Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:46, 05 Сәуір 2022

Бөлінген ақшаны бермейтін шенеунік

None
None

Ақтау қаласында бірнеше жылдан бері балаларды спортқа баулып, жас мамандарды жұмыспен қамтып, табысты жұмыс істеп келе жатқан «Чемпионы нашего двора» бағдарламасы бір шенеуніктің кесірінен биыл тоқтап тұр.

Бұл жобаның авторы және жетекшісі, дзюдодан спорт шебері Әсия Ыдырыстың әділдік іздеп, ресми мекемелердің табалдырығын тоздырып, шырылдап жүргеніне үш ай болды.

– 2019, 2020, 2021 жылдары «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, спорт басқармасымен бір көзден сатып алу тәртібімен жұмыс істеп келдік. Маңғыстау облысы бойынша ғана, өйткені Маңғыстау облысында бала туу көрсеткіші өте жоғары, әр отбасында орта есеппен бес баладан бар. Бұл өңірде үш баланың өзі аз саналады. 8-9 балалы шаңырақтар жетерлік. Содан қаладан жырақтау жатқан Мұнайлы ауданының тұрғындары тура осындай бағдарлама өз ауылдарында да қолға алынуын сұрап, сол кездегі облыс әкімі Серікбай Тұрымовқа хат жолдаған. Әкім қолдау танытып, 2021 жылы барлық аудандарды қамти алмасақ та, Ақтау мен Жаңаөзен қалалары және Мұнайлы ауданындағы ауылдарда  жұмыс жүргізуге қаражат бөлінді. Әр ауылда балалармен күніне 4-5 жаттығу өткізіп, жиі-жиі жарыстар ұйымдастырып, спорт түрлерінен шеберлік сағаттарын өткізіп келдік. Ақтау балалары әсіресе футболға құмарлық танытады. Балаларды жас бойынша іріктеп, футболдан жарыстар өткіздік. Алдымен командалар арасында аулааралық жарыстар, сосын ықшам аудандар арасында жарыстар өтті. Бұрын аула-аула боп төбелесетін балалар енді бір-бірімен футбол, волейбол, баскетбол ойнау өнерімен сайысатын болды, – дейді ол.  

Бірақ биыл Маңғыстау облыстық спорт басқармасының бастығы осы бағдарламаны ұйымдастырушылармен келісімшарт жасамай отыр.

– Не болды деп сұрап барсақ, қырық сылтауын айтып құтылады. Мәслихат шешімімен бөлініп қойған ақшаны бермеу бұл. Мен 2022 жылдың 24 наурызында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдадым. Наурыз айы аяқталып барады. Ертең сәуір. Қаңтардан бері 64 қызметкерім жұмыссыз отыр, біз жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз. Спорт басқармасына жазған хаттарым жауапсыз қалды. 9 наурызда басқарма бастығына кіргенімізде ол 11 наурызда жұмысқа кірісесіңдер деген уәдемен шығарып салды. Бірақ келісімшарт әлі жоқ. Біресе мемлекеттік сатып алу туралы заң өзгеріп кетті дейді, біресе менің құжаттарымды сұратып-тексеріп, әйтеуір бір шенеуніктің кесірінен 64 адам жұмыссыз жатыр үш айдан бері. Жобаны тежеп, келісімшарт жасаспай, ақша бөлмей отыруының бір себебі, одан өзі еш пайда көре алмайтыны шығар, – деп күйінеді Әсия Ыдырыс. 

Президент соңғы Жолдауында «өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер қолдан бюрократия туғызбауы тиістігін, шешім қабылдауды созбауы қажеттігін айтты. Жергілікті халық жұмыспен қамтылсын, қарапайым тұрғындар мүддесіне басымдық берілсін» деді. Сонда, бұл шенеуніктің мұнысын қалай түсінеміз?

Тегтер: