Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:53, 26 Мамыр 2022

Ботаникалық бақты қайтару үшін митинг өтеді

None
None

Қарағандылықтар кезінде «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен ботаникалық бақтың халыққа қайтарылуын талап етеді.

Қарағандылық журналист, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ботагөз Омарова биліктен жекеменшіктің қолына өтіп кеткен ботаникалық бақтың жерін қайтаруды ресми түрде талап етуде. Журналистің бұл бастамасын көптеген қарағандылық тұрғындар қолдап отыр.Еске сала кетсек, Қарағандыда орналасқан ботаникалық бақты1996 жылы шенеуніктер ерекше қорғалатын табиғи зона қатарынан шығарып жіберген. Осыдан кейін әр түрлі ағаштар мен тіпті қызыл кітапқа енген өсімдіктер өсетін ботаникалық бақтың жер аумағы жекеменшікке сатыла бастаған. Ең сорақысы сол, жасыл желекке оранған ерекше табиғи ортасы бар бақтың жер телімі нарықтағы құнынан бірнеше есе арзанға сатылған. Бұл күнде бақтың бір бөлігінде зәулім үйлер салынса, тағы бір бөлігін «Арглабин» дәрісін өндіретін «Фитохимия» АҚ сатып алып, ғимарат салып тастаған. Кезінде көз қуаныштарына айналған Ботаникалық бақта емін-еркін қыдырып жүретін қараша халық енді бұл жерге аяқ баса алмай қалды. Тіпті осы бақты кесіп өтіп мектеп пен балабақшаға баратын жұртты жерді сатып алғандар бұл аумақтан өткізбейтін күйге жетті.Журналист Ботагөз Омарова 11 мамырда алғаш рет ботаникалық бақты қайтаруға қатысты митинг өткізуді сұрап әкімдікке өтініш тастаған. Биліктегілер митинг өткізетін арнайы орын болуы қажет деген желеумен бірінші жолы рұқсат бермеген екен. Журналист екінші рет өтініш жазған соң әкімшілік 11 маусымда бейбіт түрде митинг өткізуге рұқсат берді. «Ботаникалық баққа қатысты мәселені үкімет деңгейінде шешу керек. Сондықтан қазіргі уақытта бәрі біздің азаматтық позициямызға байланысты. Қойып отырған талабымыздың орны бөлек, шындық біз жақта болуы тиіс. Ал депутаттар үшін өздерінің халықпен бірге екенін іспен дәлелдейтін кез келді. Облыстық және қалалық қоғамдық кеңес сіздердің құр уәделеріңіз керек емес, жұмыс жасайтын уақыт келді»,  деп мәлімдеді журналист Ботагөз Омарова.Ботаникалық баққа тиесілі жерді кері қайтаруды талап ететін бейбіт түрдегі митинг 11 маусымда Абай ескерткішінің алдында өткізіледі. Жері жекеменшікке өткен, талай жылдан бері ғимараттар салынған жердің кері қайтарылуы оңайлықпен шешілетін мәселе емес екені анық. Дегенмен қарағандылықтар әділдік жеңуі тиіс деген үмітте.

Тегтер: