Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:47, 09 Қазан 2023

Бір туынды тарихы. Проспер Мериме. Фламенко ғұмыр «Кармен»

кармен
Фото: mariinsky.ru

Πᾶσα γυνὴ χόλος ἐστίν· ἔχει δ᾽ δύω ὥρας, τὴν μίαν ἐν θαλάμῳ, τὴν μίαν ἐν θανάτῳ
- Παλλαδᾶς

Кез келген әйел – сұм, зұлым; бірақ ол екі сәтте ақ-адал болады: бірі –махаббат бесігінде, екіншісі – өлім аузында жатқанда.

- Паллада

Биыл 220 жылдығын бар әлем боп тойлап жатқан француздың ұлы новеллисі Проспер Мерименің «Кармені» дәл осы жолдармен басталады. Сөз зергерінің кейіпкерін әлдеқашан әдеби-мәдени архетипке айналып, Нарцисс, Гамлет, Фаусттармен тең тұр десек, бұл сөз сол бір бейненің дәл сипаттамасы іспетті.

Десе де «Карменге» атақ бірден келмеді, тіпті оның даңқының шарықтауына Мерименің қатысы жоқтай боп қалатыны тағы бар. Жалынқұс сыған қызының Александр Блок:

Сиқыр бір сазға таңданып,
Жүзіңе шапшып бар қаның,
Күтесің ессіз арбалып,
жымыңдап шамдар жанғанын.
Тағатың бойда қалмай шын,
шамаң жоқ күліп, жыларға.
талықсып кете жаздайсың,
жарқ етіп Кармен шығарда, – деп жырлағандай прозада аса бағаланбаған отты образын сахна өнері шыңы саналатын Жорж Бизенің операсы мәңгілікке өшпес етті.

Проспер Мериме
Фото: «Кармен» новелласының авторы Проспер Мериме

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында аталған шығарма желісі бойынша «Карменсита» спектаклін қойған кездегі Талғат Теменовтің: «Бұл шығарманы көзіқарақты оқырманның бәрі біледі. Өкінішке қарай, қазір кітап оқымайтындар көбейіп кетті. Солардың арасында «Карменді» білмейтіндер бар. Проспер Мерименің осы новелласы шыққан соң іле-шала, келесі жылы Мариус Петипа деген жас хореограф Мадрид театрында «Кармен мен тореадор» атты бір актілі балет қойып аты шыққан. Өнер тарихына көз жүгіртсеңіз, Еуропа балетінде XIX ғасырдың екінші жартысы «Петипа дәуірі» деп аталады. Ал осыдан 30 шақты жыл өткенде, яғни 1873 жылы композитор Жорж Бизе «Кармен» атты опера шығарған, ол 1875 жылдан күні бүгінге дейін бүкіл әлемнің опера театрларының репертуарларынан түспестен қойылып келеді. Әдебиеттанушылар жазушы Мерименің атын мәңгілікке қалдырған ең үздік новелласы осы «Кармен» десе, музыка зерттеушілердің айтуынша, балетмейстер Петипаны – Петипа еткен «Кармен» балеті, композитор Бизені – Бизе еткен «Кармен» операсы. Бұл опера бізде де қаншама жылдан бері қойылып жүр. Оған қоса француздар 1942 жылы «Кармен» деген фильм түсірген. Онда басты рөлдерде атақты Вивиан Романс пен Жан Марэ ойнаған. Ал сол «Карменді» жақында ғана, 2004 жылы оңтүстікафрикалық режиссер Дональд Мэй «Хайлитшиден шыққан Кармен» деген атпен қайта экранизациялады. Ол новелланың оқиғасын қазіргі Оңтүстік Африкаға көшіріп, бүгінгі күннің қатал шындығын көрсетуге ұмтылған. Одан бұрынырақ Жорж Пишар деген француз суретшісі оны комикске де айналдырған көрінеді. Онысы «Карменге» пародия болып шығып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған екен. Осы айтылған әдебиет, өнер туындылары әлем классикасы болғандықтан біздің кешегі цензурасы қатаң, тәртібі қатал, коммунистік шектеуі көп Кеңес өкіметі кезінде де өз оқырмандарын, көрермендерін тапты. Белгілі композитор Родион Щедрин сонау 1967 жылы, қызыл империя заманында Бизенің опералық музыкасын пайдаланып, балетке бейімдеп, «Кармен-сюита» балетін жазған. Ал оны алғаш Үлкен театрда атақты кубалық балетмейстер Альберто Алонсо қойған. Оны осы балетті қоюға көндірген әрі өзі басты рөлді орындаған би патшайымы Майя Плисецкая: «Карменді» билеу менің өмір бойғы арманым еді, мен сол арманыма жеттім» деп жазды. 2006 жылы атақты аустриялық актер Себастьян Хафнер новелланы неміс және француз тілдерінде дыбыстап, тыңдауға арналған аудиокітап шығарып, ол үлкен тиражбен тарап кеткен. Қарап отырсаңыз, «Кармен» тақырыбы сиқырлы магнит сияқты өнердің барлық салаларын өзіне тартумен келеді. Бір ғана әңгіме негізінде либреттолар, музыкалар жазылған, опералар, балеттер қойылған, сансыз суреттер салынған, кинолар түсірілген. Тек қана драма жазылып, спектакль қойылмаған екен, мен өз тарапымнан осы олқылықтың орнын толтырғым келді» деген екен.

кармен
Фото: Майя Плисецкая Кармен рөлінде (1974 жыл)

Сахна өнеріндегі үздік Кармен образын Майя Плисецкая сомдайды. Келбетінің көркемдігімен қоса, қимылының сиқыры коррида аренасында оның көңіліне таласқан Хосе мен Торероны ғана емес, тұтас театр залын жаулап алады. Өз қалауымен жазғызған Алонсоның либреттосы тым еркін рухты сыған қызы мен рок тағдыр арасындағы тавромахиядай көрінеді. Ал мулета бұл жерде – сезім. Кейде оның жоқтығы ма дерсіз. Ақыры махаббат екеніне көзің жетеді. Бірақ оған таласқандардың біріне де емес. Еркіндікке деген.

Қарап отырсаңыз, «Кармен» өз авторынан өзгенің бәрінің бағын ашқанға ұқсайды. Бірақ... Бәлкім, жазушының оған құлқы болмаған да шығар. Өйткені Иван Тургеневтің «Мен <...> Меримемен таныстым. Ол өз шығармаларына ұқсайды: суыққанды, мәнерлі, талғампаз, сұлулық пен үйлесімге тым сезімтал һәм еш энтузиазм ізі де байқалмайтын еді» [Parturier M. Une amitié littéraire. Prosper Mérimée et Ivan Tourguénev. Paris, 1952] деп сипаттайтыны бар емес пе?! Оның үстіне алғашқы «Клара Газуль театры» атты жинағын да өз есімін жасырып қалған-ды. Оған енген пьесалар авторы ретінде ойдан шығарылған испан актрисасын көрсеткен. Мүмкін мұның бір себебі Парижде ауқатты интеллигенттер шаңырағында дүниеге келген Проспер Мерименің онсыз да өмірінің толыққанды болуы ма дерсің. Сурет өнерімен айналысқан ата-анасының үйінен ақындар, жазушылар, музыканттар арылмайтын. Бала кезінен нағыз богемалық ортада тәрбиеленеді. Тургенев бір көргеннен байқаған оның сұлулыққа деген сезімталдығы жастайына қанына сіңгені еді. XVIII ғасыр еркін ойшылдарының шығармаларын ықыласпен оқып, латын және ағылшын тілдерін меңгерген.

8 жасында Проспер экстернмен Император лицейінің 7-сыныбына оқуға қабылданады. Оқуды бітіргеннен кейін әкесінің кеңесімен Сорбоннаға түсіп, заңгер мамандығын меңгереді. Бірақ кейін Шілде монархиясы министрлерінің бірі граф д’Аргудың хатшысы қызметіне тағайындалады. Уақыт өте ол Франциядағы тарихи ескерткіштердің бас инспекторы қызметін атқара бастайды. Қашан да хас өнерді биік көрген Мериме Францияның мәдени мұрасын сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Оның табандылығының арқасында француз сәулет өнерінің ортағасырлық жауһарлары қалпына келтірілді: көптеген көне ғимараттар заманауи сәулет шешімдерінен «тазартылып», реставрация арқылы бастапқы қалпы келтірілді. Франция Мәдениет министрлігі сайтына кірсеңіз, 2019 жылдың 13 тамызында жазылған «Тарихи ескерткіштерді сақтау: Канндағы Проспер Мериме бейіті» деген пресс-коммюнике көресіз. Онда «1860 жылға дейін елді тұтас аралап, саналы ғұмырын ұлттық мұрамыздың жолында сарп еткен Проспер Мерименің соңғы тұрағын сақтап қалу біздің міндетіміз» деп жазылған: «Оның инициативасымен Виолле-ле-Дюк Везле базиликасы, Мон-Сен-Мишель, Каркассон қаласы, Нотр-Дам де Пари шіркеуі сынды өзге де құнды ғимараттар қазір біздің көзайымымызға айналып отыр.

Өмірбаянын зерттеп отырсаңыз, оның өз заманының мықтыларымен етене араласқанын байқайсыз, олардың қатарында III Наполеондай корольдік отбасы мүшелері мен мемлекет қайраткерлерімен қоса Ампер мен Стендальдай ғылым мен өнердің ең көрнекті өкілдері болған.

«Ғасырларға созылған соғыстардың салдарынан адамзат қоғамындағы ең жақсы элементтер жойылып кетеді. Содан соң адамзат генетикалық тұрғыдан азады. Әдебиет, адамдық биологиядан тыс бола алмайды. Генетикалық тұрғыдан азғындаған қоғамдарда таланттың дүниеге жаратылу ықтималдығы өте аз. Бальзак, Стендаль, Мериме, Мопассан, Мартен дю Гар сияқты ұлылар өмірден кеткеннен кейін, Сартр, Камю, Жан Кокто сияқтылар келді. Бұлар аталған генийлердің реңсіз көлеңкесі ғана»
Таласбек Әсемқұлов

Иван Тургенев француз досының некрологында «... Наполеон әулетімен жақсы қарым-қатынаста және менің де оларға деген көзқарасымды сұрайтын» деп жазады .1830 жылы Испаниядағы сапарында Проспер Мериме граф Монтихомен достасады. Оның Евгения есімді қызы 1853 жылы III Наполеонға тұрмысқа шыққан еді.

Ал «Карменді» жазуға түрткі болған осы әулеттегі графиняның әңгімесі екен: «Новелла сіз айтқан әлгі өзін өзгелерге арнаған ғашығын өлтірген малагалық бұзақы туралы болды... Мен біраз уақыт сығандарды зерттегендіктен, кейіпкерімді сыған еттім» [Correspondance générale, á Madame de Montijo, 16 mai 1845]. Шығармада сығандар бейнесінің мінсіз берілуіне Джордж Борроудың «Цинкали: Испан сығандары туралы әңгімелер» кітабының септігі зор болған.

кармен
Фото: из открытых источников


Sotheby's бәссауда үйі ұсынған лот: «Кармен», 1846 жыл. Кітап боп шыққан тұңғыш нұсқа. Проспер Мерименің 1851 жылдың 1 сәуірінде және Жорж Бизенің 1856 жылы 5 наурызда қойған автографтарымен.

Тым рафинадталған ортада туып-өскен интеллигенттің санасын осындай мұрындарына буржуазияның исі де бармайтын жабайы һәм еркіндік сүйгіш сығандардың жаулауы заңдылық секілді. Әсіресе көзі көркемдікке қырағы кезбені Кармендей севильялық сұсты сұлулар естен тандырғандай.

Бір қызығы музыка тарихындағы Бетховеннің «Фиделиосы», Моцарттың «Дон Жуаны» мен «Фигароның үйленуі», Россинидің «Севильялық шаштараз» және Бизенің «Кармені» сынды ұлы 5 опера сюжеттерінің бәрі де осы Андалусия астанасында өрбиді. Әсіресе соңғысы, яғни біз әңгімелеп отырған кейіпкердің болмысы осы мекенмен егіздей. Севилья аскеза мен гедонизмнің тоғысындағы топырақ болса, көзіне көрінгеннің бәрін алдап, қылмыскер тобырының қақпанына арбаумен айналысса да, махаббатқа келгенде ақиқатын айтқыш. Сезімі өшкен адаммен болғаннан, өлгенді артық көреді. Өмір сүру мәнері Андалусияда жаралған фламенко биіндей құштарлық пен арпалысқа толы. Айтқандай, оқиға баяндалатын өңірге қойылған ескерткішінде Кармен байлар кейпінде бейнеленген. Бұл біздік пайымның орынсыз емесін дәлелдесе керек.

Бұл өнер түрін Испанияға Үндістаннан Темірланның езгісіне шыдамай босып кеткен сығандар алып келген деседі. Андалузия тұрғындары босқындарды жылы қабылдап, уақыт өте бұл биге араб және христиан әуендері, испаниялықтардың құштарлығы мен қызуқандылығы қосақталып, нәтижесінде мәнері өзгерген, көркемдік тәсілдері көбейген, мазмұны ынтық сезім мен дүлей күшке ие би пайда болады.

Оны таратушы сығандар болған себепті де, фламенко Испания қоғамының ең төменгі табына тән кенже қалған өнер іспетті еді. Ал оның қазіргідей бүкіләлемдік мұра деңгейіне дейін жетуіне ықпал етіп, қамқорлығына алған испан ұлтының ұлы перзенті Федерико Гарсия Лорка болды.

Ақынның «Ағарып атқан ақ таңда біртұтас жүрек бол,
Жүрек.
Күн қызарып батқанда шексіз ән бол.
Бұлбұл бол», – дейтіні бар.

Испан сығандарының бар болмысы – осы. Біртұтас жүрек, шексіз ән. Ал аталғанның бәрін өне бойына тоғыстырған бір құбылыс бар болса, ол – фламенко: би, ән, махаббат. Махаббат жайлы айтудың қажеті жоқ, махаббат жайлы билеу керек. Ал Кармен – махаббат жайлы билеп өткен мұңлық.

Ал «Мендік болмасаң, ешкімге де бұйырмайсың» деп қаруын тақаған мәжнүнге кеудесін тосуы дуандэге жақындаған фламенко бишісіндей елестейді.

«Соңғы рет сұраймын сенен», – деп айқайлап жібердім мен. «Менімен бірге қаласың ба?». «Жоқ! Жоқ! Жоқ!», – деді ол көнгісі келмей, таққан сақинамды саусағынан жұлып ап, лақтырып жіберді.
Мен оған екі қайтара пышақ сұқтым».

«Ole!» Фламенко орындаушысына дем беру үшін айтылатын бұл сөздің мәні «Тәңір тірі!» дегенге саяды. Әдетте шебердің өзі не көрермен дуэнденің жақындағанын сезгенде «Ole! Ole!» деп айқайлап жібереді. Дуэнде – фламенко перісі.

Бұл ұғым туралы Федерико Гарсиа Лорка былай дейді: «...Андалусияның Хаэн қыраттарынан Кадиске дейін аумағының бәрі дуэндені еске салады. Бұл түнектен ескен қара зар – кез келген парқына жете бермейтін құпия. Оны тануға жол сілтейтін еш белгі жоқ. Біздің дуэндені католиктердің жынымен шатастырмаңыз. Жоқ! Дуэнденің жақындауы – тәңіри құбылыс. Ол қайта дүниеге келгендей күйге түсу».

Француз жазушысы Жан Кокто «Қайта лаулау үшін өшетін от» деп атаған бұл өнер түрін.
Новелланың да, кейіпкердің де тағдыры құдды фламенко сарынына саятындай. Алғашында мойындалмағанымен, соңғы 200 жыл өнер атаулыға бет бұрған әр жанды жалыны қарып тұр. Ромиін бір тореодордан қызғанған Хосенің қанжары шарқ еткен кастаньета үніндей Карменді сұлата салғанымен, сан ғасыр талай тарланды оның бейнесіне таңып, ғашық қып қойды. Мериме де Карменінің өмірін қайта тірілту үшін қиғанға ұқсайды.

Тегтер: