БҚО-ға «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы келді
Белгілі көкшетаулық өлкетанушы, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының ұсынысымен және Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Абылай ханның қара жолы» атты экспедиция ұйымдастырылған болатын.
Жоба «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылдың 12 маусымы мен 26 маусымы аралығында төртінші рет жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың 21 маусымында 12 адамнан тұратын экспедиция мүшелері, мұражай қызметкерлері, тарихшылар, зерттеушілер Батыс Қазақстан облысына келді. Олар киелі жерлерді аралап, Жайық өңірінің тарихи-рухани, мәдени өмірін, салт-дәстүрін зерделеуді көздеді.
Экспедиция жетекшісі М.Ыдырысұлының айтуынша, акция Алтын Орданың 750 жылдығына, қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, даланың даңқты батыр қыздары Хиуаз Доспанова мен Мәншүк Мәметованың 100 жылдықтарына арналған.
– «Абылай ханның қара жолы» деп аталатын экспедиция алғаш рет «Бабалар рухына тағзым» қоғамдық қорының қолдауымен 2018 жылы басталған болатын. Жобаны демеушілер қаржыландырады. Жолдың жалпы қашықтығы шамамен 9 мың шақырымды құрайды. Батыс Қазақстан облысына келетін болсақ, бұл жерде тарихи тұлғалар туралы толық дерек жинап, батыр бабалар рухына тағзым етуді жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз – өскелең ұрпақ бойына патриоттық рухты сіңіру. Тарихымыздағы олқылықтар мен ақтаңдақтардың орнын толтыру, – деді Мұрат қажы Ыдырысұлы.
Экспедиция бағыты:
-Көкшетау — Атбасар — Жаңа қима — Жарғайын — Арқалық — Амангелді — Торғай — Ырғыз — Шалқар — Тұрыш – Бейнеу – Сай өтес – Бекет ата – Сейсем ата – Манат – Шопан ата – Жаңаөзен — Жетібай — Қараман ата — Ақтау — Форт Шевченко — Шерқала — Сұлтан Үпи — Шақпақ ата — Шетпе — Манат — Бейнеу — Құлсары – Доссор — Жантерек — Доссор — Атырау — Сарытоғай — Аққала — Тайпақ — Жаңақала (Жәнібек кесенесі) — Сайқын — Бисен — Жәнібек — Қамысты — Жәнібек– Казталовка – Жалпақтал – Чапаево – Орал – Тақсай кешені – Орал– Жымпиты – Исатай батыр кесенесі – Қобыланды батыр кесенесі – Абақ – Байтан қорымы – Ақтөбе – Орынбор – Бестамақ – Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Талдысай – Толыбай ауылы (Хан моласы) – Жуалы – Орджоникидзе – Октябрьское – Рудный – Қостанай – Сатай – Жаңасу — Сарыкөл — Западное — Новоишымка — Саумалкөл — Көкшетау.