Бөлекбаев берген екі уәде қашан орындалады?
Кеншілер шаhарына биыл көктем жылдағыдан ерте келді. Тұрғын үйлердің маңында таудай болып сіресіп қатып қалған қар аптаға жетпей еріп кетті.
Арықтардан аққан қар суы аздай, қалада нөсер жаңбыр тәуліктеп төкті. Асфальттың беті таздың басындай тақырланып шыға келді. Тұрғындарға нағыз азап енді басталды. Жолаушылар үшін «Жол азабы көр азабынан» кем соқпай тұр.
— Облыс орталығында Назарбаев даңғылынан басқа, (кезінде оны Серік Ахмет салғызған) бүтін бір көше таппайсың. Бұрын жолдың бетінде оймақтай ғана тесіктер болушы еді, осы күнгілер түлкінің апанындай үлкен. Кейбіріне машинаның дөңгелегі кіріп кетеді. Жолды қабылдап алған комиссия өкілдері халық алдында жауап беру керек! – дейді такси жүргізушісі Қанат есімді жігіт.
Былтыр Қарағанды қаласында ұзындығы 28,3 шақырымдық қалаішіндегі көлік жолына күрделі жөндеу жүргізілген. Бұдан бөлек 26 шақырым жолға орташа жөндеу жасалған. Осы мақсатқа қала бюджетінен 18,5 млрд теңге бөлінген көрінеді. Мәселен, тек өткен жылдың қыркүйек айында бүтінделіп, пайдалануға берілген Бұқар жырау даңғылы бойындағы Гончарная және Сарыарқа көшелеріндегі тас жолдың ойдым-ойдымы шығып жатыр. Осы жолдың кейбір бөліктеріне құдды атом бомбасы түскендей опырылып қалған. Жұрттың дегбірін қашырып тұрған сапасыз жолдың проблемасына қашан нүкте қойылады? Мемлекеттен қомақты үлесін алатын мердігерлер мен жөнделген жолды тексеріп, қабылдап алатын қала әкімдегі шенеуніктер неге жазадан құтылып кетеді? «Жас Алаш» тілшісі осы сұрақты БАҚ өкілдерімен кездесуінде бұрынғы қала, қазіргі облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа қойған. Оның қайтарған жауабы мынадай:
– Көктем басы қар мен жауын. Әрине, бұл кезде жөндеу жұмысына кірісу қиындық туғызады. Соған қарамастан, мердігерлер осы тұрғыда тәжірибесі бар Астанадағы жол жөндейтін фирма өкілдерінің кеңесі бойынша бүгін кешке (7 наурыздан бастап) жоғарыдағы көше жолын қайтадан қалыпқа келтіруді бастайды, – деді Бөлекбаев.
Әкімнің уәжінен кейін көпшіліктің көңіліне үміт оты ұялаған. Бірақ әкімнің осы сөзін күткендей сол күні табиғат тосын мінез танытты. Ымырт жамылысымен Қарағанды аспанында қарлы жаңбыр төпелеп жауып кетті. Бөлекбаев: «бүгін түнде жөнделеді» деп бекемдеп айтқан жол содан бері сол қалпында жатыр. Қалай болғанда да берекесіз мердігер күннің ашылуын күтіп отырған болар деп топшыладық. Ал жөнделген жолда мін жоқ деп кепілдік берген қалалық коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері жазадан құтылып кеткенге ұқсайды. Өйткені аймақ жетекшісі кінәлі тұлғаларға қандай да бір шара қолданатыны жайлы жақ ашпады.
Жазда оқушылар сарайы неге жабылады?
Балалардың жазғы демалысына аз уақыт қалды. Небәрі екі айдан кейін көптен күткен жазғы демалыс басталады. Осы кезде көптеген ата-аналарды баланың қауіпсіздігі мен уақытын пайдалы өткізу мәселесі алаңдатады. Перзентін ақылы үйірмелер мен спорт секцияларына беруді кез келгеннің қалтасы көтермейді. Соның салдарынан, қалада тұратын жасөспірімдердің дені ала жаздай сенделіп, бос жүретіні жасырын емес. Сергелдеңнің кесірінен әр түрлі жағдайға ұрынып, теріс жолға түсіп кететін оқушылар кездеседі. Ал балалардың қажетін ашатын облыс орталығындағы екі жасөспірімдер сарайы оқу жылы аяқталысымен, мектеппен таласа үш ай демалысқа жабылады. Қала орталығындағы оқушылар сарайында бүгінде 64 үйірме жұмыс істейді. Онда 2700-ден астам оқушы бар. Оңтүстік шығыс ауданында былтыр ашылған қосымша білім беру мекемесінде 7 бағытта қызмет көрсететін 79 үйірме бар. Қазір 3800 бала қосымша білім беру орталығындағы оқытушылардан дәріс алып, белгілі бір кәсіпке дағдылануда. Өнерлерін осы арада шыңдап жүрген ұландар да аз емес.
Сонымен, алдағы демалыста шаhар шәкірттері не істемек, бала тағдырына жауапты ата-анаға қайтпек керек? Жергілікті биліктен қандай көмек болмақ?
— Каникул кезінде оқушылар сарайы жұмыс істесе деген ата-аналардың ұсынысына түсіністікпен қарауға болады. Аналардың тілегіне орай, мен облыстық білім басқармасына осы міндетті үйлестіріп шешу жөнінде тапсырма бердім. Қазіргі кезде басқарма оқушылар сарайының жазғы жұмыс кестесіне өзгерістер енгізуге байланысты мекеме ұжыммен мәміле жүргізіп жатыр. Жақын уақытта анық-қанығын білетін боласыздар, – деді журналистер сауалына Ермағанбет Бөлекбаев.
Әкімдер де ағынды су секілді. Бірі кетсе, бірі келеді. Уақыт та, билік те мәңгі емес. Бұл – аксиома. Бірақ шенеуніктің халқына жасаған шарапаты қарашаның жадында жатталып қалады. Ендеше, облыс әкімі лауазымына жаңа жайғасқан Бөлекбаевтың сөзіне бекем, уәдеге беріктігі сыналатын сәт енді келді.