Бопсалау ісі: белгілі блогерлерге 9 жыл жаза кесілді
Алматыда алқабилердің қатысуымен өткен сотта блогерлер Дамир Кушеев пен Руслан Каримовқа үкім шықты.
Екеуі де бопсалау ісі бойынша кінәлі деп танылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚазТАГ жазды.
Үкім 19 ақпан күні кешкі уақытта жарияланды.
Сот отырысынан кейін Дамир Кушеев алқабилерге қарата бұл шешімді әділетсіз деп санайтынын айтты.
«Ұят сіздерге. Бар үмітіміз сіздерде еді — жазықсыз адамдарды ақтайды деп сендік. Тергеу дәлелдей алмады, бірақ соңында бізді соттады. Біз қылмыс жасаған жоқпыз, бірақ жаза берілді», — деді ол сот залында.
Сотталғандардың жақтастары қылмыстық іс көптеген сұрақ тудыратынын айтып, оны қоғам белсенділеріне қысым көрсету ретінде бағалап отыр. Олардың айтуынша, айыпталушылар түрлі заңбұзушылықтар мен жемқорлық тақырыптарын көтеріп жүрген.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2025 жылғы 23 қаңтарда полиция екі блогердің 28 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Дереккөздердің мәліметінше, олар Дамир Кушеев пен Руслан Каримов болған.
Бұған дейін Кушеев Алматы прокуратурасы ғимаратында болжамды заңбұзушылықтарды видеоға түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен 15 тәулікке қамауға алынған еді.