Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:25

Бразилия президенті Путинді Зеленскиймен кездестіруге көндіргісі келеді

Бразилия президенті мен Путин
Фото: Sergey Bobylev/Anadolu/picture alliance

Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва Қытайға сапары аяқталған соң, Мәскеуге ат басын бұрып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отыр. Ол Путинді Украина президенті Владимир Зеленскиймен Ыстамбұлда өтетін бейбіт келіссөздерге қатысуға шақырмақ.

Бұл туралы ол 14 мамыр күні Бейжіңде журналистерге мәлімдеді. Оның айтуынша, Қытайдан Бразилияға қайтар жолда ол Мәскеуге аялдап, Путинмен сөйлесуге тырыспақ. «Маған ештеңе тұрмайды: “Әй, жолдас Путин, Стамбұлға барып, келіссөз жүргізіңіз, құдай атсын!” деп айту», – деген Луланың сөзін AFP агенттігі келтіреді.

Бразилия басшысы Қытайда Латын Америкасы елдерінің өкілдерімен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қатысқан кездесуге қатысты. Лула да Силва мен Си Цзиньпин бірлескен мәлімдемеде Украинадағы соғысты тоқтатудың жалғыз жолы – тікелей келіссөздер екенін атап өтті.

Ал Кремль өкілі Дмитрий Песков Лула мен Путин арасындағы ықтимал байланыс туралы пікір білдіре отырып, бұл мәселе бойынша әзірге ештеңе айта алмайтынын жеткізді. «Егер қандай да бір байланыс түрі келісілсе, біз сіздерді дереу хабардар етеміз», – деді Песков.

Бұған дейін Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Сыбига Бразилиядан 30 күнге атысты тоқтату бастамасын қолдауды және 15 мамырда Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында тікелей кездесу ұйымдастыруға жәрдемдесуді сұраған.

Ол осы аптада Бразилия сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен телефон арқылы сөйлескенін айтты.

«Президент Зеленскийдің Түркияда Путинмен кездесуге дайын екенін растадым және бұл жоғары деңгейдегі тікелей кездесудің өтуі үшін Бразилия өз беделін пайдаланып, Ресеймен диалог жүргізуге атсалысады деген үміттемін», – деп жазды Сыбига 13 мамыр күні әлеуметтік желі X парақшасында.