Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:38, 30 Тамыз 2023

Бозымбаевтың баласы Қосқұдыққа мектеп салып берді

None
None

Алматы облысындағы Қосқұдық ауылының оқушылары нағыз мектепке көшіп, таңданысын жасыра алмай жүр.

«Біз расымен де осы жерде оқимыз ба?» деп сыбырлап сұрап жатты ұяңдау қыз бала анасынан. «Солай-ау» деп қызына күле қарады ол. Сөзге тартып көріп едік, осы ауылда өсіпті. «Мұндай мектепте оқуды армандаған да емеспіз» деп қысқа қайырды. Айтуынша, бұл ауылдың мектебі 1952 жылы салынған. Содан бері дұрыс жөндеу көрмеген. Тозығы әбден жеткен. Мектеп ескі болған соң ауыл тұрғындары балаларын қалаға алып кеткен. Қазір ауылда 100 шақты оқушы бар.

«Ауылымыз мына тұрған Қонаев қаласына қарайды. Онда да Шеңгелді ауылдық округіне кіреміз. Шамның жарығы түбіне түспейді деуші еді ғой. Талай жылдан бері мектеп, дәрігерлік пункт, мәдениет үйі керек деп жүрдік. Қайда барсақ та, ауылдарыңыз шағын, бюджет қаржысы ең бірінші тұрғындары көп елді-мекендерге бөлінеді. Содан кейінгі кезек кішігірім ауылда, күтіңіз деп шығарып салатын. Мектеп жаңармай, ауыл тозып кететін болды деуші едік. Енді, уайымымыз азайды», — деді сөзге араласқан ауыл тұрғыны.    

Жаңа мектептің әр сыныбына шашу шашып жүрген апайдың да қуанышында шек жоқ.

Ол кісіге әсіресе мәдени-іс шаралар өтетін үлкен зал ұнапты.

«Ауылда мәдениет үйі жоқ қой. Бұл мектеп бір ауысымдық. Акт зал ауыл үшін мәдени іс шара өткізетін орын болады. Өте қуаныштымыз. Барлығына осындай қуаныш жұғысты болсын», деді.

Жаңа мектептің ашылуына оқушылар, ата-аналармен бірге Алматы облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев та қатты қуанғандай.

«Конституция және алдағы білім күнімен жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын!» деп сөзін ресмилендіріп бастағанымен, «Бүгін өзім үшін, бала-шағам үшін ерекше күн. Осы уақытқа дейін қаншама мектептің салынуына қатысып жүрсем де, бүгінгідей толқыған емеспін. Өйткені әкем Алдаберген өскен осы ауылда мына жаңа мектепті  ұлым Дәурен мен оның достары салып беріп, көңілімді көкке көтеріп тұр. Олар «Халық игілігі» қоғамдық қорын құрып, өз күштерімен осы ғимаратты салып шықты», — деді.

Дегенмен, Дәурен Бозымбаев пен оның достары 750 миллион теңге шығарып, екі қабатты мектеп құрылысын аяқтаумен ғана шектелмепті.  Мектептің әр сыныбын оқуға қажетті керек жарақтармен жабдықтап шығыпты.  Мәселен, қыздар үшін тігін цехын ашып, тігін машиналарын қойдырған. Ұлдар үшін арнайы еңбек сыныбын ашып, дәнекерлеу, ағаш, темір жону қондырғыларын орнатқан,  компьютерлік сынып ашқан, асхана мен кітапханасы, дәрігерлік кабинеті және бар. Даладағы денешынықтыру алаңы, мектеп ішіндегі спортзалы, жуынатын орындары мен дәретханасын да ұмытпаған. Қысқасы, Астана мен Алматыда жоқ мектепті салып тастапты. Оған қоса, мектепке су жаңа көлік те сыйлады.

Жиын соңында тілшілердің сұрақтарына жауап берген Қанат Бозымбаевтың айтуынша, осы мектепті салу идеясын баласы Дәурен көтерген.

«Әкім ретінде осы ауылға келгенімде бірінші жайылым жердің, екінші медициналық пункт пен мектептің мәселесі шықты. Жайылым жерді тұрғындарға қайтартып бергіздік. Медициналық пункт те шешілді. Ал мектепті бюджет есебінен салуға уақыт керек болды. Осыны естіген балам қайырымдылық қорын құрып, достарымен бір жылдың ішінде салып берді. Сөйтіп, елге берген уәдемді орындап, мені де, ауыл тұрғындарын да қуантты. Жалпы, Қосқұдық станция ғой, темір жол бойында үнемі жұмыс болады. Сосын, бұл ауылда кірпіш зауыты бар. Жақын арада Қонаев қаласында құрылыс қызу жүре бастайды.  Жаңа мектеппен бұл ауылдың жаңа дәуірі басталады», — деді. 

Сондай-ақ ол баласының «Халық игілігі» қоғамдық қоры елде бюджет кезегі жетпей жатқан мәселелерді шешуге алдағы уақытта да көмектесем деп уәде берді.

Қосқұдыққа мектеп салып бергендерге зор алғысын білдірген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, биылғы оқу жылында облыста 1 сыныпқа шамамен 38 700 бала барады (былтыр 37 015). Облыстағы үш ауысымды оқыту мәселесін шешуде 2022 жылдан бері 16 мектептің құрылысы басталған.  Бүгінгі күнде  9 мектеп оқушыларға есігін ашуға дайын. Қалған 5 мектептің құрылысы жыл соңында аяқталуы тиіс. Ал 2 мектеп 2024 жылы пайдалануға беріледі.

«Бұл мекеннің даму потенциалы жоғары. Қасында теміржол стансасы бар, облыс орталығына жақын орналасқан. Жаңа мектеп бой көтергеніне тұрғындар дән риза болғанын байқадық. Мектеп — маңызды инфрақұрылымдық нысан. Оның арқасында жас мамандарды, отбасыларды тартып, ауылға жан бітіруге болады. Бұл — елдімекеннің дамуына тың серпін болары да анық», — деді облыс әкімі.

Тегтер: