Бозымбаев неге ашуланды?
Алматы облысының әкімі брифингте не айтты, не айтылмай қалды?
Өткен аптада Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев баспасөз өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Жиынға аймақтағы жергілікті баспасөз өкілдері мен республикалық БАҚ-ның тілшілері қатысты. Брифинг кезінде Қ.Бозымбаев өзі өңірге келген екі-үш айдан бергі жағдайды сараптап, Қаңтар оқиғасында өзінің не істегенін, жағдайдың қалай өрбігенін рет-ретімен баяндап берді. Сондай-ақ Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы сөз сөйлеп, кейбір шешімін таппай отырған күрделі мәселелерге арнайы тоқталды. Тілшілер сұрағына барынша, еркін жауап берген аймақ басшысы өңірге тартылып жатқан инвестициялар туралы да айтып, Алматы облысының алдағы бірнеше жылдық даму жоспары туралы мазмұнды талдау жасады.
Мәселен, Қ.Бозымбаев өңірде толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу көзделіп отырғанын, облыста электр энергиясын тұтыну 730,65 МВт құрайтынын айтты. Оның ішінде меншікті өндіріс 313,18 МВт, ЖЭК үлесі – 78 МВт немесе 25 пайыз. 2025 жылға дейін жалпы қуаты 398 МВт болатын 320,2 млрд теңгеге 26 жобаны іске асыру және ЖЭК үлесін 42 пайызға дейін жеткізу жоспарланып қойылыпты. Биыл 179,5 МВт құны 98,7 млрд теңгені құрайтын 6 нысан іске қосылады.
Бірнеше жылдан соң энергия тапшылығы болуы мүмкін. Жыл сайын энергия көздерін пайдалану қажеттілігі артып отыр. Сондықтан бізде энергия қоры болуы тиіс.
«Әрине, халықта «Чернобыль» оқиғасынан кейін қорқыныш бар. Алайда біз алға жылжуымыз тиіс. Мен қазір өңір басшысы ретінде атом станциясы салынатын орынды таңдауға көмектесуім керек. Ал станция Балқашта ма, әлде Ертісте салына ма, ол жағын білмеймін. Алайда, бұл мәселеге өте мұқият келу керек. Елімізде неліктен атом электр станциясы салынбақшы? Себебі бұл экологиялық таза табиғи энергия. Облыста жаңартылатын энергетиканы дамыту нәтижесінде, 64 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ», – деді аймақ басшысы.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімі 2025 жылға дейін 114 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілетінін айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылық өнімін 35 пайызға арттыру көзделіп отырғанын жеткізді. Нәтижесінде, 600 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Брифингте «тәтті түбір» де айтылды. Биыл 200 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта суармалы жерлер мен каналдардың көлемін арттыру жоспарланған.
Алматы облысы туризм мен белсенді демалыстың түрлері үшін қолайлы аймақ. «Жетісу – жер жәннаты», деген сөз тегін айтылмаған. Сондықтан да өңірдің туристік саласы қарқынды дамуда. Қанат Бозымбаев: «Дұрыс көзқараспен туризм саласын экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға болады. Басымдық Алматы тау кластерін, Алакөл және Балқаш жағалауларын, ұлттық табиғи саябақтардағы экологиялық туризмді дамытуға беріледі», – деді. Сонымен бірге өңір басшысы өз сөзінде Алматы тау кластері аясында жалпы сомасы 546,7 млрд теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру және 6 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарда екенін айтып өтті.
Аталмыш жоба жүзеге асса, 2025 жылға қарай, жалпы өңірлік өнімдегі туризмнің үлесі 6 пайызға дейін артады.
Жетісу кен өндірісінен де кенде емес. Алдағы уақытта 3,3 млн тонна вольфрам кені өндірілмекші. Жетісу өлкесінде минеральдық шикізатты өндіріп, қайта өңдеуге басымдылық беріледі. Бұл туралы аймақ басшысы: «Алғашқы ірі жоба – «Жетісу Вольфрамы» ЖШС тарапынан вольфрам кенін өндіру. Бұл жоспар «Бұғыты» кен орнында жүзеге асатын болады. Мұнда 94,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, нәтижесінде 400 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның жобалық қуаты — 3,3 млн тонна кен өндіру», – деді.
Жетісу жерінде іске асатын тағы бір маңызды жоба – «Көксай Мұзбел» ЖШС тау-кен байыту комбинаты. Мұнда келешекте 25 млн тонна мыс кені қайта өңделеді. Бұл мақсатта 650 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Комбинат іске қосылса, 1200 адам жұмыспен қамтылады.
Айтпақшы, аймақ басшысына брифингте қойылған ең алғашқы сауал елді дүрліктірген Қаңтар қасіретіне қатысты қойылған болатын. Ол оқиға кезінде қалада болғанын, ешқайда кетіп қалмағанын айтып: «Жаппай наразылықтардың алғашқы күндерінде мен халыққа шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастадым», – деп бастады әңгімесін.
– Наразылық білдірушілерді барлық проблемалық мәселелерді бір сағат ішінде бірлесіп шешу үшін өз кабинетіме шақырдым. 30 пайызы үйіне қайтты. Сол кездегі азаматтардың талап-тілектері әртүрлі болды. Айқай-шу, ашынған халық. Жергілікті билік өкілдері, менің орынбасарларым олармен барынша, диалог жүргізді. Бірақ 5 қаңтарда жағдай мүлде басқаша өрбіді, тәртіпсіздікке 500-ге жуық адам қатысты. Олардың көпшілігі – жастар, әкімшілік ғимараттарды қиратып, өртеп жіберді, тонау басталды. Облыстағы жағдайды тұрақтандыруға құқық қорғау органдары жұмылдырылды. Қаңтар оқиғасы кезіндегі қақтығысқа 1500-ге жуық полиция қызметкері қатысты. Оның 600-ден астамы түрлі жарақат алды – деді әкім.
Осы кезде тілшілердің бірі – Талдықорғандағы құлаған экс-президенттің ескерткішін қайта қалпына келтіру туралы сұрады. Оған облыс әкімі еш бүкпесіз бұл сауалдың күн тәртібінде қарастырылмағанын ашық айтты. Сондай-ақ ескерткішті қайта жасау мәселесі жергілікті билік тарапынан қарастырылмаған деді. «Қала мен дала» газетінің бас редакторы Думан Бықай әкімнің оқиға кезінде ашуға ерік беріп, боқтық сөз айтып қойғанын есіне салып: «Сол үшін халықтан кешірім сұрайсыз ба?» деп сұрады. Қ.Бозымбаев бұған әзілмен жауап берді. Ашуын бір сәт тежей алмағанын мойындап, сол үшін алаңда бірден кешірім сұрағанын, өзінің мінезді адам екенін айтып, брифингті қорытындылады. Ескерте кететін жайт, брифингте облыстағы ең өзекті сауалдың бірі – Ұйғыр ауданы атауының қашан ауысатыны немесе ауыспайтыны туралы сауал қойылмай қалды.