Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:10

«Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі және жұмыссыздық

1
Фото: ашық дереккқз

Астанада AMANAT партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.

 Іс-шара жұмысшы мамандықтар жылы аясында қала әкімдігінің қолдауымен өтті. Жәрмеңкеге 3 000-ға жуық адам қатысты. 70-тен астам кәсіпорын, соның ішінде ұлттық компаниялар да өз вакансияларын, яғни 1 000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Қатысушылар қатарында KEGOC АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, DAR RAIL ЖШС, Home Credit Bank АҚ, Integra Construction KZ ЖШС, «Қазмедиа орталығы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Қазпошта» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, Astana Hub сияқты ірі компаниялар бар.

Жәрмеңке «Бір терезе» қағидаты бойынша өтті. Қатысушылар жұмыс табумен қатар мемлекеттік бағдарламалар бойынша да кеңес алды. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», ипотекалық несиелер, сондай-ақ NEET санатындағы жастарға арналған JOLTAP жобасы туралы ақпараттар берілді.

«Жәрмеңкеге мектеп түлектерін де шақырдық. Себебі олар осы арқылы болашақ мамандығын таңдауда бағыт-бағдар алып, мамандығын дұрыс таңдау мүмкіндігіне ие болады. Жұмыс берушілермен танысып, қай жерде қандай жұмыс бар екенін біледі. Жұмыс тәжірибесі жоқ, оқуын енді бітірген мамандарға да мемлекет тарапынан қолдау үлкен. «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы оларға жұмыс беруші тарапынан емес, мемлекет тарапынан жалақы төленеді. Жалпы биыл біз осындай 6 үлкен жәрмеңке өткіздік. Соның нәтижесінде елордада 500-ге жуық адам жұмысқа орналасты», – дейді «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Олжас Омар.

Сонымен бірге іс-шара барысында өңірлерге қоныс аудару және тұрғын үй мәселелері де қаралды. Павлодар және Ұлытау облыстарына көшуге ниет білдірген азаматтар үшін арнайы консультациялар ұйымдастырылып, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау және тұрмыс жағдайлары туралы толық ақпарат берілді. «Отбасы банк» өкілдері жұмысшы жастарға арналған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу мүмкіндіктерін таныстырды.

Соңғы екі жылда «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 150 мыңға жуық жас қамтылды.

200-ге жуық жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 55 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты. Мобильді топтар шалғай ауылдарға барып, 150-ден астам елді мекенде 55 мың адамға кеңес берді. Жоба ел президентінің 2029 жылға дейін кемінде 2,3 млн жасты жұмыспен қамту жөніндегі стратегиялық мақсатына сәйкес жүзеге асырылуда. Мұндай жәрмеңкелер соңғы үш жылда еліміздің 20 аймағында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде елімізде 30 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты.

Жәрмеңке жастар мен бизнес арасындағы тікелей диалог алаңына айналып, жас мамандарға нақты экономика секторында өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Жәрмеңке барысында AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Жұмысшы мамандықтары жылы осындай іс-шаралар ұйымдастырудың мәні мен маңызын атап өтті. Бұл шешім қоғам игілігі жолында адал жұмыс істеп жүрген жандарды қолдауға арналған.

«Бүгінде жұмысшы мамандықтар – тұрақтылық пен жоғары сұраныс қана емес, сонымен қатар лайықты жалақы, сый-құрмет және мансап жолында жоғарылау мүмкіндігі. Жастар экономиканың осы секторына бет бұрып, ел ертеңі еңбекпен байланысты екенін түсіне бастады. Бұл – өте маңызды. Біздің бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріміз жастарға өмірде өз орнын, ал жұмыс берушілерге лайықты маман табуына көмектеседі. Жас азаматтар үшін тек жұмыс табу ғана емес, сонымен қатар олардың еңбегі бағаланатынын, өсу мен даму мүмкіндігі бар екенін сезіну маңызды», – деді ол.

Жәрмеңкеге қатысқан Айдар Кенжебаев:

«Мен колледжді «электромонтер» мамандығы бойынша тәмамдап, ұзақ уақыт лайықты жұмыс іздедім. Бүгін осы жәрмеңкеде бірнеше компания өкілімен сөйлесіп, сұхбатқа шақыру алдым. Бұл – еңбек етуге ынталандырады. Себебі нақты мүмкіндіктерді көріп отырмын. Жұмыс беруші сізді таңдамайды, керісінше, сіз бос жұмыс орындарының арасынан өзіңізге қолайлысын таңдайсыз», – деді.

Сондай-ақ жәрмеңке аясында «Отбасы банк» өкілдері ипотека ресімдеуге ниетті азаматтарға кеңес беріп, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша «Joltap» жобасын ұсынды. Ал елордадағы Еңбек ұтқырлығы орталығының қызметкерлері түлектерге арналған «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы» жобалары туралы хабардар етті. Сонымен қатар жәрмеңкеге келген азаматтарға еліміздің өзге өңірлеріне көшіп бару мүмкіндігі туралы мәлімет ұсынылды.

Сондай-ақ жәрмеңкеде «Таза Қазақстан» арнайы орны жұмыс істеді. Онда қайта өңдеу мақсатында пластик жиналып, жасыл технологиялар туралы мәлімет берілді. Мұндай орын – ел ертеңіне деген қамқорлық тек жастарды жұмыспен қамту ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру екенін көрсетті.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Астана қаласы