Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:55, 20 Маусым 2022

БҚО-ДА КӨКӨНІС АЛАҢЫ 40 % ҰЛҒАЯДЫ

None
None

2021 жылы облыста тіркелген ауыл шаруашылығы құрылымдарына 14,2 млрд. теңге субсидия төленді.

Облыста халықтың картопқа, пиязға, қырыққабатқа, сәбізге деген сұранысын толық қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл белдеу» жобасы бойынша көкөніс алқабы 40 пайызға ұлғайтылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті.

Жоба аясында көкөніс қоймаларының қуатын арттыру да жоспарлануда. «Өткен жылы 6 мың тонналық 3 қойма салынса, биыл 13 мың тонналық 4 көкөніс қоймасын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Сүт белдеуі» жобасы аясында сүт және сүт өнімдерінің импортына тәуелділікті азайту мақсатында өткен жылы сүт өндірісі 3 мың тоннаға, биыл қосымша 5 мың тоннаға артты», — деді аймақ басшысы. Бұл жұмыс облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ биыл Батыс Қазақстан облысының 27 ауылдық елді мекеніне көгілдір отын беріледі. Нәтижесінде облыс халқы көгілдір отынмен 99,8 пайызға қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, биыл 35 елді мекенге ауыз су тартылады. Бұл жұмыстарға 7,4 млрд. теңге бөлінді. Осы жұмыстардың нәтижесінде облыс тұрғындарын ауыз сумен қамту 92 пайызды құрап отыр.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 8 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 2 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынған. Барлығы жоспарда 77 мектеп салу көзделген.

«Жыл соңына дейін 5 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл апатты жағдайдағы 3 мектептің мәселесін шешеді. Сондай-ақ, 9 елді мекенде 9 мектептің құрылысы басталады. Дамуында ауытқуы бар балалардың білім алуына тиісті жағдай жасалған. Облыста аутизммен ауыратын балаларға арналған оқу орталығы ашылды. Сонымен қатар, арнайы ашылған колледж өз жұмысын ақыл-ойы кем балаларға жұмысшы мамандығын алу беруден бастады», — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Тегтер: