Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жұмыссыздықты шеше ме?
Өткен аптада Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ММ, Астана қаласы әкімдігінің Астана жастары ЖРО КММ, Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы КММ және Esil University бірлесіп, университет ғимаратының аумағында, жұмыс іздеп жүрген тұлғалар, елордалық ЖОО түлектері және елорда жастары үшін қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу болып табылады.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі барысында жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып, өздеріне ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер, өз кезегінде компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қоя алады.
«Жәрмеңкеге 500-ге жуық адам қатысты, олар негізінен үшінші-төртінші курс студенттері, олар жақында білімі бар мамандарға айналады және жұмысқа орналасуды қажет етеді. Мұнда 50-ден астам ұйым – мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық кәсіпорындар өздеріндегі бос орындарын ұсынды. Біз осындай іс-шараларды үнемі ұйымдастырып отырамыз. Бұл жәрмеңке биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл соңына дейін ЕҰУ-да тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Астана жастары ЖРО NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Әсел Болатқызы.
Студенттер жұмысқа орналасуға көмектесетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің тиімділігін атап өтті.
«Мен Есеп және аудит мамандығы бойынша төртінші курста оқимын, болашақта бухгалтер боламын. Әзірге бухгалтердің көмекшісі ретінде тәжірибем бар. Жақында оқуымды тәмамдаймын, сол себепті болашақ жұмысым туралы ойланып жүрмін. Жәрмеңке – бұл өзіңе лайықты жұмыс табуға жақсы мүмкіндік, мұнда да таңдау бар», – деді елордалық ЖОО студенттерінің бірі.
Жалпы, Астана қаласының Еңбек мобильділігі орталығы жыл басынан бері 18 шағын және 2 ірі бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізген болатын. Осы аралықта жәрмеңкеге 286 жұмыс беруші 3 мыңға жуық бос жұмыс орын ұсынды. Мұндай жәрмеңкелерге әртүрлі саладағы жұмыс берушілер қатысады. Мәселен, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, қаржы салалары және т.б.
Негізінде ақпарат алмасу үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің жас мамандарға ғана емес, жұмыс берушілерге де берері көп.
«Бос орындар жәрмеңкесі – еңбек нарығының мамандарға деген қажеттілігін айқындау үшін, жұмыс берушілермен және әлеуметтік әріптестермен байланыс орнатудың тиімді тетігі. Біздің мақсат – жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ортақ диалог алаңын құру, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы керекті ақпарат алуына қолайлы жағдай жасау», – дейді Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының өкілдері.
Ал Астана қаласының тұрғыны Назым Әділбектің айтуынша, жастарды және жалпылама тұрғындарды жұмысқа орналастырудың бірнеше құралы бар. Аталған жәрмеңке соның бірі.
«Біріншісі – онлайн ақпараттық жұмыс, яғни «Жұмыс бар» деген арнайы парақша арқылы бос жұмыс орындарының постерлерін шығарамыз. Екіншісі – осы жәрмеңке. Басқа құралдармен салыстырсақ, жәрмеңке тәсілі нәтижелі. Себебі мемлекеттік бағдарламалар арқылы емес, бос жұмыс орнын ұсынып отырған кәсіпкерлердің өзін тікелей шақыру арқылы жүргізіледі. Жұмыс беруші бірнеше кандидатпен сұхбат құру арқылы өзіне қажетті маманды таңдайды. Бір жағынан бұл жұмыс іздеушіге де ыңғайлы. Азамат бірнеше жұмыс жайлы сөйлесіп, өзіне қайсысы ыңғайлы, соны таңдауына мүмкіндік бар», – дейді Н.Әділбек.
Ал жәрмеңкеге келген жұмыс берушілердің көпшілігі өздерін жауапты кәсіпкерлер ретінде сезінеді. Мәселен, осындай жәрмеңкелерге қатысатын құрылыс компаниясының персонал жөніндегі менеджері Иван Матвиенко жәрмеңкеге нақты мақсатпен – өз ұйымы үшін лайықты жұмыскерлерді табу мақсатымен келгенін айтады.
«Жәрмеңке кезінде мен көптеген түйіндемелерді жинадым, кейін біз оларды кадрлар бөлімінде іріктедік. Бізді бірнеше үміткер қызықтырды және біз оларға жұмыс ұсынуға дайынбыз», – дейді ол.
Қ.САЙЛАУ