Боливияда ақша тасымалдаған ұшақ апатқа ұшырап, 15 адам қаза тапты
Боливия Әуе күштеріне тиесілі ұшақ Ла-Пас маңындағы Эль-Альто қаласының әуежайына қонуға әрекет жасаған кезде апатқа ұшырады.
Бұл туралы BBC жазды.
Жергілікті азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, лайнер ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, адамдар көп жүретін тас жолға соғылған. Ұшақ бөлшектеніп, артынша өртенген. Оның сынықтары сол сәтте жолмен өтіп бара жатқан көліктерге зақым келтірген.
Құтқарушылардың хабарлауынша, апат салдарынан кемінде 15 адам қаза тапқан. Құрбандардың арасында ұшақ экипажы мүшелері мен жолдағы көліктерде болған адамдар бар.
Жергілікті Unitel телеарнасының мәліметінше, ұшақ Боливияның Орталық банкінің тапсырысы бойынша Ла-Пасқа жаңа банкноттарды жеткізіп бара жатқан. Апаттан кейін ақша купюралары маңайға шашылып кеткен. Оқиға орнына көп адам жиналып, ақшаны теруге тырысқан. Оларды тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болған.
Кейін Боливия Орталық банкінің басшысы Давид Эспиноса ұшақпен тасымалданған банкноттар жарамсыз деп танылғанын және төлемге қабылданбайтынын мәлімдеді.