Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:21, 17 Маусым 2021

Бөрік

None
None

Жалғасы  (басы мына жерде) 

Нұркенже таңырқаған күйі жасыл жапыраққа олай да, бұлай да үңілді.

Кґдімгі жапырақ. Ґанша зер қойып қараса да, ештеңе ұға алмағанын іштей мойындады. Бұрын ештеңеге мґн бермеген екен. Дґл қазір өсімдіктің де, аң-құстың да тілін білетін атасының зерделілігіне қайран қалып келеді. Айтуынша, орман шаруашылығы училищесін ғана бітіріпті. «86-жылғы Желтоқсан дүрбелеңінде істі боп, ары қарай оқи алмадым ғой» дегені де есінде. Үлкен оқуы болмаса да, тура дала академигі сияқты. Тыңдаудан еш жалықпайсың. Міне, жіңішке қызыл бұтақтары бар тағы бір аласа шөпті нұсқап тұр.

– Мынаны қазақтар «киікоты», орыстар «дущица» дейді. Кәдімгі эфир майы осы киікотынан жасалады. Сәбидің денесіндегі бөрткенді бір жаққанда жоқ қылады. Жапырағын шайға демдеп ішсең, қан қысымыңа да пайдалы. Ертеректе апаларың қымыздың күбісін осы киікотымен ыстаушы еді. Бүгінде бәрі ұмытылды ғой.

      – Ата, сіз мұның бәрін қайдан білесіз?

– Е-е, бізді оқытқан осы тау, осы тоғай емес пе, қалқам. Адам баласы мен табиғат егіз. Жүр, бірдеңе көрсетейін.

Екеуі шағын белеске көтерілді. Түйе бойындай биікте қонақтаған бүркіт секілді алып сандықтас төніп тұр. Тастың бергі беті айнадай тегіс. Қашап салынған көмескілеу таңбалардың сұлбасы байқалады.

– Көрдің бе? Қадым замандағы адамдар аң-құстарды қалай қадірлеп, қастерлеген? Бұғыны мойнынан құшақтап, еркелетіп тұр. Әне, ар жағында тізіліп қаздар ұшып барады. Қандай жарасымдылық!

– Мен мұндай суреттерді Таңбалы тасқа барғанда көргем, ата. Мыңдаған жылдар бұрын салынған ескерткіш екен, – деп, Нұркенже де өзінің қара жаяу емес екенін аңғартты.

– Бұл жай ғана суреттер емес. Бұл – ата-бабамыздың ұрпағына қалдырған өсиет хаты. Жер бетінде аң-құстарсыз тіршілік қараң екенін тұспалдап тұр.

– Қалайша?

– Ойланшы өзің, құстардың бірін қалдырмай қырып тастасақ, не болар еді? Дүниені құрт-құмырсқа қаптап, орман-тоғайды кеміріп жоқ қылар еді. Соны ескертіп тұр. Білдің бе? Қолда барыңды бағала дейді.

Нұркенже суреттерді жақсылап смартфонына түсіріп алды.

Жақын жерден өршелене үрген иттің даусы естілді. «Мынау Сырттанның даусы ғой, – деді атасы. – Әлгінде аттардың жанында қалдырған сияқты едік. Қайдан кеп қалды?»

Жүгіре басқан олар дауыс шыққан жерге ентіге жетті. Белестің бір пұшпағындағы алаңқайда шоңқиып отырған тазы көрінді. Кішігірім тайыншадай. Көздері қып-қызыл. Атасы тазының қасындағы тау боп үйілген жапырақты шыбықпен түрткілеп ашты да, сілейіп тұрып қалды.

– Өй, сұмдар-ай! Өткен жолы да бес-алтауын жинап алып едім. Қандыауыз мұны қалай дәті барып құрды екен, ә? Қарашы, байғұстардың аяғын оңдырмай шайнап тастапты.

Дәл қарсы алдарында қан-жоса болған екі суыр жайрап жатыр. Тастақтау жерде жосылған тырнақ іздері байқалады. Қанжардай суық темірмен арпалысып, жеңе алмапты. Өмір үшін жанталасқан қос мақұлық қол ұстасқан күйі қатып қалыпты. Бірін-бірі медет тұтқандай...

Нұркенженің жүрегі шым ете түсті. Көз алдына әкесі сипалап тұрған суыр терілері елестеп кетті. Жылағысы келді. Бірақ тамағы құрғап, жанарынан жас шықпады. Құлағы шыңылдағандай. Білектей шынжыр мен ауыр қақпандарды жинап жүрген атасының даусы күмбірлеп естіледі.

– «Сүмбіле туса, су суыр» деген сөз бар...

Атасы «Осы мені тыңдап тұр ма?» дегендей меңіреу күй кешкен жиеніне сығырая қарады.

– Естіп тұрсың ба?

– Естіп тұрмын...

– Сүмбіле жұлдызы тамыздың осы он бестеріне таман туады. Сол күндері су салқындайды. Суыр біткен бір мезетте ұйқыға кетеді.

– Бір мезетте ме?

– Иә. Әрі кетсе екі-үш күнде індеріне кіріп болады. Жан-жануардың ішінде ерте қыстайтын аң осылар. Табиғаттың бұл құдіретіне қалай бас имейсің? Тағы бір қасиеті: суыр – тазалықты өте ұнататын хайуан. Ұйықтайтын ұясы мен дәрет сындыратын жері бөлек-бөлек. Көктем сайын інін тазалайды. Шөбін жаңалайды. Ертеде Қарағандыдағы көмір осылай табылған деседі...

Сөйлеп жүріп атасы қақпаннан шешілген суырлардың терісін бітеу сыпырып, биіктеу бұтаққа апарып ілді. «Жел қақсын. Далаға тастамаймыз ғой, енді...» – деді. Үнінде ақталғандай бір леп бар. Құтыдағы сумен бәкісін шайып, үсті-басын қағып орнынан тұрды.

                                   ***

Сандықтастың биігінен қарасаң, төмендегі арналы сай көкорай жамылған кең алқап секілді. Тау қойнауын қуалап кете беретін алқаптың ұшы-қиыры жоқ. Сай табанына түссең болды, алманың тәтті иісі аңқып қоя береді.

– Ата, мұнда не, алма өсе ме?

– Өскенде қандай! Келген сайын жейтін тәттіні қайдан алып жүр деп ойлайсың? Осы жерден. Қазақтың даласы – алманың нағыз отаны екенін дөкейлер айтып жүр ғой. Қарапайым ел оны баяғыдан біледі.

Атасы тауық жұмыртқасындай түйнекті қызыл алманы үзіп алып, ұсына берді. «Мә, мынаны жеп көрші». Нұркенже қырш еткізіп бір тістеді. Аздап қышқылдау екен. Бірақ дәмді, жеуге болады. Іші аппақ, тап-таза.

– Бұл қандай алма?

– Ертеректе осы Барқытбелге дәрілік шөп жинайтын бір Иван Сиверс деген кезбе келіпті. Сол қыдырмашы бір журналға «Мұндай тәтті жабайы алманы жер бетінде кездестіргем жоқ» деп жазған екен. Содан бастап бұл «Сиверс» алмасы атанып кетіпті. Мүлде олай емес. Мұны бұл жақтағы жұрт «Бал шырын» деп атайды. Аюлар да сүйсініп жейді.

Атасы алып келген кенеп дорбаға Нұркенже ақ, қызыл алманы тоғыта бастады. Жақсысын таңдаймын деп едәуір ұзап кеткен екен, құлағына судың сарылы естілді.

– Сарқырама ғой, – деді еріп келе жатқан атасы. – Қазір көресің.

Алмалы сайдың бір бұрылысындағы қиядан тік құлаған сарқырама өте әдемі екен. Жан-жаққа шашыраған су тамшылары күнге шағылысқан ақ маржандай. Нұркенженің суға түскісі келді. «Қой, суық тигізіп аларсың» деген атасының тоқтатқанына қарамастын, шешіне бастады. Былтыр осы маңайдағы айдынды өзенге барып шомылғаны, қармақ салғаны есіне түсті. «Ата, есіңде ме, Аягөзге барып, балық ұстап едік қой, – деді сол күндерді сағына аңсап. – Осы жолы бара аламыз ба?»

– Ой-буу, шырағым, балық түгіл, қазір бас қайғы боп тұр ғой.

– Не боп қалды? – Нұркенже үрке қарады.

– Баяғы көбігі аспанға атқан Аягөз жоқ қазір. Ґұрыды!

– Қойыңызшы!

– «Қазақмыс» дей ме, бір мықты шығыпты. Солар өзен бойына су соратын алып станса орнатыпты. Суды жинап, одан әрі дәу құбырмен мыс шаюға айдап жатыр. Күндіз-түні. Жағасындағы ауылдарға обал болды. Арна қаңсып, сиырлар мен қойлар қотыр болуда. Қалың жұрт не істерін білмей, зар илеп отыр.

Мұны естігенде Нұркенже тіпті шошып кетті. «Қотыры несі?! Судың иесі кім, сонда?!» Атасы үндемеді.

Нұркенженің көкірегінде өмірінде көрмеген, білмеген байшікештерге деген әлдебір ашу, жеккөрінішті сезім бас көтерді.

– Ау, ата! – деді күйінішін жасыра алмай. – Қара халықты зар илеткен сұмпайыларға «Бассыздықты тоқтатыңдар!» дейтін бір жан табылмады ма? Өзіңіз айтатын намыс қайда?

– Баламысың деген… – Лажы құрыған Өабыл ақсақал бірін білгісі келіп, қызынған жиенінің бетін қайырып тастады. – Жарты әлемді бауырына басып, шаңын аспанға шығарып жатқан алпауытқа кімнің шамасы жетеді? Қой енді, бұл әңгіме сен араласатын іс емес.

Санасында лап еткен ашу-ызаның екпінімен Нұркенже сарқыраманың түбіндегі ойыққа секіріп кетті. Су, шынында да, тастай екен. Есін тез жиғызды. Тісі-тісіне тимей сақылдап, атып шықты. «Айттым ба, саған!» дегендей атасы мысқылдай күлді.

Бұл кезде тау ішіне көлеңке үйіріле бастаған еді. Бұлар бағанағы келген ізбен кері жүріп отырып, суыр терісін қанжығаға бөктеріп үйге жеткенде, қараңғылық та қоюланып қалды.

Ертеңінде атасының болжамы дәл келді. Таң ата сусылдап жел соқты. Ағаштарға жан біткендей ызыңдап, тоғай іші азынаған гуілге толып кетті. Іле жаңбырдың салқын тамшылары себезгіледі. Әйтеуір, өткінші екен. Бір кезде күн шайдай ашылды. Барқытбелдің ең биік шыңына асылып, шырқау көкте төңкерілген алуан түсті кемпірқосақ көрінді.

– Қарашы, ата! Қандай керемет! – Жанары оттай жарқылдаған Нұркенже аспанды нұсқай берді.

– Көрдім, көрдім.

– Бірақ, ата, осы «кемпірқосақ» деген атау маған түк те ұнамайды.

– Е, неге? – Әр нәрседен ши шығаруға құмар жиенінің қылығына атасы риясыз күлді.

– Біртүрлі жаман естіледі. Одан да «радуга» деген ґдемі.

– Ал сол радуганың мағынасын білесің бе, өзің?

– Жо-оқ...

– Ендеше «радуга» да қазақ сөзі. «Доға» деген атаудан шыққан. Әу баста халық оны «Арайдоға» деп атаған. Өзі арай, өзі доға. Жағымды естілетін болған соң, бұл атауды көрші ағайындар сөздік қорына сіңіріп алған. Түсіндің бе? Пайдасын білетіндер сөйтеді.

Түсінгенде қандай! Атасы білгір ұстаздан бетер қауашығыңа құйып беріп ұғындырса, қалай түсінбейсің? Оп-оңай нәрсенің шешуі бұрын қалайша ойына келмеген, ә? Нұркенже айран-асыр болды. Атасы екеуі әлі де талай әңгіменің басын қайыратын ба еді, әкесі асықтырмағанда.

– Ал, көке, біз жүрейік. Қош-сау боп тұрыңыз. Жиеніңіз көп сөйлеп, миыңызды ашытса сөге көрмеңіз, – деді ұлының артық-ауыс қылықтарын жуып-шайған болып. – Қайтесіз, өзіңізге тартқан да...

– Апаммен бірге қалаға қыдырып келіңіздер. Күтеміз, ата! – деді машинаға отыра берген Нұркенже де қимай бара жатқанын сездіріп.

                                   ***

… Жолаушылар көз ұшында бұлдырап, қыр асқан сәтте Қабыл ақсақал әлдебір керек-жарағын іздеп кілетке кірді. О, құдірет! Кеше ғана өз қолымен жиеніне тарту еткен суыр терілері кермедегі орнында қаз-қатар ілулі тұр. Нұркенженің ісі екенін іші сезді.

«Бәсе, өзіме тартқан ұл деп, бекер айтпаған екем ғой. Қоңыр тентегім менің! Тәубе, тәубе!..»

Алыс көкжиекке сіңіп, көрінбей кеткен жиеніне ақ жол тілеп, күбірлеген қария есік алдындағы діңгекте ұзақ отырды.

Тегтер: