Бір музейдің құны 1,3 миллиард теңге

Жыл басынан бері Алматы облысында 622 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жылдық жоспардың 64,8 пайызын құрайды. Аталған көрсеткіш бойынша өңір республикада үшінші орынға шығып, құрылыс жұмыстарын қарқынды түрде жалғастырып келеді.
Мысалы, Ұйғыр ауданына қарасты Шонжы ауылында салынған жаңа көппәтерлі тұрғын үй жақында ғана пайдалануға берілді. Ауылдың ортасында орналасқан заманауи тұрғын үйден 60 отбасы өз баспанасына қол жеткізді, олардың ішінде 20 жетім бала жаңа пәтердің кілтін алды. Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттері облыс әкімдігінің өкілдері салтанатты түрде табыстаған. Үйдің құрылысы 2022 жылы басталып, биыл толығымен аяқталды. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерден тұратын бұл үй қазіргі заманның барлық стандарттарына сай салынған, ыстық су жүйесі орнатылып, электр плиталар мен орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілген. Жаңа үйге көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар және әлеуметтік осал топ өкілдері қоныстанды.
Қоныстанушылардың бірі – алты бала тәрбиелеп отырған Көккөзовтер отбасы. Олар үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, жаңа баспанасын жайластырып жатыр.
«Біз бұл күнді ұзақ күттік. Әлі де сенер емеспіз, енді өз баспанамыз бар. Арманымызды шындыққа айналдырған барлық жанға алғысымыз шексіз», – дейді Альбина Көккөзова.
Облыс бойынша 960 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл бағытта Ұйғыр ауданы да белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Ауданда басқа да жобалар көп. Мысалы, Шонжы ауылында жаңа музей құрылысы, Шырын ауылында мектепті қайта жаңғырту, Шонжы политехникалық колледжінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары басталған.
Толығырақ айтар болсақ, Шонжы ауылында қазіргі заман талаптарына сай заманауи музей салынады. Жоба аясында ұлттық стильдегі сәулеттік шешімдер, интерактивті көрме залдары, балалар студиясы және лекторийлер қарастырылған. Құрылысты 2025–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда. Жобаның құны – 1,3 миллиард теңге. Құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп қойған.
Тағы Шырын ауылындағы мектептің қайта жаңғыртылу барысы да назарда. 2024 жылғы қаңтардағы жер сілкінісінен кейін үш қабатты ғимарат апатты деп танылған. Жаңа мектеп 640 оқушыға арналған, жалпы ауданы 3 267,6 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, бүгінде 80 пайызға аяқталған. Жобаның жалпы құны 864,5 миллион теңге.
Жоғарыда айтқанымыздай, 1976 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Шонжы политехникалық колледжінің инфрақұрылымын жаңарту да жолға қойылып отыр. Қазіргі уақытта мұнда 302 студент білім алуда, ал келесі оқу жылында олардың саны шамамен 327-ге жетуі мүмкін. Колледж директоры Гүлназ Тегісбаеваның айтуынша, инфрақұрылымды жақсарту білім сапасына оң әсер етіп, жастардың кәсіби әлеуетін арттырады дейді.
«Алдағы уақытта осы жоспарланған жұмыстар белгіленген уақытында аяқталып, халықтың игілігіне берілсе дейміз. Бұған дейін де жоспарланып, қаржысы бөлініп аяқталмай немесе уақыты ұзарып кеткен құрылыс нысандары қаншама», – деді колледждің директоры Г.Тегісбаева.
Ақжол МЕЙІРБЕК
Алматы облысы