Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:40

Бір референдумның күші үш АЭС-ке жетеді

АЭС
Фото: Коллаж Ulysmedia

Біздің құқығымыз қалай бұзылды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ana tili газетіне берген сұхбатында «Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын» деді.

«Sputnik Қазақстан» тілшісінің хабарлауынша, министр Сәтқалиев Қазақстанда ядролық кластерді құру үшін кем дегенде үш атом электр станциясын салу керек. Сосын үшеуін бөлек-бөлек емес, бірден салып шыққан дұрыс депті.

Осы айтылғандар заңдылық қағидасына қайшы! Неге? Біз Қазақстан азаматтары 2024 жылғы 6 қазанда өткен республикалық референдумда қандай сұраққа жауап бердік, тағы да қарайық: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» делінген бюллетеньде. Орысшасы: «Согласны ли Вы со строительством атомной электростанции в Казахстане?».

Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізілсін деген Жарлығында, дауыс беру бюллетеньде «Атом электр станцияларын», «Атомных электростанций» деген сөз жоқ! АЭС жайлы өткен референдумда сіз бен біз бір ғана атом электр станциясын салуға келісесіз бе деген сұраққа «ИӘ» немесе «ЖОҚ» деп жауап бердік. Демек үкіметтің тек қана бір АЭС салуға құқығы бар!

Енді елді шулатып, екіге бөлген референдумға келсек, ол да Қазақстан халқының Конституциялық құқын өрескел түрде бұзумен өткізілді.

АЭС салуды қолдаймыз деп парламенттегі жұмыстарын тастап, аймақтарды аралап, үгіттеумен айналысқан мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, басқа да депутаттар заңдылық қағидасын бұзып, биліктерін асыра пайдаланды.

Өйткені олар заң шығарушы билік тармағының басшылары. Жобаны ұсынушы «АМАНАТ» партиясының тағайындаушылары болғандықтан АЭС салуды қолдағылары келсе заңға сәйкес уақытша парламенттегі қызметінен кетіп, жеке қаражаттарына өңірлерді аралап, кездесулер жасауы керек болатын.

Мемлекеттік арналарда тек қана атом станциясын қолдаушыларына сөз берілді, әділдік, теңдік қағидасы бұзылды. Басқа адамдарға АЭС жайлы қарсы ойларын айтуға мүлдем сөз берілмеді!

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ақиқатын айтты. АЭС салуға әлі ерте, оның елге апат әкелу қаупі барын! Серік Бүркітбаевтың айтқанымен келісемін, АЭС қажет емес, бұл не қылған «истерика» (қазақша – қояншық, ұстама ауру) аяқ асты бар энергия жоқ болды» деді. Энергетик Әсет Наурызбаев АЭС зиянды, керегі жоқ деді, АЭС-тен алты есе арзан жасыл энергия бар дегенін халыққа жеткізе алмады. Ал Мұхтар Жәкішев табиғи газ арқылы АЭС-тен үш есе арзан, тез іске асатын жоба ұсынды.

Алайда АЭС бойынша мемлекеттік БАҚ-та, орталық арналарда қарсы тарапқа сөз берілмеді, дебат, пікірсайыс екі тарап арасында өткізілмеді. Осындай теңсіздіктің салдарынан Қазақстан халқы өзінің Конституцияда бекітілген атомның қоршаған ортаға, денсаулыққа келтірер зияны мен зардаптары жайлы ақпарат алу құқынан айырылды.

Ел басқа да тиімді, арзан, жер мен суды атом қалдықтарымен ластамайтын жасыл энергия көздері барын ести алмады, Қайрат Нұртас айтса болды деді...

Президент 2024 жылғы жолдауында «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады». Осы қылмысты жасағандар жауапқа тартылды ма? ЖОҚ!

Айтылды – ұмытылды – қалды...

Қайдасың, LRT Астана?

Қорадағы қойды санай алмаған «Аманат» партиясы ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты АЭС жырымен шатастырмақ... Бес жылдан кейін АЭС жырының шикілігі шыға бастайды! Алайда президенттің «Заңдылық – Әділдік» ұстанымына сай 2030 жылы министр Сәтқалиев, «Аманат» партиясы, парламенті, тіпті президент те іс басында болмайды...

Қарыз арқалаған қазақ елі ғана қалады...

Қарыздан құтылу жайлы ұсынысым: еліміздегі көмір қоры 300 жылға жетедідеген үкімет мәлімдемесін, ардагер депутат Бақтықожа Ізмұхамбетовтің үлкен газдың қоры бар 3,8 триллион текше метр, жылына 25 миллиард текше метр газды жерге қайта жіберудеміз дегенін ескере келе, Қазақстан үкіметі Серік Бүркітбаевты, Әсет Наурызбаевты, Мұхтар Жәкішевті осы саланың басты мамандары ретінде қызметке шақырып, арзан, тез іске асырылатын жасыл энергия көздерін қолға алулары керек!

Айыпқан Мұхамадиев

заң ғылымдарының кандидаты

Тегтер: