Бір заңның зардабы
2003 жылы Жер кодексі қабылданды. Бұл заң актісінің талқылануы, қабылдануы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өзінше бір оқиға. Парламент қабырғасындағы сол кездегі саяси тартыстарға аңсар бар. Өз пікірін ашық айта алған депутаттар болды. Бұл кейінгі ұрпаққа таңсық естілер.
Декоративті демократия орнаған шақта үкімет пен парламент тайталасқан кезеңді еске алған да артық емес. Жуырда жазушы Мұхтар Мағауин: «Шерхан Мұртаза жер сатуға қол қойды», – деді сұхбатында. Белгілі тұлғаны идеалдандыруға бейім қазақ қоғамы бұны ауыр қабылдады. Пікір екіге айырылды. Біз бұған қатысты өз сөзімізді айтуға пейілді емеспіз. Тек бір заң аясында экс-сенатор, сол жылдары парламентте қызмет еткен Зәуреш Батталовамен аз-кем әңгіме дүкен құрған едік.
– Зәуреш ханым, 2003 жылы Жер кодексі қабылданған кезде сіз парламент сенатының депутаты едіңіз. Сол кезде қазақ интеллигенция өзін қалай ұстады?
– Сол кезде зиялы қауымның көбі жер сатуға қарсы болды. Қоғам қайраткері, жазушы Сапабек Әсіп ағамыздың арнайы Астанаға келгені бар. Парламентке келіп, маған жолыққан еді. Ақсақалды сырттай танитынмын. Жақын араласып кеттік. Парламентке күнде рұқсат қағаз беретін бюро арқылы кіргізіп алып отырдым. Үш айға жуық парламент қабырғасында жүріп біраз шаруаларды бітірді. Депутаттарға халықтың пікірін, өз ойын айтты. Пленарка мен жұмыс топтарына қатысты. Парламентте жұмыс істейтін адам сияқты таңертең келіп, кешке кетіп жүрді. Саясаткер Балташ Тұрсымбаев Жер кодексіне байланысты қоғамдық комиссия құрды. Балташ аға қатты жұмыс істеді. Ол кісіні қорқытпақ болып автокөлігін өртеп кеткен оқиғалар да болды. Жер-жерден қоғамдық белсенділермен Серікболсын Әбділдин, Болат Әбішев бәріміз кездестік. Депутаттар осы құжатқа байланысты халықтың да реакциясын аңдаған еді. Жерге келгенде тайсалмас адамдарды көрген депутаттар еңселерін тіктеп, жақсы жұмыс атқарды. Үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетов ұсынған құжат қызу талқыланды. Көп өзгерістер енгізілді. Премьер-министр өзінің ұсынған кодексі өтпесе отставкаға кетуге дайын екенін ескертті. Ал депутаттар Жер кодексінің өз нұсқасын әзірлеп шықты. Үкіметтің Жер кодексі концептуалды өзгеріске ұшырады. Парламенттің қос палатасы үкіметке сенімсіздік білдіріп, вотум жариялады. Сенатта мен, Уәлихан Қайсар, Әбілхан Машани премьер-министрдің отставкаға кетуін қолдадық. Жер кодексіне мәжілісте Серікболсын Әбділдин бастаған коммунистер, Серікбай Әлібаев, Болат Әбішевтер қарсы болды. Бас-аяғы 23 депутат. Алайда президент Нұрсұлтан Назарбаев Иманғали Тасмағамбетовтің құжатына 8 толықтыру енгізіп, мәжіліске қайта жіберді. Өкінішке қарай, депутаттардың көпшілігі президентке қарсы шыға алмады.
– Жер кодексі сол кезде не үшін керек болды? Қандай қажеттілік болып еді?
– Жерге арналған нормаларды бір жерге жинақтаймыз. Кодекстің мәртебесі жоғары деген әңгімелер айтылып жатты. Соған жер сату туралы қосымша енгізді. Есіңізде болса, бізде бірде-бір заң уақыт талабына сай, яки шын қажеттіліктен қабылданбайды. Мәселен, Курчатовтың жергілікті депутаттармен бірлесіп Курчатов қаласын «наукоград» жасайық деген ұсыныс білдірдік. Яғни заңмен ғылыми-техникалық базасы бар қалаға арнайы статус алып бермек едік. Атомды зерттеген қаланың өсіп-өркендеуіне ол заң керек еді. Ресейдің Обнинск қаласы сияқты болса деп ек. Жұмыс тобын құрдық. Экономика министрі біздің бастамамызды іске асырмастай етіп қорытынды жасап берді. Ол заң сол уақытта керек еді. Бірақ үкімет қолдамады. Бізде барлық заңның инициаторы президент әкімшілігі және үкімет қой.
– Сонда президент Нұрсұлтан Назарбаев әуелде Иманғали Тасмағамбетов ұсынған Жер кодексінің қабылдануына мүдделі болды ғой.
– Әрине. Үкімет президент әкімшілігінің бұйрығымен заң жобасын әзірлейді. Назарбаевтың кодексі десе де болады. Мәжіліс әзірлеген құжат тәп-тәуір еді. Алайда мемлекет басшысы халық пен депутаттардың ұсыныстарын қабылдамай тастады. Бірақ күшпен қабылданған құжаттың негізгі ережелері әлі күнге дейін орындалған жоқ. Мысалы, ауыл адамдарына 25 соток, қала адамдарына 10 соток жер телімі берілуі тиіс еді. Барлық қазақстандықтар жерге ие болды деп айта алмаймыз. Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарында ядролық жарылыстан кейін қауіпті аймақ болып қалған жерлер бар. Ол аймақта залалсыздандыру жұмыстары атқарылуы тиіс болатын. Комплексті түрде экологиялық зерттеу жұмыстары мен радиация қалдықтарына мониторинг жүргізілуі тиіс еді. Оның бірі жасалмады. Атом бомбасы жарылған ол жерлер әлі күнге ашық жатыр. Адамдар емін-еркін төрт-түлігін жайып, малының етін жеп, сүтін ішіп отыр. Автокөліктер де жүріп жатыр. Жер ауыл шаруашылығына жарамды болуы үшін культивация жасалмады. Бұның бәрі заңда көрсетілген. Бірақ тағы қайталап айтамын, барлығы орындалған жоқ.
– 90-жылдардың басында ауыл халқы нарықтық экономикаға бейімделе алмай, жаппай қалаға қоныс аударды. 2000-жылдардың басында кері қайтқандар болғанымен, ішкі миграция тұрақталмады. Осыған Жер кодексінің әсері болған сияқты.
– Иә, жекелеген адамдар шексіз жердің иелеріне айналды. Яғни латифундистер көбейді. Совхоздар мен колхоздар тарағанда пайларына ие бола алмаған қарапайым халық жерсіз қалып қалды. Әлі есімде, сол кездері маған Атбасардың маңындағы Малиновка ауылының жұрты «жайылымсыз қалдық» деп хабарласқан болатын. Демек, жер проблемасы кодекс қабылданғаннан кейін ақырындап басталды. Ал қазір ашық айтылып жатыр. Қазақ ауылдары жаппай мал жаятын өріс тарылғанын, егін егетін алқаптардың жоғын айтып жатыр ғой. Ол проблема бәріне белгілі. 2016 жылы Атырауда халық жер митингісіне шықты. Батыстағы халықты басқа қалалар да қолдап шықты. Оның соңы Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотталуымен аяқталды. Жер – ата-бабамыздың бізге қалдырған баға жетпес мұрасы. Сондықтан жер ешқашан сатылмауы тиіс. Ғасырлар бойы бабаларымыз қанымен қорғап келген жер ендігі ұрпаққа аманат.
Сұхбаттасқан – Қанат Тілеухан