Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:54, 30 Мамыр 2022

БҚО-да репрессия құрбандарын ақтау жұмысы жалғасады

None
None

Өткен ғасырдың 20-50 жылдарында Қазақ даласында болған жаппай қуғын-сүргіннің салдары халқымыз үшін өте ауыр.

Зұлматты кезеңде қылышынан қан тамған кеңестік жүйенің құрбанына айналған арыстардың есімдерін елге таныту, тарихтың қайғылы парақтарын мейлінше молынан ашу бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен аманат екендігі даусыз.

Осы орайда Батыс Қазақстан облысында репрессия құрбандарын толық ақтау жөнінде өңірлік комиссия құрылған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жетекшілік ететін комиссия құрамына өңірге белгілі тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, мұражай мамандары кірді. Олар біраз уақыт бойы архив құжаттары, өзге де дерек көздері негізінде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелері жақында М.Өтемісов атындағы БҚМУ базасында ұйымдастырылған «Батыс Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін саясаты: тарих пен тағдыр» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көпшілікке жария етілді.      

Конференцияға онлайн байланыс арқылы қосылған облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Нарымбетов аталмыш бағыттағы зерттеу-зерделеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, табылған құнды деректер міндетті түрде ғылыми айналымға енгізілетіндігін, халықтың назарына кеңінен ұсынылатындығын атап өтті.

Одан әрі белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі Қазбек Қабжан «Батыс Қазақстан өңіріндегі дін өкілдерін қудалау» тақырыбында баяндама жасады. Басқосуда, сондай-ақ, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның «Орал, Бөкей губернияларындағы ашаршылық зардаптары», Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы Есқайрат Хайдаровтың «Батыс Қазақстан облысындағы 1928 – 1932 жылдардағы ұжымдастыруға қарсы халық наразылықтары», өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың «Екінші дүниежүзілік соғыстағы батысқазақстандық соғыс тұтқындары: жаңаша көзқарас» тақырыптарындағы баяндамалары тыңдалды.

Конференция кезінде Б.Боранбаеваның «Капустин Яр әскери полигоны: қазақ депортациясы» кітабының тұсаукесері өткізілді.

Конференцияға жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлері, докторанттар, магистранттар мен студенттер, тарихшылар мен өлкетанушылар, мұражай қызметкерлері қатысты.

Тегтер: