“Бос өткен кездесу ме?”: Путин Трамптың өкіліне не айтты?

2025 жылғы 6 тамыз күні АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Мәскеуге ресми сапармен келіп, Ресей президенті Владимир Путинмен үш сағатқа созылған келіссөз өткізді.
Екіжақты кездесуде Украинадағы соғыс және Мәскеу мен Вашингтон арасындағы стратегиялық серіктестік мәселелері талқыланды.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков кездесу нәтижесі бойынша берген түсініктемесінде әңгімені «конструктивті» деп бағалады. Алайда ол АҚШ президенті Дональд Трампқа Уиткоффтың есеп бергеннен кейін ғана егжей-тегжейлі мәлімет жарияланатынын айтты.
«Украина мәселесіне қатысты Ресей тарапынан бірқатар сигналдар жеткізілді, сондай-ақ Трамп тарапынан да белгілі бір сигналдар алынды. Бірақ Трампқа бұл кездесу нәтижесі жөнінде әлі баяндалған жоқ, сондықтан мен қосымша пікір білдіруден тартынамын», - деді Ушаков.
Трамп бұл сапардың нәтижесіне қарай Ресей мұнайына қарсы санкцияларды енгізу туралы шешім қабылдайтынын бұрын мәлімдеген. Оның Кремльге қойған ультиматумы — Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде ілгерілеу болмаған жағдайда, санкцияларды қатаңдату. Бұл ультиматум 8 тамызда аяқталады.
«Санкциялар міндетті түрде болады, бірақ Ресей олардан өте шебер жалтарып жүр», - деген Трамп өткен аптада.
The New York Times басылымы да бұл кездесудің маңыздылығына тоқталып, Трамптың бұл кездесуді Вашингтонның Ресейге қатысты ұстанымын анықтайтын «кілті» деп атағанын жазды.
Бұл — Уиткоффтың 2025 жылы Ресейге жасаған бесінші сапары. Ол бұған дейін 11 ақпан, 13 наурыз, 11 және 25 сәуірде келген.
Уиткоффтың сапары қарсаңында АҚШ Мемлекеттік департаменті Украинаға гаубицаларды жөндеуге арналған жабдықтар мен қызметтерді (104 млн доллар) және басқа да логистикалық қызметтерді (99,5 млн доллар) сатуға келісім берді. Пентагонның қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық агенттігі бұл келісімді АҚШ-тың сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздік мақсаттарына сәйкес деп таныды.
Саясаттанушы Малек Дудаковтың айтуынша, бұл — АҚШ-тың дәстүрлі «жақсы және жаман полицей» ойыны. Мұнда Трамп — қатаң талап қоятын тұлға, ал Уиткофф — жұмсақ позиция ұстанатын дипломат. Алайда, сарапшының пікірінше, бұл жолы бұл рөлдер тым жасанды әрі сенімсіз көрінді.
«Киевке бөлінген көмектің көлемі аз ғана, бұл – Байден әкімшілігі кезінде бөлінген қаражаттың қалдығы. Ал қосымша санкциялармен қорқыту — қазіргі жағдайда онша әсер етпейді», - дейді Дудаков.
CNN аналитиктері де Ресей мұнайына салынатын баж салығы АҚШ-тың өз экономикасына зиян тигізуі мүмкін екенін ескертті.
«Ресейдің энергия ресурстарын көптеп тұтынатын елдерге қарсы санкциялар АҚШ экономикасына ауыр соққы беруі ықтимал», - дейді Клейтон Сигл, халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы.
Саясаттанушы Рафаэль Ордуханян Уиткоффтың сапарын «босқа кеткен» деп есептейді.
«Бұл сапардан еш нәтиже шықпады. Екі жақ негізгі мәселелер бойынша ортақ пікірге келген жоқ. Енді соғыстың тағдыры тек майдан алаңында шешіледі», - деді ол.
Трамп Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті
Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің әңгімесі Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен үш сағаттық кездесу өткізгеннен кейін көп ұзамай орын алды.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Уиткофф пен Путин арасындағы кездесуді «өте жемісті» деп атап, «айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілгенін» жазды, алайда нақты қандай нәтижелерге қол жеткенін айтпады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Вашингтонда Уиткоффтың сапары талқыланып жатыр және жақын арада қандай да бір мәлімдемелер жасалуы мүмкін — «оң да болуы мүмкін, теріс те болуы ықтимал».