Бір жеңістің тарихы. Аңызға айналған Байшақов
Өткен жылдың жазында, 12 тамызда қазақтың аңыз футболшысы Сейілдә Байшақов 73 жасында өмірден өтті. Өмірде де алаңдағыдай сауатты, сабырлы азамат соңғы сәтіне дейін футболдан алыстаған жоқ.
КСРО дәуірінде кеңес құрамасында ойнаған жалғыз қазақ – осы Байшақов. «Қайрат» ол жылдары КСРО чемпионаттарында ортаңқол ұжым саналса да, сонау Сергей Квочкиннен күні кешегі Фанас Сәлімовтерге дейін талай талантты аяқдопшының кеңес футболына үлес қосуына жол ашты. «Қайратта» ойнаған Олег Долматов, Александр Хапсалис, Сергей Стукашов, Евгений Яровенко сияқты футболшылар әр жылдары КСРО құрамасының жейдесін кигенмен, С.Икрамұлы таза қазақ футболының түлегі ретінде, оның үстіне қазақ жастары арасынан да бірінші болып ұлттық құраманың негізгі құрамында өнер көрсетті.
Әрине, «бар-жоғы екі-ақ ойын ғой, соны да әңгіме етуге тұра ма?» дейтіндер табылар. Бірақ КСРО дәуірінде ол елдің құрамасы негізінен Мәскеу және Киев сияқты орталықтың командалары ойыншыларынан жасақталатынын ескерсек, «кіші командадан» сең бұзып, елдің бас ұжымына жол салу еш оңай болған жоқ.
Біздің білуімізше, С.Икрамұлының КСРО құрамасы сапындағы екі ойыны туралы көп жазылғанмен, әлі күнге дейін жүйелі әңгіме болған емес. Оның себебі де түсінікті: 1978 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде КСРО құрамасы сәтсіз өнер көрсетіп, финалдық кезеңге шыға алмады. Грекия, Венгрия сияқты негізгі қарсыластарын жолға тастаса, Байшақовтың құрамадағы ойындар көрсеткіші өсе түсер ме еді? Бірақ болмаған нәрсені болды деудің қажеті жоқ. Бүгінгі қазақ футболының жылнамашылары үшін Байшақовтың КСРО құрамасы сапындағы толыққанды екі матчы да аз олжа болмаса керек.
Құрамаға дейінгі жол
- Сейілдә Байшақовтың әкесі Икрам әскерден 1949 жылы оралып, жергілікті командада ойнады. Яғни Сейілдә спортқа бейімі бар отбасында өсті;
- 1967 жылы оның туған ағасы Сейітжан Байшақов Алматының «Қайратына» шақырылды. Жергілікті жастар үшін бұл керемет құбылыс еді. Сейілдә туған ағасын ерекше үлгі тұтты;
- Байшақов үлкен футболдағы қадамын Жамбылдың «Энергетик», кейіннен «Алатау» деп аталған командасында жасады. Мұнда ол үш маусым ойнады;
- 1969 жылы Қазақ КСР құрамасы Борис Каретниковтың басшылығымен бірнеше матч өткізді. Құрамаға елдің үздік жас футболшылары шақырылды. Өзбек КСР құрамасымен өткен екі кездесуде де Каретников шәкірттері жеңіске жетті – 2:1, 1:0. Одан кейін Словакияның Кошице қаласының командасымен Алматының Орталық стадионында жолдастық кездесу өтті. Бұл ойында да Қазақ КСР құрамасы жеңіске жетті. Орталық алаңда дегдар қимылымен көзге түскен Сейілдә ойынды арнайы тамашалаған «Қайраттың» бапкері Александр Севидовтің назарына ілікті, артынша бапкер оны қараша айында Алматыға шақырды. Келесі жылы оқу-жаттығу жиындары басталғанда Севидов Киевтің «Динамосына» кетті де, «Қайраттың» тізгінін қолға алған Виктор Корольков жас қорғаушыға ерекше сенім артты;
- 1971 жылдың 8 сәуірінде Байшақов «Қайрат» сапындағы тұңғыш ресми матчын өткізді. Алматылықтар 3:1 есебімен «Зенитті» тізе бүктіріп, сенімді жеңіске қол жеткізді;
- 1971 жылы Байшақов КСРО Жоғары лигасының үздік жаңа ойыншысы болып танылды;
- Сол жылы «Қайраттың» сапында Байшақов Халықаралық теміржолшылар кубогын жеңіп алды;
- 1972 жылы ол «Кеңес одағының спорт шебері» атағын алды;
- 1972 жылдың соңында Байшақов КСРО жастар құрамасына шақырылып, Финляндияға қарсы Еуропа чемпионатының іріктеу ойынына қатысты;
- 1974 жылы КСРО клубтар құрамасы сапында Орталық және Оңтүстік Америка турниріне қатысты;
- Байшақов 1981 жылы «Қайраттан» кетіп, спорт комитетінің шешімімен бапкерлік жұмысқа ауысты.
Құрамаға қалай шақырылды?
Сейілдә Икрамұлының КСРО құрамасындағы көрсеткіші әлдеқайда жақсы болуы мүмкін еді. Бірақ оған басқа факторлар да әсер етпей қалмаған сияқты. «Қайраттың» белгілі қорғаушыларының бірі Юсуп Шадиев былай деп еске алады: «Ол кезде КСРО құрамасына іліну деген үлкен оқиға болатын. 1970 жылдардың басында Сейілдәні Мәскеудің «Динамосына» шақырды, тіпті әскери міндетін сол жерде өтеуге міндеттеуге де тырысты. Сол кезде Мәскеу клубтарының біріне ауысса, құрамада тұрақты түрде ойнайтынын да ескертіпті. Бірақ Байшақовтың өзі де астанаға ауысуға аса ықыласты болған жоқ, оның «Қайратта» қалуына тіпті республика басшылығы да араласты».
1975 жылдың қорытындысында КСРО Жоғары лигасынан төмендеп кеткен «Қайрат» араға екі жыл салып, 1977 жылы элитаға оралды. Алматылықтар чемпионаттың алғашқы үш кездесуінде ықтимал алты ұпайдың бесеуін жинап, яғни екі рет жеңіп, бір рет тең ойнап, Донецкінің «Шахтерімен» бірге турнир кестесінің басында тұрды. Мәскеуде «Динамомен» өткен үшінші кездесуді құраманың бас бапкері Никита Симонян арнайы келіп тамашалап, Байшақовтың ойынына риза болады. Сөйтіп, алматылық қорғаушыны құрамаға шақырды.
«1977 жылдың сәуірінде біз сырт алаңда «Динамомен» (Мәскеу) ойнадық. Құрама бапкері Симонян ойынымды ұнатыпты. Кездесуден кейін мен заттарымды жинап, Новогорскідегі құрама базасына жол тарттым. Бұл кезде тәжірибелі футболшы едім, кейінгі төрт маусым бойы «Қайраттың» капитаны болдым. Сондықтан құрамаға шақырылғаныма аса қатты таңданғаным жоқ, іштей дайын едім. Оның үстіне құрама ойыншыларының көпшілігін КСРО жастар құрамасы кезінен білетінмін» деп еске алды кейін С.Икрамұлы.
Құрама жағдайы мәз емес еді
Бұл кезде КСРО құрамасының жағдайы кісі қызығарлықтай емес болатын. Валерий Лобановский тізгіндеген құрама 1976 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыға алмаған соң орнын босатты да, «Арарат» командасымен «алтын дубль» жасаған, яғни КСРО чемпионатын және кубогын жеңіп алған 51 жастағы Никита Симонян бас бапкер болып тағайындалды.
1978 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне УЕФА-дан 31 құрама қатысты. КСРО құрамасы Грекия және Венгрия командаларымен 9-топқа түсті. Бұл топтың жеңімпазы әлем чемпионатына бару үшін КОНМЕБОЛ аймағының өкілімен қосымша іріктеу матчын өткізуге міндеттелді.
Міне, қырсық! Құраманың Лобановский бастаған бұрынғы бапкерлер штабы бас-аяғы 24 күнде 4 матч өткізетін күнтізбеге келісіпті. Симонян енді осы тығырықтан жол табуға тиіс болды. Кесте бас бапкерді ғана емес, КСРО чемпионатының кестесін түзушілерді де қанағаттандырған жоқ. Алдымен құрама наурыз айында екі жолдастық кездесу өткізетін болды да, іріктеу матчтары басталар тұста ұлттық чемпионат тағы үзіліске жіберілуге тиіс еді. Соның салдарынан құрама ойыншылары ресми кездесулерге небәрі екі күн қалғанда ғана толық құраммен жиналып, бір жеңіл жаттығу және екі таңертеңгілік дене қыздыру жаттығуын жасауға әзер уақыт тапты.
Симонян құрам мәселесінде бұрынғы бапкерлерден қалған «мұраны» көп өзгерткен жоқ, негізінен Киевтің динамошыларына сенім артты.
Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің алғашқы матчын Симонян шәкірттері 1977 жылдың 20 сәуірінде Мәскеудегі Ленин атындағы стадионында Грекия құрамасына қарсы өткізді. Бұл ойында Байшақов қосалқы құрамда отырды. Орталық қорғаныста В.Хинчагашвили мен А.Ольшанский ойнады. А.Коньков – 26 минутта, Д.Кипиани 77 минутта мергендік танытып, КСРО құрамасы жеңіске жетті. Бұл топтағы алғашқы кездесуде Афинада Грекия мен Венгрия 1:1 есебімен тең ойнағандықтан, екінші турдан кейін КСРО көш бастады.
Венгрлер қапталдан саңылау тапты
30 сәуірде Будапештегі Непштадионда, 80 000 жанкүйердің көз алдында Венгрия құрамасына қарсы Сейілдә Байшақов негізгі құрамда шықты. Ол Хинчагашвилимен бірге орталық қорғанысқа жауапты болды. Байшақовқа мажарлардың негізгі шабуылшысы Иштван Ковачты тұсап ұстау тапсырылды.
Симонян бұл кездесуде тең нәтижені мақсат тұтқаны айдан анық еді. Өйткені шабуылдан гөрі қорғаныста пайдасы көбірек О.Долматовтың негізгі құрамда шығуы қорғаушылар санының басым болатынын аңғартты. Венгрияның «Нешпорт» басылымы былай деп жазды: «КСРО құрамасының негізгі құрамы жарияланғанда, көбіміз таңғалып қалдық. Жаңа есімдер біздің қарсыласымыздың жаңа тактикаға жүгінетінін аңғартып тұрды. Шынында да, кездесу барысында осы ойымыз расталды. Симонян өткен кездесулерде қорғаушылардың қимылына разы болмаған сияқты, қорғаушылар санын көбейткен себебі де сол болу керек. Венгрия құрамасының шабуылшылары ғана емес, жартылай қорғаушылары Пинтер мен Нилаши де «оққағарлардың» бақылауында жүрді. Екі команда да негізінен орталық алаңдағы ойынға көңіл бөлді. Әдемі, ойлы, комбинациялық футбол көре алмағанымыз да содан».
Венгрия құрамасының бас бапкері Лайош Бароти бұл күні қорғаушы Золтан Керекиге көп мүмкіндік беріп, оны шабуылға жиі қосылуға міндеттеді. Міне, осы амалға КСРО футболшылары дайын болмай шықты. Кереки алғашқы гол соғылғанда айып алаңына күтпеген жерден кіріп келіп, Долматовтың назарын аударды. Қорғаушы да, қақпашы Астаповский де осының зиянын тартты: алыстан келген соққыны Астаповский қайтарғанмен, серпілген доп Нилашиге тиіп, қақпа торынан бір-ақ шықты. Екінші голда да Кереки көп еңбек сіңірді: Пустаи айып алаңына ауттан лақтырған допқа бұрын секіріп жетіп, ашық бұрышты дәл көздеді.
Осы кездесуден кейін Байшақов «Нешпорт» басылымынан мынадай баға алды: «Байшақов негізінен Ковачпен көп тіресті, оның жеңген сәті де, жеңілген сәті де тең болып шықты».
Демек, С.Икрамұлының құрама сапында өткізген алғашқы матчы аса сәтті болған жоқ. 85 минутта ол ескерту де алды. Кездесу аяқталар тұста Кипиани есеп айырмасын қысқартқанмен, жеңіс Венгрия құрамасына бұйырды.
Папаиоанну...
Венгриядан жеңілген соң КСРО құрамасы турнирдегі жағдайын нашарлатып алды. Енді 10 мамырда Салоники қаласында өтетін Грекияға қарсы ойында қалайда жеңіс қажет еді.
КСРО құрамасы қажет нүктеге 12 сағат жол жүріп жетті. Теңіз жағасындағы «Электра Палас» қонақ үйіне орналасты. Бірақ ойын күні ауа райы бұзылып, жауын шелектеп құйып тұрды. Бапкер Симонян Байшақовты тағы негізгі құрамда шығарды.
Ойын 19 минут кешігіп басталды. Екі елдің әнұрандары ойнап жатқанда стадионның жарығы сөніп қалды. Бұл да ойын барысына әсер еткені сөзсіз. Бірақ негізгі мәселе 8 минутта болды: Коньков гол соққанда қапталдағы төреші жалаушасын желбіретіп, офсайд болғанын білдірді. Бас төреші Чезаре Гуссони зерттеп жатпастан, көмекшісінің шешімін растады. Бұдан кейін КСРО құрамасы қанша шабуылдағанмен, К.Василиос қорғаған қақпаны дәл нысанаға ала алмады.
Ал ойынның 58 минутында Байшақов бағып жүрген шабуылшы Димитрос Папаиоанну айып алаңында бәрінен биік секіріп, шешуші гол соқты... «Мен бүкіл ойын бойы жаман қимылдағаным жоқ, бірақ грек шабуылшысынан бір сәтке көз жазып қалғаным сол екен, ол әдемі гол соғып кетті» дейді Байшақов кейінгі бір сұхбатында.
Бұл сәтсіздіктен кейін КСРО құрамасы Венгрияны өз алаңында жеңсе де, қосымша іріктеу кезеңіне шыға алмады. Байшақов та құрама есігін қайта ашқан жоқ.
«Жас қазақ» газетіне арнайы алған сұхбатымызда осы ойындар туралы сұрағанымызда, Сейілдә аға: «Құрамада сәтті ойнау үшін ондағы футболшылар бір-бірін бес саусағындай білуге тиіс. Мен командаға жаңа келдім, басқа қорғаушылармен толық түсінісіп үлгергенім жоқ», – деп жауап берген еді.
Белгілі футболшы, комментатор Диас Омаров кейін Мәскеу олимпиадасы кезінде осы ойындар туралы Симонянмен әңгімелескенде, маман Байшақовқа еш кінә артпайтынын айтыпты.
1992 жылдан бастап Қазақстан құрамасының жаңа тарихы қалыптасты. Тәуелсіз ел құрамасының жеңісінен сәтсіздігі көп болса да, оның алғышартын осыдан 40-50 жыл бұрын Сейілдә Байшақовтай арда азаматтар жасағанын жанкүйер ретінде мақтан тұтамыз.
Есей Жеңісұлы