Боз даладағы қағаз қалаға қош келдіңіз!

Қазақ билігі біраздан бері Алматы облысында су жаңа қала саламыз деп сарсаңға түсіп жүр. Сарсаңға түсті дегенге қарап, шенділер білегін сыбанып тастап, үлкен іске кірісіп кетті деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Қазірше қолда бары эскиз бен жоспар ғана. Яғни барлық жұмыс қағаз жүзінде ғана жүріп жатыр.
Алдымен биліктің жоспарын айтайық. Алматы мен Қонаев қаласы арасында су жаңа Алатау қаласы пайда болып, жаһандық стандарт бойынша жұмыс істейтін халықаралық бизнес-хабқа айналады. Қалада 2 миллионға жуық адам қоныстанып, Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы ірі экономикалық орталық болады. Сондай-ақ Alatau City елдегі толық цифрланған алғашқы қалаға айналады.
Билік Алатау қаласы құрылатынын 2024 жылы қаңтарда айтқан. Сол сәттен бастап Алматы облысындағы Жетіген ауылы Алатау қаласы атанып, облыстық маңызы бар қала атанды. Бірақ Жетігеннің аты ауысқанымен заты ауыл күйінде қалғанын көпшілік жақсы біледі. Былтыр біз де арнайы барып, жаңа қаланың болашағына күмәнмен қарап қайтқанбыз. Алатау қаласын дамыту жөніндегі жобалау кеңсесін вице-премьер Қанат Бозымбаев басқарады. Оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев көмектеседі.
Әрине, облыстың бұрынғы әкімі мен қазіргі әкімі қол қусырып қарап отыр дегеннен аулақпыз. Сұлтанғазиев елге ұялмай көрсететіндей етіп, қаланың эскизін сызды. Бірақ мамандар макеттегі заманауи ғимараттар мен ғажайып құрылыстар өзге мемлекеттерден ұрланғанын байқап қалып, сәл ыңғайсыз жағдай болғаны есімізде. Ал Бозымбаев қаланың бас жоспарын қайта қарап, оған ерекше мәртебе беру жөнінде айтып, біраз жүрді.
Ақыры вице-премьердің дегені болып, Алатауға ерекше мәртебе беріліп, үкіметке тікелей қарайтын болды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында айтқан. Кейінгі кезде Alatau City жобасына Тоқаевтың өзі баса назар аударып отырғаны байқалды. Жолдауында айтты, ал жақында Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойды.
Құжатта «Alatau City Authority» мемлекеттік қорын құру, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес құру және биыл жыл аяғына дейін Алатау қаласының арнаулы мәртебесін айқындайтын конституциялық заң жобасын дайындап, Мәжілістің қарауына беру туралы айтылған. Бұл бұйрықтың орындалуын тікелей президент әкімшілігі бақылайды. Шамасы Бозымбаев пен Сұлтанғазиевтің сылбыр жұмысынан түк шықпайтыны аңғарылған соң Тоқаевтың өзі араласып, көргісі келген сияқты.
Президент жарлығы жариялана сала, отандық БАҚ-та Alatau City жобасы жайлы ақпарат қаптап кетті. Бірінен-бірі асып түсіп, Алатаудың алып шаһарға айналатынын, ондағы ел-жұрт ертегідегідей өмір сүретінін жарыса жазып жатыр. Сондағы мәліметтерге сенсек, Алатаудың бас жоспары 5 томнан тұрады екен. Қалаға инвестиция салуға Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты ірі елдер ынта танытып отырған көрінеді. Тіпті құрылыс жұмыстары басталып кетіпті. Қазір қалада 18 ірі жоба қолға алынған. Оның ішінде құны 81 млрд теңге болатын «PepsiCo» зауыты мен 43 млрд теңгелік «Eastcomtrans» логистикалық орталығы бар.
Айтпақшы, Alatau City қаласының құрылысы монумент салудан басталғаны қызық болды. Биыл 12 қыркүйекте Alatau City-дің алғашқы инвестициялық жобасы – K-Park мәдени орталығының алғашқы тасы қаланды. Жобаны Қазақстан корейлері қауымдастығы қолға алып, оны елдегі корей диаспорасының 90 жылдық мерейтойына арнаған. Сол іс-шараға қатысқан облыс әкімі Сұлтанғазиев тебірене сөз сөйлеп, жаңа қала құрылысын магистраль салудан емес, саябақтан бастаудың терең мәні бар екенін айтты. Оның айтуынша, K-park мәдени өмірдің орталығы әрі инвестиция тартудың нүктесіне айналады. Бұл парк 2027 жылы ашылады деп жоспарланып отыр.
Бозымбаев барған боз дала
Қыркүйек айының аяғында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысына сапар шегіп, Alatau City жобасының даму барысымен танысты. Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кетіп, былтырғы алапат су тасқыны кезінде «құтқарушы джокер» рөлінде оралған Бозымбаевқа сеніп тапсырылған ең маңызды жұмыстардың бірі осы – Alatau City жобасы.
Бозымбаев бұл сапарынан білгеніміз – қала төрт аймақтан тұрады. Атап айтқанда, Green District – табиғат аясындағы демалыс пен туризмге арналған аймақ, қала мен табиғат үйлесім тапқан орта. Gate District – қаланың қаржылық және әкімшілік орталығы. Golden District – білім, медицина және инновация орталығы. Яғни білім беру, ғылым және денсаулық сақтау бағыттарын дамытатын аудан. Growing District – экспорттық экономикаға және тұрақты дамуға бағытталған индустриалды-логистикалық аймақ.
Бұл жоспарға қарап, есімізге билік кейінгі 15 жыл бойы айтып, жүзеге асыра алмаған G4 City арнайы экономикалық аймағы еске түсті. Билік бұл жоба бойынша бірнеше бас жоспар жобасын дайындап, бәрі аяқсыз қалған. Тіпті бір кезде қаланың G4 емес, G3 болып «кішірейген» кезі де болған. Ақыры ол жоба орта жолда қалып, Alatau City алға шықты. Бұл жағынан Alatau City-ді бұрынғы G4 City-дің заңды жалғасы деуге болады. Өйткені екі жобаның мақсаты бір. Бірақ соңғысы әлдеқайда ауқымды, G4 City Алматы-Қонаев тасжолының бойында орналасуы керек болған, ал Alatau City Жетігеннен бөлек тағы 12 елді мекенді қамтиды.
Кезінде G4 City-дің де дақпырты аз болмаған. Ол жобаның да көргенде көз тоятын эскиздері сызылып, макеттері жұртқа көрсетілген. Бірақ сол қағаз жүзінде қалды. Оған дейін дәл осы Алматы іргесінде Alatau IT City ақпараттық-технологиялар паркі ашылды деген жоспар болды. Үкімет Орта Азиядағы ең ірі интеллектуалды орталық саламыз деп бюджеттен 25 млн доллар бөліп, ақыры ол да аяқсыз қалған. Басқаша айтқанда, Alatau City – Алматы маңында бой көтереді деп жоспарланып отырған үшінші ірі жоба. Алғашқы екеуі аяқсыз қалды, үшіншісі қалай боларын уақыт көрсетеді.
Астанадан вице-премьер келген соң жергілікті шенділерде жан қала ма, бәрі шығып журналистерге сұхбат берді, Алатау қаласының келешегі мен кереметі жайлы жоба-жоспарларын айтты. Атап айтқанда, Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов америкалық ірі компания аймаққа 80 млрд (теңге ме, доллар ма?) инвестиция құятынын, 500 жұмыс орнын ашатынын айтты. Сондай-ақ Қанат Бозымбаев өзі де телеарнаға сұхбат берді.
Ең қызығы, шенділер жаһанда жоқ ғажайып қала салатын ұлы жоспарларын топырағы шыққан қара далада тұрып таныстырды. Шаң жұтып, қараусыз жатқан қу дала мен Бозымбаевтың сөзі мүлде сәйкес келмейтінін айтпасқа амалымыз жоқ. Алатау қаласы қағаз жүзінде құрылғалы екі жылға жуықтады. Содан бері қара далаға бір түп тал егіліп, бір шақырым жаңа жол салынбаса, әдемі эскиз бен мінсіз макетке қалай сенеміз? Мұндай сүреңсіз аймаққа қорықпай қаржы құятын «ержүрек» инвесторды қайдан табамыз?
Экономист Мақсат Халық «Жас Алашқа» жаңа салынып жатқан қалаға шетелден инвестиция тарту оңай емес екенін айтты.
«Шетелдіктер қаржы салу үшін елдегі инвестициялық ахуалға, заң-түзімнің дұрыстығына және инвесторға жасалатын жағдайға қарайды. Осылар тиімді болса ғана шетелден қаржы алуға болады. Егер осы талаптарды орындай алмасақ, Алатау жобасы да қатардағы көп бағдарламаның бірі болып қалады», – дейді маман.
Тағы Қытайға қол жаямыз
Биылғы жолдауында президент Тоқаев Alatau City жобасын жүзеге асыруға Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан компания тікелей атсалысатынын айтқан. Яғни «Орта Азиядағы ірі экономикалық орталығымызды» салу үшін қытайларға иек сүйегелі отырмыз. Қыркүйектің аяғында Астанадағы «жемқорлық ескерткіші» – LRT сынақ ретінде іске қосылды. Ұзақ жыл бойы бітпей тұрған жұмысты аяқтауға Қытай компаниясы араласты.
Барлық салаға Қытай инвестициясын тарта берудің өз қаупі бар. Сарапшылар Қытай инвестициясын геосаяси ықпал ету құралы деп санайды. Оның арты қарызға ұласып кетуі мүмкін. Бейжіңнің дамушы елдерді қарызға батырып, өтеуіне сол елдегі стратегиялық нысандарға қол созатын әдеті бар. Мұны Батыс жұрты «қарыз тұзағы дипломатиясы» деп атап жүр. Қазір Қазақстанның Қытайға қарызы 9,2 млрд доллар. Демек өз қолымыздан келмейтін жұмысты бастап алып, оны аяқтай алмай, соңын Қытайға табыстай салудың да салмағы бар.
Спутник қала салу әлемде бар тәжірибе. Ірі қалалар қасынан кішігірім қала салып, мегаполистегі ауыртпалықты сонда аударады. Бірақ ондай спутник қалалардың халқы 100–150 мыңнан аспайды. Ал біздің билік Алатауға 2 млн адамды қоныстандырамыз деп отыр. Яғни Алматы мен Қонаевтың ортасында тағы бір мегаполис салмақ. Сарапшылар дәл осы тұста жобаның шынайылығына күмәнданады. Өйткені алақандай аумақта 3 ірі қаланың иық тіресіп, қатар тұрғаны экономикалық және экологиялық тұрғыда өте тиімсіз болмақ.
Оның үстіне әлемдік тәжірибеде Қазақстан сияқты дамушы елдерде мұндай ірі жобалар көбіне сәтсіздікке ұшырайтыны дәлелденген. Оны ойдағыдай орындауға елдің экономикалық әлеуеті жетпейді. Екіншіден, жемқорлық, біліксіз мамандар сынды адами факторлар да жоспардың жүзеге асуын қиындата түседі. Бұған мысал ретінде жоғарыда Alatau IT City жобасын айттық. Бұдан бөлек біздің елде «Ақтау-сити», «Шымкент-сити», Ақтау, Түркістан және Арыс қаласындағы Smart City сияқты жобалар жөргегінде тұншыққан. Alatau City солардың кебін кимесін десек, Сұлтанғазиев пен Бозымбаев эскиз сызуды тоқтатып, нақты жұмысқа ертерек кіріскені жөн.
Сұлтанғазиев былтыр журналистерге берген сұхбатында «Сингапур сияқты заманауи қала саламыз» деп мақтанған. Ал Бозымбаев Алатауда Pepsi, Mars сияқты әлемдік компаниялардың өндіріс орнын ашпақ. Тіпті Формула-1 жарыс трассасын салып, автобәйгенің көрігін қыздырғысы келеді. Тағы бір жоспар бойынша, корейлер салып берген K-Park паркіне (жоғарыда атап өттік) жыл сайын 3,5 млн турист келеді-міс. Біз билік жаңа қалаға 2 млн тұрғынды қайдан табады деп бас қатырып отырмыз, ал шенділер аумағы небәрі 10 гектар саябаққа 3,5 млн турист қабылдамақ...
Қуаныш Қаппас