Бір өкініш, бір үміт

Өткен ғасырдың соңынан бастап қазақ киносы әлемдік фестивальдерге жол тартып, тіпті кейбірі оза шауып, бәйге алды. «Жаңа толқын» іргетасын қалаған авторлық кино қазақ кинематографиясына тың жаңалықтар алып келді. Содан бері көрерменіне ой салар талай туынды таспаланды.
Алайда көпшіліктің талғамы әлі күнге сол арзан әзіл мен коммерциялық фильмдердің айналасынан аса алмай жүргені жасырын емес. Көрермені кем, жалпы бұқара түсіне бермейтін авторлық кино жанрына қызығатындар саны сонда да азайған жоқ. Себебі мұнда тұтас оқиға, белгілі бір шындық, философия бар. Авторлық фильмнің табиғаты коммерциялық киноға қарағанда басқа. Әдетте автор көп көрерменнің көңілін жаулау үшін емес, санаулы көрерменнің жанын тербетіп, ойына қозғау салу үшін түсіреді. Бұл өнер түрінде әдетте жауыр болған сюжеттерден гөрі, адамның ішкі арпалысы, қоғамдағы қайшылықтар, тарихи немесе экзистенциалдық мәселелер бейнеленеді. Көрермен мұнда тек қабылдаушы ғана емес, ой серіктесіне айналады. Содан болар, мұндай фильмдер біреуге ұнаса, енді бірі оның тереңіне бойлай алмайды. Кинотеатрлар мен демеушілердің де бұл жанрға мойын бұра бермейтіні содан. Бүгін біз қазақ көрермені авторлық фильмді неге көрмейді деген сұраққа жауап іздеп көрдік. «Жас Алаш» ұйымдастырған дөңгелек үстелге режиссер Асхат Кучинчиреков, кинотанушы Дана Әмірбек пен Гүлзат Көпбай қатысты.
Ж.А: Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ кино өнеріне жаңа авторлар легі кеп қосылды. Сәйкесінше, содан бері авторлық кино деген жаңа бағыт пайда болды. Көрермені кем, ауқымы тар екеніне қарамастан, бұл бағытқа қызығатын режиссерлердің қатары жыл сайын көбейіп жатыр. Авторлық кино тек бір адамның көзқарасына, ұстанымына құрыла ма? Осы жайлы сөз қозғайықшы.

А.К: Иә, қазақ кино өнеріне авторлық киноның келуін сексенінші жылдардың басы, тоқсаныншы жылдардың аяғымен байланыстырамыз. Бірақ әлемдік деңгейдегі ең алғашқы авторлық кино ағайынды Люмьерлерден басталғаны анық. Алғашқы фильмді де солар түсірді ғой. Өз басым авторлық не авторлық емес деп бөлудің өзі қате түсінік деп ойлаймын. Себебі қандай фильм, қай бағыттағы фильм болмасын бәрінің авторы болатыны рас қой. Сапалы шыққан жұмыстың қай-қайсысының да авторын еске сақтаймыз. Мәселен, Копполаның «Өкіл әке» фильмін бүгінде әлем мойындаған, жер дүниенің әр түкпірінен көрерменін тапқан. Бұл фильмді авторлық фильм деп айтуға келе ме, келмей ме, ол жағын білмеймін. Кей фильмдерді көріп отырып, режиссердің көзқарасын, қолтаңбасы мен позициясын байқай алмайсың. Сондай фильмдерді жалпы жұрт кейін «коммерциялық фильм» деп атап кетеді. Бірақ біз коммерциялық фильм деп атап жүрген кей туындылардан шынымен режиссердің анық ойы мен сезімі бәрібір байқалып тұрады. Мысалы, «Қыз Жібекті» қаншалықты коммерциялық фильм деп атауға болатынын білмеймін. Фильмде режиссердің дәстүрге, діл мен болмысқа деген көзқарасын көресің ғой. Сондықтан авторлық фильм мен коммерциялық фильм деп ара-жігін шартты түрде ажыратып тастауға болмайтын шығар. Режиссер барын, жан-жүйкесін салып жасаған туындының бәрі авторлық фильм бола алады.
Д.Ә: Кеңес Одағының ыдырауы қазақ кино өнеріне де өз әсерін тигізгені мәлім. Өтпелі кезеңнің, яғни 1980 жылдардың екінші жартысында Мәскеудегі ВГИК-тен арнайы кинематографиялық кәсіби білім алып келген бір топ жас режиссерлер қазақ киносына тың серпіліс алып келді. Сергей Соловьевтің шеберханасынан тәлім алған Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Рашид Нұғманов, Абай Қарпықов, Ардақ Әмірқұлов, Әмір Қарақұлов, Талғат Теменов, Аманжол Айтуаров өз фильмдеріндегі ой еркіндігі мен реалистік көзқарастары арқылы ұлттық кинодағы дәстүрлі тәсілдерге, оқиғаны баяндау стиліне түбегейлі өзгеріс енгізді. Өтпелі кезеңде пайда болған бұл бағыт еліміздің сол кездегі «тоқырау» мен «дағдарыстың» бейнесін суреттеуге тырысып, елде болып жатқан мәселелерді ашық айтпаса да, оқиға мен кезең кейіпкерлері арқылы суреттеген олар белгілі бір идеяны арқау етіп, оқиғаның сюжетін рет-ретімен баяндайтын кеңес заманының фильмдеріндегі негізгі акцент тақырып пен кейіпкер мінезінің ашылуына, актер ойыны мен дәл табылған диалогтарға қойылса, батыс киносының кино түсіру мәнеріне жүгінген жас режиссерлер фильмдеріндегі үстемдік бейнелік шешім мен оның формасына, монтаж бен ритмге берілді. Кәсіби актер ойынынан бас тартып, сюрреализм мен символизм элементтері арқылы көрерменді кейіпкердің ішкі жан дүниесіне үңілткен «қазақ жаңа толқынының» режиссерлері үшін фильмде не туралы айтылатынымен қоса, қалай айтылатыны да аса (форма, стиль) маңызды болды.
Өкінішке қарай, жоғарыда аталған режиссерлердің басым бөлігі алғашында ұстанған бағыттарын өзгертіп, бүгінде авторлық кинодан алшақтап кетті. Дегенмен өзіндік түсіру мәнері мен қолтаңбасы айшықталған Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов қатарлы суреткерлер киноға өнер ретінде қарап, авторлық туындыларды бағалайтын көрермен қауымды әлі күнге дейін тың шығармаларымен қуантуда.
Қуантарлығы, әлемге авторлық кино арқылы танымал болып үлгерген жас киногерлеріміз де жоқ емес. Әділхан Ержанов, Нариман Төребаев, Эмир Байғазин қатарлы дарындарымыз да өзіндік көзқарастары мен қайталанбас түсіру тәсілдері арқылы көзге түсіп, кәсіби киногерлер мен көрермен қауымның оң бағасын алуда.
Ж.А: Авторлық фильм үнемі көрерменнен көш ілгері жүреді деген түсінік бар ғой. Жалпы, қазіргі қоғам осы жанрдың табиғатын түсінді ме? Қазір авторлық фильмдердің көп көрілмеуіне коммерциялық туындылардың соңынан кеткен көрерменнің талғамы себеп деп жатады біреулер. Сіздің ойыңызша, қазақ көрермені авторлық фильм табиғатын не үшін қабылдай алмайды? Не үшін қызықпайды? Бұл тек біздің кино өндірістегі жайт па әлде күллі әлемге тән тенденция ма?
А.К: Ең әуелі көрермен талғамының қалай қалыптасқанын, қашан төмендеп кеткенін түсініп алу керек деп ойлаймын. Бізге кино өнері кеш жеткенін, жалпы медианың елімізде кеш дамығанын ескерсек, тоқсаныншы жылдары теледидардан жаппай көрсетілген арзан сериалдар мен фильмдердің көрермен талғамын қалыптастыруда үлкен рөл ойнағанын байқаймыз. Солай жалғаса беріп ақырында көрермен талғамының бірте-бірте құлдырағанын, сапасыз туындылардың алға шыққанын аңғарамыз. Жалпы көрермен талғамын қалыптастыратын кинотеатрлардың репертуары, телеарналардағы контент, білім беру бағдарламалары сынды мәдени кеңістіктер көп жағдайда коммерциялық өнімдерге басымдық береді.
Авторлық туынды әдетте көрерменге қандай да бір ой тастайды. Автор көзқарасын, оның фильмге астарлап жасырған ойын түсінуге шақырады. Бірақ көрерменнің бәрі бірдей авторлық фильмді көруге, түсінуге міндетті емес екенін де ескергеніміз жөн. Әлемдік деңгейде бар болғаны 2% ғана авторлық фильмге қызығатын шығар, тіпті одан аз болмаса. Көпшіліктің бәрінен «интеллектуал ізденіс» күте алмайсың. Оның үстіне қазір алды-артыңа қаратпай зулап жатқан заман. Адам аптасына алты күн тоқтаусыз 10-15 сағат жұмыс істейді. Енді бір күн демалғанда ізденісті, ойды талап ететін фильмге сірә да бармасы анық. Бірақ авторлық фильмге қызығушылық мүлде жоқ, болашағы бұлыңғыр деп кесіп айтуға да болмас. Мысалы менің «Бауырына салу» фильмім прокатқа шыққан соң, автор көзқарасына, позициясына қызыққандар, пікір бөліскендер көп болды. Авторлық фильмнің болашағы әлдеқайда жарық екеніне сонда біржола көзім жетті.

Д.Ә: Ақиқатын айтсақ, нағыз өнер туындылары ешқашан тобырдың таразысына салынбаған. Өйткені өнердің тереңіне бойлау үшін білімнің биігіне өрмелеп, талғамның талшықтарын сезіне білу керек. Өкінішке қарай, қазақ қоғамында кино көрудің қадірін түсініп, мәдениетін қалыптастыру әлі күнге дейін сағымдай бұлдырап тұр. Кинотеатрлардың қараңғы залына бас сұғып, экрандағы әрбір көріністен рухани азық іздеудің орнына, көпшілік тек көздің жауын алатын, жеңіл-желпі дүниелерге құмартып, уақыт өлтіруді ғана ойлайды. Осылайша, өнердің құдіретін сезінбей, киноның қадірін түсінбей өмір сүріп жатқанымыз қынжылтады. Қазақ қоғамы визуалды өнердің тылсым дүниесіне үңілуден, оның нәзік сезімдерін жүрекпен қабылдаудан әлі де алшақ. Себебі біздің тамырымыз тереңге кеткен сөз өнеріне деген құштарлығымыз, визуалды өнер түрлеріне деген қызығушылығымызды басып тастағандай. Жуырда ғана әлемді тамсандырған Жауме Пленстің «Надэс» атты туындысы әл-Фараби даңғылының бойында бой көтергенімен, оны түсіне білген жан кемде-кем. Көпшілік өнердің терең тұңғиығына сүңгіп, автордың жанкешті еңбегіне баға берудің орнына, әлеуметтік желілерде мысқылдап, мазаққа айналдырды. Бұл жағдай қарапайым халықтың өнерге деген талғамының қаншалықты төмен екенін айқын көрсетіп тұрғандай. Өкініштісі, көзбен көріп, жүрекпен сезінудің орнына, санамызды жаулаған даңғаза сөздерге арқа сүйеп, өнердің құдіретінен алыстап барамыз.
Г.К: Авторлық фильм әрдайым уақыттан озық жүруге бейім құбылыс. Ол бүгінгі күннің үстірт қызығушылықтарына емес, терең әлеуметтік, философиялық, эстетикалық сұрақтарға жауап іздейді. Сондықтан да, оны толық қабылдау үшін көрерменнің дайындық деңгейі, мәдени тәжірибесі мен өмірлік көкжиегі маңызды рөл атқарады. Қазіргі қазақ қоғамында авторлық киноның табиғатын толық түсіну үрдісі әлі де қалыптасу үстінде деп ойлаймын. Қазақ авторлық киносы соңғы онжылдықтарда өзіндік өрнек қалыптастырды. Мәселен, алғашқы авторлық фильмдерімен танылған танымал кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Киллері» мен «Кардиограммасы» – адам табиғатының көлеңкелі жақтарын философиялық деңгейде зерттеген туындылар. Әділхан Ержановтың «Қожайындары» мен «Голиафы» – абсурд пен әлеуметтік драманы шебер тоғыстырған, Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу» фильмі – қазақтың көне салт-дәстүрі арқылы отбасы, аналық махаббат пен адами таңдау арасындағы нәзік моральдық шекараны зерттеуі қазіргі қазақ авторлық киносының жарқын мысалдары. Сәбит Құрманбековтің «Оралманы» да көркемдік тұрғыда тарихи жад пен жеке тағдыр тоғысын бейнелеген. Жалпы, Францияда, Жапонияда, Иранда да авторлық кино ешқашан кассалық көшбасшы болмаған. Бірақ айырмашылығы – бұл елдерде авторлық туындыларды түсінетін, бағалайтын тұрақты аудитория қалыптасқан. Бұл – ұзақ мерзімді мәдени саясаттың, киноны насихаттау мен білім беру жүйесінің нәтижесі. Қазақ көрерменінің авторлық киноға қызықпауын тек «талғам төмендігімен» түсіндіру үстірт пікір деп білемін. Біздегі басты мәселе – мәдени инфрақұрылымның әлсіздігі, кинозалдардың репертуарлық саясатының біржақтылығы, авторлық фильмдердің жеткілікті дәрежеде насихатталмауы. Егер мұндай туындылар тек фестивальдерде ғана емес, жүйелі түрде ішкі нарықта да көрерменге жол таба білсе, авторлық кино табиғатын түсінетін, бағалайтын жаңа буын қалыптасары сөзсіз.
Ж.А: Қоғамда авторлық киноға қызығушылық белгілі бір «интеллектуалдық элитаның» ісі секілді қабылданады. Бұл тосқауыл авторлық киноларды бұқарадан алшақтатып жіберетін сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
А.К: Қазақ көрерменінің авторлық фильмге қызықпауы – тек біздің кино өндірісінің кемшілігі ғана емес, жаһандық мәдени тұтыну трендтерінің бір көрінісі. Қазір адамдардың құндылығы басқа. Байығысы келеді, материалдық құндылықтар алға шыққан. Жылтыраққа құмар. Жақсы үй, жақсы машинаның жолында жұмыс істейді, өз жанына, жүрек айнасына үңілетін уақыт таппай жатыр. Бір сәт аялдап демалуға, ойланатын мұрша жоқ. Мұндай кезде олардан ойлы фильмді көр, сарапта дей алмайсың. Ал «интеллектуалды элита» болсын, болмасын, ізденісті аңсаған, тереңдікті қалайтын адам авторлық фильмнің көрермені бола алады. Бірақ бізден кейінгі буынның құндылығы өзгергенін байқап жүрмін. Сондықтан болашақта авторлық фильмге, сапалы туындыға қызығатындардың саны тек арта бермек.
Д.Ә: Экран өнерін түсіну мен кино көру мәдениетінің іргетасын мектеп қабырғасынан қалауымыз керек деп есептеймін. Бір ғажабы, әлемді экран билеген ХХІ ғасырда кино өнерінің қыр-сырын ашатын пәндер мектеп бағдарламасына әлі күнге дейін енгізілмеген. Бұл – нағыз парадокс! Киноны да музыка, бейнелеу немесе әдебиет секілді оқытып, жас ұрпақтың көзін ашып, өресін кеңейтіп, талғамын қалыптастыру – бүгінгі күннің талабы. Сонда ғана жас ұрпақ шынайы өнер мен бір күндік өнімнің ара-жігін ажыратып, рухани бай тұлға болып қалыптасады. Сонымен қатар қазақ киногерлерінің басын қосып, бір шаңырақ астында тәлім беретін киноинститут ашудың қажеттілігін көп жылдан бері айтып келеміз. Иә, кино саласының мамандарын даярлайтын білім ордалары жоқ емес. Десек те, олардың барлығында кино өнері кішігірім факультеттердің көлеңкесінде қалып қойған. Бұл факультеттерде мамандар даярланғанымен, теориялық қағидалар терең зерттеліп, кино әлеміне қатысты іргелі еңбектер жазылмайды. Ал теориялық негізсіз белгілі бір саланың шыңын бағындырамыз деу – құмға сіңген сумен тең. Сол себепті де, бізге көрші мемлекеттегі әлемге әйгілі ВГИК сияқты кәсіби кино мамандарын даярлайтын, өнердің шыңына жетелейтін киноинститут ауадай қажет. Өркениет көшінің алдында келе жатқан дамыған мемлекеттердің бәрінде (АҚШ, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Польша, Ресей және т.б.) киноинституттар баяғыдан бері қалыптасқан. Тіпті саны миллионнан сәл ғана асатын Эстонияның өзінде де арнайы киноинституттың бар екенін естен шығармауымыз керек. Білімге құрмет көрсетіліп, қолдау тапқан кезде ғана дамудың даңғыл жолына түсеміз. Осылай ғана киноға кәсібилікті қайтарып, көрерменнің рухани деңгейін көтеріп, талғамын қалыптастыра аламыз. Көрерменнің талғамы асқақтағанда ғана қазақ экраны жарқырай түседі!
Г.К: Авторлық туындылардың күрделі символдық тілі, философиялық астары мен баяндау формасы қарапайым көрермен үшін бірден түсінікті бола бермейді. Нәтижесінде, фильм мен көрермен арасындағы арақашықтық ұлғайып, авторлық кино «жабық клубтың» ішкі әңгімесіне айналғандай әсер қалдырады. Алайда бұл тосқауылды тек көрерменнің білім деңгейімен түсіндіру біржақты болар еді. Мәселен, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Франсуа Трюффоның немесе Акира Куросаваның ең үздік авторлық туындылары да бастапқыда фестиваль алаңдарында ғана танылып, кейін түрлі түсіндіру, насихат және талқылау жұмыстарының арқасында кең аудиторияға жеткен. Демек, мәселе – фильмнің табиғатында ғана емес, оны көрерменге жеткізу жолында. Қазақстанда авторлық киноны бұқараға жақындату үшін, ең алдымен, бұл туындылардың мәнін ашатын мәдени алаңдар қажет: посткөрсетілімдік пікірталастар, режиссермен кездесулер, кинолекторийлер, университет пен мектеп деңгейінде кинотану элементтерін енгізу. Көрермен фильмнің астарына бойлай алған сайын, ол өзін «элитаның сыртында» емес, сол мәдени әңгіменің белсенді қатысушысы ретінде сезінеді. Авторлық кино – шын мәнінде жабық ортаға тиесілі өнер емес. Ол – адамның ішкі әлеміне, рухани тәжірибесіне бағытталған әмбебап тіл. Мәселе сол тілді үйретіп, оны көру мәдениетін қалыптастыруда.
Ж.А: Қазір сапалы авторлық фильмдері арқылы жиі аталып жүрген замандастарыңыздан кімді айтар едіңіз? Қызығатын жастар көп деп қалдық қой, бірақ кейбірі еуропалық артхаус үлгісіне еліктейтінін де байқаймыз. Осы жайлы ой тарқатсақ.
Д.Ә: Бүгінгі таңда кино өнерімізді әлемге мойындатып, қазақ экран өнерінің мерейін үстем етіп жүрген, аспанымызда жарқыраған жұлдыздарымыз ретінде орта буын өкілдеріне жататын Әділхан Ержанов, Нариман Төребаев пен Эмир Байғазинді мақтанышпен атай аламыз. Бұл режиссерлердің әрқайсысының өздеріне ғана тән түсіру мәнері қалыптасып, қолтаңбалары алтын әріппен жазылғандай айшықталған. Оларды экран өнерінің ойшылдары, кино әлемінің философтары десек те артық емес. Сонымен қатар қазақ киносының келешегіне деген сенімімізді нығайтқан Шарипа Оразбаева, Дәулетжан Махмұт, Фариза Танаева сынды жас режиссерлерімізден де күтер үмітіміз шексіз. Туындыларында бүгінгі қоғамның ащы шындығын шынайы бояулармен суреттеп, түйіні шешілмеген мәселелерді батыл қозғайтын олардың әрқайсысының жүрегінде өнерге деген шексіз махаббат пен жаңалыққа деген жалынды құштарлық бар.
Г.К: Заманауи қазақ киносының бүгінгі толқынында өзіндік авторлық қолтаңбасымен ерекшеленіп жүрген режиссерлер аз емес. Әділхан Ержанов – формалық батылдығы мен әлеуметтік тақырыптарды абсурдпен ұштастыратын стилімен халықаралық артхаус кеңістігінде танылған есім. Ерлан Нұрмұхамбетов – нәзік психологизм мен ұлттық болмысты табиғи, минималистік формада жеткізудің шебері. Рүстем Әбдірашев, Эмир Байғазин мен Асхат Кучинчиреков та өз фильмдерінде қазіргі әлеуметтік ахуалды шебер тоғыстырады. Жас режиссерлердің арасынан Фархат Шәріпов, Шарипа Оразбаева, Айжан Қасымбек, т.б. секілді авторлар да дара көркемдік тіл қалыптастыруға талпынуда. Сондай-ақ Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» фильмі әлеуметтік шындықты бейнелеуде динамикалық операторлық жұмыс пен бейнелі метафораларды біріктіру арқылы жасалған шешімдерін ерекше атап өту қажет.
Соңғы жылдары студенттік және дебюттік жұмыстарда еуропалық артхаус үлгісіне еліктеу айқын байқалады: баяу ырғақ, ұзақ пландар, символдық кадрлар, кейде әдейі «сюжетсіздік». Бұл бір жағынан – қалыптасу кезеңіндегі ізденіс, әлемдік мектептерден үйрену процесі. Екінші жағынан – өзіндік ұлттық көркемдік кодты табу жолындағы тәжірибе. Нағыз авторлық кино тек сыртқы формаға емес, режиссердің ішкі көзқарасына, өз ортасының шындығын бейнелеу қабілетіне сүйенеді. Бұл бағыт жалғаса берсе, алдағы жылдары елімізде бірегей, халықаралық деңгейде мойындалған жаңа авторлық есімдердің пайда боларына сенімдімін.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ