Бір құбырға байланған қазақ мұнайы
29 қараша күні таңда Украинаның экипажсыз катерлері Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийск порты акваториясындағы теңіз терминалына шабуыл жасап, айлақ құрылғысының бірін істен шығарды. Салдарынан осы аумақта мұнай тасымалы тоқтады. Бұл қазақ билігінің арқасына аяздай батып, Украинаға наразылық білдірді.
Каспий құбыр желісі Қазақстан үшін өте маңызды. Елімізде өндірілген мұнайдың 80 пайызы осы құбыр арқылы Еуропаға экспортталады. Ал мемлекет қазынасы мұнайға тәуелді екені екібастан белгілі. Бюджетке түсетін кірістің тең жарымынан астамы мұнай сатудан келіп отыр. Демек ел үкіметінің шоқ басқандай шырылдайтын жөні бар. Оның үстіне биыл КҚК-ға үш мәрте шабуыл жасалды.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 17 ақпанда Краснодар өлкесіндегі Кропоткинская стансасына дрондар шабуылдап, мұнай тасу тоқтаған. Оны жөндеу бірнеше айға созылды. Каспий құбыр консорциумы шабуыл салдарынан 18 млрд теңге шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Ал қыркүйек айында КҚК-нің әкімшілік кеңсесі мен теңіз терминалы дрон шабуылынан зардап шегіп, мұнай тасымалдау кідіріп, кейін қайта іске қосылды. Сондай-ақ 19 қазанда дрон соққысынан Орынбор облысындағы газ өңдеу зауыты бүлініп, Қарашығанақ кенішінен баратын газды қабылдауды уақытша тоқтатты.
29 қарашадағы соққы өте ауқымды болды. Шабуыл кезінде порт капитаны терминалдағы мұнай тиеу операцияларын тоқтатып, танкерлерді акваториядан шығарған. Шабуылдан қызметкерлер зардап шеккен жоқ. Қауіпсіздік жүйесі автоматты түрде іске қосылып, мұнай құбыры дер кезінде жабылған. Соның арқасында теңізге мұнай төгілмеді. Соққыдан айлақ құрылғысы қатты бүлініп, пайдалануға жарамсыз болып қалған. Оны жөндеуге біршама уақыт қажет.
КҚК-ға жасалған алғашқы екі шабуыл кезінде аса алаңдамағандай түр танытқан Қазақстан Үкіметі бұл жолы тыныш отыра алмады. Алдымен Энергетика министрлігі қатаң мәлімдеме жасады. «Каспий құбыр желісі – халықаралық маңызға ие энергетикалық жоба. Оған қарсы жасалған кез келген күш көрсету әрекеті жаһандық энергетика қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп, консорциум мүшелерінің экономикалық мүддесіне ауыр нұқсан келтіреді», – деп жазды мекеме.
Ал Сыртқы істер министрлігі Украина тарапына наразылық білдірді. «Бұл оқиға халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын азаматтық нысанға қарсы жасалған үшінші агрессиялық акті болып отыр. Каспий құбыр консорциумы әлемдік энергетика жүйесінің тұрақтылығын сақтауда айрықша орын алады. Осы оқиғаны Қазақстан мен Украинаның екіжақты қатынасына залал келтіретін әрекет ретінде бағалаймыз әрі украин тарапы мұндай жағдай қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылдағанын күтеміз», – деп мәлімдеді СІМ өкілі.
Астананың реакциясы өте қатаң болғанын көріп отырмыз. Біріншіден, шабуылды агрессиялық акті деп айыптаған. Екіншіден, бұл оқиғаны Қазақстан мен Украинаның екіжақты қатынасына кері әсер ететін әрекет деп бағалап, Киевке сес көрсеткендей болды. Бұл айыптауға билікшіл саясаттанушылар мен әлеуметтік желі қолданушылары қосыла кетті. Олар соғыс басталғаннан бері Украина әскері Ресей газын Еуропаға таситын құбырларға бірде-бір мәрте шабуыл жасамағанын, ал Қазақстанның экономикалық күретамыры саналатын КҚК-ға 3 мәрте соққы жасағанын алға тартып, бұл әрекетті Киевтің Астанаға бағытталған агрессиясы деп жазып жатыр.
Украина бұл айыптауды жауапсыз қалдырған жоқ. Елдің Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылдың Қазақстанға немесе басқа үшінші тарапқа бағытталмағанын, басты мақсат Мәскеудің әскери әлеуетін әлсірету екенін айтты. «Украин қарулы күштері Ресей агрессиясына қарсы әрекет етеді. Біздің басты мақсатымыз – Қара теңіздегі қақтығысқа себеп болып отырған басқыншы елдің соғыс жүргізу мүмкіндігін азайту. Киев Ресейдің агрессиясы мен халқымызға қарсы жасаған қылмысын тоқтату үшін стратегиялық тұрғыда маңызды әскери нысандарға ғана соққы жасайды», – деп жазды украиналық дипломаттар.
Киев билігі Ресейдің бейбіт тұрғындарға, азаматтық нысандарға және энергетикалық инфрақұрылымға жасаған шабуылын ашық айыптамағаны үшін Қазақстанның өзін сынға алды. Сондай-ақ Астананы Кремльдің соғысты дереу тоқтатуына ықпал етуге шақырды.
КҚК-ға шабуыл Қазақстанға қалай әсер етеді?
Каспий құбыр желісінің ұзындығы – 1 500 шақырым. Құбыр арқылы жыл сайын тасымалданатын 63 млн тонна қара алтынның 53,8 млн тоннасы (шамамен 86 пайызы) қазақ жерінен – Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарынан шығады. Олар КҚК арқылы Қара теңізге жетіп, одан әрі Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттарына жөнелтіледі.
Каспий құбыр консорциумы акциясының 24 пайызы – ресейлік «Транснефть» компаниясына, 19 пайызы – қазақстандық «ҚазМұнайГазға», 15 пайызы – «Шеврон Каспиэн Пайплайн Консорциумға» тиесілі. Акцияның қалған бөлігіне тағы бірнеше шетелдік компания иелік етеді. Қазақстан билігі осыған сүйеніп, КҚК-ні халықаралық маңызға ие энергетикалық жоба деп атап отыр.
Маңызды теңіз терминалының істен шығуы біздің елге оңай соқпайын деп тұр. Бір айлақ құрылғысы жұмысын тоқтатты деген сөз – КҚК-нің мұнай тасымалдау қабілеті 30-35 пайыз төмендейтінін білдіреді. Салдарынан теңіз портында кезекте тұрған танкерлер көбейіп, мұнай жөнелту кешігеді, жағалаудағы цистерналарда мұнай жиналып қалады және Қазақстан (Теңіз, Қашаған және Қарашығанақта) өндірісті шектеуге мәжбүр болады. Бұл Қазақстан мұнайының экспортына айтарлықтай қиындық туғызады. Ал оның салқыны ел экономикасына ауыр тиері анық. Өйткені ел бюджеті мұнайға ғана арқа сүйеп отырғанын жоғарыда айттық. Сондай-ақ Ресей мен Украина арасындағы ұзаққа созылған қақтығыс Қазақстанның транзиттік әлеуетіне қауіп төндіріп отыр.
Сарапшылардың болжамынша, бүлінген айлақ қондырғысын қалпына келтіруге кемінде 2-3 ай уақыт қажет болады. Салдарынан Қазақстанның КҚК арқылы экспорт көлемі 20-30 пайыз төмендеп, ай сайын шамамен 500 млн доллар көлемінде кірістен қағылады. Жөндеу жұмыстарының уақыты созылған сайын шығын мөлшері арта бермек.
Айтпақшы, осы шығынның бәрін кім өтейді деген сұрақ туындайды. Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың жазуынша, шабуыл террористік әрекет деп танылса, мүлік пен бизнесті сақтандыру жүйесіндегі «war & terrorism» тармағына орай шығынды сақтандыру компаниясы өтеп береді. Олай болмаған жағдайда, барлық шығын КҚК балансында қалады. Ал ол болашақта тарифке қосылып, тасымал бағасын өсіреді. Бұл шабуылдың террористік әрекет деп бағаланбайтыны белгілі. Өйткені соғыс басталғаннан бері Ресей мен Украина бір-бірінің энергетика инфрақұрылымына шабуыл жасап келеді. Бұл олардың соғыс тактикасы екені анық.
Шабуылдан Қазақстан қандай сабақ алуы керек?
Шынын айтқанда, Каспий құбыр желісі Астананың сыртқы саясаттағы ең осал тұстарының бірі болып отыр. Ресей оны көптен бері Қазақстанды шаужайлап ұстайтын «көзір» ретінде пайдаланып келеді. Мәскеу түрлі сылтау тауып, КҚК-ні жауып тастап, Астананы әбігерге салғанын талай көрдік. Мысалы, 2022 жылы жазда консорциумының Қара теңіздегі «Южная Озереевка» терминалындағы екі айлақтың жұмысы тоқтап қалды. Сол кезде сарапшылар мұны «Украинаға қарсы соғысты қолдамағаны үшін Қазақстанға Ресейдің көрсеткен қысымы» деп тәпсірлеген болатын.
Мұндай жағдай бұрыннан бері жалғасып келе жатса да Қазақстан билігі балама жол іздеуге талпынған жоқ. Кейінгі кезде ғана Транскаспий бағыты, «Баку–Тбилиси–Жейхан» бағыты сияқты жобаларға көңіл бөліп отыр. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын 8 компаниядан тұратын жұмыс тобы құрылып, Бакуге тіке шығатын мұнай экспорттау бағытын салуды қарастыра бастаған. Жоба бойынша мұнай Атыраудан Ақтауға құбыр арқылы жетіп, содан кейін танкермен немесе Каспий теңізінің түбіндегі құбырмен Әзербайжанға барады, одан әрі Еуропаға жол тартады. Бірақ бұл бағытты ашуға мол қаржы мен ұзақ уақыт қажет.
Ел билігі тәуелсіздік алғаннан бері шикізатқа тәуелділікті азайта алмады. Оның үстіне мұнай экспортын тек КҚК арқылы жүргізіп отырды, салдарынан ел экономикасы бір ғана құбырға тәуелді болып қалды. Мұны ресми Астананың стратегиялық қателігі деп бағалауға болады. Шенділер көз алдағы пайданы ғана көздемей, алыс болашақты ойласа, өзге балама бағыттарды дамытып, КҚК мен Ресейге тәуелділіктен ертерек құтылуға болар еді. Ресей мен Украина арасындағы соғыс ел экономикасын бір құбырға байлап қою аса қауіпті қадам екенін анық көрсетті.
Биыл қазан айында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Астанаға келген. Сол сапарда әзербайжандық SOCAR мұнай компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» Қазақстан мұнайын Каспий теңізі арқылы тасымалдау жоспарын қарастырып жатқаны белгілі болды. 2027 жылға қарай осы бағыт бойынша транзит көлемі жылына 7 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Қазір бұл көрсеткіш көп емес. 2024 жылы Әзербайжан аумағы арқылы 1,5 млн тонна қазақ мұнайы экспортқа шықты. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр КҚК арқылы 55 млн тонна мұнай шетел асқан. Екі бағыттың арасындағы айырма жер мен көктей. Соған қарағанда, жақын арада КҚК-ға тәуелділіктен құтылу қиын сияқты...

Абзал Нарымбетов, мұнай-газ сарапшысы:
Бұл бір реттік проблема емес, жүйелі қателіктің салдарыЭкипажсыз катер шабуылы салдарынан КҚК-ның бір бөлігінің жабылып қалғаны Қазақстанның экспорттық инфрақұрылымы қаншалық осал екенін тағы бір мәрте көрсетіп берді.
Теңіз терминалында ВПУ-3 істен шықты, ал ВПУ-2 екі аптадан бері жөндеуден өтіп жатыр. Мемлекет іс жүзінде жалғыз ВПУ-1 арқылы жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Бұл мұнай өндіру мен тасымалдауды қиындатады. Бірақ басты сұрақ – біз мұнай экспортының 80 пайызы бір ғана инфрақұрылым желісіне тәуелді болып қалған жағдайға қалай жеттік?
Кейінгі 11 жылда КҚК-ның мұнай экспортындағы үлесі 40-тан 80 пайызға өскен:
2013 жылы – 40 пайыз;
2016 жылы – 66 пайыз;
2019 жылы – 76 пайыз;
2021 жылы – 81 пайыз;
2024 жылы – 80 пайыз.
Яғни, КҚК Қазақстан үшін өндіріс көлемі мен шетел валютасынан түсетін табысқа тікелей ықпал ететін монополиялық дәлізге айналды.
Диверсификация қандай жүріп жатыр? Кейінгі 3-3,5 жылда балама бағыттар бойынша бірде-бір елеулі серпіліс болған жоқ. Бірақ жағдай керісінше әрекет етуді талап етіп отыр. Атап айтқанда:
2022 жылдан кейін нарық, логистика және геосаясат түбегейлі өзгерді;
КҚК-нің бірнеше рет жабылуы резервтік бағыттың қажет екенін көрсетті;
«Каспий арқылы альтернатива» жөніндегі талқылаулар талқылау күйінде қалды;
Баку немесе Қытайға бағытталған жобалар қауіпті азайтатындай көлемге ие бола алмады.
Билік ұсынған ресми есептер мен баяндамаларда «диверсификация жұмыстары жүргізіліп жатқаны» жиі айтылады. Бірақ ешқандай нақты жұмыс қолға алынған жоқ. Бұл жолғы оқиға – КҚК-ден туындаған проблема емес, стратегиялық проблема.
Жүйе тағы да өз әлсіздігін көрсетті. КҚК-де техникалық, геосаяси және қазіргідей әскери жағдайға байланысты форс-мажор болған сайын Қазақстан билігі «назарды басқа бағытқа бұруға» уәде береді. Бірақ барар жер, басар тауымыз тағы жоқ, өйткені балама бағыт алдын ала ойластырылмаған.
Енді не істеу қажет? Бізге уақытша шешім немесе шұғыл жоспар қажет емес. Керісінше, жүйелі түрде жасалған ұзақ мерзімді диверсификация бағдарламасы қажет. Ол бағдарлама мыналарды қамтуы тиіс:
Каспий бойынша логистиканы кеңейту;
Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты бойынша тұрақты дәліз қалыптастыру;
Шығыс бағытты дамыту;
Танкер-құбыр негізіндегі гибрид модель құру;
Меморандум жасаумен шектелмей, нақты әрекеттер жасау.
Осы жұмыстар жүзеге аспаса, қазіргідей жағдайлар алдағы уақытта да қайталана береді.
Қуаныш Қаппас