Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:53, 15 Маусым 2021

Бөрік

None
None

Көкшіл сағымның арасынан Барқытбелдің биік шыңдары жарқ ете түскенде, Нұркенженің жүрегі аттай тулап кетті.

– Ауылға жақындап қалдық па?

Мойнын созып, алды-артына тағатсыздана қарай берді. Даланың кең жазығы бітіп, белес-белес асулар басталыпты. Жол ұзарып кеткендей. Жұлдыздай ағып келе жатқан машинаның жүрісі де баяулап қалғандай.

– Таяп қалдық. Атаң мен апаңды әбден сағынған сияқтысың ғой өзің. Әй, осы жолы «қырық серкешіңді» алып, бір-ақ қайтатын шығармыз, – деді әкесі әзілдей күліп. – Бұйырса, әдемі бір сусар бөрік киерсің.

Нұркенже «қырық серкештің» астарын толық ұға қоймаса да, жаман нәрсе емес екенін сезеді. Өткенде «бәсіреңе» деп, нағашысы бір тай мінгізіп жібергені бар. Осы жолы да олжасыз құр қайтпайтын секілді. Олжа болғанда қандай! Сусар бөрік дейді!

«Сусар бөрікті шекесіне қисайта киіп, сыныпқа кіріп барғанда достары қайтер екен?..» Нұркенже қуанышын достарымен бөлісетін сол күн тезірек туса екен деп аңсады.

Алыстан абалаған иттердің даусы естілді.

Өзі секілді Қабыл атасы дазарыға күтіп жүр екен. Көліктен атып шыққан жиенін мейірлене құшақтап, төбесінен құшырлана иіскеді. Апасы әлдебір құдалыққа кеткен сияқты.

– Пах, шіркін! Бір жылдың ішінде қандай дәу жігіт болғансың, ей! Бойды қара, теректей. Тіфә, тіфә!.. Атасына тартқан түрден айналдым, сол!

«Атасына тартқан...» деген жылы сөз Нұркенженің құлағына майдай жағып барады. Туыстарынан «нағашы атаң сияқты қыңыр екенсің» дегенді де естіген. Оған қарағанда бұл тәуір сөз ғой. Кім не десе, о десін! Бір ұқсастық барын іші сезеді. Не ұқсастық? Бәлкім, атасының бетке сарт еткізетін тік мінезі жұққан болар. Кезінде өкімет адамының өзін желкелеп апарып, заң орнына тапсырғанын құлағы шалған.

Бір нәрсе көңіліне жақпаса, Нұркенже де шарт кететін әдет тауып алыпты. «Қан тартқан ғой» дейді ондайда әкесі басын шайқап. Өткенде қызық болды. Бір депутат ағай келді. Мектепке. Көсіліп сөйледі. Тұрмысы жүдеулеу ұл-қыздарды ортаға алып суретке түсті. Сый-сияпат таратты. Бәріне емес. Он шақты балаға. Сыйлық алғандары жарыса, жамырай алғыс айтты. Оны теледидардан күні бойы көрсетті. Қайта-қайта көрсете берген соң, депутат ағай бүкіл елдің баласын жарылқап жатқандай әсер қалдырады екен… Мейлі, оны қойшы.  

Нұркенже өзіне ештеңе тимесе де, қасындағы жан досының ноутбук алғанына шексіз қуанды. Шүпірлеген жеті баланың ортаншысы еді. Кейде ішерге ас, киерге киім таппай қиналатын жандарға бұл үлкен демеу болды. Бірақ ерте қуаныпты. Қырсыққанда, жалаулатып берген ноутбугы бір аптаға жетпей күйіп кетті. Жыларман болған досын қалай жұбатарын білмеген Нұркенже өзінше амал тапты. Алдымен «Қытайдың арзан дүниесімен шәкірттерді алдаған кім?» деп тақырып қойды. Сосын, депутаттың аты-жөнін бадырайта жазып, суретімен интернетке салып жіберді.   

Мектеп іші уда-шу. Директордан бастап, мұғалімдерге дейін сабылып кетті. Екі достың әке-шешесін шақыртты. «Ойбай, мына балаларыңыз депутаттан кешірім сұрай салсыншы...» деп жалынды. Көңілі қатты қалған достар қасарысып отырып алды. «Сұрамаймыз!»

Сөйтсе, басқа ноутбуктар да жарамсыз, ескі-құсқы болып шығыпты. Ашынған ата-аналар оны жиып әкеліп, бір бұрышқа үйіп тастады. Даудың соңы ушығып бара жатқан соң, депутат еріксіз жаңасын әперіп құтылды.  

Бұл әңгіме Қабыл ақсақалдың да құлағына жетсе керек. «Әй, қоңыр тентегім-ай!.. Депутатты жөнге салдың ба, сөйтіп?» деп, жиенін еркелете бауырына тартты. Ыстық пейілге еріген Нұркенже де даланың иісі аңқыған кең құшаққа қойып кетті.

– Ұлыңыз дәу жігіт болды. Бір мүшелге толды. Енді соған бір сусар бөрік атайтын шығарсыз? – деді оңтайлы сәтті бос жібергісі келмеген әкесі.

– Е, жанымның садағасы! Аспандағы Айды алып бермесек те, тентегімді қуантар бірдеңе табармыз. Қалағанын таңдасын.

Үлкендердің мына әңгімесін естіп, бала болса да, Нұркенже қарадай қысылды. Атасының мейірімін аңсап келгенде бөрік деген не тәйірі! «Сол үшін келген екен ғой, бәтшағар» деп, жаман ойлап қалса, масқара емес пе?!

– Ештеңе керек емес, ататай! Папам әншейін ойнап айтып тұр, – деп, екі қолын қайшылап безек қақты.

– Ойнаса да, ойындағысы болар. «Бүгінгі істі ертеңге қалдырма» деген. Қане, кілетке кіріңдерші.

Өзі бастап, темір-терсек, оны-мұнысын сақтайтын тор көзді шошалаға беттеді. Ілесе кірген әке мен баланың назары кермеде қаз-қатар тізілген аң терілеріне түсті. Жібектің шашағындай алқоңыр түгі жылтылдап, көздің жауын алады. Атасы «бисміллә» деп, терілерді бір-бірлеп ағытып, еппен ұсына берді.

– Биыл сусар дегендер әлденеден шошынып, басқа жаққа ауып кеткен бе, қолға түспеді, – деді бір нәрсеге көңілі толмағандай. – Мынау суырдыкі. Алтау еді, саған бұйырыпты. Игілігіңе жарат, балам.

Үлпілдек терілер сусып қолға тұрмайды. Көп адамның уысына түсе бермейтін қымбат дүние. «Рақмет, көке! Жүз жасаңыз!» – деп, әкесі бұйырған олжаны ары-бері аударып көріп, машинаның артқы қорабына апарып салды.

                                          ***

– Ата! Ата деймін… – Үйден ұзай бере Нұркенже әкесінің «Әрнені бір сұрап, атаңның мазасын алма» дегенін ұмытты. – Осы «қырық серкеш» деген не? Лақ па? Теке ме?

– Ә, балам, білмегенді сұрағанның айыбы жоқ. – Атасы мұны көтермелеп қойды. – Ел ішінде ежелден қалған жөн-жоралғы ғой ол. Туыстық сыйластықтың белгісі. Өзге бірде-бір халықта жоқ дәстүр. Жиенге тай-құлын, қозы-лақ атап, ен салып жатады. Соны «қырық серкеш» дейді.

– Неге қырық? Отыз не елу емес?

– «Қырық» деген – қазақ үшін киелі сан. Сәбиді қырқынан шығару – бір. Қырық қасық суға шомылдыру – екі. Үйден қырық қадам ұзату – үш. Одан басқа да толып жатқан ырымдар бар. Бәрі де «Ұрпағым тезірек қатарға қосылсын. Күйлі, бақуатты болсын» деген ниеттен туған кәделер.

– А-а, бұрын естімеппін. Ал осы… Бір затты ешкімге көрсетпей, жымқырып кету «ұрлық» па, жоқ па?

Атасы кеңкілдеп, рахаттана күліп алды.

– Әкең айтты ма, мұны? Әрине, ұрлық! Бірақ біздің қазақ салтында нағашысы берген дүниені жиені сұрамай алып кетсе, ол ұрлыққа жатпайды.

Жол үстінде емен-жарқын дабырласқан олар тау бөктеріне жете бере аттан түсті. Ары қарай жаяу өрледі. Нұркенже жаңа байқады. Атасы екеуінің бойлары теңесіп қалыпты. Бірақ жасы жер ортасынан асса да, қимылы ширақ сияқты. Әлгінде ат үстінен жеп-жеңіл секіріп түсті. Әне, енді жылдам басып, бұдан озып барады. Әлденеге көңілі алаң секілді ме, қалай? Қалың ағаштың әр бұтасына тоқтай қап, үңіліп, секемдене қарайды.

Тоғайдың іші мамыражай тіршілік. Күн шуағына елти шықылықтап, алаңсыз құйқылжыған құстардың үні алысқа кетіп жатыр. Үлкен қалада мұндай көп, жарыса сайраған құстардың әнін естіп көрмеген Нұркенжеге бәрі таңсық.

         – Бүгінде орман-тоғайды ит-құстан емес, адамдардан қоритын болдық қой, – деді атасы бір тоқтағанда. Қабағы сәл шытылғандай. – Тұс-тұстан анталаған қаскөйлер жыртқыштан бетер болып тұр. Аң терісі мен мүйізі үшін жануарларды тірідей іреуге бар.

Нұркенженің іші қылп ете қалды. Өз-өзінен қуыстанып, бағанағы суыр терілерін есіне алды. Атасының қабақ түйгені де бекер емес-ау. Әкесінің сұрамшақ қылығын жақтырмай қалды ма екен, әлде?

Осы сәт қайдан сап ете түскені белгісіз, сүйкімді бір тиін елп етіп, атасының иығына қона кетті. Тұмсығы қап-қара, үсті сары жалқын, жотасында тура тартылған қоңырқай жолағы бар. Ұзын құйрығын бұлғаңдатып, иесін танығандай еркінси желпиді.

– О-о, Сарқасқа, бізді күтіп жүрсің бе? Ерқасқа қайда? – деп атасы жадырап сала берді. Бешпетінің жан қалтасынан бір уыс бидай алып, алақанына салды. Бұрыннан үйренген сыралғы болу керек. Тоғай періштесі тұмсығымен дәнді түрткілеп, ақырын жей бастады. Көзі қарақаттай мөп-мөлдір екен. Сол кезде тағы бір ақ тиін бұтақтардың арасынан жылт етіп шыға келді. «Е, міне, Ерқасқа да келді!» Атасы құдды бір немерелерін еркелеткендей, сауырынан мәпелей сипап, алақанындағы дәнді үстемелеп қойды.

– Ата, тиін сіздің айтқаныңызды түсіне ме? – деді Нұркенже аузы ашылып.

– Түсінгенде қандай! Тіл қата алмаса да, бұлар  ұнатқан-ұнатпағанын қылығымен сездіреді.

Қаннен-қаперсіз ойнақ салған бейкүнә жәндіктер Нұркенжеден сескенетін секілді. Жуыр емес. Сәл жақындаса, атасының екінші жағына ыршып шығады. «Сені бөтенсіп тұр ғой. Ештеңе етпейді, келесі көргенде үйренісіп кетеді». Нұркенже атасының кіршіксіз таза, ақ пейіліне риза болды.

– Ата, бірдеңе сұрасам ренжімейсіз бе?

– Сұрай ғой.

– Осы сізді мінезі шатақ, әкіммен ұстасқыш, бірбеткей деп жүр ғой біреулер. Неге өйтіп айтады?

– Солай дей ме? – Атасы езу тартып күлді. Бұл ертеректе болған оқиға еді.

                                           ***

Барқытбелдің Ақшоқысына көптен бері ат ізін сала алмаған. Оның да себебі бар. Алғашқы жауған ақ қардан кейін іле-шала күзгі суық ұрып, мұз қатты. Тау беткейінде ат түгіл, жаяу адамның өзі өте алмайтындай қиямет орнады. Соған қарамастан, қызметтік парызы бар, бүгін не болса да, биікке көтерілуге бел байлады. «Суыққолды ағаш кесушілер пайда болыпты» деген сыбысты тексеріп қайтпақ.

Жирен қасқаны етекте қалдырып, шідерледі. Қоржындағы рациясы мен дүрбісін, қанжығадағы қосауызын алып, жоғары беттеді. Тастың беті айнадай жылтыр. Аяқ тоқтатпайды. Бір офицерден бір қойға сатып алған құрым етігінің табаны бұдырлы еді. Сол жанын сақтап келеді.

Ақшоқы – едәуір еңселі, биік тау. Күнгей жағы көлбеу, теріскейі құлама құз. Қабыл ақсақал күнгей бетіндегі орта тұсқа жетіп, жартасқа тізе бүкті. Күн бозғылт тартып, суық жел өкпеден ұрып тұр. Шекпенінің түймесін ағытып, төрт қырлы кішкентай құтыны шығарды. Қалтаға салуға ыңғайлы. Оны да бір солдаттан аңшы бәкісіне айырбастап алған. Сусыннан бір ұрттап, жоғарыға көз тікті. Шың басынан әлдененің сұлбасы жылт еткендей болды. Қабыл ақсақал дүрбісін алып қайта қарады. Арыстандай маңғаз,  дәу қоңыр құлжа қасқая қарап тұр екен. Дарақтай мүйізі бес бұралып, желкесіне қарай иілген. Жасының қанша екенін содан шамалауға болады. Бес жасар құлжа!

Арқар, өзі, қызық жануар. Бір қарағанда кәдімгі қуыс мүйізді қазақы қойға ұқсас. Бірақ қойдан гөрі дене тұрқы ірілеу, кішігірім танадай. Ал жіңішке, ұзын сирақтарына қарасаң, құдды тау ешкісі секілді. Қимылы ылдым-жылдым. Тастан-тасқа бір-ақ секіреді. Жұрт арқардың аналығын бозғылт түсті қысқа мүйізіне қарап айырады. Дәл қазір олардың күйі келіскен кез. Сондықтан жұптасып жайылады. Қандықол қарақшыларға жиі жем болатыны да осы уақыт.

Әне, басы кекжиген құлжаның бергі жағынан керіле басып, кербез аналығы шықты. Тояттап, дамылдап тұрған сәті болса керек. «Бізді көрдіңдер ме?» дегендей алаңсыз сылаң қағады.

Осы кезде мүлгіген тыныштықты бұзып, мылтықтың ащы даусы шаңқ етті. Шың басындағы арқардың аналығы ұшып түсті. Қырбық қарды бұрқыратып, домалаған беті қорықшының дәл жанына келіп құлады. Құлжаның өзі зым-зия. Сірә, ары қарай қауіпсіз жерге секіріп кетсе керек.

Тау жаңғырығып, шаңқ-шаңқ мылтық даусын қайталап жатты…   

Қабыл ақсақал жағдайды бірден түсінді. Дереу рациясын алып, болған жайтты орталық базаға хабарлаған. «Сол арада күтіңіз. Оперативті топ жібереміз» деген бұйрықтан кейін қаруын оқтап, жартастың артына жасырынды. Көп ұзамай селдір ағаштардың арасынан далақтап келе жатқан екеуді көрді. Бір тұрып, бір сүрінеді. Соған қарамай, өздері мәз.

Жақындағанда таныды, біреуі – ауыл әкімі. Екіншісі – жүргізушісі. Тауды басына көтеріп: «Қандай мергенсіз, шеф! Бір атқанда құлаттыңыз-ау!» деп, бастығын қолпаштап қояды. Арқардың жанына жете бере: «Ойпырым-ой, не деген семіз! Не деген майлы!» деген бастығының бусана масаттанғаны естілді. Жарқ еткізіп алмас кездігін суырып, қасындағы жалпылдаққа ұсына берді. «Мә, тездетіп бауыздап жібер. Жаны бар екен».

– Қане, тоқтатыңдар-р-р!..

Қатқыл дауыс қай жақтан естілгенін білмей, ұрықол аңшылар жан-жағына алақтай қарады. Сосын, жартастың үстінде қарауытқан қорықшыны көріп, көңілдері орнына түскендей ыржия күлді.

– Өй, Қабеке, ассалаумағалейкүм! Қайдан жүрсіз?

Жасы кіші әкімнің сәлемін алмаған Қабыл ақсақал өңін суыта тіл қатты.

– Әй, қызталақтар! Мына арқардың Қызыл кітапқа кірген жануар екенін білесіңдер ме, сендер? – Ана екеуі айылын жияр емес.

– Қабеке, Қызыл кітабыңыз не? Сіз кіммен сөйлесіп тұрғаныңызды білесіз бе, өзі? – Әкімнің серігі ажырая қарады.

– Білемін. Осы өңірдегі ел мен жерді қорғауды үкімет сеніп тапсырған әкімсің ғой сен! «Сенген өгізім сен болсаң...» дегеннің кері осы!

– Ақсақал, қатты кетпеңіз. Біздің аңшылық құжатымыз бар. Міне! —  Әкім қалтасынан бір қызыл кітапшаны суырып алып, олай-былай бұлғақтата көрсетті. – Ал сіз әкіремеңдемеңіз! Сіз аң қорғау инспекторы емессіз. Ағаштарыңызды санап, жөніңізбен жүріңіз!

Түтіккен әкім қайдағы бір санатта жоқ жалаңаяқ қорықшының басынғанына күйініп, сөзінің соңын ызбарлана аяқтады. «Ертеңгі күніңізді де ойлаңыз! Осы тірлігіңізге зар боп қалмаңыз».  

Қабыл ақсақал ықпады. «Ертеңгі күніңізді ойлаңыз» дейді ғой, зәнталақ!» Шығатын зейнетіне шығып алды. Қызметі болса қоса жүріп жатыр. Енді не жоғалтпақ? Жалпы, құлшынып тұрған жастау біреу келсе, өткенде орнын босатып бермекші болған. Бірақ бейнеті көп, жалақысы аз қорықшылық жұмысқа қызығатын адам шықпады. Амал жоқ, облыстағы басшылығы «әзірше жүре тұрыңыз» деген соң, бұл «мақұл» деген. Одан бері де бірер жылдың жүзі өтіп кетіпті.

Өмірдің ащы-тұщысын бір адамдай көрген, тағдырдың алыс-жұлысында ысылған кәрі көкжалды қорқытып, үркіту пайдасыз еді. Күбірлескен екеуі енді басқа айлаға көшті.

– Ақсақал, – деді сәлден соң құмыға айқайлаған әкім. – Келісейік! Қайдағы бір тышқақ лаққа бола жаға жыртыспайық. Бұл иен таудың байлығы бәрімізге жетеді. Сізге де, бізге де. Қарыстай екі мүйізден ел қазынасы ортайып қалмас. Қаласаңыз, бұл ешкіні сіз алыңыз. Байладық өзіңізге!

Әкім төңкерілген тау арқарын қимағандай аяғымен түрткілеп қойды. «Бұған қоса, өзіңізге ат-шапан айыбымыз бар». Қатардағы пенденің түсіне кіре бермейтін сыйлық мөлшері айтылды. Американ долларымен. Аудан орталығындағы еңселі бір үйдің құны.

«Астапыр-алла!» Қабыл ақсақал шошынып, басын шайқады. Пайғамбар жасынан асқанда күнәһар болатын жайы жоқ. Арнайы күзет жасағы ұшақпен ұшып келгенше, ашкөз бастық пен жандайшабын мылтықтың қарауылына алып, тапжылтпай ұстап тұрды.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында министрліктің нән өкілі арнайы іздеп келіпті. Ауданда салтанатты жиналыс өткізді. Табиғат байлығын қорғауда көзсіз батылдық танытқан Қабыл ақсақалға алғыс хат тапсырылды. Сатырлатып қол соғылды. Газетке «Ерлігі елге үлгі» деген тақырыппен көлдей мақала жарияланды.

Әкім өз орнында қалды. Негізгі кінәлі – заңды білмеген сауатсыз жүргізушісі болып шығыпты. Заңды білгенде, жазықсыз аңды атпағандай екен. Ауданмен екі араға шапқылап жүріп, аз-мұз айыппұлмен тергеуден құтылыпты деседі.

                                                    ***

– Жұрт не демейді? Ауыз өздерінікі. Айтса айта берсін! – деді Қабыл ақсақал сол оқиғадан кейін елдің өзінен неге теріс айналғанын түсіне алмай. – Қазір ақ пен қараның алмасып кеткен заманы болды ғой.

Қалтасындағы ең соңғы дән түйірін Ерқасқаның ерніне тосты. «Өмірде мынандай сұлулықты бағаламайтын көрсоқырлар көп болатыны өкінішті».

         Нұркенже өзін «қай топқа кірер едім» деп ойлады. Сұлулықты жақсы көретіндердің қатарында шығар… Егер суретші болса, бүгінгі көргенін түгел ақ қағазға түсіріп берер еді. Жүзінен мейірімі төгілген атасын… Бұлаң қаққан тоғай періштелерін… Мың бұралған биші қайыңдарды...

Қолы байқаусызда майысқан бұтаққа тиіп кетіп еді, сарыала жапырақтар сау ете түсті. Үсті-басы алтынға малынғандай болды.

– Сарша тамыз деген – осы, шырағым, – деді атасы Нұркенженің үстін қаққылап жатып. – Түнге қарай жауын жауатын сияқты ма, қалай?

– Қайдағы жауын, ата? Күн ашық емес пе?

– Итмұрынның ашқылтым иісін сезесің бе? Аңқып тұр. Бұл жаңбырдың хабары. Ал мына жапырақтарды қарашы, аяқастынан неге бүрісе қалды деп ойлайсың?

– Білмеймін… – Нұркенже шынымен қысылды.

– Иә, білмейсің. Өйткені сендер табиғаттан қол үзіп қалдыңдар. Дала төсінде жалаңаяқ  жүрмегенсіңдер. Шөп тұнбасын ішпегенсіңдер. Қоректерің дәрі. Әлжуаз, боркемік  болатындарың содан ғой. – Атасы жиенін зілсіз бір түйреп өтті. Қайрағаны болар. – Бұл жапырақтар нөсер алдында қатты жел соғатынын білдіріп тұр.

Нұркенже таңырқаған күйі жасыл жапыраққа олай да, бұлай да үңілді. Кәдімгі жапырақ. Қанша зер қойып қараса да, ештеңе ұға алмағанын іштей мойындады. Бұрын ештеңеге мән бермеген екен. Дәл қазір өсімдіктің де, аң-құстың да тілін білетін атасының зерделілігіне қайран қалып келеді. Айтуынша, орман шаруашылығы училищесін ғана бітіріпті. «86-жылғы Желтоқсан дүрбелеңінде істі боп, ары қарай оқи алмадым ғой» дегені де есінде. Үлкен оқуы болмаса да, тура дала академигі сияқты. Тыңдаудан еш жалықпайсың. Міне, жіңішке қызыл бұтақтары бар тағы бір аласа шөпті нұсқап тұр.

– Мынаны қазақтар «киікоты», орыстар «дущица» дейді. Кәдімгі эфир майы осы киікотынан жасалады. Сәбидің денесіндегі бөрткенді бір жаққанда жоқ қылады. Жапырағын шайға демдеп ішсең, қан қысымыңа да пайдалы. Ертеректе апаларың қымыздың күбісін осы киікотымен ыстаушы еді. Бүгінде бәрі ұмытылды ғой.

         – Ата, сіз мұның бәрін қайдан білесіз?

– Е-е, бізді оқытқан осы тау, осы тоғай емес пе, қалқам. Адам баласы мен табиғат егіз. Жүр, бірдеңе көрсетейін.

Екеуі шағын белеске көтерілді. Түйе бойындай биікте қонақтаған бүркіт секілді алып сандықтас төніп тұр. Тастың бергі беті айнадай тегіс. Қашап салынған көмескілеу таңбалардың сұлбасы байқалады.

– Көрдің бе? Қадым замандағы адамдар аң-құстарды қалай қадірлеп, қастерлеген? Бұғыны мойнынан құшақтап, еркелетіп тұр. Әне, ар жағында тізіліп қаздар ұшып барады. Қандай жарасымдылық!

– Мен мұндай суреттерді Таңбалы тасқа барғанда көргем, ата. Мыңдаған жылдар бұрын салынған ескерткіш екен, – деп, Нұркенже де өзінің қара жаяу емес екенін аңғартты.

– Бұл жай ғана суреттер емес. Бұл – ата-бабамыздың ұрпағына қалдырған өсиет хаты. Жер бетінде аң-құстарсыз тіршілік қараң екенін тұспалдап тұр.

– Қалайша?

– Ойланшы өзің, құстардың бірін қалдырмай қырып тастасақ, не болар еді? Дүниені құрт-құмырсқа қаптап, орман-тоғайды кеміріп жоқ қылар еді. Соны ескертіп тұр. Білдің бе? Қолда барыңды бағала дейді.

Нұркенже суреттерді жақсылап смартфонына түсіріп алды.

Жақын жерден өршелене үрген иттің даусы естілді. «Мынау Сырттанның даусы ғой, – деді атасы. – Әлгінде аттардың жанында қалдырған сияқты едік. Қайдан кеп қалды?»

Жүгіре басқан олар дауыс шыққан жерге ентіге жетті. Белестің бір пұшпағындағы алаңқайда шоңқиып отырған тазы көрінді. Кішігірім тайыншадай. Көздері қып-қызыл. Атасы тазының қасындағы тау боп үйілген жапырақты шыбықпен түрткілеп ашты да, сілейіп тұрып қалды.

– Өй, сұмдар-ай! Өткен жолы да бес-алтауын жинап алып едім. Қандыауыз бәлені қалай дәті барып құрды екен, ә? Қарашы, байғұстардың аяғын оңдырмай шайнап тастапты.

Дәл қарсы алдарында қан-жоса болған екі суыр жайрап жатыр. Тастақтау жерде жосылған тырнақ іздері байқалады. Қанжардай суық темірмен арпалысып, жеңе алмапты. Өмір үшін жанталасқан қос мақұлық қол ұстасқан күйі қатып қалыпты. Бірін-бірі медет тұтқандай...

Нұркенженің жүрегі шым ете түсті. Көз алдына әкесі сипалап тұрған суыр терілері елестеп кетті. Жылағысы келді. Бірақ тамағы құрғап, жанарынан жас шықпады. Құлағы шыңылдағандай.  Білектей шынжыр мен ауыр қақпандарды жинап жүрген атасының даусы күмбірлеп естіледі.

– «Сүмбіле туса, су суыр» деген сөз бар...

Атасы «Осы мені тыңдап тұр ма?» дегендей меңіреу күй кешкен жиеніне сығырая қарады.

– Естіп тұрсың ба?

– Естіп тұрмын...

– Сүмбіле жұлдызы тамыздың осы он бестеріне таман туады. Сол күндері су салқындайды. Суыр біткен бір мезетте ұйқыға кетеді.

– Бір мезетте ме?

– Иә. Әрі кетсе екі-үш күнде індеріне кіріп болады. Жан-жануардың ішінде ерте қыстайтын аң осылар. Табиғаттың бұл құдіретіне қалай бас имейсің? Тағы бір қасиеті: суыр – тазалықты өте ұнататын хайуан. Ұйықтайтын ұясы мен дәрет сындыратын жері бөлек-бөлек. Көктем сайын інін тазалайды. Шөбін жаңалайды. Ертеде Қарағандыдағы көмір осылай табылған деседі... 

Сөйлеп жүріп атасы қақпаннан шешілген суырлардың терісін бітеу сыпырып, биіктеу бұтаққа апарып ілді. «Жел қақсын. Далаға тастамаймыз ғой, енді...» – деді. Үнінде ақталғандай бір леп бар. Құтыдағы сумен бәкісін шайып, үсті-басын қағып орнынан тұрды.

                                            ***

Сандықтастың биігінен қарасаң, төмендегі арналы сай көкорай жамылған кең алқап секілді. Тау қойнауын қуалап кете беретін алқаптың ұшы-қиыры жоқ. Сай табанына түссең болды, алманың тәтті иісі аңқып қоя береді.

– Ата, мұнда не, алма өсе ме?

– Өскенде қандай! Келген сайын жейтін тәттіні қайдан алып жүр деп ойлайсың? Осы жерден. Қазақтың даласы – алманың нағыз отаны екенін дөкейлер айтып жүр ғой. Қарапайым ел оны баяғыдан біледі.

Атасы тауық жұмыртқасындай түйнекті қызыл алманы үзіп алып, ұсына берді. «Мә, мынаны жеп көрші». Нұркенже қырш еткізіп бір тістеді. Аздап қышқылдау екен. Бірақ дәмді, жеуге болады. Іші аппақ, тап-таза.

– Бұл қандай алма?

– Ертеректе осы Барқытбелге дәрілік шөп жинайтын бір Иван Сиверс деген кезбе келіпті. Сол қыдырмашы бір журналға «Мұндай тәтті жабайы алманы жер бетінде кездестіргем жоқ» деп жазған екен. Содан бастап бұл «Сиверс» алмасы атанып кетіпті. Мүлде олай емес. Мұны бұл жақтағы жұрт «Бал шырын» деп атайды. Аюлар да сүйсініп жейді.

Атасы алып келген кенеп дорбаға Нұркенже ақ, қызыл алманы тоғыта бастады.  Жақсысын таңдаймын деп едәуір ұзап кеткен екен, құлағына судың сарылы естілді.

– Сарқырама ғой, – деді еріп келе жатқан атасы. – Қазір көресің.

Алмалы сайдың бір бұрылысындағы қиядан тік құлаған сарқырама өте әдемі екен. Жан-жаққа шашыраған су тамшылары күнге шағылысқан ақ маржандай. Нұркенженің суға түскісі келді. «Қой, суық тигізіп аларсың» деген атасының тоқтатқанына қарамастын, шешіне бастады. Былтыр осы маңайдағы айдынды өзенге барып шомылғаны, қармақ салғаны есіне түсті. «Ата, есіңде ме, Аягөзге барып, балық ұстап едік қой, – деді сол күндерді сағына аңсап. – Осы жолы бара аламыз ба?»  

– Ой-буу, шырағым, балық түгіл, қазір бас қайғы боп тұр ғой.

– Не боп қалды? – Нұркенже үрке қарады.

– Баяғы көбігі аспанға атқан Аягөз жоқ қазір. Құрыды!

– Қойыңызшы!

– «Қазақмыс» дей ме, бір мықты шығыпты. Солар өзен бойына су соратын алып станса орнатыпты. Суды жинап, одан әрі дәу құбырмен мыс шаюға айдап жатыр. Күндіз-түні. Жағасындағы ауылдарға обал болды. Арна қаңсып, сиырлар мен қойлар қотыр болуда. Қалың жұрт не істерін білмей, зар илеп отыр.

Мұны естігенде Нұркенже тіпті шошып кетті. «Қотыры несі?! Судың иесі кім, сонда?!» Атасы үндемеді.

Нұркенженің көкірегінде өмірінде көрмеген, білмеген байшікештерге деген әлдебір ашу, жеккөрінішті сезім бас көтерді.

– Ау, ата! – деді күйінішін жасыра алмай. – Қара халықты зар илеткен сұмпайыларға «Бассыздықты тоқтатыңдар!» дейтін бір жан табылмады ма? Өзіңіз айтатын намыс қайда?

– Баламысың деген… – Лажы құрыған Қабыл ақсақал  бәрін білгісі келіп, қызынған жиенінің бетін қайырып тастады. – Жарты әлемді бауырына басып, шаңын аспанға шығарып жатқан алпауытқа кімнің шамасы жетеді? Қой енді, бұл әңгіме сен араласатын іс емес.

Санасында лап еткен ашу-ызаның екпінімен Нұркенже сарқыраманың түбіндегі ойыққа секіріп кетті. Су, шынында да, тастай екен. Есін тез жиғызды. Тісі-тісіне тимей сақылдап, атып шықты. «Айттым ба, саған!» дегендей атасы мысқылдай күлді.

Бұл кезде тау ішіне көлеңке үйіріле бастаған еді. Бұлар бағанағы келген ізбен кері жүріп отырып, суыр терісін қанжығаға бөктеріп үйге жеткенде, қараңғылық та қоюланып қалды.

Ертеңінде атасының болжамы дәл келді. Таң ата сусылдап жел соқты. Ағаштарға жан біткендей ызыңдап, тоғай іші азынаған гуілге толып кетті. Іле жаңбырдың салқын тамшылары себезгіледі. Әйтеуір, өткінші екен. Бір кезде күн шайдай ашылды. Барқытбелдің ең биік шыңына асылып, шырқау көкте төңкерілген алуан түсті кемпірқосақ көрінді.

– Қарашы, ата! Қандай керемет! – Жанары оттай жарқылдаған Нұркенже аспанды нұсқай берді.

– Көрдім, көрдім.

– Бірақ, ата, осы «кемпірқосақ» деген атау маған түк те ұнамайды.

– Е, неге? – Әр нәрседен ши шығаруға құмар жиенінің қылығына атасы риясыз күлді.

– Біртүрлі жаман естіледі. Одан да «радуга» деген әдемі.

– Ал сол радуганың мағынасын білесің бе, өзің?

– Жо-оқ...

– Ендеше «радуга» да қазақ сөзі. «Доға» деген атаудан шыққан. Әу баста халық оны «Арайдоға» деп атаған. Өзі арай, өзі доға. Жағымды естілетін болған соң, бұл атауды көрші ағайындар сөздік қорына сіңіріп алған. Түсіндің бе? Пайдасын білетіндер сөйтеді.

Түсінгенде қандай! Атасы білгір ұстаздан бетер қауашығыңа құйып беріп ұғындырса, қалай түсінбейсің? Оп-оңай нәрсенің шешуі бұрын қалайша ойына келмеген, ә? Нұркенже айран-асыр болды. Атасы екеуі әлі де талай әңгіменің басын қайыратын ба еді, әкесі асықтырмағанда.

– Ал, көке, біз жүрейік. Қош-сау боп тұрыңыз. Жиеніңіз көп сөйлеп, миыңызды ашытса сөге көрмеңіз, – деді ұлының артық-ауыс қылықтарын жуып-шайған болып. – Қайтесіз, өзіңізге тартқан да...

– Апаммен бірге қалаға қыдырып келіңіздер. Күтеміз, ата! – деді машинаға отыра берген Нұркенже де қимай бара жатқанын сездіріп.

                                            ***

… Жолаушылар көз ұшында бұлдырап, қыр асқан сәтте Қабыл ақсақал әлдебір керек-жарағын іздеп кілетке кірді. О, құдірет! Кеше ғана өз қолымен жиеніне тарту еткен суыр терілері кермедегі орнында қаз-қатар ілулі тұр. Нұркенженің ісі екенін іші сезді.

«Бәсе, өзіме тартқан ұл деп, бекер айтпаған екем ғой. Қоңыр тентегім менің! Тәубе, тәубе!..»

Алыс көкжиекке сіңіп, көрінбей кеткен жиеніне ақ жол тілеп, күбірлеген қария есік алдындағы діңгекте ұзақ отырды.

Тегтер: