Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:40, 13 Мамыр 2021

Бордақы малдан жем қымбат

None
None

Кез келген ауылдық жерде жайылымдық жерлердің тарылып қалғаны рас. Жекеменшікке өтіп кеткен жерлер болса да қоршауда қалды.

Жайылым іздеген мал да көп ұзамай айналып келіп, қора алдында күйіс қайырып тұрғаны. Мал жаятын жердің жоқтығын ауылдағы ағайынның барлығы мойындайды. Бір уақ есік алдына жайғанмен, ол малдың күйі болмайды. Амалсыз қораға қамайтын ағайын жемшөпке тәуелді. Ал жемшөптің бағасы күн сайын шарықтап барады. Шөбін тауып бере алмағасын шаруалар малын сойып я сатып құтылуға мәжбүр. Жемшөпті қамдамай, мал шаруашылығын өрістету санаға сыймайтын мәселе. Атакәсіптің бойына қан жүгіртеміз деп ұрандатқанымызбен, нақты іске келгенде қарекетіміз кемшін. Айталық, Қызылордада құрама жем шығаратын, толық қуаттылығында жұмыс істеп тұрған бірде-бір кәсіпорын жоқ. Мал азығы сырттан әкелінетіндіктен, бағасы да шарықтап тұр. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда жем бағасы 40-50 пайызға қымбаттаған. Баға әлі де құбылатын түрі бар. Өйткені көрші облыстардың өзінде тапшылық сезілуде, ал өңір тұрғындары болса қолға мал ұстаудың машақатқа айналғанын айтады.

– Қазір төрт түлік малды ұстау қиынға айналды. Жемшөп бағасы көтеріліп кетті. Қолға мал ұстауға ешқандай мүмкіншілік жоқ. Еліміздің саясаты ауыл шаруашылығын өркендету деп жатыр. Төрт түлік малды көбейт деп жатыр. Ал енді бұған көмек беріп жатқан ешкім жоқ. Мысалға, былтыр бір қап жемді 1700-1800 теңгеден алсақ, бүгінде 2800-ге аламыз. Сонда есептеп қарасаңыз, 50 пайызға өскен, – дейді қала тұрғыны Қонысбек Сәдібеков.

«Бақылаусыз баға азын-аулақ малымыздан айыратын болды» дейді атакәсіпке ден қойғандар. Саланың жауапты мамандары «ауыл шаруашылығын қолдап жатырмыз» деуден танбайды. Мал азығы бағасының күйіп тұрғанын олар да мойындайды. Бірақ мал азығын дайындауға қатысты кешенді жоба жоқтың қасы. Ал мемлекет тарапынан жемшөпке арналған субсидия бүгінде тоқтап қалған.

– Өндірілген комбикормды субсидиялауға тоннасына 20 мың теңгеден 2016 жылы берген. Алайда бұл күндері субсидия жалғасын таппай қалды. Басқарма тарапынан осы ұсыныстар қайта жалғассын деп, министрлікке беріп отырмыз. Министрліктен қолдау тапса біздің бұйрығымызға өзгеріс енгізеді. Сол кезде төленетін болады. Әзірге кешенді нақты ештеңе жоқ, –  деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Арыстан Омаров.

 342 мыңдай мүйізді ірі қара, 700 мыңдай уақ мал, 160 мың жылқы мен 52 мыңдай түйе өсірілетін Сыр елінде құрама жем шығаратын кәсіпорын жоқ. Арпа, бидай, сұлы солтүстік облыстардан тасымалданған соң, бағасы да жиі құбылады. Арыға бармай-ақ, өзімізде өсетін күріш кебегінің келісі 70-80 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр 55 теңге еді.

Аграрлық аймақта шаруа қожалықтарына мал азығын әзірлеу үшін 2014, 2015, 2016 жылдары субсидия берілген. Одан кейін ол сала министрлігі тарапынан тоқтап қалған. Былтыр облыс әкімдігі қолдау жүйесін қайта жандандыруға тырысып, іргелі шаруашылықтарға көмектескен. Ал қорасындағы 4-5 түлігіне қарап, жан бағып отырғандар бағдарламадан тыс қалады.  

– Өткен жылы мал шаруашылығын дамыту ережесіне өзгерістер еніп, мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге субсидия бөлінген болатын. Осыған байланысты былтыр 886 шаруашылық субсидия алды. Бірақ толық жетпей қалды. Өйткені жыл аяғы болып, қосымша қаражат ретінде 730 млн теңге бөлінді де, қалғандарына толық жетпей, қамтылмай қалды, – дейді бөлім басшысы Арыстан Омаров.    

Жемшөп қымбат болғасын, мал бордақылайтындар да азайып барады екен. Тиісінше ет өнімдерін даярлайтын жергілікті кәсіпорындар шикізатты сырттан тасымалдауға мәжбүр. Қазіргі таңда аймақ шаруалары тұрғындар сұранысының жартысын ғана өндіріп отыр.  

– Жалпы, ет өндірісімен жергілікті халықты 56 пайызға қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ шұжық өнімдері, жартылай фабрикат, консерві көбіне Ресейден тасымалданады. Шымкент облысынан да әкелініп жатыр. Олардың жері құнарлы болғасын малдары тезірек семіреді. Бізде жемнің құнарлылығы төмен. Малдың семіруі қиын. Оларда екі ай байланса, бізде 3-4 айға байланады, – деді бөлім басшысы.

Бүгіндері жайылымының оты аз, жемшөпке жарымаған біздің арық-тұрық малды көрші Түркістан облысының шаруалары алып кетіп жатыр. Арзанға алған көтерем түлікті бірер ай бордақылап, құнын асырып қайта өзімізге сатады. Сырбойылық шаруалар еңбекке епсіз дегіміз келмейді. Тек салалық тиімді қолдау, құрама жем өндірісі мен Сырдарияда судың жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Қазіргі таңда жемшөп бағасының қымбаттығы шаруа қожалықтарының ғана емес, азын-аулақ мал ұстап отырған жұрттың да мәселесіне айналған. 

– Бірді-екілі сауын сиыр ұстаймыз, бордақылаймыз. Осыларға жемшөп малдан қымбат болып отыр. Бір бас малға шақсақ, жемшөп малдан да құнды болып тұр, – дейді қала тұрғыны Мейрамбек Ұлтанбекұлы.  

«Елімізде індетке байланысты төтенше жағдай енгізілген тұста төл теңгеміз құлдырап, доллар бағамы өсіп шыға келді. Бұл көптеген азық-түлікпен қатар, құрылыс заттары бағасының қымбаттауына себеп болды. Жемшөп бағасын шаруа қожалықтары неге көтеріп отыр? Жергілікті билік неге бағаны реттемейді?» – дейді ауыл тұрғындары.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы нарық бағамына араласа алмайтындарын айтады. Өйткені нарық бағамын шаруалардың өздері жасайды. Егер оның тауарына сұраныс артса, ол қымбаттай түспек. Шаруа адамы қашанда шығынын есептейді. Орғаны, баулатқаны, жүк көлікке арттырғаны, жинатқаны, жұмысшыларына беретін ақшасын соның ішінен шығартады.

Бүгінде жергілікті шенеуніктер әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарын ғана ұстап тұрумен шектеліп қалған. Ал елдің асыраушы саласы үлкен дағдарыстың алдында тұр. Мемлекет мал басын көбейту үшін түрлі бағдарламалар мен жобаларды қабылдап, игі бастаманы қолға алған тұста жемшөп бағасының бұлай құбылуы игі бастамалардың күйреуіне әкеліп соғары сөзсіз. Бұлай баға өсе берсе, малшы қауым төрт түліктің бәрін сойысқа жіберуі кәдік. Өйткені малдың өзінен бұрын, ішіп-жемі қымбат болып тұрғаны – мал ұстаған жанның ішкі дерті.

Өңірдегі жемшөпке қатысты мәселе – осы. Мал азығы шарықтап тұрған соң, ет өнімдерінің де құны құбылып тұр. Сырттан тасымалданатын жемнің бағасы енді түсе қоймайтыны белгілі. Алдағы уақытта өңірдегі шаруашылықтар жемшөп қорын молайтуға үлес қоссын десек, оларға мемлекеттік қолдауды күшейтіп, субсидия мәселесін шешіп беру қажет. Болмаса жемшөп бағасы жылдан-жылға шарықтай бермек, ал ет жемесе тұрмайтын қазекем сойыс малын екі-үш есе қымбатқа алып ұрынбақ.

Тегтер: