Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:17, 01 Наурыз 2023

Бразилияда бала оқыту «бекер мал шашпақ» жоба болды

None
None

Ес білген шағынан, доп тебуге пәрмені жеткен кезінен Пелені, қасқа тіс Роналдуні, бүгінгі күнде көптің аузында жүрген Неймарды ала доппен арбап өсірген мекен, туған топырақ, футбол жұлдыздарының отаны саналған Бразилияға бір жылдары біздің де балалар барып доп тепті.

Нәтижесі қандай? «Оле Бразил», «Сан-Паулу», «Крузейро» футбол академияларында оқып келген «талай қазақ баласы» қазақ спортына, оның ішінде ала доптың айрықша өркендеуіне қаншалықты үлес қосты? Бұл сауал көптің көкейінде әлі де өзекті. Олай болатыны мемлекеттің қаржысына барып келген балалардың жарқырағанын көремін деп үміттенді, елге келіп «жұтылып кетеді» деп сенген жоқ қой.  

Жалпы Бразилияға барады деген балаларды іріктеу қалай жүргізілді? Мұны сол кезде комиссияның мүшесі болған, Қазақстан футбол федерациясына қарайтын ұлттық құрамалар департаментінің директоры қызметін атқарған Виктор Катков та бір сұхбатында айтқан-ды. В.Катковтың сөзіне сенсек, іріктеу үш кезеңнен тұрған. Алдымен толыққанды медициналық тексеру, екінші тур жалпы физикалық әлеуетін шамалау, үшінші тур футбол ойнау мәнері. Міне, осы үштаған іріктеуден іркілмеген 26 бала Бразилияға бағыт алды. Ал еліміздің әр аймағынан іріктеліп, сұрыптаудан өтіп келген 87 баланың 18-і бірінші турда, яғни медициналық тексеруде талапқа сай келмеген. Осы деректен-ақ бұл оқуға іріктеудің қаншалықты терең, соншалықты әділ жүргізілгенін бағамдай беріңіз. 87 бала бұл бүкіл еліміз бойынша іріктеу өткізіліп, сол сүзгіден өткендер. Сонда облыстық, аймақтық іріктеуде балаға медициналық тексеру жүргізілмеген бе? Әлде жүрегінде ақауы бар, болмаса өкпесі сырылдайтын, тіпті бүйрегі бүріп ауыратын балалар да саудың тізіміне ілініп кеткен бе? Осы тұста В.Катков денсаулығы жарамаған 18 баланың арасында футболды шебер меңгеріп келе жатқан дарындылары да болды деген өкінішін қылтитады. Хош, айтпағымыз іріктеудің қалай өткені жайында емес еді. Қызықтың көкесі, даудың жуан басы кейін тұтанды.

Жалпы Бразилияға бала жіберіп оқыту қазақ футболының дамуына серпін, өркендеуіне тұғыр болды ма деген сауалға жауапты «балапанды күзде санайтыны секілді» олардың жетістігіне қарап та айтуға болар еді.

Мына нәрсеге назар аударсақ біраз жайтқа қанығамыз. 2016 жылдары ФИФА рейтингін түзіп, тізім жаңартқанда Қазақстан футболы 83 сатыда болатын.  Финляндия футболының рейтингтегі дәрежесі бізден бір саты төмен еді. Олар Еуропа чемпионатында осы құрлықтың мен деген мықты құрамаларын қақырата ұтып кеткен. Мұны азырқансаңыз, Солтүстік Македонияның  қандай мәртебеге ие екенін айтайық. Бұл елдің футболы ФИФА-ның тізімінде 140-орындардың жуан ортасында болатын. Соған қарамастан,  былтыр қыста өткен әлем чемпионатының іріктеуінде әлем чемпионы Германияның, азулы деген Румынияның құрамасын сансырата жеңгенін  көрдік.

Қазақстан премьер-лигасында бірінші лигада ойнайтын клубтардың қатарында негізінен легионерлер жүр. Олар үшін біздің елдің футболы – нәпақа табатын өріс, жоғарыдан жиі есетін жылы сөзге айналған «жаңа жұмыс орны». Жұмыс орны емей немене өздерінің елінде футболды аса мандыта қоймаған, «талантын мойындата алмаған» легионерлер жылы жақты бізден табады. Рас, әлем футболының тәсілі, өріс-қонысы осындай бағытта алға басады. Бірақ тек легионерлерді лықсытып толтыра беру өзіміздің футболшылардың тынысын тарылтатыны және бар. Футболды дамыту үшін  сырттан келімсектерді көптеп әкеп алып, малданып отыру мәселені шешпейтін қадам. Керісінше, балалар мен жасөспірімдер футболынан бастап  ересектер арасында да жүйелі жұмыс жолын құрып, инфрақұрылымды қамтамасыз етіп, қаржыны қазымырланбай бөлу қажеттігін мамандар ғана емес, жергілікті футболшылардың өздері де айтып жүр арасында.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Бразилияға ресми сапармен барғанда бітірген бір шаруасы осы елде біздің балаларды оқытуға келісім алуы еді. Сол кезде Бразилия билігін қолында ұстаған Луис Инасио Лула да Силвамен келісім жасалып, сөзін алған соң өрендеріміз үш лекпен барып келді. 15 жастағы шикіөкпе жастардың алдыңғы легі, яғни 1994 жылы туған жасөспірімдер аттанды. Еліміз бойынша жүргізілген іріктеу мен сұрыптауда сан түрлі талапқа сай шыққан 26 бала ұшып кетті. Бірақ осы жиырма алтыны іріктеуде әділдік болмағаны есіне түссе баласын бәйгеге қосқан кейбір ата-аналардың бауыр тұсы қызып қоя береді. Өйткені олардың сөз ауаны «іріктеуде тамыр-таныстық, дөй-дөкейдің балалары да тізімге ілініп кетті, хас таланттар тасада қалды» дегенге саяды. Әркімнің өз ақиқаты бар, әрине. Бірақ бұл уәжге бүйрек бұрмағаныңызбен де Бразилияға барған 26 баланың арасынан тоғыз футболшыны футбол үйретуші бапкер  «жарамайды» деп тоғыз айдан кейін қайтарды. Олардың орнын басқа  жасөспірімдер толықтырды. Енді осы үш лекпен мұхит асып, оңтүстік Америка құрлығына жіберіп, жерсіндіру өзін-өзі ақтаған жоба болды ма? Амалсыз басыңызды шайқайсыз. Өйткені сол Бразилияға барып оқып келген жастардың арасында бағдарламаның баянсыз болғанын айтқандары да бар. Осы елге ай сайын әр баланың жүріп-тұру, өмір сүру, футбол үйренуі үшін мемлекетіміз 2 мың АҚШ доллар көлемінде қаражат төледі.

Футбол үйренуге аттанған алғашқы лектің ішінен Рауан Сариевтің есімі жарқ  етіп бәрімізді елеңдетті. Жетісуда туып-өсіп жетілген жеткіншек Бразилияның «Атлетико Минейро» клубымен келісімшарт жасасатын болды деген ақжолтай ақпар елдің аспанында айтарлықтай шарлады. Қазақ футболының жарқын сәті туды деп қуанғандар бөркін көкке, құлашын жаза лақтырып, таппай да қалды. Рауанға Роналду, Даниэль Карвальо сынды жұлдыздар ойнайтын командада қалуына мүмкіндік туған. Келісімшарт жасасуға жасы 18-ге толмауы тұсау болды. Бразилиялық клубтың басшылары «еліңе барып, жеріңді көріп, кәмелет жасына толғанда кел, келісімшартты ұсынамыз» деп шығарып салды. Сариев болса, бразилиялықтарды әбден сарғайтты. Иә, тура мағынасында. Өйткені оған елімізде «Қайрат» футбол клубы таскенедей жабысып, қомақты жалақы ұсынды. Түбіт мұрты енді тебіндеп келе жатқан, желік буы ет пен терінің арасын тырсылдатып тұрған  он жеті жастағы бозбала мастанбай, масаттанбай қайтсін. Кейін Тиаго  Козлоски Рауанның өзіне хабарласқанын, «қазір дүниені емес, атақты да емес, тәжірибе жинауды ойлайтын шақ екенін, кемеліне келгенде даңқ пен дақпырт да ақша да өзі құйылатынын» айтыпты-мыс.                

Жалпы «Оле Бразил» футбол академиясында балаларды үш лекпен оқыту үрдісі тоғыз жылға созылды. Жобаға шамамен 5 миллион АҚШ доллар көлемінде қаражат шығындадық. Енді ел футболын көгертіп көктетуге осы жастарымыздың қосқан үлесінің салмағын бағамдап көрелік. Алғаш аттанған 26 ойыншының арасынан тек төртеуі ғана премьер-лигада, бесеуі бірінші лигада ойнады. Кейбірі «зейнеткерлік кезеңге ертерек аяқ артып» бапкерлікке ауысты, тіпті футболды қойып кеткендері де бар. Үш кезең бойынша, яғни үш буынды жіберіп оқытқанда 75 бала Бразилияға барды десек, ұлттық құрама сапына солардың арасынан үшеуі ғана шақырту алды.  

 «Атлетико Минейроның» дәмі бұйырмаған Рауан ел ішінде «Қайрат», «Ордабасы», «Жетісу» футбол клубтарында ойнады. Бірақ жарқырап көріне алмағаны және анық. Кейін жарақаты да қолтығын сөге, бауырын жаза ойнауына кедергі болды. Ақыры Сариев те бапкерлікке бет бұрып, кіндік қаны тамған, жаялығын жуған жері Ескелді ауданы Бақтыбай ауылында балаларға бапкер болды.   

«Оле Бразил» футбол академиясында оқып келген 1994 жылы туған 26 бала үшін кезінде Астана қаласында «Бәйтерек» футбол клубы да құрылған болатын. Көпшілігі осы ұжымда қалды, өзгелері басқа футбол клубтарынан орын іздеді. Екінші лекпен аттанған 1996-1997 жылғы 25 бала Сан-Паулу қаласында оқыды. Одан кейінгі соңғы толқын, яғни 2000 жылы өмірге келген жасөспірімдер «Крузейро» академиясында тәлім алды. Жалпы бұл жобаның өзін-өзі ақтамағанын, «бекер мал шашпақ» болғанын кезінде парламент мінберінің күн тәртібінен түспей айтылған болатын. Жетпістен астам бала барып білім алды, футболды кәсіби меңгерді деп бөркімізді аспанға аттық. Нәтижесі міне, Бразилияға барып келгендердің басым көпшілігі доп қууды ерте тоқтатты. Тіпті олардың арасынан журналист мамандығын алғандар да бар.   

2015 жылы «Бәйтерек» клубы «құлады», тура мағынасында тарап тынды. Бразилия көрген балалардың басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын толықтырды. Қаза берсең тұңғиығына бойлай түсесің. Жалпы өзін ақтамаған жобаның бірі – осы Бразилияға бала жіберіп оқыту. Иә, жетпістен астам жеткіншек жер шарлап, ел көрді, су сұрап ішерлік тіл сындырып, португал тілін үйренді. Бұйырғаны – осы.

Тегтер: