Болгария мемлекетін негіздеген түркі тұлғалары

Осыдан үш жыл бұрын Болгарияға ғылыми іссапарменбарғанымызда елдің тарихи музейлеріндеболып, археологиялық қазба нәтижелерімен танысып, ежелгі Болгар хандығыншығыстан барған түркілердің негіздегенінің тағы да куәгері болдық.
Бір қызығы,мұны болгар зерттеушілері де мойындайдыекен. Алайда олар өз мемлекетінің негізін қалаған алғашқы қағандар есімі Ұлыдаламен тығыз байланысты екенін білмейтін болып шықты. Сондықтан бізмүмкіндігінше олардың арғы билеушілерінің тарихын айтып бердік. Болгарлар ғана емес, өзіміз дежақсы білуге тиіс сол тарихи тұлғаларкімдер еді? Енді соған жауап ізделік.
Құбрат қаған. Қара теңіздің терістікжағын жайлап жатқан болгарлар тайпасының көсемі Құбрат әдепкіде ағасыСібірханды қолдап, өздерін көрші жаулары түркіттер (түркілер) мен хазарларданқұтылады. Сосын, өзінің ұлысының қағанаттың орталығынан алыс жатқанын пайдаланып,ол дербес билеушіге айналады. Мұндайда онсыз да ішкі соғыстан мұрындарына сужетпей жатқан түркіттер (түркілер) оны жайына қалдырады. 635 жылдар шамасындаҚұбрат аварларды жеңіп, сонымен бір мезгілде өзіне одақтас іздеп, алыстағы Константинопольгеелшілер жібереді. Мұндағы билеуші Ираклий оған тарту-таралғы жіберіп, патрикийатағын береді. Өзімен қатар көшіп жүрген құтырғырлардың аварларға қарсыкөтерілісі оған Қара теңіз өңіріндегі даланы сыйлайды. Өйткені Феофанныңшежіресінде ол «Болгария мен котрагтардың (яғни құтырғырлардың) билеушісіретінде көрінеді». Осы кезең, дәлірек айтар болсақ 630 жыл мен 657 жылдараралығы, Батыс түркі мемлекетінің біржолата күйреу кезеңі болды.
657 жылықытайлар батыс түркілерінің әскерлерін күйрете жеңіп, олардың барлықтерриториясын тартып алды. Осыны пайдаланған хазарлар өздерінің жеке патшалығынұйымдастырды. Сондай-ақ түркіттердің қол астынан Азов теңізі аймағындағығұндар-болгарлар босанып шықты. Осындайда Дуло династиясының өкілі гунногундардыңкөсемі Құбрат солтүстік Қара теңіз бойынан аварларды қуып шығып, ол осындағыжәне Азов бойындағы болгарлардың басын қосып, Ұлы Болгария хандығы деп аталатынмемлекетті құрды. Бұл мемлекеттің астанасы Фанагория қаласы болды. ЗерттеушілерҚұбраттың күшеюіне оның шеше жағынан жақын ағасы Орғана-Моқодудың көмегіболғанын атап көрсетіп келеді. Сондықтан оның өмірбаянына қысқаша болса датоқталуға тура келеді.
Орыстарихшысы М.И.Артамоновтың зерттеуінше, Моқоду батыс аймақтарында ұлыс билеген,қытай деректерінде ол бір-ақ рет, 624 жылы оның тарапынан Қытайға елшілеркелгенде ғана аталады екен. Моқоду, тегінде, оның жанама аты болса керек. Бұл «Қарабатыр» деген мағынаны білдіреді екен. Өзінің шын аты Орғана тәрізді. Орғана-Моқодукезінде дулулардың және өзіне бағынышты болгарлардың көтерілістерінұйымдастырған және қаннен-қаперсіз жатқан көршілер – нушибилер мен хазарлардыңбыт-шытын шығарып, жоңғар жеріне бас салып, онда ұлы ханды өлтіріп, ақырындақырғын соғыстардың бірінде өзі де 631 жылы қаза тапқан. Ал енді бұл жердеаталып отырған нушебилер (нушбелер) дегеніміз VII-VIII ғасырларда өмір сүрген әйгілі Түргеш (Сарыүйсін)қағанатының оң қанатында, біздің Шу өзенінен батысқа қарай, яғни ежелгіқаңлылар аймағында өмір сүрген бес тайпалық бірлестік. Бұл негізінде қаңлылармен шығыстан келген оғыздар мекені. Деректерде Он оқ елі атанған Түргеш қағанатының шығысын бес түрік дулулар (еуропалықтарда– дулолар) мекендегені тағы белгілі. Бұлдулулар баяғы біздің заманның басындағы ежелгі Үйсін мемлекетін басқарған Елсау(Елжау) бидің немересі Дулы басқарған аймақты мекендеушілер еді. Мұны кейбір зерттеушілер кейінгізамандағы – VШ ғасырда өмір сүрген Дулатпен (Бәйдібектің немересімен) шатастырады.Ал нушебилер болса Елсау бидің Нулы би атты немересі басқарған аймақты мекендеушілереді.
Шешежағынан Орғана-Моқодуға жиен іні болып келетін Құбрат, жоғарыда айтқанымыздай, алыстағыбатыста, Кубан өңірінде түркілердің жаңа тәуелсіз мемлекетін құрып, осында мемлекетбасқарушы Дулолар (Дулулар) династиясының билігіне бастау жасап берген. Бұл шынмәнінде болашақ болгар билеушілерінің ел басқарушы династиясы еді. Азғанадеректерден көретініміз, тегінде Құбраттың әкесі шығыстағы түркіт қағандарының басқарушысы,әйгілі Ашина әулетіне жатпаған және түрік дулуларының Моқодуды қолдаған гунногундурдың(кейбір деректерде оногур немесе оногондур) рулық тармағынан шыққан. Бұл,біздің ойымызша, жоғарыда айтылған Он оқ елінің батыс деректерінде бұрмаланғанаты. Айтылғандарға қарағанда, Құбраттыңшешесі ел билеуші Моқодудың қарындасы болса керек. Мұндайда мынадай мәселегемән берген жөн: түркіттерде ол тұста шеше жағынан туыс болып келетіндердіңтаққа отыруға мұрагерлік құқы бар еді.
ЗерттеушілерҚұбраттың таққа отырған жылын 632 жыл десе, тақтан түскен жылын нақты анықтайалмай, бұл шамамен 665 жылға келер деп болжайды. Гунногундур (кейбір деректердеоногур немесе оногондур) руынан шыққан Құбратты орталығы Константинополь болғанВизантия тәрізді қуатты көршілері қалыптасқан дәстүр бойынша гундардың билеушісіретінде таныды. Осындайда айта кетер тағы бір мәселе – «именник» атты ежелгіболгар хандары туралы деректе Авитохол деген атпен берілген әйгілі, Еуропанышулатқан Аттила мен Ирниктің де дуло руына жататындары атап көрсетілгеніне орысзерттеушісі М.И.Артамонов назар аударған еді. Дегенмен Аттиланың дуло руынажататыны туралы басқа деректерде мәлімет кездеспейтіндіктен, мұны дәлелді пікірретінде қабылдай алмаймыз.
Ежелгі деректерденҚұбратқа байланысты мынадай мәліметті оқимыз: «Кубратъ, или Кробатъ, властительКотраговъ и Булгаръ, умеръ въ Фанагоріи, у устьевъ реки Куфена (Кубани) иоставилъ пятерыхъ сыновей, разделившихъ между собою его владенія: старшій,Batbajas или Bajan, остался на родине; второй, Котрагъ, перешелъ Танаисъ;четвертый подчинился Аварскому хану въ Паноніи; пятый призналъ власть Римлянъвъ Равенне; третій, Аспарухъ, перейдя реки Днепръ и Днестръ, добрался до рекиHonclus, или Ogl, къ северу отъ Дуная. См Muralt, Chronogr. Byzantine, подъ 668годомъ» (Изнового списка географии, приписываемый Моисею Хоренскому // Журнал МинистерстваНародного Просвещения. Март. 1883. Ч.ССХХVІ. – СПб., 1883. -26 б.).
Кейбір деректер Құбраттың 605 жылдарытуғанын және жас кезінде Византия императоры сарайында тәрбиеленгенін, 12жасында осында шоқындырылғанын атап көрсетеді. 635 жылы ол ауқатты гректің қызыЕвдокияға үйленген, Византия императоры Ираклийден патриций санын (дәрежесін)алған. 634-641 жылдары императормен өзара көмек туралы достық келісімдержасады. Құбраттың бес баласы болған тәрізді. Алайда зерттеушілерге олардыңүшеуінің ғана есімі белгілі. Атап айтар болсақ, үлкені – Батбай немесе Баян,екіншісі – Қотрағ, үшіншісі – Аспарух. Енді осыларды әңгімелейік.
Батбай (Батбаян) қаған. Дулулардың ҰлыБолгарияны билеуші династиясын бастап берген Құбраттың баласы Батбайды кейінгіқазақ шежіресіндегі Бәйдібектің немересі Дулаттан тарайтын Ботбайменшатастыратындар бар: айта кеткен жөн, мамандықтары тарихтан алыс жатқан кейбір «зерттеушілердің»кәсіби тарихшылардың өздерінің бастары қатып отырған күрделі мәселені деректікнегізі осал жеңіл-желпі болжамдармен шеше салуға талпыныстары байқалады. Бізбұған, әрине, мән бермес едік, егер де ата тарих дөрекі бұрмаланбаса.
Дәлірекайтар болсақ, кейбір авторлардың ежелгі түркі дулулары тұсындағы Құбраттыңбаласы, VІІ-VIII ғасырларда өмір сүрген Батбайды (Батбаянды) екі ғасыр бұрынөмір сүрген Аттиламен (Еділмен) замандас етуге тырысулары ешқандай дерекпендәлелденбейтін тұжырым. Мұндай мәселеде тарихи деректер мен мәліметтер бар болатұрса да, тарихи шындық өзінің арнасынан ауытқып кетеді. Өкінішке қарай, осындайнегізсіз пікірлерге тарихшылар тойтарыс берудің орнына отқа май құя түседі.Кейбір тарихи әдебиеттерде шежіредегі Дулаттан тарайтын Ботбайды түркідәуіріндегі дулулардың Құбратынан тарайтын Батбаймен шатастырып отырмыз. Мұны«Түркістан» халықаралық энциклопедиясындағы мына деректерден көреміз: «Ботбай,Баибаян, Баян (т.-ө.ж.б.) – Ұлы Бұлғарияның билеушісі Құбыраттың баласы,Аспарухтың інісі. Құбыраттың өлімінен кейін Б. Ұлы Бұлғария құрамындағы дулу(дулат) тайпасына билік еткен. Хазарлардың жаулап алуына байланысты Б. оларғатәуелді болған. Б. билік еткен дулу тайпасының біраз бөлігі кейін Дон өзенініңтөм. ағысынан Шу – Талас өңіріне көшіп келген деген ғылыми пікір бар. Бұлпікірді жақтаушылар Ұлы жүз құрамындағы дулат тайпасының ботбай руын Б.есімімен байланыстырады, сондай-ақ Аспара өз. Б-дың ағасы Аспарухтың есіміменаталған дейді» (Түркістан. Халықаралық энциклопедия. – Алматы, 2006. 225-б.). Мұнда көпе-көрінеубүкіл қазаққа мәлім дәстүрлі шежіре деректері мүлде назарға алынбаған. Алғашқытүркі дәуіріндегі Ботбай немесе Батбаянның кейінгі қазақтың Ұлы жүзінентарайтын дулат Ботбайымен байланысы жоқ екенін басқалар білмесе де, кәсібитарихшылар білулері керек. Оның үстіне соңғы жылдары жазба деректер арқылыБотбайдың атасы әйгілі Бәйдібектің 609 жылы қазақ даласындағы Қаратау аймағындадүниеге келгені анықталды.
Мұндай авторлардың қиялыҚара теңіздің терістігінде Дон өзені аймағында Құбраттан туған БатбайдыңШу-Талас бойына қайтадан келуін қатты қалайтынын байқау қиын емес. Алайдатарихи шындық нақты дәлелдер келтіруді қажет ететінін түсінуіміз керек.Батбайдың дулуларының Шу-Талас бойына қайтып оралғаны туралы деректер жоқ. Оныңүстіне мынаны да ойлағанымыз жөн: Батбай тұрмақ, оның әкесі Құбраттың өзі деҚара теңіз бойында туып-өскен, жоғарыда айтып кеткеніміздей, жастық шағыВизантия императорының сарайында өткен. Яғни оны Шу-Талас өңіріндегі дулуларментікелей байланысты болды деп дәлелдеу қиын. Құбраттың бабалары дулулар VІғасырдың ортасында Қара теңіз бойына түркіттермен бірге келген дер болсақ, бұлҚұбраттың өзінің емес, ата-бабасының өмір сүрген кезеңіне сәйкес келеді. Олайболса, Құбрат Шу-Талас өңіріндегі өздерінің қандас бауырлары туралы әңгімелердіатасы мен әкесінен ғана естіп өсуі мүмкін. Осындай естеліктің нәтижесінде Құбраттыңбір баласына байырғы ата-баба қонысы – Аспара өзенінің аты беріліп, Аспарұқатты тұлға тарих сахнасына осылай шықса керек. Аспарұқтың да, оның бауырыБатбайдың да Шу-Талас өңіріндегі ата-баба мекенімен байланыстары болды деп айтуаса қиын. Мұндай байланыстар болған болса, Аспарұхтың дулулары (дулолары) қиынсаяси ахуал қалыптасқан кезде батысқа Дунай бойына кетпеулері, керісінше, шығыстағыатамекенге ат басын бұруға әрекеттенулері керек еді. Сондай-ақ түркітілдес болгарлардыңбір бөлігінің Қара теңіз аймағынан шығыстағы дулуларға емес, солтүстікке Еділбойына жылжып, Еділ болгарлары атану себептері де түсініксіз.
Ежелгі Феофанжылнамасындағы мәлімет бойынша, Батбай – Дуло династиясын негіздеуші жоғарыдаәңгімеленген Құбраттың алғашқы, яғни үлкен ұлы. Екінші ұлдың аты – Қотырақ(Котраг), ал үшінші ұлдың аты – тарихқаәйгілі Аспарұқ (Аспарух). Сонымен қатар жоғарыдағы мәліметтер Құбраттың соңғыекі баласының есімдерін атамайды. Бірлі-жарым деректер негізінде зерттеушілероның төртінші ұлының есімі Құбер (Кубер) болса керек, ол авар қағанына бағынып,өзінің халқымен авар Паннониясында қалып қойыпты, кейінірек қазіргі Македонияаймағына жылжып, Византияға бағынышты болыпты деген болжамды айтып жүр. Ал ендіҚұбраттың кіші баласының есімін тарихшылар Алцек болар деп тұспалдайды. Оныңбастауымен болгарлардың бір бөлігі Италияға келіп, лангобардтар королі Гримуальдқа(662-671) бағынса керек (Древнейшие государства на территории СССР. – М., 1976. 65-81бб.). Алайдабұл айтылғандар әлі де толық дәлелденбеген.
Қалай десек те, ҚұбраттыңБотбай және Аспарұқ деген ұлдарының болғаны анық тәрізді. Олардың алғашқысыбайырғы атамекенде қалып қойса, ал екіншісі Дунайды кешіп өтіп, оның арғыбетіне қоныстанған. Болгар мемлекетінің негіздері болған бұл екі ұлды қолдағангуннугундур және оногур тәрізді тайпалардың құтты қоныстары о баста-ақ Азовтың (Азақтың)шығыс жағалаулары болған екен. Сондықтан да Дунайдағы Аспарұқтың болгарларыVІІІ ғасырда-ақ болғар-оноғұрлар деп Азовтың шығысындағы Оноғорияның атыменаталыпты ( АртамоновМ.И. История хазар. – Л., 1962. 105-б.).
Қазақ зерттеушілерітүркі дәуіріндегі дулулардың династиясын негіздеуші VІІ ғасырдағы Құбраттантуған Батбайды Дулаттан туған Ботбаймен шатастыратын болса, болгар тарихшысыВ.Н.Златарский Батбайды Безмер дегенмен шатастырады (Златарски В.Н. История наБългарската держава през средните векове. Т.І. Ч.1. – София, 1938. 173-б.).
Осыған байланысты М.И.Артамонов бұл мәселенізерттеп, «Бірақ мұндай ұқсастырушылыққа ешқандай да негіздер жоқ. Безмерді 630жылдан кейін аварлардан қол үзіп кеткен, бірақ кейінірек оны тағы да тәуелдіетуге тырысқан аварлардан құтқаруға қажет болған Құбратқа бағынышты болғанқұтырғұрлардың (кутричурлардың) көсемі ретінде таныған сенімдірек болар еді.Мұндай жағдайда бұл Құбраттың баласы болып шықпайды және оның дуло руынажататын-жатпайтыны түсініксіз болып шығады», – деп жазды.
Қалай десек те, Дулодинастиясын негіздеуші Құбраттың Батбай (Батбаян) атты ұлының болғаны рас деугеболады. Ол аварларды билеуші ретінде тарихта қалды. Сонымен қатар оның Дуло династиясыныңнегізін қалаушы Құбраттың мұрагері ретінде Ұлы Болгарияны (632-668 жж.)билегені және кейіннен аварларды басқарғаны белгілі. Аварлар 578 жылы-ақПаннонияны иемденген болатын. Онан соң олар біртіндеп жылжып, VІІ ғасырдыңбасында Далмацияны жаулады. Өздерінің Баян атты ханының бастауымен оларславяндарды, болгарларды, гежедтерді және т.б. жаныштап, құл етті. Бұл байырғыАттила заманынан қалған ғұндардың тұқымдарының басын біріктіріп, хандықтықағанатқа айналдырған мемлекеттік бірлестік еді. Өзінің 200 жылдық өмір сүрутарихында Баян қаған бастаған Авар қағанаты үлкен аймақта түркі тілін кеңінентаратты (Плетнева С.А. Кочевники средневековья. Поискиисторических закономерностей. – М., 1982. 48-б.). Кейінірек осы аварларды билеген Батбайәкесі Құбрат өлген соң (шамамен 642 жылы), дуло руынан шыққандардың билігінжалғастырды.
Ал ендіБатбайға оралар болсақ, зерттеушілердің ойынша, хазарларға бағынуға мәжбүрболған бұл орда біртұтас этникалық қауымдастыққа бірігіп, кейбір рулардыбатыстағы Қырымға, кейбірін солтүстікке – Дон далаларына көшіп кетугеитермеледі. Археологтардың бұл аймақтардағы зерттеу жұмыстары мұндай пікірлердіңнегіздері бар екенін дәлелдеп отыр.
Жалпы, этникалықтұрғыдан да Солтүстік Кавказды және Қара теңіз бен Азов теңізінің солтүстікаймақтарын мекендеген түркі тайпаларын, жалпы сөзбен айтар болсақ, VІ-VІІғасырлардағы азиялық сарматтарды кейінгі қазақтармен тікелей байланыстыру ісісәтсіз әрекет. Бұлар Ұлы даладан тым ертеректе батысқа көшіп кеткендер. Тіптенбатыс өңірлердегі кейінгі қазақ руларының этникалық негіздерін сарматтарарасынан тауып алу оңай емес.
Аспарух (643-701 ж.ш.) қаған. Түрік болгарларын Дунайға алып кеткен дулу тайпасыныңкөрнекті өкілі Аспарухқа келер болсақ, оның өмірбаяны тарихымызға біршамабелгілі. Ол туралы көркем фильмдер де түсірілді. Ал энциклопедиялық басылымдатөмендегідей мәлімет берілген: «Аспарух, Исперих (643-701 ж.ш.) – Дунайдағытүркі бұлғарларының алғашқы қағаны, Балқандағы Бұлғария (қазіргі Болгария)мемлекетінің іргесін қалаушылардың бірі, 635 ж. Ұлы Бұлғария мемлекетініңбилеушісі болған Құбырат (Кубрат» ханның ұлы. 354 жылдан бергі деректердекөшпелі түрік тайпалары – бұлғарлардың Дунай бойына Кубан өңірінен қонысаударғаны туралы мәліметтер сақталған. Ол жерлер латынжазба деректері бойыша«Ұлы Бұлғария» деген атпен белгілі. VІ ғасырда Кубан өңіріндегі бұлғарлардыңтайпалық одағы Түрік қағандығына тәуелді еді. VІІ ғасырдың алғашқы ширегінде олАвар хандығына бағынды. Бұл кезде Бұлғар тайпалар одағындағы ең көрнектісі дулу(дуло, дулат, ғұлат) тайпасы болды.Құбырат хан өз хандығының саяси ахуалын күшейтіп, авар қағанының билігінәлсіретті. Алайда Құбырат ханның өлімінен кейін хазарлар мен аландардыңбіріккен күші Бұлғар тайпалар одағының талқанын шығарды. Олардың Аспарухтыңінісі Ботбаян (Баян-Ботбай) басқарған бір бөлігі хазарларға тәуелді болыпКубанда қалды. Бағынғысы келмеген бұлғар тайпаларының екінші бөлігі Итиль (Еділ)өзені бойымен солтүстікке қарай жылжып, кейіннен Еділ Бұлғариясының негізінқұрады. Аспарух басқарған бұлғарлардың енді бір тобы батысқа – Византияимпериясының шекарасына қарай жылжыды. Алайда Құбыраттың қайтыс болуынан кейінбытырап кеткен болгарлардың ордасына хазарлар шабуыл жасап, оларды талқандадыжәне жайылымдық жерлерін тартып алды. Осындай ауыр ахуалға байланыстыхазарларға бағынғысы келмеген Аспарұқ өзінің ордасымен Дунайдың сол жақ жағалауынбойлай көшіп кетті» (Көмеков Б. Аспарух // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.1. – Алматы, 1998.484-б.). Иә, бұл академик Б.Көмековтің жазғандары. Мұнда Дулу мен кейінгі Дулатжәне Ботбаян мен кейінгі Ботбай шатастырылған демесек, негізінде, айтылғандеректер дұрыс баяндалған. Бұл шын мәнінде хазарларды басқарған түріктердің ашинаруы мен болгарларды билеген дулу руының өзара тайталасының соңы еді. Мәселе шынмәнінде дулу руының жеңілуімен аяқталды.
Тарихшыларды көптенбері ағайындылардың, яғни Аспарух пен Батбай арасында өзара көмек көрсетудіңболмауы, Аспарұқтың Дунай бойына славяндар арасына кетіп қалу себебі ойландырыпкеледі. Осыған байланысты қазақстандық тарихшы-ғалым, профессор Б.Ермұхановмынадай пікір айтады: «Образование Великой Булгарии под руководством Кубрата –представителя конфедерации тюркских племен дулу в 30-е годы VІІ к., а затем ихазарского каганата во главе с представителем тюркской царской династии Ашина,поддерживаемого союзом племен нушиби, долгая и ожесточенная борьба между двумянаследниками Тюркской державы на западе, в конечном счете приводит к победегосударства хазар, изгнанию непокорившей части булгар во главе с Аспарухом,одним из сыновей Кубрата. Вполне возможно, что подвластные тюркам племена инароды продолжали подчиняться законному наследнику тюркских каганов – кагану хазар.И в этом, пожалуй, одна из причин успехов и побед Хазарского каганата» (Ирмуханов Б.Б. Хазары иказахи: связь времен и народов. – Алматы, 2003. 140-б.).
Бұл айтылғандармен толық келісуге болады.Түріктер, шынында да, Ашина династиясынан шыққан қағандарды әрқашан да заңдытақ мұрагерлері ретінде қабылдап үйренген еді. Сондықтан дулу тайпасыныңөкілдері билікте көптеген түркі тайпаларынан қолдау таба алмады. Бәлкім,Аспарухтың түрік тайпалары мекендейтін аймақтарды тастап, Дунайдағы славяндарарасына қайту себебі де осымен байланысты болар.
Ұлы Болгарияғатүріктің дулу тайпасының билігі туралы айтқанда бұл мемлекеттің этникалыққұрамының күрделі болғанын ұмытуға болмайды. Феофанның және Никифордыңдеректеріне қарағанда, ондағы негізгі тайпалар түркітілдес болгарлар мен угротілдесежелгі мадьярлар болған. Солай бола тұрса да, дулу тайпасының түркі тілімемлекетте үстем болған.
Азов теңізінің шығысжағына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар дулулар негіздегенҰлы Болгария мемлекеті мұнда азғана уақыт өмір сүрсе керек деген қорытындығакелді. Өйткені көшпеліліктің алғашқы сатысында тұрған түркітілдес болгарлардыңбұл аймақтан бірде-бір қабірі табылмаған. Түріктер тіптен өздеріне бағыныштыболған ежелгі қала-порты Фанагорияны да толық пайдалана қоймапты. Бұл қаладанархеологтар VІІ ғасыр қабатын таба алмай әуре-сарсаңға түсті. Тегінде Фанагориядулулар құрған Ұлы Болгария тарих сахнасынан кеткен соң, яғни VІІІ ғасырданбастап қана белсенді түрде өркендей бастаса керек.
660 ж.ш. хазарларданығысқан Аспарухтың ордасы Оңтүстік Бессарабия арқылы Дунайдың оң жағалауындағыВизантияға қарасты жерлерге өтті. Сөйтіп, олар барған жерінде Дунай бұлғарларыатанды. Доруджа және онымен іргелес аймақтарға қоныстанған олар славянтайпалары одағы мен басқа да жергілікті тайпаларды күшпен бағындырып, 680 ж.Аспарух басқарған Бұлғар мемлекетін (Болгария)құрды. Оның астанасы Поиска қаласы болды. Аспарух 681 ж. Византия билеушісіменбітім жасасып, Византия оның мемлекетін ресми түрде мойындады. Алайда бұлмемлекетті 1018 ж. Византия империясы басып алып, өзіне қаратты.
Бұл айтылғандардыңғылыми негіздерінің беріктігі ешбір күдік туғызбайды. Алайда Аспарухтың билікбасында болған жылдары әртүрлі көрсетіліп жүр. Кейбір зерттеулерде оныңБолгария ханы болған кезеңі 679 жылдан 700 жылға дейін созылған деп жазылса,оның туған жылын 640 жыл, ал қайтыс болған жылын 700 жыл деп көрсететіндер дебар. Оның кейде Испарих, Есперих, Испор, Еспор, Аспар-хрук деп бұрмалана айтылыпжүргені тағы бар.
Зерттеуші С.А.ПлетневаАспарух тұсындағы болгарлардың қоғамдық құрылысын көшпелілердің әскеридемократиясына жақын тұрған бірлестік ретінде сипаттайды. Сондықтан да ешқандайартықшылықтары байқала қоймаса да, Аспарух бастаған дулу тайпасы және оғанілескен басқа да түрік болгарлар билікті сақтап қалды. Әскери дайындықтыңартықшылығы арқасында өздерінің күшті де талантты тарихи тұлғасы Аспарухқасүйенген олар жергілікті отырықшы және бытыраңқы славяндардың билеушілерінеөздерін күшпен мойындатып, бұған дейін «жеті славян тайпасының мемлекеті»аталған мемлекетте алғашқы орынға ие болып, славяндарды екінші қатарғаығыстырып шығарды. Мемлекет енді Болгария деп аталатын болды.
Әлі күнге дейінеуроцентристік көзқарастармен уланған батыс зерттеушілері шаруашылықтық жәнемәдени тұрғыдан бұрынғы славяндардың көшпелі болгарлардан артықшылықтарын айтыпкеледі. Олардың ойынша, шығыстан көшіп келген дулулар мен болгарлар өндірістікқатынастарға елеулі өзгерістер жасай алмай, көп кешікпей-ақ славяндардыңотырықшы мәдениетін қабылдады. Алайда мұны көшпелілердің өркениетінің төмендәрежеде болуынан іздестіру әділдік бола қоймас. Жергілікті славяндардың көшіпкелгендерден сан жағынан әлдеқайда көп болғанын, яғни демографиялық ахуалды даескерген жөн. Мұның өзі түркілердің жеделдете славяндана бастауына жол ашты.
Осы орайда, көшпеліболгарлардың өзіндік өркениетін бағаламай, зерттеуші С.А.Плетневаның былайдегені еріксіз еске түседі: «Аспаруховы болгары не принесли с собой никультурных традиций, ни хозяйственных навыков для создания своей оригинальнойкультуры. Это был хорошо отрегулированный военный механизм, возглавляемыйсильным и талантливым ханом».
Тарихи шындық С.А.Плетневаайтқандай емес деп ойлаймыз. Көшпелі түрік болгарлардың да, оларды билеген дулутайпасының да сонау сақтар мен үйсіндер заманынан қалыптасқан өзіндікдәстүрлері мен мәдениеті бар болатын. Саны көп славяндар ортасында көшпелілерөркениеті біртіндеп ығыстырылды. Аспарухтан кейінгі оның мұрагерлерінің биліктеайтарлықтай ұзақ уақыт қалулары көшіп келген көшпелілердің әскери тұрғыдан ғанаемес, саяси жағынан да жергілікті славяндар арасында айтарлықтай беделді болғанынбайқатады. Тіптен жаңа Болгарияның астанасы болған Плиска қаласының өзі атыславянша бола тұрса да, шын мәнінде Аттиланың көшпелі ордасы үлгісінде салынғанеді. Оны осы жолдардың авторы қазіргі Болгарияға барған ғылыми іссапарда өзкөзімен көріп қайтты. Қазір болгар ғалымдары ежелгі астана – Плисканыреставрациялап, қалпына келтіруге байланысты көп жұмыстар жасаған екен. Ежелгіқорғандар мен сұлу діңгекті қала қабырғалары қайта бой көтеріпті. Болгарархеологтары мен тарихшылары мұнда біз әңгімелеп отырған қағандар туралы тарихиархеологиялық музей ашыпты. Онда қызықты экспонаттар баршылық. Біз де өзкезегімізде қарап қалмай, болгар зерттеушілеріне аталмыш тұлғалар туралыбілетіндерімізді айтып бердік. Көне болгар жеріне назар аударғанда мұнда, VІІғасырдың екінші жартысына қарай Дунай бойындағы екі этностың көшпелі түріктермен отырықшы славяндардың қоспаларынан жаңа этностың қалыптаса бастағанынаңғарамыз. Солай бола тұрса да, дулулар билікте қала берді және бұлмемлекеттегі ресми тіл ІХ ғасырға дейін түрік тілі болды.
Қорыта келгендеайтарымыз, біздің заманның ІV-VІІ ғасырларында Еуразия кеңістігін мекендеген ру-тайпаларарасынан кейінгі қазақ руларының арғы атауларын, этнонимдерін іздеп тауып алуаса қажет. Ол тұста бабаларымыздың тайпалық одақтары да басқаша аталды. Сондықтан Аспаруқ пен Батбай өмір сүргензамандарға бүгінгі қазақтың емес, сол бағзы заманның көзімен қарағанымыз жөншығар.
Хазарлардан қашыпкелген, Дунай бойына қоныстанған Аспарух туралы ежелгі жылнамашы МоисейХоренский өз еңбегінде кезінде былай деп жазған еді: «Во Фракіи две горы иреки, изъ которыхъ одна Данубъ, делясь на шесть рукавовъ, образуетъ озеро иостровъ, наываемый Пюки (Peuce). На этомъ острове живетъ Аспаръ-Хрукъ, сынъХубраата, бежавшій отъ Хазаръ изъ горъ Булгарскийхъ и прогнавшій Аваръ назападъ. Онъ поселился на этом месте».
Ғалымдар бұл тұстаАспарухқа ілесіп келген көшпелі болгар тайпаларының деректерде оногур,гуннугундур, құтұрғұр деп аталғандарын жазып жүр. Тегінде бұлардың бәріоногур-болгарларының әртүрлі аталуы болса керек. Қалай десек те, бұлар дулуруларына бағынышты болды. Зерттеулер Аспарухтың бұл араға Еділ өзені бойындағыГиппий және Булғар таулары арқылы келгенін көрсетеді. Бұл қазіргі Ставропольқыраты орналасқан өңір. Осындағы қантөгіс шайқастардан соң, Батбай хазарларғабағынуға мәжбүр болды. Болгарлардың бұл бөлігі Кубан болгарлары, кейінірек«қара болгарлар» аталды. Кавказдағы қазіргі балкарлар бұл туралы әртүрліәңгімелер айтады екен. Өйткені бұлар да осы болгарлардан қалған этникалықжұрнақ.
Аспарұхтың соңына ілескен тайпалар, жоғарыдаайтылғандай, 660 жылы Дунайға жетіп, хазарлардан құтылу үшін оның оңтүстікжағалауына өтіп кетті. Мұнда оларды ешкім күтіп тұрған жоқ еді. Оларға қарсы Византиябилеушісі, император Константин ІV Погнат (668-685 жж.) қалың әскермен шығып,болгарларды Дунайға қарай ығыстырды. Алайда императордың науқастанып қалып,әскерді тастап қайтып кетуі Византия әскерлерінің дағдарысқа ұшырап, жеңіліпқалуына алып келді. Бұл 679 жылы болған оқиға еді. Көп кешікпей-ақ мұнда елеуліқарсылықтарға кездесе қоймаған Аспарух Дунай мен Балқан аралығындағы славянтайпаларын толық бағындырды.
Тарихи деректер дулулар көсемі Аспарухқұрған мемлекеттің айтарлықтай мықты болғанын көрсетеді. Археологтардыңзерттеулеріне қарағанда, Аспарух хазарлар құрған торға аңдаусызда түсіп, өзінқорғаған жеке күзетімен және уәзірлерімен опат болған. Оның қабірі кейініректе Днепржағасындағы Вознесенск (Украина) маңынан табылды. Оның мұрагері Тербел 700-721жылдары Дунай Болгариясына билік жасады. Одан кейін Дуло династиясының билігінКөрмесі (Кормессий) (721-738 жж.), онан соң Себар (738-753 жж.) жалғастырды.Көріп отырмыз, бұлардың есімдері славян емес, көне түркі тілінде.
Дулулардың бізбілетін болгар жеріндегі билігі Себармен аяқталады. Осы кезден бастап дулуларбастаған түркі болгарлары басқа тілдік ортаға түскендіктен, славянға айналудың«даңғыл» жолына түсті. Кейінгі тарих оларды түрік емес, славян ретіндеқабылдайтын болып алды. Дулулардың солтүстік Қара теңіз және Дунай бойындағытарихи тағдыры саны аз тайпа билікте болғанына қарамастан, көпсанды өзі билегенэтностың ықпалына түсіп, біртіндеп тарих сахнасынан кететінін дәлелдеп берді.Бұл аталмыш өңірлердегі дулуларға ғана емес, кейіннен қыпшақ даласына билікетуге келген монғолдарға да тән болды. Саны аз, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдантараған ұрпақ қыпшақтар ортасында бұрынғы монғол-татарлық қасиеттерінен қолүзіп қалған еді.
Талас ОМАРБЕКОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ОрталықАзияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу орталығының директоры