Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:05, 16 Сәуір 2024

Бірігу үшін бөлшектену

патриотизм
Фото: из открытых источников

Француз жазушысы Ромен Роллан: «Әрбір ержүрек, шыншыл адам өз Отанына абырой әкеледі» дейді.

 Қай заманда да әр адамның санасындағы аса мазмұнды және құрметті мәртебеге ие ұстаным – ол отансүйгіштік, патриоттық сезім екені анық. Негізі патриотизм турасында талай айтылып та, жазылып та келе жатыр. Содан да болар, кейде мұны жалаң ұран, жалған айғай сияқты түйсінетіндер де бар. Алайда ұлтты ұйыстыруда, мемлекеттік саясатты қалыптастыруда оның рөлінің зор екені анық. Бүгін біз осы патриотизм мен отансүйгіштік сезім және қоғамның патриоттық көңіл күйі туралы әртүрлі сала мамандарынан сұрап көрдік. «Жас Алаштың» сұрағына әлеуметтанушы Серік Бейсембаев, мәдениеттанушы Әлия Өмірбекова, саясаттанушы Аман Мәмбетәлі қатысып, ой бөлісті.

Ж.А: Сіздің ойыңызша, патриотизм ұғымы неден бастау алады? Еліміздегі халықтың патриоттық көңіл күйін қалай бағалар едіңіз?

С.Б: Біз үшін патриотизм деген ұғымның өзі – әлеуметтік конструкт. Осы елді жақсы көруді өзіміз қалай сипаттаймыз, қалай түсінеміз, сондықтан патриотизм – абстрактілі категория. Әр елдің ұлттық салт-санасы мен тарихына, саяси жүйесі мен ерекшелігіне байланысты бұл ұғымның мән-мағынасы үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Сонымен қатар белгілі бір қалыпқа салып, қандай да бір өлшеу жүйесі, шкаламен өлшеу мүмкін емес. Патриотизмді толықтай «бар» немесе «жоқ» деп бағалай алмаймыз. Әр уақытта қоғамдағы жағдайларға байланысты өзгеріске ұшырап отыратын құбылыс. Кей сауалнамалардан «Өзіңізді патриот деп санайсыз ба?» деген сауалдарды жиі кездестіріп қалуға болады, десек те бұл циркуляциялық үрдіске байланысты әртүрлі мағынада ашылады. Патриотизмді жеке-дара ұғым ретінде емес, тек контекстің ішінде ғана қарастырған жөн деп есептеймін. Себебі әр адам бір күні өзін патриот сезінсе, елде болып жатқан оқиғалардың әсерінен Отанынан көшіп кетуді ойлауы мүмкін. Сондықтан бұл – айнымалы, өзгеріске ұшырап отыратын әлеуметтік конструкт.

Ә.Ө: «Патриотизм» ұғымының пайда болуының алғышарттары отбасына, руына, туған жеріне жақындықпен, ата-бабасын, құдайын қастерлеумен байланысты алғашқы қоғамда қалыптасты. «Патриот» сөзі өзінің әдеттегі түсіндірмесінде алғаш рет 1789-1793 жылдардағы Француз революциясы кезінде пайда болды. Халық ісі үшін күрескендер, республиканы қорғаушылар сол кезде өздерін патриоттар деп атады. Жалпы, патриотизм дегенде отансүйшгіштік деген мағына ойға келеді. Қазіргі әлемде «патриотизм» ұғымы негізгі компоненттерін сақтай отырып, жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – сезім, қоғамдық парыз. Отанға қызмет етуге дайын болу, адамгершілік ұстанымдар деп бұл ұғымның мағынасын кеңейтуге болады. Демек, патриотизм бүгінгі таңда тек Отанды сүю немесе Отан үшін құрбан болу деген сынды «ұрандатып» әрекет ету ғана емес, күнделікті өзінің іс-әрекетімен қоршаған ортасына қамқорлығын көрсету деп білемін. Біздің заманымызда патриотизмнің бірнеше деңгейі бар, ол сан қырлы. Патриотизм – туған жерге, өз халқына, оның салт-дәстүрлеріне саналы түрде сүю; бұл – гуманизм, ізеттілік, мейірімділік, ар-ождан, әділдік және т.б. Кейде патриотизм өз елін сол күйінде, оның барлық кемшіліктерімен қабылдау немесе өз елінің жақсы нұсқасы үшін күресу деп саналады. Енді патриотизм – бұл ұлттық оқшаулану емес, әлемде мәдени құндылықтарды насихаттау. Патриот – бұл еліне, мемлекетіне пайда әкелетін адам. Халықтың патриоттық көңіл күйі жоғары болуы үшін, халықтың тұрмысы жақсы болуы тиіс, себебі өзінің табиғи қажеттіліктерін толық қанағаттандырмаған адамнан «асқақ рухты» талап ету қате.

М.А: Көптеген құбылыстар секілді индивид дамып, аяққа тұру жолында оның қалыптасуына әсер ететін негізгі фактор – тәрбие екені анық. Атап айтқанда, ең алдымен, индивидтің көзқарасы мен болмысын қалыптастыратын отбасындағы тәрбие болса, келесі фактор қоршаған орта мен қоғамның ықпалы дер едім. Бірақ индивидтің әлемге деген көзқарасын қалыптастырушы негізгі түрткі отбасы екенін жоққа шығара алмаймыз. Сол секілді патриотизм сезімі де адам бойына жастайынан, ең алдымен, ата-анасының тәрбиесі арқылы, кейін мектеп пен оқу орындарындағы білім мен насихат арқылы қалыптасады. Патриотизм ұғымын тар шеңберде қарастыруға болмайды, бұл ұғым шартты құбылыс. Патриоттық сезім әр адамда әртүрлі көрініс табады, сондықтан индивидке ғана тиесілі дегеніміз дұрыс болар.

Ж.А: Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Осы орайда патриоттық тәрбиенің идеологиясы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

С.Б: Патриоттарды тәрбиелеу ұғымының өзі Кеңестік жүйеден қалған мұра, сарқыншақ деп есептеймін. Біз әлі күнге мемлекеттің идеологиясы болу керек және сол идеология адамдарды патриоттық сезімге тәрбиелеу керек деген парадигмамен өмір сүріп келеміз. Сонымен қатар бұл ұғымның өзін біржақты қарастырамыз. Мысалы, арнайы фильмдер түсіру, патриоттық сезімге тәрбиелейтін кітаптар жазу сынды әрекеттер арқылы біз адамдарды патриот қып тәрбиелеп шығаруымыз керек деген парадигманың ішінде өмір сүріп келе жатырмыз. Мүмкін отыз-қырық жыл бұрын Кеңес өкіметі тұсында осындай идеологияның дәурені болған шығар, бірақ қазіргі ақпараттық заманда жоғары жақтан төменге қарай адамдарды патриот қып тәрбиелеу мүмкін емес деп есептеймін. Себебі қазір ақпараттық толқын өріс алуда. Жан-жақтан ақпарат көп, тек бір ғана емес, бірнеше әртүрлі ақпараттық кеңістікте өмір сүреді. Сонымен қатар жаһандану үдерісі әсерінде адамдарға көші-қон процесі, басқа елді көру қолжетімді бола бастады. Мысалы, адамдар басқа елге оңай көшіп кете алады және бұл әрекеті үшін оларды жазғыра алмаймыз. Сондықтан нағыз патриоттарды тәрбиелеу, идеологияға қызмет ету сынды ұғымдар, менің ойымша, Кеңестік жүйенің сарқыншағы іспетті. Осындай сөздерді естігенде кезінде танымал болған Кеңестік патриоттық әндер, фильмдер, мектепте жүргізілген «Саяси ақпараттандыру» сынды пәндер есіме түседі. Менде осы сынды идеология мен жүйенің әрекетіне, былайша айтқанда, «аллергия» пайда болды.

Ә.Ө: Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет болса да, «осы шаңырақтың астында» бірге ғұмыр кешіп жатқандықтан, ортақ ұлттық идеология қабылдап, соның негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл, міндетті түрде, өз ұлттық ерекшеліктеріңді ұмыт та, «қазақ бол» деген сөз емес, бірақ ұлттық мемлекет болғандықтан өз ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, жаһанданған әлемде жоғалып кетпейтіндей ұстаным болуы шарт. Және де бұның барлығы мемлекеттік бағдарлама деңгейінде жасалып, қабылданып, жүзеге асырылуы тиіс.

М.А: Бұл сұраққа тарихи факторларды негізге ала отырып жауап бергенім дұрыс болар. Қазақ, яки жалпы түркі тарихы – тамыры тереңге жайылған, халықтың талай аумалы-төкпелі замандарды өткерген жолы сақталып тұрған қатпарлы, қиын тарих. Әсіресе халқымыз үшін жиырмасыншы ғасыр оңайға соқпады. Бір емес, бірнеше рет адам төзгісіз қиын жағдайларды бастан кешірді. Шыны керек, ұлт ретінде болашақтан біржола күдер үзіп, жоғалып кетудің алдында тұрған едік. Мысалы, бірнеше мәрте аштықтың салдарынан халық құрып кете жаздаса, жиырмасыншы жылдардан бастап Ресей империясы ыдырап, қызылдар мен ақтардың шайқасы басталды. Бұл ұлт ретінде азаматтық соғыстардың бастауына түрткі болды. Кейін қызылдардың террорлық саясатының салдарынан ұлт болып қолдан жасалған аштықтан жаппай қырылып қалдық. Одан соң этникалық көші-қон, ассимиляция салдарынан көптеген ұлт елімізге өз еркімен орналасты. Осы жағдайлардың барлығы мыңдаған адамның тағдырына әсер етпей қоймаса керек. Бұны жоққа шығара алмасымыз анық. Осынша нәубеттен кейін, халқымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Өз егемендігімізді алған соң, сәйкесінше, демографиялық жағдайымыз да өзгеріске ұшырады. Этникалық жағынан қарасақ, Кеңес өкіметі тұсындағы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанды салыстыру мүмкін емес. Біріншіден, алғашқы жылдары еліміздегі халықтың 39-40%-ын қазақ ұлты құрайтын болса, қазір қазақтың саны 70%-ға жуықтады. Екіншіден, сана-сезімнің, идеологияның да өзгеріске ұшырауы. Себебі бұрын әр ұлт «мен – орыспын», «мен – неміспін» деп өзін жеке-дара алып қарайтын болса, қазір бүкіл ұлт бір-бірімен, әсіресе өзге ұлт өкілдері қазақтармен бітеқайнасып жатыр. Зерттеулер бойынша, өзге ұлт өкілдерінде қазір идентификациялық кризис процесі жүріп жатыр. Яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзге ұлт өкілдерінің бірталай бөлігі өзінің атажұртына көшіп кетсе, қалған бөлігі не этникалық Отанына қайта алмай, не болашағын нақты Қазақстанмен байланыстыра алмай жүргенін байқадым. Сондықтан дәл қазір Қазақстанды көпұлтты деп атау қиынға соғады, біз күннен күнге моноэтникалық мемлекетке айналып бара жатырмыз. Саны 100 мыңнан жоғары 8-10 ұлт қана кездеседі. «Қазақ» деген терминологияның өзі жайдан-жай пайда болған жоқ. Бұл ұғым «еркін», «азат» деген мағынаны білдіреді. Осы орайда халыққа ұлттық болмысымыздың артықшылығы жайында жиі айтылу, насихатталу керек деп ойлаймын. Өзімізге тән ұлттық идеологиямызды бекітіп, сол жолда аянбай қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегі еленуі керек. Біз әдетте үш жүзден құраламыз десек, өзін қазақ деп санайтын төртінші жүз өкілдері бар. Олар – этникалық ұлты басқа болса да, көп қазақтан артық еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдері көп.

Ж.А: Қалай ойлайсыздар, ұлттық патриотизм мен ұлтшылдық арасында байланыс бар ма? Екеуінің ара-жігін қалай ажырата аламыз?

С.Б: Ұлтшылдық ұғымын Кеңес өкіметі ұжымдық санаға нашар, негативті мағынада қалыптастырып берді. Біз «ұлтшылдық» ұғымынан қорқамыз. Бұл да – Кеңестік идеологияның тағы бір сарқыншағы. Кеңестік жүйеде «ұлтшылдық», «нацизм» ұғымдары дискриминациялау, адамды этникасына байланысты бөлу сынды мағынаны санаға сіңірді, сәйкесінше, халық осылай қабылдады. Бірақ ғылымда «ұлтшылдық», яғни национализм нейтралды категория. Бұл – әр адамның өзі өмір сүретін мемлекеттің және саяси жүйенің бір бөлігі ретінде сезінуі, соған сәйкес әрекет етуі, мысалы, салық төлеу, әнұран ойнағанда орнынан тұру секілді. Сондықтан ұлтшылдық ұғымына нейтралды көзқарас танытқан дұрыс деп ойлаймын. Патриоттық дегеніміз – ұлтшылдықтың бір сипаты, көрінісі. Бірақ патриотизм эмоцияға байланысты туындайды, мысалы, еліңді сағынып тұру, бір жарыста жеңіске жетсе, елің үшін мақтану сынды құбылыстармен көбірек байланысты болады. Ал ұлтшылдық бұған қарағанда тереңірек. Мысалы, еліңнің дамуы үшін үзбей салық төлеуің, азаматтық борышыңды орындауың сынды құбылыстармен сабақтастырар едім.

Ә.Ө: Біз ұлтшылдық деген ұғымды қолданудан неге қорқамыз? Бұл, әрине, тарихымызда өткеннен қалған «қорқыныш». Қазіргі таңда ұлтшылдықты «ұлттық жаңғыру» бағытында кеңінен қолданып, «бар асылымызды» талдап, танып, таныта білсек, бұдан тек ұтарымыз хақ. Патриотизм мен ұлтшылдықты қарсы қоятындар бар, дегенмен де, екеуінің арасында таңдау қажеттілігі бар деп ойламаймын. Бізге ұлтымыздың ерекшелігін де сақтау қажет, еліміздегі әрбір азаматтың патриоттығын да арттыру керек.

М.А: Бұл тұста терминологияға байланысты асылық айтып, қате ұғым қалыптастырмағанымыз жөн деп есептеймін. Әр адам бұл ұғымдарды әртүрлі қабылдайды. Орыс тілінде «ұлтшылдық» ұғымы негативті сипатқа ие. Ал қазіргі таңда қазақтар үшін ұлтшылдық позитивті мағынаға ие. Кезінде, бәлкім, бұл ұғымнан қорыққан шығармыз, бірақ қазір олай емес. Ұлтаралық терминологияда «нацизм» шовинистік мағынада берілетін термин. Ал қазақтың ұлтшылдық ұғымын «национализм» деп тәпсірлеген жөн шығар. Национализм – өз Отаныңды сүю, еліңді жақсы көру. Батыс елдерінде, әсіресе Еуропадағы протестанттық елдерде «национализм» азаматтық ұстанымды айқындайтын ұғым. Яғни бұл арқылы сенің ұлтыңды емес, азаматтығыңды сұрап тұр. Қай елге азамат ретінде ресми бекітілгенсің, сол жерді айтуың керек. Ашық түрде айтсақ, бұл терминге атүсті қараудың қажеті жоқ. Орыс тіліндегі негативті сипатқа ие «национализм» қазақ тіліндегі ұлтшылдық ұғымына ұқсамайды. Біздің халық арасында бұл ұғымның негативті формасы аз, позитивтік терминдер қатарына жатады. Жоғарыда атап өткенімдей, этникалық ұлты басқа бола тұра елімізге қызмет етіп жүрген азаматтарды неге нағыз патриот демеске? Тіпті өзімнің чуваш, күрд, түрік достарым өзін қазақ деп санайды. Кезінде куәлік алар кезде де ұлтын қазақ деп жазғысы келгенімен, елімізде қалыптасқан жүйе бұл құбылысқа қарсы шықты.

Ж.А: Шынын айту керек, кеңестік жүйеде дүниеге келген буынға әлі де болса коммунистік идеология ыстық, ал кейінгі жастардың бір бөлігі жаппай исламдық, қалғаны батыстық құндылықтарға құмарта бастады. Идеологиялық алуандық, көзқарастар қайшылығы бізді бөлшектеуге жеткізбей ме? Оның үстіне, халықтың патриоттық көңіл күйіне әсер етері сөзсіз.

С.Б: Идеологиялық плюрализм, керісінше, бізге артықшылық береді еді деп есептеймін. Себебі, біз Кеңес үкіметінен атанизацияланған қоғам болып шықтық және сол кездегі әбден орныққан коммунистік жүйе, кеңестік идеология орнын босатқан соң орнына үлкен құндылықтар вакуумы пайда болды. Халық қай құндылықтар жүйесіне нақты бет бұрарын білмей, адасып қалғаны рас. Керісінше, қазір іздеу процесі жүріп жатыр. Өзіңіз атап өткендей, біреуге батыстық мемлекеттер мен құндылықтар ұнап, екіншісіне, ислам мемлекеттері ұнауы, қалған бөлігі Қытай, шығыс елдерінің мәдениетін қабылдауы – заңды, табиғи процесс. Осындай «іздеу» процесі кезінде әралуандылық қалыпты құбылыс, одан қорқудың қажеті жоқ. Біз қоғам ретінде бөлшектену арқылы ғана біріге аламыз. Өзіміздің кім екенімізді анықтап алып қана кейін бізді біріктіретін құндылықтарымызды қалыптастырамыз. Біз қазір қоғам болып, басқалардан қандай артықшылығымыз бар деген сұраққа жауап іздеп жатырмыз. Бұл сұраққа жауап тапқан соң, бізді біріктіре алатын не нәрсе деген сұраққа жауап іздеуіміз қажет. Бірақ қанша жерден идеологиялық тұрғыда әралуан болсақ та, бізді біріктіретін ортақ құндылықтар бар екендігіне қоғам ретінде өзіміз көз жеткізуіміз керек. Ал ол үшін саяси институттарды құрудың маңызы зор, парламентте ашық пікірталастың болуы, депутаттардың әділ түрде сайлануы, мемлекеттің әділетті заң жүйесін орнатып, барлығына тең құқық беруі және адами құқықтарды сақтауы сынды процесс жүзеге асуы тиіс. Осы кезде әр адам әділетті жүйенің ішінде өмір сүріп жатқанына көзі жеткен кезде өзі сүріп жатқан мемлекет үшін жұмыс істей бастайды. Сол кезде ортақ кеңістік пайда болады. «Иә, біз әртүрліміз, бірақ осы мемлекеттің өркендеуі, әскери, саяси тұрғыдан күшті болуы, осы мемлекетте қалыптасып келе жатқан балаларымыздың болашағы жарқын болуы сынды құндылықтар бізді біріктіреді» деп, әділетті қоғам құруға кіріседі. Бұл – саяси идеологиядан да терең адами құндылықтар. Сондықтан бөлшектенуден қорқудың керегі жоқ, қайта осындай әралуандықты біріктіретін саяси институттар жайында дискуссия көбірек болу керек.

Ә.Ө: Бүгінгі таңда, алдыңғы буын ағалардың өзіндік көзқарастары бар және олардың ойлары өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қате деп айта алмаймыз. Себебі коммунистік идеология саяси тұрғыдан «өзіндік адасу» тәжірибесі болғанымен, «елдің нағыз азаматын» қалыптастыруда дұрыс бағыттар ұстанған. Бүгінгі жастардың бір бөлігі жаппай исламдық, қалғаны батыстық құндылықтарға құмарта бастауы – бұл жастардың емес, оларға «жол көрсететін» ересектердің нақты бағдар бермегенінің нәтижесі деп білемін. Яғни мемлекеттік деңгейде бағдарлама жасалып, баршаға міндетті әрекеттер анықталып, бақылау мен мүмкіндіктер жасау жүзеге асырылмай, ешқандай ілгерілеу болмайды. Әрдайым көпшілікті алға бастап отыру қажет, ал жастарға жол көрсетіп, жөн айту тіптен қажет дүние. Әрбір адамның негізгі салауатты сезімдерінің қатарында өзінің туған жері мен тұрақты тұратын жеріне өзінің Отаны ретінде құрметпен қарау, сүйіспеншілік пен қамқорлық, жергілікті дәстүрлерді құрметтеу тән болуы тиіс.

М.А: Иә, Кеңес өкіметі тұсында идеологияның насихаты өте қарқынды жұмыс істегені рас. Сол тұста кеңестік идеология – мемлекеттің түп қазығы болды және күллі халық осы идеология жолында аянбай қызмет етті. Балалық және жастық шағы Кеңес өкіметінің қарыштап дамуымен тұспа-тұс келген қазіргі үлкен буын коммунистік идеологияны аңсауы заңды құбылыс. Сонымен қатар бұл идеологияның қуаты күшті болғаны сонша, әлі күнге қоғамда орын алып жатқан тенденциялар мен өзгерістерді коммунистік идеологияның призмасы арқылы қабылдайды. Бұл – уақытты талап ететін табиғи құбылыс. Жетпіс жыл орнаған биліктің идеологиясы бір күнде жоқ болып кетпейтіні анық, отыз жылдың өзі бұл процесс үшін аздық етеді. Бұл призманың жойылуы үшін кемінде екі ұрпақ ауысуы керек. Осы орайда аға буынның осы тұста ойы, тілегі тыңдалып, коммунистік идеологияның кей принциптері біздің елдің дамуы мен ұлттық сана-сезімімізге жат екені туралы түсіндірілуі керек деп есептеймін. Анығы, идеологиялық бірлікке жету үшін де уақыт керек.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: