Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:42

Бір жылда әлемде 67 журналист қаза тапты – RSF

Журналист
Фото: Reuters

«Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы 9 желтоқсанда жариялаған жылдық есебінде әлемдегі журналистердің қауіпсіздігі бұрынғыдан да қатерлі деңгейге түскенін айтты.

 2024 жылғы 1 желтоқсаннан 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі аралықта – 67 журналист қаза тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өзгермегенімен, баспасөз өкілдеріне бағытталған зорлықтың жүйелі сипат алғанын көрсетеді.

Қаза тапқандардың басым бөлігі – соғыс аймақтарында

67 адамның 53-і қарулы қақтығыстар мен қылмыстық топтар әрекеті кезінде өлтірілген. RSF мәліметіне сенсек, журналистер үшін ең қауіпті өңір биыл да Газа секторы болып қалды – онда 29 журналист көз жұмды.

503 журналист түрмеде отыр

RSF дерегіне сүйенсек, бүгінде 62 елде 503 журналист қамауда отыр.

Олардың ішінде:

  • Қытай – 121 адам
  • Ресей – 48 адам
  • Мьянма – 47 адам
  • Беларусь – 33 адам
  • Вьетнам – 28 адам
  • Әзербайжан – 25 адам

Ресей қазір ең көп шетелдік журналист ұстап отырған елге айналды – онда 26 украиналық тілші қамауда. Ал Израильде 20 палестиналық журналист қамауға алынған.

135 журналист  із-түзсіз жоғалған

Бүкіл әлемде 135 журналист жоғалып кеткен. Сирияда Асад режимі құлаған кезеңде жоғалған ондаған журналист әлі күнге дейін табылған жоқ.

RSF Германия бөлімінің атқарушы директоры Аня Остерхаус жағдайды «қорқынышты» деп атады:

«Журналистердің көптеп қаза табуы – армиялар, қарулы топтар және қылмыстық құрылымдар тарапынан жасалған жүйелі зорлықтың салдары. Әрбір журналистің өлімі – ақпарат еркіндігінің өлімі».

Ол барлық ел үкіметтерін журналистерді қорғау үшін нақты әрі тиімді шаралар қабылдауға шақырды.

Тегтер: