Бояу мен болмыс арасындағы жазулар (Бахтияр Табиевтің шығармашылығы туралы)

Кей адамдар бояумен ойнайды, ал кейбіреулер бояудың өзіне айналып кетеді. Бахтияр Табиев – бояуға айналған санаулы тағдырдың бірі. Суретші Пауль Клее: «Өнер – бұл көрінбейтінді көзге көрсету» дейді. Табиев те сол көрінбейтінді ішкі әлемінің тылсымын бояу арқылы сөйлеткен суреткер.
Ол Қазақстан Суретшілер одағының басқармасының белсенді мүшесі, кескіндеме секциясының төрағасы қызметін атқарды. Суретші ретінде марапаттар да алып, елге танылып үлгерді. Бірақ оның шынайы жеңісі рухани биікке жетіп, өнермен өмір сүруінде еді.
Зайыры кей адамдар дүниеге келмейді. Олар туа салысымен әлеммен үндесіп кететін сияқты. 1940 жылы 14 мамырда Қытайдың Құлжа қаласында өмір есігін ашқан Б.Табиев дәл сондай жан еді. Ол тіпті сөйлеуден бұрын сурет сала бастаған екен. «Бауырым Бахтияр еңбектеп жүргенде-ақ, қолына түскенді қағаз, ағаш жаңқасы, мата болсын бәрін көмірмен шимайлай беретін», – деп жазады әпкесі Халида Табиева-Сафарғалиева.
Бахтияр бала кезінен-ақ өзгеше болыпты. Сезімтал, үнсіз, көз ұшы көрінбейтін қиянға телміруден жазбапты. Көкжиекке ұзақ қарап, үнсіз қалған Бахтиярдан бірде: «Не істеп тұрсың?» – деп сұрапты, сонда: «Құс ұшып бара жатыр еді, соны бақылап тұрдым», – деп жауап беріпті деседі. Бұл көрініс, бәлкім, табиғаттың сәттік қозғалысын, мәңгілік күйге айналдырғысы келген баланың бейнесін елестетсе керек.
1955 жылы Табиевтің отбасы Қытайдан тарихи Отаны – Кеңес Одағына қоныс аударады. Бұл – тек олардың ғана емес, тұтас татар халқының тағдыры еді. ХХ ғасырдың 1950 жылдары Шыңжаңнан Қазақстанға репатриацияланған бір қауым татар ұлты қазақ даласын өз үйіндей қабылдап, тілі мен діні, жүрек түйсігі жақын халықпен біте қайнасып кетті.
Осы жылы Бахтияр Фрунзедегі көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, табиғат сыйлаған қабілет пен нәзік сезімін кәсіби арнаға түсіре бастайды.

1961 жылы Б.Табиев Мәскеудегі әйгілі Суриков атындағы көркемсурет институтына қабылданды. Мұнда оның көзқарасын қалыптастырып, техникасын ұштауға академик А.М.Грицай және Д.Д.Жилинский мен С.Н.Шильников сынды профессорлар әсер етті.
Мәскеуде ол суретшілердің тұрағына айналған әйгілі Третьяков галереясы мен Пушкин музейіне үнемі барып жүрді. Сезанн, Матисс, Сарьян мен Пикассоның туындыларын ол сағаттап зерттеді. Табиев үшін бұл – көркем тілдің ішкі музыкасын естуді, кескіндегі үнсіздік арқылы ой айтуға үйрену еді.
1966 жылы студент Бахтияр Алматыға каникулға оралады. Бір қызығы, диплом жұмысына материал жинау мақсатымен келген сапарында ол болашақ жарын жолықтырады.
Кейін Мәскеуге оралған соң, жинаған әсерлерін терең композицияға айналдырды. Жұмыс көпфигуралы үлкен кенеп болды. Ал оның артында Қазақстанның кең әрі мағыналы пейзажы жатты. Табиғат – тек фон емес, идеяны тереңдетіп тұрған рухани кеңістікке айналды. Диплом қорғау күні зал толы болды. Ал сахнада – Бахтияр. Ол көп сөйлемеді. Бірақ оның орнына картинасы сөйледі. Қорғау сәтінде залда оның жақын досы, график Мақұм Қисамединов та отырған-ды.
1967 жылы ол Мәскеудегі оқуын аяқтап, Алматыға түбегейлі оралады. Бұл – кәсіби шебердің қазақ еліне қызмет етуге бет бұрған сәті. Ол Мақұм Қисамединовпен бірге Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берді.
Оның ұстаздық қасиеті жайлы суретші Дулат Әлиев: «Бахтияр Хасанұлы шәкірттеріне әрқашан құрметпен қарайтын. Олардың жанына жара салмауға, оқуға деген жеккөрініш сезімін тудырмауға тырысатын. Біз оны шексіз жақсы көретінбіз! Ол бізге өзінің жеке кітапханасынан альбомдар алып келетін, шеберлердің таңғажайып репродукцияларын көрсететін. Өзі классикалық білімнің барлық сатысынан өткен адам ретінде бізге де сол мұраны терең түсініп, сіңіруімізге көмектескісі келетін. Біз ондай ұстаздың жанында таңнан кешке дейін болғымыз келетін», – деп еске алады.
Табиевтің ерте кезеңдегі жұмыстарынан оның ұстаздарының әсері байқалатын. Алайда ол сол ілім шеңберінен шығып, өз бояуын, өз үнін іздеді. Ол нәзік реңктер арасындағы көлеңке мен жарықтың арақатынасын зерттеді, өмірдің ойдан шығарылмаған, табиғи күйін аңсады.
Алпысыншы жылдардың соңындағы Алматыдағы көрме залдарын Табиевсіз елестету қиын. Ол «алпысыншы жылғы» буынның өкілі болды. Тартысқа толы пікірталастар, батыл тұжырымдар мен алғашқы шығармашылық қадамдар осының бәрінің ортасында Бахтияр да жүрді. Ол этюдке жиі шығатын, қазақ тұрмысын зерттейтін.

1970 жылдан бастап ол Қазақстан Суретшілер одағының толыққанды мүшесі атанды. Бұл оның шығармашылық қауымдастықтағы орнының ресми бекітілуі ғана емес, кәсіби ортада мойындалуы болатын. Ал арада он сегіз жыл өткенде, 1988 жылы, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. Анығында, бұл атақ ішкі рухани жолдың, өнерге адалдықтың көрінісі еді. Табиевтің үнсіз еңбегі мен терең сезімге құрылған шығармашылығы уақыт өте келе елдің рухани қазынасына айнала бастағанының белгісі болатын.
1987 мен 1990 жылдар аралығы – Бахтияр Табиев шығармашылығында ерекше бетбұрыс кезеңі болды. Ол осы жылдары Арал, Маңғыстау мен Қызылорда өңірлеріне бірнеше мәрте сапар шегіп, кең байтақ даланың тынысын, шөл мен теңіздің үнсіз тілін тыңдады. Бұл сапарлар оның шығармашылық дүниетанымына жаңа бағыт әкелді. Осы уақыттан бастап оның кескіндемесінде эмоциялық кернеу – экспрессия арта түсті. Композиция құрылымында сызықтар күрделене түсіп, артық детальдардан арылу байқалды. Табиев енді бір сәтті, бір сәттің ғана шындығын тұтас болмыс ретінде көрсетуге ден қойды.
Дәл осы кезеңде дүниеге келген «Арал және Арал маңы» сериясы оның өміріндегі көркемдік әрі рухани ізденістердің шыңы болды. Табиев бұл арқылы қала тіршілігінен тыс қалған қарапайым жандар арқылы Адам мен Табиғаттың, Жан мен Кеңістіктің арасындағы ажырамас байланысты қайта тірілтті. «Бұл картиналар табиғатпен үндестігін жоғалтып алған адамдарға арналған үнсіз ескерту сияқты. Табиев бізге адам болмысының ең шынайы сәттерін қайтарып отыр», – деп жазды кейіннен Табиев шығармашылығын зерттеген өнертанушы Рауза Көпбосынова.
Осы ізденістердің, жан мен бояуға сіңген еңбектің нәтижесінде Бахтияр Табиевтің шығармашылығы кеңінен таныла бастады. 1989 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық көрме-байқауда «Живопись-89» жобасында дипломант атанды. Ал араға екі жыл салып, 1991 жылы КСРО Көркемсурет академиясы дәл сол «Арал және Арал маңы» сериясы үшін оған арнайы диплом табыстады. Бұл марапат – оның шығармашылығының философиялық тереңдігіне, адам мен әлемге деген тұжырымдамалық көзқарасына берілген жоғары баға еді.
Париж – суретшілер үшін жай ғана қала емес, арманның мекені. Бахтияр Табиев үшін бұл арман 1998 жылы жүзеге асты. Халықаралық өнер орталығының арнайы шақыруымен ол ұлы Азатпен бірге Франция астанасына аттанып, екі ай бойы Парижде тұрып, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл сапар оның шығармашылығы үшін ерекше кезең еді. Күн сайын әйгілі Лувр мен басқа да көркемсурет музейлеріне барып, әлем өнерінің жауһарларымен бетпе-бет келді. Қазіргі заманғы көрмелерді аралап, өз туындыларын да көрермен назарына ұсынды Сөйтіп әкелі-балалы екеуі Отанына мол әсермен, түрлі эскизбен, ішкі жаңғырумен оралды. Париж оның шығармашылығын таныды. Сол жылы ол Халықаралық өнер орталығының мүшесі атанды.
1999 жылдың 27 қыркүйегінде, Алматыда қиялға, арманға толы жүрек тоқтады. Бірақ өнері тоқтаған жоқ. Ол әлі де бізбен бірге қозғалмайтын бейнелер арқылы өмірдің нәзік сәттерін сездіріп, үнсіз кенептің ішінен жарық шашып тұр. Тынысы үзілгенімен, жарығы сөнген жоқ.
Оның жарығы өшпей, әке жолын жалғаған ұрпағынан да жалғасын тапты. Қызы Саида кескіндеме пәнінің оқытушысы атанса, ұлы Азат Мемлекеттік өнер академиясында магистратураны тәмамдап, суретші атанды.
Кегендегі этюдтер
Б.Табиев табиғатсыз өмір сүре алмайтын. «Этюдсіз өмірді де, шығармашылықты да елестете алмаймын», – дейді ол. Табиғат – оның ұстазы, ал кеңістік – ішкі әлемінің айнасы. Қазақстанның ұлан-ғайыр кең даласы, таулары, құмды шөлдері мен жасыл ормандары оны әр сапар сайын жаңа әуенмен қарсы алатын.
Ол этюдке жиі шығатын. Әсіресе Алматы облысындағы Кеген мен Нарынқол маңдарына бірнеше рет барған. Салихитдин Айтбаевпен де бірнеше мәрте этюдте болыпты. Сол сапардың бірінде Табиев «Кегеннің Сарыны» атты туындысын жазса, Айтбаев «Кегеннің балалары» атты картинасын кенепке түсірген екен.
Ол үшін этюд – тек жаттығу емес, шынайы өмірдің бейнелік түйіні еді.
Табиевше жазу
Б.Табиевтің картиналары айқайламайды, сыбырлайды. Олар бізге өмірдің үнсіз поэзиясын естіртеді. Сондықтан да болар, оның әлемі жай ғана бейнелерден емес, «күйлі кеңістіктерден», экзистенциалдық тыныстан құралған іспетті. Табиевтің шығармаларын толық сезіну үшін оларды хронологиялық тұрғыда, тақырыптық дамуымен, кейіпкер бейнелерімен, түстік реңктері мен ішкі динамикасымен қарастыру қажет. Оның туындыларында көбіне оқиға жоқ, бірақ өмір бар. Оның кенебінде тек әрекетсіз күй кешіп тұрған бейнелер ғана емес, бүтін болмыстың тынысы жатыр. Оның салғандары жай «сурет» емес, жазу. Бірақ ол сөзбен емес, бояумен жазылған хат. Сондықтан да біз оны «Табиевше жазу» деп атай аламыз.
Табиев табиғаттан «сюжет» алмайды. Ол одан мән алады. Ол этнографияны әшекей ретінде емес, адам болмысының іргетасы ретінде пайдаланады.
Табиев бізге күнделікті өмірдің қарапайым көріністері арқылы онтологиялық тереңдік, экзистенциялық үндестік, уақыт пен мәңгілік арасындағы сыбырлы көпірді ұсынады. Ол ешкімге ұқсамайды. Ол өзінше. Ол Табиевше.

«Үрей»
«Үрей» картинасы – желге қарсы туған үнсіз айқай іспетті. Бұл – табиғатпен үндестік емес, табиғатпен тірес. «Үрей» – Бахтияр Табиевтің «Арал» топтамасындағы ең экспрессивті әрі символикалық жұмыстарының бірі. Мұнда поэтикалық шындық жоқ, әлеуметтік жара бар. Жан жарасы.
Кенепте бейнеленген үш әйел бейне: қыз, ана және бала. Бұл – қазақ өміріндегі классикалық үштаған: жас ұрпақ, ана мен перзент. Бірақ бұл жолы олар жай бейне емес, кеңістіктен қашып бара жатқан өмірдің символы.
Қыз бетін қолымен қалқалап, желге қарсы жүріп келеді. Жел оның денесін жалаңаштап, өмірдің қаталдығын ашып көрсеткендей.
Жанында – ересек әйел, бет-әлпетінде қасіреттен гөрі, сабыр басым. Ол құндақтағы сәбиін тас қылып құшақтап келеді. Артында кішкентай қыз. Ол үміт. Бірақ үміт те титықтаған.
Картинаның фоны – қан түстес тік жарық. Бұл – апаттың ізі, бәлкім, жара. Артта қалып бара жатқан дүние өз үйлесімділігін жоғалтқан кеңістік. Бұл – тек табиғи апат емес, тарихи апаттың символы. Аралдың тартылуы ғана емес, адам мен оның болашағының жалаңаш қалуы.
Суреттің пластикасы, түстердің шоғырлануы мен мазоктың іркілісті үзілістері – барлығы эмоционалды шиеленісті тереңдете түседі. Мұнда Табиевке тән нәзіктік жоқ, бұл – үзіліп тұрған жүйке. Бұл уақыттың қаттылығы.
Жұмыстың ерекшелігі сол: ол жекенің трагедиясы арқылы ұлттың, адамзаттың күйзелісін айтады. Бір қарағанда, жай ғана үш әйел бейнесі.
Ал шын мәнінде, бұл әлемнен қашып бара жатқан адамзат, ондағы үрей.
Санжар Сырғабаев,
суретші, өнертанушы