Братиславада Украинаны қолдаған шеру өтті
Словакия астанасында премьер-министр Роберт Фицоның ресейшіл бағытына қарсы және Украинаны қолдау митингі өтті. Қатысушылар 1968 жылы Кеңес әскерлерінің Чехословакияға кіргенін еске алды.
3 қаңтар күні кешке төрт мыңға жуық адам Братиславадағы Словакия үкіметінің ғимаратына келіп, Украинаны қолдап, премьер-министр Роберт Фицоға наразылық білдірді, деп хабарлайды словакиялық ақпарат порталы Aktuality.
Акцияны ұйымдастырушы Украина қарулы күштері үшін оқ-дәріге ақша жинайтын "Украинаға бейбітшілік" азаматтық бірлестігі болған. Шерушілер Словакия мен ЕуроОдақтың туын ұстап жүрген. Олар ЕуроОдақтың әнұраны – Бетховеннің 9-шы симфониясын орындаған. Ұрандардың арасында: "Словакия – Еуропа!", "Фицо, Мәскеуге көш!" сияқты сөздер айтылған.
Мінберде сөз сөйлеген оппозициялық саясаткер Люсия Щтаселова 1968 жылы Кеңес әскерлерінің Чехословакияға кіргенін еске алды.
"Мен бұл елдің Ресейдің саяси ықпалына түсуіне жол бермеймін", - деді ол.
Ескі және жаңа Словакияның әнұрандары
Акция соңында 1993 жылы қабылданған Словакия әнұранының ескі нұсқасы шырқалды. Бұл сондай-ақ оппозицияның белгісі, өйткені сәрсенбі, 1 қаңтарда Фицо бастаған ел үкіметі жаңа әнұранды бекітті. Мәдениет министрі Мартина Шимковичова бұл «ұлттық мақтаныш сезімін арттыру керек» деді.