«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді»

Елімізде соңғы жылдары әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып, қоғамды патерналистік көңіл күй жайлай бастады. Әлеуметтік масылдықтың бір себебі – жұмыссыздық деп қарастырсақ болады. Масылдық – қоғам дерті, ары алмай келе жатқан кесел. Масылдықтың дендегені сондай, шын мұқтаж бен масылдықтың аражігін айыра алмастай хәлге жеттік.
Тіленшектік түбі – арсыздық десек, кедейшілікті жойып, жоқ-жітіктің әл-қуат жинауына бағытталған әлеуметтік төлемдерді заңсыз иемденгісі келетіндердің ниеті ешқандай ақтауға келмейді. Әрине, масылдық пен мұқтаждықты шатастыруға болмайды. Бұл орайда ел президенті «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі» деп пікір білдірген-ді.
Ал шын мұқтаждарды мемлекет ешқашан жолда қалдырған емес. Қоғамымызда толық емес отбасыларды қолдау, еңбекке жарамсыз топтағы жандарды демеу, көпбалалы отбасыларға мемлекеттік көмек көрсету мақсатында көптеген жұмыстар жасалып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жыл сайын жәрдемақы көлемі артып келеді. Мысалы, Түркістан қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова 2024 жылдың ІІ тоқсанында қала бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 2237 құжат ұсынылғанын атап өтті.
«Бүгінге дейін 2237 құжат көмекке ұсынылған еді. 1300 құжат мақұлданып, 623 өтініш негізсіз болғандықтан қараусыз қалдырылды. ІІ деңгейлі комиссия мұқтаждықты анықтау үшін аралау барысында бірқатар заңсыздықтарды анықтап, 57 құжатты кері қайтардық. Әсіресе заңсыздықтардың ішінде жиі кездесетіні табысты азайтып көрсету мақсатында құжатқа отбасы мүшелерін толық енгізбеу дерегі жиі ұшырасады, мекенжайын бұрмалаған жағдайлар да кездесіп жатады», – дейді маман.
Шын мәнінде, халықтың қазіргі табысы көңілден шығатындай деңгейде емес екенін ескерсек, қоғамда масылдықтан бұрын мұқтаждық басым екеніне көз жеткіземіз. Біреуге жалтақтап, кеңсе есігін тоздыруға ешкімнің де құмар еместігі белгілі. Десек те, мұқтаж жандарға қол ұшын созу – «жесірін ұзатпаған, жетімін жылатпаған» дарқан көңілді халықтың ең аяулы қасиеті.
Түркістан қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова да мекемеде мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек пен қорғаудың бес бағыты бар екенін атап өтті.
«Иә, мұқтаждық пен масылдықтың айырмашылығы екі басқа. Бүкіл адамзат бай мен кедейіне қарамастан бір нәрсеге мұқтаж болуы мүмкін. Біз масылдықпен күресті кейде шын мұқтаждықпен шатастырып жатамыз. Біздің мекеменің басты мақсаты да осы – масылдық және жұмыссыздық сынды кеселдермен күресу және шын мұқтаждарға қол ұшын созу. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей, халықтың небір жікке, бай мен кедей, жұмыссыздар мен қаңғыбастарға бөлінуі жыл сайын етек алып келеді. Сондықтан мұндай әлеуметтік топтардың арасын саралап, бірыңғай саясат жүргізген жөн. Әрине, біздің еліміздің соңғы ширек ғасыр тарихында әлеуметтік жағдай күрт шиеленісті. Жұмыссыздық, кедейшілік, мүгедектер, аз қамтылған отбасылар жағдайының өсе түсуі оларға билік тарапынан әлеуметтік көмек көрсетуді қамтып келеді. Осы орайда, Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде халықты әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік саясаты бес бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда, еңбек қатынастарын үйлестіру, аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қорғау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау, азаматтық хал-актілерін тіркеу, арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамту. Бөлімде мемлекеттік көрсетілетін қызметтің тізіміне сәйкес мемлекеттік қызметтің 22 түрі көрсетіліп, қызмет өз мерзімінде орындалып жатыр. Әсіресе құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе барлық еңбекке жарамды отбасы мүшелері мен І немесе ІІ топтағы мүгедектерге, еңбекке жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар және келесілерге күтім жасауды жүзеге асыратын аз қамтылған отбасылар сынды шын мұқтаждарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаймыз», – дейді.
Балауса Ділдәбек
Түркістан облысы