Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 13 Сәуір 2024

Бозымбаев берген уәдені, Исабаев орындап берсе деп...

1

«Өз қадіріңе лайықты сөз айт» демекші, осы мақаланы жаза отырып «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген жанайқайымды әріден бастасам.

 Бұл мәселе Алматы облысы екіге бөлінбей тұрып оны ұзақ жылдар басқарған облыс әкімі Амандық Баталов мырзаның алдынан да талай өтіп, айтылып бітпей келе жатқан еді. Ол басқа емес, білім саласы мен сапасы бойынша бүгінгі таңда іске асырылып жатқан ұлттық жоба, «жайлы мектеп» жайында...

Ол жайдың анық-қанығына келер болсақ, бүгінде Жетісу облысы Жаркент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектебі балансында тұрған 1,8 га спорт алаңы бар. Міне, осы тозығы әбден жеткен ешбір инфрақұрылымсыз, тек футбол қақпалары ғана бар топырақты спорт алаңына заманауи, бар талаптарға сай келетін 100Х65 метрлік үлкен футбол алаңына айландыра 400 метрлік алты жолақты жүгіру жолдары мен кеңінен қатарлай сиятын 40Х25м кіші футбол алаңы және 50Х38м екі трибуна, артына жапсарлай қос спорт залы бірге түсер мектеп стадионын салуды тынбай, 2008 жылдан бері айтып та, жазып та, әкім мен білім басшыларының есігі мен табалдырығын тоздырумен келемін. Тіпті мектеп стадионының жобалық-сызбасын да дайындап, «соқырға таяқ ұстатқандай» болғаныммен, «ит үреді, керуен көшедінің» кері болып тұр...

Осы ретте Есенқұл Жақыпбековтің: «Қай дөкейдің дәуірі туды екен деп, «көтен» аңдып өтеміз бе өле-өлгенше...» деген өлең шумақтары еріксіз еске түседі.

Тіпті 2021 жылдың 18 желтоқсан күні ауданымызға ресми сапармен келген Алматы облысының жаңа әкімі (облыс екіге бөлінбеген кез) Қанат Бозымбаев менің өтінішім бойынша қасына облыстық спорт басқарма басшысы Н.Теңізбаевты ерте келіп, жеке қабылдау өткізіп, сол кездегі аудан әкімі Талғат Өмірәлиевке 2021 жыл аяғы болса да осы мектеп стадионына сметалық құжаттарын жасатып, оның іске асырылуы қатаң бақылауда болатынын айтқан еді.

Десе де одан бері 2022 жылдың қаңтары өтіп, облыс жаңадан Жетісу атанып, әкім Бозымбаев кетіп, орнына бұрынғы сенатор Бейбіт Исабаев келді. «Кемеңгерге де кеңес керек, ай түнде керек, ақыл күнде керек» дегендей, артық кетсем кешірерсіз деп, екі жылдан бері жаңа облыс әкіміне де осы Жамбыл мектебінің екі мәселесін тоқсан сайын аудан тұрғындары алдында есеп беру жиындарында ауызша да, жазбаша да айтып-ақ келемін. Тіпті әр есеп беруде әкіммен бірге қатысып, жүргізіп отыратын облыс мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева ханымға да Жамбыл мектебінің екі мәселесін күн тәртібінен түсірмеуін сұрап, ескертіп отырмын. Бұл мәселе бойынша талай баспасөзге мақала да жарияланған. Керек десеңіз, экс оқу-ағарту министрі, қазір парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетовке ашық хат жазып, одан «тиісті құзырлы орындар айналасуда» деген сырғытпа жауап хаты бар қолымда.

Осыған орай, Жамбыл мектебіне қатысты мектеп түбінен 2013 жылы қоршаған ортаға зиянды қалдықтарын бөлетін болғандықтан 2,8га аумақты алып отырған Жаркент крахмал сірне зауыты амалсыз бұрынғы банкрот болған жүгері зауытының 50 га жеріне көшіп барып, кәсібін әрмен қарай дамытуда (бұл мәселеге де аз араласқан жоқпыз).

Ал осы Жамбыл мектебі қаланың оңтүстік батысына сонау 1972 жылы 600 орынды оқушыға арнап салынған болатын. Бүгінгі 2023-2024 оқу жылы бұл көне мектепте оқушы бала саны күннен-күнге артып, 2000-ға жуықтап отыр. Оқушылар екі ауысыммен оқыса да қысылып-қымтырылып сыймай жатыр. Спорт секцияларына қатысушыларға ұядай бір спорт зал ғана бар. Қаланың осы оңтүстік батыс аймағынан шығар жаңа мектеп салуға тек бір жол – мектеп жанынан көшіп кетіп, он жылдан бері қаңтарылып бос тұрған кәсіпорын орнына жапсарлай жаңа үлгідегі мектеп салу керек.

Бұл мәселе қанша айтылғанмен, аудан әкімі орынбасарына сілтеп, орынбасары қолынан келмейтін шаруа болған соң жер кадастрлік бөлімге сілтеп, ал жер бөліміндегі қызметкерлер «мақсатты пайдалануға жерді қайтару» туралы бұйрық болмаған соң мектеп жанындағы жердің заңды меншік иесі бар деумен бар жұмысы тәмам болды.

Осы мәселені кезінде облыс әкімі Қ.Бозымбаев назарына алып, сол кездегі аудан әкімі Т.Өмірәлиевке осы көшіп кеткен кәсіпорын иесі Закиржан Кузиевпен келесімге келіп, босаған жерді мемлекетке қайтару арқылы жаңа мектеп салу жөнінде айтылған. Бірақ әлі күнге аудан әкімі тұрмақ, облыс әкімінен де еш ықпайтын З.Кузиев 2022 жылдың жазында аяқасты ассамблея атынан мәжіліс депутаты болды, одан кейінгі елдегі саяси өзгерістердің де жолын тауып, қазір бес жылға сенатор атанып отыр. Ол енді осы сенаторлық мансабын пайдаланып, мектеп жанындағы жекеменшік жерін басқа бір «дөкейлерге» сатып та жібере ме деген ой келеді...

Бәлкім, оның сенаторлық мерзімі біткен соң қайтып келіп ЖШС-ның бастығы ретінде жекеменшік кәсіпорын бизнесін «мектептен маған не пайда?» деп, кәсібін әрмен қарай жүргізуге кет әрі емес шығар деп те ойлайсың.

Осы ойымды өрбіте келе, күні кеше ғана наурыздың соңғы күні президент жарлығымен премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындалып отырған Қанат Бозымбаевтың «құлағына алтын сырға» демекпін. Қанша дегенмен, көзбе-көз кездесіп, қол алысқан таныс адамымыз ғой, облыс әкімі кезінде маған берген уәдесінің әлі орындалмай жатқанын жеткізсем деймін.

Бұл менің жеке басымның мәселесі емес, Жаңа Қазақстан құра отырып, үкіметке бірінші кезекте келешек ұрпақ үшін үш ауысымды мектептерді жою жөнінде тапсырмалар беріп, елдегі ескірген білім шаңырақтарын анықтап, оны жаңғырту мақсатында «Жайлы мектеп» салуға енді елдегі заңсыз жолмен тапқан табыстар қайтарылып, «жемқорлықтан» түскен қаржылар арнайы қор арқылы тікелей мектептер салуға жұмсалатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкін осы базына хатымды оқып та қалар, болмаса оған жеткізер деген оймен «Жас Алашқа» зарымды жолдап отырмын.

Сұлтанғазы Қоқаби,

Жамбыл мектебінің футбол үйірмесінің бапкері

қоғам белсендісі

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жетісу облысы

Жаркент қаласы

Тегтер: