Боранбаевқа тиесілі Medeu Park қонақүйі 3 жылдан бері әлі салынып бітпеген

Алматыдағы атақты «Медеу» мұз айдынына жақын орналасқан Medeu Park қонақүйінің құрылысы бірнеше жылдан бері аяқталмай келеді.
Жоба алғашында элиталық туристік нысан ретінде ұсынылғанымен, бүгінде қаңырап бос тұр. Қалалық құрылыс басқармасы қазір тек әрлеу және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары атқарылып жатқанын хабарлаған.
Қонақүй құрылысы әуелде 2021 жылы басталған. Бірақ 2023 жылдың наурызында Қайрат Боранбаевтың қамауға алынуы жобаның баяулауына әсер еткен болуы мүмкін. Алайда бұл жайт ресми құжаттарда көрсетілмеген.
Боранбаев тұтқындалғаннан кейін, Medeu Park Hotel ЖШС тек сол жылдың сәуір айында ғана құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғанын ресми тіркеткен. Бұл – жобаның заңды мәртебесіне қатысты сұрақтар туындатып отыр.
Сонымен қатар құрылыс неге тоқтап тұрғаны, қандай кедергілер болғаны туралы нақты ақпарат берілмеген. Қала билігі тек нысанның аяқталуы осы жылы жоспарланып отырғанын айтты. Бұл арада қонақүйдің Instagram парақшасында “2025 жылы ашылады” деген болжамды уәделер айтылып жүр.
Айта кетейік, бұл нысан Алматының туристік әлеуеті жоғары аумағында орналасқан. Мұндай стратегиялық орынға заманауи инфрақұрылымы бар қонақүйдің қажет екені бұрыннан айтылып келеді. Алайда, жобаның ұзаққа созылуы инвесторлар мен қала тұрғындарының көңілін алаңдатып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, бюджет, басқару мәселелері немесе иелікке қатысты дау-дамайлар құрылысқа кедергі келтіруі мүмкін. Дегенмен, бұл тек болжам ғана, нақты себептер ресми түрде айтылған жоқ.
Қазіргі уақытта жобаның аяқталу мерзімі белгісіз.