БРИКС бізге не береді?

Биыл шілде айының басында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындаБРИКС ұйымының 17-саммиті өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты.
Қазақстан бұл ұйымның отырысына алғаш рет серіктес ел ретінде қатысып отырғанын айта кеткен. Қазақстан бұған дейін бұл ұйымға мүше болудан аяқ тартып жүрген еді, Латын Америкасындағы саммит еліміздің осы халықаралық ұйыммен ынтымақтастығының жаңа кезеңі басталғанын білдірсе керек.
БРИКС – 2006 жылы құрылған, жаһандық саясат пен экономикаға өз бетінше ықпал етуге тырысып жүрген халықаралық ұйым. Қазір оған 11 мемлекет мүше болып отыр, тағы 10 мемлекет, соның ішінде Қазақстан серіктес елдер қатарына енген. БРИКС елдерінде әлем халқының жартысы және әлемдік жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы шоғырланған. Бірлестікке Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, Эфиопия, Индонезия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Мысыр және Иран кіреді. Үндістан мен Қытайдың халық саны 3 миллиардқа жуықтайды, демек әлем халқының тең жартысына жуығы осы елде қоныстанған. Ол қатарға Ресей, Иран сияқты адам саны көп елдерді қоссақ, БРИКС-тің салмағын шамалай беруге болады.
Қазақстан үшін БРИКС – көпжақты ынтымақтастықты тереңдетіп, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын алаң. Бұл ұйыммен әріптестіктің нығаюы еліміздің сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытымен үйлесім тауып отыр.
Биылғы саммитте қатысушылар жаһандық тұрақсыздық, қарулы қақтығыстар, протекционизмнің күшеюі мен геосаяси қайшылықтардың ушығуы мәселелеріне ерекше тоқталды. Қазақстан сыртқы істер министрі өз сөзінде еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымы қандай екенін айтты.
«Астана тепе-тең және көпвекторлы сыртқы саясат жүргізе отырып, дуал емес, көпір салады. Біз БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына негізделген әділетті, инклюзивті және орнықты тәртіпті нығайтуға ниеттіміз», – деді М.Нұртілеу.
Қазақстан делегация саммитте Азия, Африка және Латын Америкасындағы орта державалардың жаһандық шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін арттыру қажет деген ұсыныс айтты. Осыған орай Қазақстанның бірнеше бастамасы – Алматыда БҰҰ Өңірлік даму орталығын құру және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу тәжірибесі сөз болды.
Қазақстан цифрлық технологиялар мен инновация саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, БРИКС елдерімен осы бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі болып отыр. Министр осы арқылы әлемде әділетті цифрлық болашақты қамтамасыз етуге үлес қосамыз деп отыр. Саммит аясында Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ДСҰ мен ДДСҰ басшылары және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президентімен кездесу өткізіп, көпжақты әрі екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде келіссөз жүргізді.
Қанат Бекенұлы