Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:21

Бостандыққа шыққан белорус белсенділері басқалардың да еркіндігі үшін күресуге шақырды

1
Фото: DW

Минскіде АҚШ делегациясымен өткен келіссөздерден кейін бір күн өткен соң босатылған белорус саяси тұтқындары – Мария Колесникова, Виктор Бабарико, Александр Федута және құқық қорғаушы Владимир Лабкович – Чернигов облысында алғаш рет баспасөз мәслихатын өткізіп, колониядағы жылдары және бостандыққа шығуы туралы айтты.

«Мен ешқашан өкінген емеспін» — Колесникова

2020 жылы Беларусьтен кетуден бас тартқаны үшін қамауға алынған Мария Колесникова бұл шешіміне өкінбейтінін айтты.

«Өмір кейде алдымызға қиын сұрақтар қояды, біз де күрделі таңдау жасаймыз. Мен ол таңдауды оңай қабылдадым, себебі Виктор Дмитриевич пен оның ұлы Эдуард ұстанған дұрыс идеяларға сендім, өз құндылықтарымды қорғадым. Мен жалғыз емеспін – мұндай адамдар көп», - деді ол.

Колесникова бостандығы үшін АҚШ президенті Дональд Трампқа, Украина президенті Владимир Зеленскийге және украин халқына алғыс айтты.

Ол сондай-ақ Александр Лукашенконың саяси тұтқындарды босатуға келіскеніне ризашылығын білдіріп, бұл қадамдардың жалғасуына үміт артатынын жеткізді.

Бірінші болып Украина аумағына өткен

Колесникова Украина жеріне бірінші болып жеткізілгенін, ең әуелі Зеленскийге жеке алғыс айтқанын, артынша өзге белорус саяси тұтқындарының автобуспен әкелінгенін көргенін айтты. Олар арасында Виктор Бабарико, Максим Знак және Марина Золотова болған.

«Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын», - деді ол.

Беларусь президенті лауазымына бұрынғы үміткер Виктор Бабарико үш жыл бойы толық оқшау қамауда болғанын айтты. Хат алуға, қоңырау шалуға рұқсат берілмеген.

Ол ұлының Оршадағы қатаң режимді колонияда отырғанын, оған Қылмыстық кодекстің 411-бабы бойынша тағы екі жыл жаза қосылғанын жаңа ғана білгенін жеткізді.

Бабарико түрмедегі денсаулық жағдайы туралы алғаш рет ашық айтты:

«2023 жылы бақыланбайтын естен тану ұстамалары басталды. Бірінде есімді жиғанда қабырғам сынған, екіжақты өкпе қабынуы анықталған. Бұл қалай болғанын білмеймін. Есімнен танып қалған кезімде болған», - деді ол.

Саясаткер Новополоцк пен Минск дәрігерлеріне көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.

Паспортсыз босатылғандар

Құқық қорғаушы Владимир Лабкович кейбір босатылғандардың паспорты жоқ екенін айтты. Оларға тек суреті бар, босатылғаны туралы анықтама берілген. Украина оларды жылы қабылдағанын ерекше атап өтті.

Саясаттанушы Александр Федута операцияға дайындалып жатқан жерінен түн ортасында оятып, босатуға әкеткенін айтты. Оның айтуынша, колония басшылығы түрмеде жазған екі пьеса, сценарий және өлеңдер жинағын алып шығуға рұқсат бермеген.

Федута Украинадағы дәрігерлер мен волонтерлердің қамқорлығына таңғалғанын жасырмады:

«Бізді осылай ықыласпен қабылдап жатқан елдің өзінде одан да мұқтаж адамдар бар. Сол үшін украин халқына алғыс айтамын», - деді ол.

Айта кетейік, Беларусь билігі 123 адамды саяси тұтқындар қатарынан босатқанын 13 желтоқсанда – Лукашенко мен АҚШ делегациясы арасындағы екі күндік келіссөздерден кейін мәлімдеген.