын жақсарту жолында тамшыдай болса да еңбегін тигізуді мақсат етіп, сайлауға бел шеше, белсене түскен желтоқсан батыры – Болат Тоқтабайұлын көпшілік бірауыздан қолдай отырып, дұрыс таңдауын жасайды деген ойдамыз.

Болат Тоқтайұлының қарақылды қақ жарып, айтар әділеттілігі мен адамға деген мейірбандығы көпке үлгі болар рекше қасиеттердің бірі деп білеміз. Қаншама желтоқсан ардагерлерінің ақталып шығуына себепкер болған, ұтжанды азаматтың арамыздан суырылып шығып, осындай дүбірлі сайлау науқанына түскеніне барша желтоқсандықтар тақымын қысып, үміт артуда. Ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздіктің ақ таңын алып келген желтоқсан батырларының бірі – берегейі Жаңа Қазақстанды құруға да өз тарапынан атсалысуға дайын. Өйткені өмірде көргені мен түйгені мол желтоқсан қаhарманының жаңа үндеуге үн қосып, жас ұрпаққа айтар ақыл-кеңесі жетерлік деп сеніммен айта аламыз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері, Желтоқсан ардагері

Тегтер: