Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:45

Brain drain немесе мардымсыз жалақы мен жарқын болашақтың арасы

1
Фото: ашық дереккөз

Американың атышулы «Манхэттен» жобасы немесе адамзат аяғын алғаш айға тіреген «Аполлон миссиясы» өткен ғасырдың ауыз толтырып айтатын екі ұлы жаңалығы.

 

 Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаның басынан тайып, АҚШ-тың алақанына топ ете қалған бақ еді. Себебі аталған жобалар еуропалық эмигрант ғалымдардың көшбасшылығы мен еңбегінің арқасында жүзеге асқан болатын. Осылайша, соғыстан тұралап шыққан Еуропа ғылым мен технологиядағы білікті мамандарынан айырылып, тағы бір дүркін есе жіберіп алды. Ал аталған жетістіктер тарихта brain drain ұғымының жарқын мысалына айналып қала берді.

Жалпы мемлекет үшін ең құнды байлық – адами ресурс. Бұл сөзді кез келген елдің Конституциясынан табуға болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстаннан 12 784 адам көшіп кеткен. Мигранттардың 9 575-і ТМД елдеріне, қалған 3 209-і посткеңестік мемлекеттерден өзге елдерге қоныс аударыпты. Елден кеткен әрбір төртінші адамның жоғары білімі, әрбір алтыншы адамның орта білімі бар. Олардың арасында 1,2 мың адам сұранысқа ие техникалық мамандық иелері болса, 589-ы экономика, 385-і педагогика және 170-і заң салаларында білім алған. Ал бұлар елде тапшы мамандықтар қатарына жатады.

Елімізде кадр әлеуеті мәселесі жиі талқыланатын болды. Кәсіби білім беру жүйесіне реформа керектігі үнемі айтылады, алайда оның нақты қашан, қандай бағытта жасалмағы әлі күнге беймәлім. Қазірдің өзінде елімізде жоғары және техникалық білімі бар мамандар тапшы. Еңбек министрлігінің хабарлауынша, 2030 жылға қарай елдегі кадр жетіспеушілігі 1 млн 800 мың адамнан асуы мүмкін. Оның қатарында қарапайым мұғалімдер мен дәрігерлерден бастап, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар энергетика, су мамандарына да қажеттілік жоғары. Алайда дәл қазіргі жағдайда қолда бар білікті мамандарды қолайлы еңбек жағдайымен қамтамасыз ету – білім беру саласында есепсіз «реформа» жасай беруден әлдеқайда маңызды. Онсыз істелген жұмыс тесік шелекке су құйғанмен бірдей. Статистика бойынша көші-қон процестерінің ең жоғарғы қарқындылығы 19-35 жас аралығындағыларға, ал ең төменгісі 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге тән екенін ескерсек, қабылдаушы елдер дамушы мемлекеттердің қаржысына білім алып, жетілген арзан адами капиталды уысына түсіріп, дайын асқа тік қасық болып отыр деуге негіз бар.

Экономист Олжас Құдайбергенов орта есеппен бір бала үшін мектептің бірінші сыныбынан бастап жұмсалатын қаржы бакалавр деңгейінде сауатты маманды даярлау 100-150 мың долларды, магистратура үшін 30-100 мың доллар тағы қосымша қаржы жұмсалатынын айтады. Сондықтан біздің мемлекет үшін адам ресурстарын, олардың идеяларын пайдаланудың әлеуетті құны да бар. Бұл – мемлекет өзінің дайындаған адами ресурсынан айырылып, есе жіберіп отыр деген сөз.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, демографиялық құлдырауға ұшыраған кейбір елдер шетелдік, соның ішінде қазақстандық студенттерді белсенді түрде тартуда. Бұл олардың білім беру көрсеткіштерін жақсартуға ғана емес, сонымен қатар ішкі демографиялық мәселелерді шешуге де көмектеседі. Мысалы, Оңтүстік Корея біздің студенттерді тарту арқылы тек университет аудиторияларын толтырып қана қоймай, сонымен қатар талантты жастарды өз экономикасында жұмыс істеуге қызықтыру мүмкіндігі ретінде қарастырады.

Қазіргі таңда қазақстандық студенттердің ең көп оқитын елі – Ресей, онда 60 мыңнан астам студент білім алуда. «Болашақ» бағдарламасы аясында да мыңнан астам студент оқиды, олардың басым бөлігі Ұлыбританияда, Еуропа елдерінде, сондай-ақ АҚШ-қа кететіндер саны да артып келеді. Сонымен қатар Гонконг пен Оңтүстік Корея университеттері қазақстандық мектеп түлектерін белсенді түрде қабылдауда.

Алайда елімізде шетелге кеткен мамандардың нақты санын көрсететін жүйеленген деректер жоқ. Тиісті министрліктер мен ведомстволар, шетелде тұрақты тұру мақсатымен кеткен азаматтар мен ұлттық бюджет қаражаты есебінен шетелде оқитын студенттердің көші-қон көлемі мен бағыттарын белгілейді. Ал өздерінің жеке қаражаты немесе халықаралық стипендиялар есебінен шетелде оқып, сонда қалып қойып жатқандардың нақты саны назардан тыс. Жоғарыда айтқандай, шабаданын арқалап, шекара асқандардың көбі шетелге білім іздеп кетеді. Ал Қазақстан Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша да, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша да білім беру көші-қонын қолдау саясатын белсенді жүргізіп келеді. Дегенмен өкініштісі сол, оқуға кеткендердің біразы қайтып елге оралмайды. Халықаралық бағдарламалар орталығы өкілдерінің мәліметінше, осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасымен оқығандардың ішінде 235 адам Қазақстанға оралмағаны үшін стипендиядан айырылыпты. Бұл жалпы түлектер санының 1,9%-ы деген сөз.Былтырдың өзінде 55 стипендиат елге қайтпаса, оның алдыңғы жылы 180 болашақтық (шамамен 1%) Қазақстанға қайтпауға бекініпті. Бағдарлама ережесіне сай, білім алушы елге қайта оралмаған жағдайда оқу ақысын қайтаруы керек. Ал бір стипендиатқа барлық шығынды қоса алғанда, жылына орта есеппен 10 миллион теңге қаржы жұмсалады екен. Бұрын тек магистратура мен докторантура деңгейіндегі оқуды ғана қаржыландырып келген «Болашақ» өткен жылдан бері халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары және тиісті талаптарға сай келген түлектерді бакалавриат бойынша оқытатын болған. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл жас таланттарды қолдап, оларды елде ұстауға мүмкіндік беретін маңызды жаңашылдық екенін айтты. «Дарынды балаларды қолдау – олардың болашағына салынған инвестиция ғана емес, бұл Қазақстанның дамуына бағытталған стратегиялық қадам» дейді депутат.

Айдар Хамит, әлеуметтанушы:

Ұлттық идеологияны тек жалаң ұрандармен ұстап тұра алмайсың

– Жаһандану тенденциялар заманында мемлекеттер шекараны жауып қоя алмайды. Сондықтан елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайларға байланысты осындай үрдістер тікелей көрініп отырады. Мұның бір ұшы – елдегі жастар арасындағы еңбек нарығы, білім беру, басқа да салалардағы мүмкіндіктер мен қиындықтарға барып тіреледі. Заманауи технологиялар мен тенденциялардың ықпалынан жастардың құндылықтары да өзгеріп келеді. Мұның да әсері болуы мүмкін.

Мұндайда мемлекет кешенді жастар саясатын жүргізуі керек. Бұл қазіргідей «Болашақ», академиялық ұтқырлық сияқты бағдарламалармен шектеліп қалмауы тиіс. Елімізде лайықты өмір сүру сапасы, дамыған бәсекелес нарықтық жағдайды, адам құқығын сақтау, саяси плюрализм, жалпы экономикалық даму сияқты барлығы кешенді түрде бір-бірімен байланысты. Барлық салалар тікелей қоғам дамуына, оның ішінде жастар үшін өте маңызды.

«Болашақпен» тек жоғары білімі бар жастарды магистратура мен докторантураға жіберу қажет. Ұлттық және мемлекеттік идеологияны тек жалаң ұрандармен ұстап тұра алмайсың. Жастар оның барлығын біліп, түсініп жатыр. Жастар саясатына қатысты нақты әрекеттер керек. Бұл жаңа заманауи принциптерге, жағдайларға бағытталуы керек. Біздің сана әлі бұрынғы коммунистік идеологиялардан толық арылған жоқ, әсіресе аға буын өкілдері. Жастарды қоғамдық-саяси процестерде объект ретінде қарастырамыз. Жастарды массовка етіп шараларға мәжбүрлеу, акциялар, шараларда, челлендж, көптеген бастамаларды жоғарыдан тапсырмалар беріп, жастарға орындатқызады. Халықаралық тәжірибелерді қарасақ, жас буын субъект ретінде өздері бастамашыл болады. Өздері қоғамдық-саяси процестерге араласады, оларға көптеген мүмкіндіктер беріледі. Сонда ғана жастарды қоғамның толыққанды мүшесі, субъектісі ретінде тәрбиелей аламыз.

Біз білікті мамандардың кету тенденциясы туралы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Францияның Лион Люмьер университетінде оқып келген Зарина Бүйенбаевамен хабарласып, пікірлескен едік. Кейіпкеріміз өз тәжірибесінен жағдайдың өзгеріп келе жатқанын, мұнда жас ерекшелігін де ескеру маңызды екенін айтады.

– Қазіргі таңда бізде жаһанданудан гөрі, локалдану мәдени құбылысы жүріп жатыр. Мен білетін көп жастар елге қайта оралып жатыр. Мен өзім алғаш 2013 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге шықтым. Ол кезде маған Еуропаның мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі керемет дүние болып көрінетін. Екінші рет 28 жасымда «Болашақ» бойынша Францияға магистратураға оқуға барғанда мен мүлде басқа көзқараспен қарадым. Өйткені ол кезде түп-тамырыңды тани бастайсың. Сол үшін бакалаврда шетелде оқығандардың қалып қою мүмкіндігі әлдеқайда жоғары сияқты. Шыны керек, шетелде бізді күтіп отырған ешкім жоқ. Сен онда жай ғана қатардағы жұмыскерсің. Ал Қазақстанда көп дүниені іске асыруға мүмкіндік бар. Мен осыны байқадым. Мен, шетелде білім алудың, тіпті сонда жұмыс істеп тәжірибе жинауды қолдаймын. Бірақ кейін сол білімді Қазақстанға келіп жаратса, тұлға ретінде, маман ретінде тезірек өсуге болады, – дейдіЗ.Бүйенбаева.

Былтыр DEMOSCOPE бюросы Қазақстан азаматтарының көші-қонға қатысты ойын және білікті мамандардың елден кету себептеріне деген көзқарасын зерттепті. Сауалнама нәтижесі бойынша әр бесінші респондент (21%) елден көшу туралы ойланады екен. Олардың ішінде 6,9%-ы алдағы 2-3 жылда көшуге ниетті екенін, ал 8,4%-ы белгілі бір жағдай болса, көшу мүмкіндігін қарастырып отырғанын айтқан. Көшкісі келетіндер көбіне жастар (25%) мен орта буын өкілдері (30%-ға жақын) болған. Қоныс аудару себебін сұрағанда азаматтардың 24,5%-ы жалақының төмендігін, 23,9%-ы елде өздері мен балалары үшін перспективаның жоқтығын алға тартқан.

Ешкім шетке жерұйық іздеп кетпейді, мардымды жалақы мен жақсы жұмыс іздейді. Ал елде көбіне мұндай мүмкіндік бола бермейді. Мысалы, қазір АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұратын Гауһар Джакупбаева 5 жыл бұрын Америкаға қоныс аударған. Одан бұрын ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің бакалавры мен магистратурасын тәмамдаған ол лайықты жұмысқа орналаса алмағанын, әділ бәсекенің жоқтығын айтады.

– Оқуды бітірген соң маған алтын белгі иегері, қызыл дипломым мен жоғары академиялық көрсеткіштерім бола тұра, Президент стипендиясының иегері, практикалық тәжірибесі мол маман болсам да Қазақстандағы үлкен корпорацияларға, каналдарға кіруге мүмкіндік болмады. Себебі бізде бәрі таныс арқылы шешіледі. Бәлкім, мен өз елімде лайықты бағаланып, әділ бәсекеге түссем, Америкада қалып, қиыншылықтарға төзіп, мансабымды қайта бастауға бекінбес пе едім, кім біледі? Қазақстанда мамандығым бойынша екі жыл жұмыс жасағанда байқағаным, мансаптық дамуда мүмкіндіктердің жоқтығы, жас мамандар үшін жалақының аздығы қиындық тудырады. Тапқаныңды күнкөріске жеткізу қиын. Ал Америка – мүмкіндіктер мекені. Бірақ бәсекелестік те жоғары деңгейде. Сол үшін әрдайым өзіңді шыңдап отыруың керек. Қазір бұл жақта өзімнің кішігірім кәсібім бар. Ол үшін де осы жақта оқу, даму, тіл үйренуім көп септігін тигізді. Біздің қоғамның дерті – коррупция, непотизм мен таныс-тамырлық. Содан арылуымыз керек. Қазіргі заманның ағысына, ғылым мен технологиялардың дамуына ілесу үшін жастардың біліміне инвестиция жасап қана қоймай, бар күш-жігерімен аянбай еңбек ете алатындай әлеуметтік жағдайы жақсы болуы маңызды. Әділ, бәріне қолжетімді мүмкіндіктер болуы тиіс. Ал оның көрсеткіші ағаңның абыройымен емес, біліммен, тәжірибемен өлшенуі қажет, – дейдіГ.Джакупбаева.

Ал Түркияның Анкара қаласында тұрып жатқан журналист Сағыныш Назар жалақының жоғарылығы, медициналық сақтандыру, өмір сүру сапасына байланысты сонда тұруға шешім қабылдағанын айтады.

– Менің Түркияда қаламын деп шешкен себебім, біріншіден, мұндағы жалақының жоғары болуы, екіншіден, өмір сүруге ыңғайлы, алған жалақың өзіңе жетеді. Қазақстанда жеті жыл жұмыс істедім. Айлығың шайлығыңа жетпейді. Пәтерақы да өте қымбат. Бұл жақта мен Түркияның астанасында тұрсам да, пәтерге айлығымның 10%-ы кете ма, жоқ па, білмеймін. Бұйырса, осы жақтан зейнетке шығамын деп отырмын. Одан кейін денсаулығыңды сақтандырумен жұмыс орны қамтамасыз етеді. Дәрі-дәрмек тегін. Кішкене сырқаттанып қалсам, кез келген мемлекеттік ауруханаға барып, тегін қызмет ала аламын, – дейді С.Назар.

Қазір қоғам тарапынан да шетелге қоныс аударып жатқандарға қатысты түсіністік, қолдау басым. Бұл жалпы қоғамдық көңіл күйді көрсетеді. Себебі құр патриотизммен кемшілікті жасырып қала алмайсың. Шетке кеткендер әлемге қазақтың атын шығарады, шетелден алған тәжірибесімен елге келіп бөліседі деп позитивті коннотацияда қарауға тырысатындар да бар. Бірақ ішкі тапшылықты, оған себеп болып отырған жағдайларды түзеп алмай, сыртқа жүнді қампайтудан да пайда аз. Өйткені кеткен маман қайтып келген жағдайда ғана тәжірибесімен бөлісе алады. Ал жиған білімі мен күш-қуатын лайықты жағдайды ұсынған мемлекеттің игілігіне жұмсайды. Мысалы, әлемдегі ең дамыған ғылыми-зерттеу орталықтарының иесі АҚШ арнайы визалар, бағдарламалар арқылы өзге елдердің білікті ғалымдарын тартып, олардың білімін, тәжірибесін және жаңалықтарын өз экономикасы мен технологиялық дамуына бағыттап отыр. Бүгінде барлығы 413 Нобель сыйлығын еншілеген АҚШ лауреаттарының 87-сі Америкада туып өспегендер.

Мемлекеттің байлығы – адам. Мұны өркениетті елдер әлдеқашан түсінген. Себебі жеріңнің асты аста-төк қазына болғанымен, оны қазып алу үшін де білімді маман керек. Ал ол болса, Құдай құнарлы жерді аямай-ақ берген қазақтың бір әттең-айы. Су тасып, орман өртенсе де, біздің елде әңгіменің төркіні маманның жоқтығына тіреліп жатады. Кәсіби кадрларды қолдауға бағытталған нақты шаралар қабылданбаса, білікті мамандардың кетуі, ақыл-ой ағыны толастай қоймайды. Бұл ащы болса да шындық.

Қосқанат Бауыржан

Тегтер: