Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:35

Акунин сырттай 14 жылға сотталды, Быковке іздеу жарияланды

 Быков и Акунин
Фото: ЖИ

2025 жылдың 14 шілдесінде Мәскеудің 2-Батыс округтік әскери соты Ресейлік танымал жазушы Борис Акунинді (шын аты – Григорий Чхартишвили) сырттай 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Үкімге сәйкес, ол алғашқы 4 жылын түрмеде, кейінгі 10 жылын қатаң режимдегі колонияда өтеу керек.

Сонымен қатар, сот Акунинге 400 мың рубль айыппұл салып, жазасын өтегеннен кейін 5 жыл бойы интернет-ресурстарды жүргізуіне тыйым салды. Жазушыға терроризмге жәрдемдесу, терроризмді жария түрде ақтау, "шетел агенті" сынды айыптар таққан.

Істе 2023 жылы пранкерлер Вован мен Лексус ұйымдастырған жалған қоңырау да бар. Олар Акунинге өзін Украина президенті Зеленский мен мәдениет министрі Ткаченко ретінде таныстырып, соғыстағы жағдай туралы әңгімелескен. Жазушы Ресей аумағына жасалған соққыларды түсіністікпен қабылдағанын айтқан. Бұл жазбалар кейін айыптаудың дәлелі ретінде пайдаланылды.

Ресейдің Тергеу комитеті жазушы Борис Акунинге қатысты мынадай мәлімдеме жасады:

Акунин «Ресейдің конституциялық құрылымын күшпен өзгерту қажеттігін» айтып, «Украинаның террористік әрекеттерін ақтаған». Сонымен қатар, тергеу материалдарында жазушы 2024 жылы екі рет "шетел агенттері туралы заңды бұзғаны үшін" кінәлі деп танылғаны көрсетілген.

"Оған қарамастан, ол Ресей заңнамасын елемей, шетел агенттеріне жүктелген шектеулерді бұзуды жалғастырды. Атап айтқанда, интернетте тиісті белгісіз жазбалар жариялаған", – деп хабарлады Тергеу комитеті.

Акунин сот процесіне мүлдем қатыспағанын, оны заңсыз деп санайтынын мәлімдеді:
"Мен бұл сотты мойындамаймын. Мен ешқандай адвокатқа өкілеттік берген жоқпын және бұл циркке қатыспаймын," – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Дмитрий Быков іздеуде

Сол күні Ресей Ішкі істер министрлігі белгілі публицист және жазушы Дмитрий Быковке іздеу жариялады. Қазіргі мәлімет бойынша, оған қатысты: Ресей армиясы туралы жалған ақпарат тарату және "шетел агенті" айыптары тағылған.

 Быков 2021 жылдан бастап АҚШ-та тұрып жатыр, ал 2022 жылы Ресей Әділет министрлігі оны "шетел агенті" деп таныған болатын.